Дәріс 8: Жоғарғы сынып оқушыларының дене тәрбиесі
Жоғары сынып оқушыларының дене тәрбиесі
Тақырыптың сұрақтары:
1. Жоғарғы сынып оқушыларының дене тәрбиесінің міндеттері
2. Жоғарғы сынып оқушыларының дене дамуының ерекшеліктері
3. Жоғарғы сынып оқушыларының дене тәрбиесі әдістемесінің ерекшеліктері
1. Жоғарғы сынып оқушыларының дене тәрбиесінің міндеттері
Жоғарғы сынып оқушылары қатарына 9-11-сыныпта оқитын 16-18 жастағы оқушылар жатады. Осы жастағы оқушылардың дене тәрбиесі міндеттері төмендегідей:
– денені мақсатты түрде жан-жақты, үйлесімді дамыту; дене тәрбиесі жаттығуларын, гигиеналық және сыртқы орта әсерлерін денсаулықты нығайтуға қолдану іскерлігін, қобалжуға (стресс) қарсылық мүмкіншіліктерін қалыптастыру; жоғарғы денсаулық деңгейінің, жан-жақты дене қуаты дайындығының қазіргі қоғамға да, өзі үшін де қажет екенін саналарында қалыптастыру;
– негізгі базалық спорт түрлері (жеңіл атлетика, гимнастика, спорттық ойындар, шаңғы спорты, суға жүзу) жаттығуларын ары қарай үйрену, жетілдіру, жоғары қимыл ептілігіне дейін меңгеру;
– дене қуаты қасиеттерін, күшті, күш-жылдамдығын, төзімділікті, икемділікті, қозғалыс әрекеттерін тез басқадай құра алу ептілігін, ағзаның тез қалпына келе алу қабілеттілігін т. б. қасиет, қабілеттерді ары қарай дамыту;
– қозғалыс белсенділігінің, спорттық жаттықтырудың заңдылылықтары туралы, дене тәрбиесі жаттығуларының келешек өмірлеріндегі еңбек етулеріне, әскер қатарында болатын кездеріндегі, әке-ана қызметтерін орындайтын кездеріндегі маңызы туралы, білім негіздерін қалыптастыру;
– дене тәрбиесі жаттығуларымен, өздерінің айналысып жүрген спорт түрлерімен тұрақты, жүйелі жаттығу әдеттері мен дағдыларын қалыптастыру, бекіту;
– өнегелілік, көпшілдік, өмірге дұрыс көзқарас, өзін өзі бағалай білу қасиеттерін қалыптастыру, алдыға қойған мақсатқа ұмтылушылық, өзіне сенімділік, шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық қасиеттерін дамыту;
– тұлға ретіндегі психиқалық және өзіндік қасиеттерін ары қарай дамытуға көмектесу, психикалық өзін-өзі реттеу негіздеріне үйрету.
2. Жоғарғы сынып оқушыларының дене дамуының ерекшеліктері
Жоғарғы сынып жасындағы оқушылардың дене өсуі мен дамуы үрдісі біртіндеп ары қарай жалғаса береді. Оқушы ағзасының мүшелері мен жүйелері бірқалыпты жағдайда дами береді. Жыныстық жетілу осы кезеңде толық аяқталады. Осы жас кезеңінде бой ұзындығының өсуі ақырындап, кеуде кеңдігі, дене салмағы көбірек өсе бастайды. Жасөспірім ұл балалар қыздарды бой және дене салмағы жағынан қуып жетіп асып кетеді. Олардың бойлары қыздардан 10-12 см биік, салмақтары 5-8 кг артық болады. Олардың жалпы дене көлемімен салыстырғандағы бұлшық ет көлемі қыздардікіне қарағанда 13% көп, ал тері астындағы май тканы 10 % аз болады. Жасөспірім ұлдардың қыздарға қарағанда кеуделері қысқа, ал аяқ, қолдары ұзын болып келеді.
Жоғарғы сынып оқушыларының негізгі сүйектері өздерінің өсіп болу, қатаю кезеңдеріне келе бастайды. Атап айтқанда, жауырын сүйектері жігіттерде 19-20 жаста, қыздарда 18 жаста, тоқпан жілік немесе иық сүйектері 20-25 жаста қатаяды. Кәрі жіліктің қатуы 20-25 жаста жігіттерде, 17-20 жаста қыздарда аяқталады. Шынтақ сүйегінің өсуі жігіттерде 18-20 жаста аяқталады, бой жеткендерде сәл ерте қатады. Білезік сүйектерінің қатуы 14-16 жаста, саусақ сүйектері 16-18 жаста қатып, аяқталады. Жамбас белдеуінің сүйектері: ортан жілік 18-20 жаста өсуін тоқтатады, асықты жілік пен оның шыбығының сүйектері қыздарда 16-18, жігіттерде 19-20 жасқа дейін өсіп, одан ары қарай өсуін тоқтатады. Табан сүйектерінің: өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының өсуі бойжеткендерде 16-18, жігіттерде 18-20 жасқа дейін байқалады. Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтанда бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы болып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды. Осы кезеңде сүйектері қатайған жастар ағзасы үлкен жүктемелерді төзімді қабылдайды.
Б. Дене тәрбиесі әдістемесінің ерекшеліктері
Жоғары мектеп жасында дене тәрбиесі сабақтары қыздар мен жас жігіттер арасында бөлек жүргізіледі. Олардың ағзаларының анатомиялық, физиологиялық және психологиялық өзгешеліктері, ерекшеліктері дене тәрбиесі жаттығуларын үйрету, дене қуаты қасиеттерін дамыту амалдары мен әдістерін әр түрлі түрде таңдауды, жүктемені әртүрлі беруді, сабақты бөлек ұйымдастыруды талап етеді.
Қыздарға қарағанда жасөспірім жігіттердің жүктеменің көлемі мен қарқынын ұзақ, жоғары деңгейде орындауларының функционалдық мүмкіншіліктері көп. Олар үлкен жүктемелерді жүрек соғу жиілігі аз, қан қысымы жоғары жағдайда орындайды. Осы жүктемелерден кейінгі ағзаның қалпына келуі қыздарға қарағанда жас жігіттерде аз уақыт алады.
Жоғарғы мектеп жасындағы оқушыларға сабақ бергенде ең алдымен күш, күш жылдамдығы жаттығуларына, күш төзімділігіне, аэробты төзімділікке көп көңіл аудару қажет. Қимыл үйлесімділігі қабілеттілігін дамыту жаттығуларының арасынан қимыл әрекетті тез, басқаша құра алу, тепе-теңдікті ұстай, бұлшық еттерді босаңсыта білу жаттығуларына назар аударса дұрыс болады.
Жоғарғы сынып жасындағы оқушылармен өткізілетін дене тәрбиесі сабақтары көбінесе жаттықтыру түрінде жүргізіледі. Жаттығуларды ойын әдісімен орындаулар азайтылып, сабақтарда көбінесе жарыс әдістері қолданылады.
|