Аталық мал бедеулігінің түрлері мен себептері . Туа біткен импотенция (бедеулік).
Жыныс мүшесінің, аталық жыныс бездерінің толығымен дамымауы (инфантилизм), оларда куыстардың пайда болуы, бір- немесе екі жақты крипторхизммен (аталық жыныс бездерінің құрсақ қуысында кешеуілдеуі) сипатталатын ауытқу. Аталық жыныс бездерінің толық дамымауын олардың көлемдері кішіреюімен және консистенциясының тығыздылығымен анықтайды. Ұмада бір немесе екі аталық жыныс бездерінің болмауында оларды кейде шат жолынан табады. Крипторхидті және аталық жыныс бездері толық дамымаған малдарды өндіруші қатарынан шығарады.
Кәріліктен болған импотенция. Малдар жасының ұлғаюына байланысты жыныстық энергия төмендеп, ұрық сапасы нашарлайды әрі мөлшері азаяды.
Көбіне аспермия, некроспермия, олигоспермия және тератоспермия байқалады. Көптеген өндірушілерде клиникалық зерттеу кезінде жыныс аппараттарында ешқандай морфологиялық өзгерістер байкалмайды. Бұл жағдайда ұрық сапасы маңызды рөл атқарады. Өте құнды өндірушілерде олардың жасының жоғарғы деңгейіне жетуіне байланысты жарамсыз деген шешімді шығаруда абайлық қажет, өйткені кейбір өндірушілерде (әсерісе айғырларда) өндіру қабілеттілігі көп уақыт бойы сақталынады.
Қолдан жасалған импотенция. Аталық малда белсіздіктің бұл түрі екі жағдайда кездеседі:
А) дұрыс пайдалана алмағандықтан оның жыныстық рефлекстері бұзылып, бөгде, шартты рефлекстер пайда болуынан.
Айталық, жыныстық қатынасқа түсер кезде, аналық мал оны теуіп жіберсе немесе жасанды қынапты ұрық алуға дұрыс дайындамаса, ұрық алатын техник тәжірибесі аз болса, жылдам ала алмауы. Онда келесіде аталық малдың эрекциясы және секіру рефлекстері өз деңгейінде өтпейді, малды қашыра алмайды.
Б) жоспарлы түрде аталық малды піштіріп жіберу, күйіттеуші малды дайындау әдейілеп қолдан жасалған белсіздік болып табылады.
Жас бұқаларды, аталық қозыны, еркек торайды 4-5 айда, еркек тайды 10-12 айында пішіп тастайды.
Ерте жасында пішілген малдың жыныстық рефлекстері дамымай қалады. Сондықтан күйлеген малды іздеп табатын арнайы күйттеуші - бұқа қажет болса жыныстық рефлекстері жақсы жетілген өте белсенді, дені сау мал пайдаланылады.
Бағып күтудің нашарлығы мен дұрыс пайдаланбаудан да белсіздік дами алады.
Алиментарлық белсіздік (импотенция). Алиментарлы белсіздік симптомдары біркелкі емес, бұған әлсіз жыныс рефлекстері немесе олардың мүлдем болмауы, асперматизм, аспермия, тератоспермия, некроспермия, олигосперматизм, олигоспермия, ұрықта кетон денелері болуы секілді көріністер жатады. Жыныс аппараты зақымдалуының клиникалық белгілері болмауы мүмкін. Сондықтан шешуші фактор ретінде өндірушіні қарап-зерттеп, соңғы 2-3 айдағы рационды зертеп талдаулар жасалады.
Жыныс мерзімі кезінде өндіруші көп мөлшерде ұрық, жанама жыныс бездері секреттерін бөліп шығарады, жыныс акты кезінде жүйке бұлшық ет жұмысына көп энергия жұмсалады. Осы шығындарды қалпына келтіруді тек рационға қажетті мөлшерде сапалы азықтар қосуымен ғана жүзеге асырады.
Рационда ақзаттар жетіспеуі спермиогенез тудырады және қосалқы жыныс бездері қызметтерін бұзады, өндірушіде асперматизм, аспермия, тератоспермия байқалады немесе ұрықтардың резистентілігі төмендейді. Сондықтан рационды құрастырған кезде малдың қолдану белсенділігін және бөлінетін ұрық санын ескеру қажет. Рационға қан немесе ет-сүйек ұнын, сүт, жұмыртқа қосу жақсы әсер етеді. Өсімдік ақзаттарымен азықтандырғанда оларды түрлі құрама жемдермен араластырған (сулы, жарма, күнжара) жөн. Ақзаттың көп болуы не бір жақты азықтандыру жыныс функциясын тым семіру салдарынан бұзады, мәселен спермиогенез бұзылуы мүмкін.
Рационалды азықтандырудың оң көрсеткіштері бірден білінбейді. Эякулят көбеюі, ұрық концентрациясы мен белсенділігінің жоғарылауы азықтандыруын жақсартқаннан кейінгі бірнеше аптада байқалады.
Аталық малды күнімен таза ауаға, серуенге шығармай қараңғы, сасық қорада ұзақ уақыт ұстап отыру, шамадан тыс көп ұрық алу, жыныстық зорығу, аталық малмен жұмыс істеген кезде оны ұрып соғып дөрекілік көрсету, жасанды қынапты дұрыстап дайындай алмау, т.б.себептер аталық малдың жыныстық рефлекстерін тежейді, шәует сапасының нашарлауына әкеліп соғады.
Белсіздіктің бұл түрімен қүресу үшін аталық малды күнде серуенге шығарып, жеңіл жұмысқа жегіп, үсті-басын жуып тазалап жазды қүні шомылдырады. Бұқалардан күніне 1 рет екі рет шәует алады, ұрық алу аралығы 5 минут. Айғырдан аптасына 4-5 рет ұрық алады.
Ұрық алуға малды азықтандырып болған соң 2 сағаттан кейін қана жіберуге болады.
Ұрық алу кезінде бөтен кісі, айқай шу болмауы керек. Егерде аталық малдың жыныстық рефлекстері төмендесе, онда ұрық алу орынын өзгертіп отыру керек. Тері астына 10% кофеин ерітіндісін (айғыр мен бұқаға 20-30 мл тәулігіне 1-2 рет) егеді.
Эксплуатациялық импотенция - екі себептер әсерінен, яғни тым ауыр жұмыстан шаршау мен жыныстық жүктемені шамадан тыс көп қолданудан болады.
Жұмысқа тым көп салу жыныс рефлекстерінің көрінуіне және ұрық сапасы мен санына қайшы әсерін тигізеді. Бір жағынан серуен жетіспеуі аталық мал семіруіне, жалпы әлсіздікке, шәует көлемінің азаюына және ұрықтар белсенділігінің нашарлауына әкеледі. Бұл жағдайда көрсеткіш тек ұрық сапасының көрсеткіші екенін есте ұстау керек. Серуеннің болмауы жұмыстан бірнеше рет зиянды деп есептелінеді, үнемі күніне екі рет 1,5-2 сағатқа айғырларды серуенге шығару гигиеналық минимум және белсіздіктің алдын алу шарасы болып саналуы тиіс. Бұқаларды, қошқарларды, қабандарды жайылымда бағу ең жақсы емдік және алдын алу шарасы болып саналады.
Жыныстық әлсіреу спермиогенез нашарлауымен немесе тоқталуымен немесе өндіруші жыныс функциясының күшеюіне байланысты жыныс акті динамикасының бұзылуымен көрінеді.
Клиникалық белгілері. Жыныстық әлсіреу белгілеріне асперматизм, аспермия, олигоспермия, олигосперматизм, тератоспермия, шәуетте көп мөлшерде жетілмеген ұрық түрлері болуы және белсенділігінің төмендеуі тәрізді көрсеткіштер жатады. Ұрықтар сапасының өзгеруімен қатар жыныстық рефлекстер: құшақтау, қосылу, шәует бөлу, әсіресе эрекция әлсірейді.
Жыныстық әлсіреу айғыр мен қабанда байқалады, ал бұқа мен қошқар бұл жағынан шыдамдылау болып келеді. Осы жағдай жыныс актісі кезінде энергия жұмсалуының айырмашылы және шәует көлемімен байланысты болуымен түсіндіріледі. Ұрықтандыру жағынан жатырлық топқа жататын малдарда қынаптық топқа жататын малдарға қарағанда жыныс актісі ұзақтау және шәует көлемі бірнеше кейде жүз есе көп болып келеді.
Болжау – қолайлы.
Емі. Біраз уақытқа өндірушінің шағылысуын тоқтату қажет немесе шағылысу санын азайтады. Сонымен қатар, оларды ұстау мен азықтандыруды қалыпқа келтіру қажет.
Өндірушілердің симптоматиқалық бедеулігі.
Патогендік микроорганизмдердің, сонымен қатар химиялық, механикалық және басқа фақторлар әсерінен аталық малдың жыныс органдарында қабыну үрдістері дамып, көп жағдайда жыныс функциясы динамикасын бұзумен өтетін импотенция себебі болады. Патологиялық үрдістер кезінде артқы аяқ көлемінде, белде пайда болатын ауру сезімдер жыныс рефлекстерінің бұзылуымен байқалады. Ет бұлшығының және жамбас буындарының байланыс аппаратының жіті және созылмалы аурулары құшақтау және қосылу рефлекстерінің біреуі немесе мүлдем тежелуі мүмкін. Бұндай көрініс қөп жағдайда ауыр салмақты бұқаларда кездеседі. Жоғарыда көрсетілген рефлекстер көбіне жылқыларда жиі пайдаланудан болады. Бұл жағдайда өндіруші жыныстық қозудың барлық белгілерін білдіреді, онда эрекция пайда болады, бірақ ол аналыққа секірмейді, немесе оның үстінен тез түсіп, жыныс актын эякуляцияға жеткізбейді.
Кейбір жүйке қызметі жоғарылауында өндірушілерде айқын эрекция, құшақтау және шағылысу рефлекстерінің көрінуінде жыныс органдарының спазматикалық жиырылуынан эякуляция болмайды. Эякуляция кешеуілдеуі эякулят бөлу ортасының бұзылуы салдарынан болуы да мүмкін.
Бұл ауытқуды бұлшық ет байлыныс аппаратын мұқият зерттеу арқылы анықтайды. Өндірушіні әсіресе тауға қарай жетектегенде ақсаңдау, сауырын пальпациялағанда отыра қалу, сіңір-жалғам аппаратының ауырсынуы осы көрсеткіштер құшақтау және басқа рефлекстердің бұзылу дәлелі болып саналады
Достарыңызбен бөлісу: |