«Қазақстанның қазіргі заман тарихы, тарих және география»


апта. 3 -Дәріс. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ өлкесі



бет2/20
Дата28.11.2023
өлшемі191.77 Kb.
#484766
түріКонспект
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Лекция жинағы

2 апта.
3 -Дәріс. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ өлкесі
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-07 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді. Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі революциялық процестердің жалпы барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті. Оларға 1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендеріндегі, сондай-ақ, Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады. Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда" – делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады. Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды. Отарлық тәуелдіктегі қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905 ж. көктем айларында-ақ қолға алынған болатын. Мәселен, 1905 ж. сәуірдің 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерінің үйінде жиылыс өтіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған. Ақмола қаласында өткен осы жиылысқа әкімшілік 108 орындарында тілмаштық қызмет атқарған Серкебаев, Кенжебаев және Сатыбалдиндер басшылық жасаған. Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдікпен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды. 1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақандар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған”, – деді. Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша айларында өткендігі тарихтан белгілі. Өйткені, бұл кезде 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның көптеген қалаларында көп адам қатысқан жиылыстарға, демонстрацияларға және халықтың қалың тобының бой көрсетулеріне ұштасқан болатын. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: "Қазақтардың жүріп-тұруы арқасында Манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды… Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы Мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ болып қалаларға барды, онда қала тұрғындары ұйымдастырған қалалық митингілерге қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті". Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді. Олардың басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, М.Дулатов, Б.Қаратаев және қазақ зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді. Сондай-ақ, олар дін ұстану бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды талап етті. Міне, осыған орай мұсылман дінбасыларының ықпалы күшті болған Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және т.б. қалаларда діни ұйымдар пайда болды. Өлке мұсылмандарының діни талаптар қойған петициялық науқаны кеңейе түсті. Жалпы, мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей империясы құрамындағы автономиясы және мәдени-автономиялық дамуы туралы мәселе көтерді. 109 Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды. Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол үшін ол келесі Думаға сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырылған бірінші Мемлекеттік Дума оның үміттерін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды. Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев – Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б.Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін" жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды "орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр". Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды. Патша үкіметі 1907 жылдың 3-маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік Думаны да таратып жіберді. Бұл құжат, сонымен бірге, сайлау Заңына өзгерістер енгізді. Патша үкіметі Қазақстан мен Түркістанда пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп тапты. Сонымен, қазақ депутаттары қатынасқан бірінші және екінші Думалар қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. "3-маусым Заңының" өмірге келуімен бірге, қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнген еді. Дегенмен, "3-маусым Заңы" қазақ зиялыларын Дума арқылы жүргізуді көздеген саяси 110 күрестен біржола ығыстыра алған жоқ. Олар Думадан тыс қала отырып, құрамы жағынан алғашқы екі Думадан анағұрлым консервативті, ұлыдержавалық бағыттағы үшінші Дума шеңберінде де мұсылман фракциясы, сібірлік депутаттар, солшыл кадеттер және басқа да одақтастары арқылы патшалықтың қазақ жеріндегі отарлау саясатына, "3-маусым Заңына" қарсы әрекеттерін тоқтатпады. Ал, жалпы алғанда, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының мерзімінен бұрын таратылған патша үкіметінің бірінші және екінші Дума жұмысына және оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, белгілі деңгейде өзіндік із қалдырды. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты "өкілетті" орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті. "Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды. Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономистғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды. Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әр түрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Әйткенмен, Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді. Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша 111 дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары - 22,1%-ға, картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының сипатты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің және тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс күшінің жетіспеуі болатын. Мәселен, Ақмола облысының Көкшетау уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналысып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды. Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеліп соқты. Оған сан және сапа жағынан үлкен зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды. Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық алқаптың жылқы - ірі қара жайылатын 190 жайылымы тартылып алынды және жалға алуға даярланды. Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы әсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының өсуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін сала - шошқа шаруашылығы жедел дами бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металлдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе, Риддер және Сокольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен “Спасск мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” акционерлік қоғамы өндірді. Бірақта, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді. 112 Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен жабдықтап отырды. Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды. Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы күндік жұмыс үшін – 1 сом 04 тиын, 1915 жылы – 94 тиын төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты. Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашарлауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, Орынбор, Ташкент және Транссібір теміржолдары жұмысшылары арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады. Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да қамтыды. Мәселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат әйелдерінің тобыры көпестер - Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. Нәтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына зор ықпал жасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет