Әубәкір Зәмзәгүл Молдыраманқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ


Мағжанның табиғат лирикасы



Pdf көрінісі
бет6/49
Дата31.03.2024
өлшемі0.87 Mb.
#497101
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49
tleubekova bt omartai e moldiramanakizi az xx gasir basindagi kazak adebieti

 
Мағжанның табиғат лирикасы 
Бұл тақырыпта біршама ғалымдар пікір білдірді. М. Базарбаев 
Мағжанның «Жазғы жолда», «Қысқы жолда», «Жел», «Айға» өлең-
деріне тоқталып, былай дейді. «Ақын тау туралы толғансын, не дар-
қан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл, немесе жазғы таңды, 
қысқы кешті, егінді, не жер, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте 
өзінің дүние түсінімі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді 
бірге толғандырып, бірге тебіренеді» [3, 15 б.]. 
Рымғали Нұрғали «Әуезов және алаш» кітабында: 
«Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж 
лирикасы, халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына 
қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта 
келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы 


13
классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игілік-
тер жасады», – деп, «Толқын» өлеңіне тоқталады [4, 98 б.]. 
М. Әлімбаев «Толқыннан толқын туады» кітабында «Еділде» 
деген өлеңнің көркемдігін саралай келе: «Жұмабайұлы Мағжанның 
мектеп оқулықтарына бүгін де өзі сұранып тұрған өлеңдері аз емес. 
Өйткені уақыт озғанымен, өлең тозбаған. Бұл әсіресе табиғат жайын-
дағы туындыларына тән!», – деп, «Жаз келеді», «Жазғытұрым» өлең-
дерін атайды. 
Ал Бақыткамал Қанарбаева «Жырымен жұртын оятқан» атты 
Мағжан туралы монографиясында табиғат лирикасына қысқаша 
түйіндеу жасай кетеді. «Гете тәрізді Мағжан да табиғатқа жан бітіріп 
жырлайды. Оны «Күзді күні» өлеңіндегі табиғатты адам тәрізді жыла-
тып, сыбырластырып сырластыруынан, «Сең» өлеңіндегі сары аяз бен 
қардың ғашық жардай қыс кезінде құшақтасып бірге жүргенімен, 
көктем шығып жер ери бастағанда күннің қызуына шыдай алмай еріп 
кетуін жанды суреттеуінен білеміз. «Жиіленді қара орман» өлеңінде 
аппақ қар жамылып жатқан орманды түс көріп жатқан адамға балауы 
да осы ойымызды нығыздай түседі. Аймауытов айтқандай, қазақ әде-
биетінде табиғатқа жан бітіріп суреттеуде Мағжанға жетер ақынның 
жоғы рас» [5, 41 б.]. 
Қуандық Мәшһүр-Жүсіп «Қазақ лирикасындағы стиль және бей-
нелілік» монографиясында Мағжанның табиғат лирикасы туралы 
былай дейді: «Табиғатты бейнелегенде де, белгілі бір алқаптың нақты 
бір көрінісін алудан безіну, – яғни сол кездегі қазақ даласының, өзен-
көлі, теңізінің көшірмесін жасаумен шектелмеу, қайта сол арқылы 
сездірілген жұмбағы мол лирикалық қаһарман жан дүниесін әспеттеу 
талабы жүзеге асады», – деп, мұның дәлелі ретінде «Толқын» өлеңіне 
талдау жасайды, Табиғатты әрі айрықша, әрі шартты қалыпта алып 
бейнелеу романтизмнің бір ерекшелігі десек, соның бір көрінісі –
Мағжанның «Жиіленді қара орман» өлеңі» [6, 194 б.]. 
Мағжан мен Абай табиғат лирикаларының қаншалықты алшақ-
тағанын сараласақ, М.Әуезовтің мына пікірінен аңғарамыз: «Тегінде, 
пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін 
анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ дәл тау-
дың таулық, шындық қалпын суреттемей, салыстыру үшін әр алуан 
тұспалдарға бейімдеп көрсететін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қия-
лап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге 
ауысып кетер еді. 


14
Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классик 
реалист стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзге-
шелігі – әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. 
Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық 
күйлерін, сол орыс поэзиясындағы дәлшілдік негізге құрады [7, 105 
б.]. 
Мағжан кезінде Абайдан соңғы күшті ақын саналды. 1918 ж. 
«Абай» журналының №5 санындағы Ж. Аймауытов пен М. Әуезов-
тың «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында былай баға берілген: 
«Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, 
кейде Сұлтанмахмұт әм Ахмет Мәметовтыкі. Бұлардың өлеңінде өз-
геше бір сарын бар, жүрегінің сезімін суреттейтін, нәрсемен жалғас-
тырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) 
ақындар». 
Мағжан өлеңдерінде қасірет те, реализм де бар. Қай тақырып-
тағы өлеңдерін алсақ та, ешкімге ұқсамас ерекшелігін көреміз. 
Мысалы, «Жазғы жолда»: 
Дала. Дала. Сар дала! 
Жапан түзде бір қара. 
Келем жалғыз, жаяумын. 
Жаныма ерген жолдас жоқ. 
Төрт жағым дала – жер де көк. 
Жылауға да таяумын. 
Шілде. Оттай ыстық күн. 
Дала -өлік. Жоқ бір үн. 
Жер де жатыр тұншығып. 
Жол жыландай иірілед, 
Шаң ерініп, үйірілед. 
Ешбір леп жоқ, тып-тыныш. 
Көкте жалғыз бұлт жоқ. 
Көктің түсі қызғылт көк. 
Дүниені тылсым билеген. 
Ыңыранғандай әлдекім, 
Жылай ма екен әлде жын? 
Перілер ме екен күйлеген? 
Жел жыландай иірілед, 


15
Шаң ерініп үйірілед. 
Ешбір леп жоқ, тып-тымық, 
Аңсап есім жия алмай 
Өлсем екен тұншығып! 
Бұл өлеңінде романтизм бар. Өз сезімі арқылы, жан дүниесімен 
байланыстырып табиғатты суреттейді. Шыжыған шілдеде даладағы 
жалғыз жолаушы сағым арасында есінен адасып келе жатқандай. 
Сағым оған біресе пері, жын, біресе қалың әскер боп көрінеді. 
Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» өлеңі нақты өмірді сипаттай-
ды. Әдемі жаз бен көшті бірыңғай жеңіл ырғаққа түсіріп, бірыңғай 
әдемі бояумен суреттейді. Ал Мағжан өлеңінде тылсым дүние қор-
шауындағы лирикалық кейіпкердің аласұруы асқақ түрде беріледі. 
«Қысқы жол» өлеңінде: 
Ызғарлы жел долданып, 
Екі иінінен дем алып, 
Ішін тартып осқырып, 
Кейде қатты ысқырып, 
Аңдай ұлып бір мезгіл, 
Екі санын шапақтап, 
Біресе сақ-сақ күледі. 
Кейде кенет баяулап, 
Жер бауырлап жаяулап. 
Аузы-басы жыбырлап, 
Асып-сасып сыбырлап, 
Жерді жапқан кебінді. 
Сүйіп ақырын құшақтап, 
«Әпсүн» оқып үреді. 
Бұл – қысқы боранның суреті. Мұнда да лирикалық кейіпкер 
қысқы түнде жалғыз өзі жолаушылап келе жатады. 
Барады үдеп бұл боран 
Жанымда жоқ тірі жан. 
Тоңазыды денем де. 
Адаспай дұрыс келем бе? 
Қорқып жүрек ойнайды, 


16
Көз алдыма елестеп, 
Әлде нелер келеді. 
Боранын тәңір ашпады, 
Жол білінбей бастады. 
Көрінген бір жарық жоқ, 
Босаңсиды Қаракөк... 
Сар далада адасып, 
Суық кебін жамылып 
Қаларын кім біледі?- 
деп күдікпен аяқтайды. Бұл өлең де жоғарыдағы «Жазғы жолда» 
өлеңіне ұқсас. Екеуінде де жалғыз жолаушы табиғатпен алысып
өліммен де арпалысқандай. Абайдың табиғат лирикасында лирикалық 
кейіпкерлер бірнешеу, көпшілік болса, Мағжанда жалғыз «мен». Бұл 

Мағжанның табиғат лирикасының бір ерекшелігі. Осы екі өлең 
туралы Ш. Елеукенов «Жаңа жолдан» (1989) кітабында былай деп 
еді: «Мағжан Жұмабаев нақтылы өмірден әлдебір мистикалық, си-
қырлы дүниеге ауытқуға әуестенеді. Одан бірде өзі қорықса, бірде 
жайнап тұрған табиғаттың арасында тұрып, жын-пері іздеп, солармен 
сұхбаттасқысы келеді, осының бәрі кенет «өлсем екен тұншығып» 
деген тілекпен бітеді» [8, 58 б.]. 
Ал Әуезов керісінше, Абайды сүйетінін айта келіп, «Бұдан соң 
Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. 
Қазақ ақындарының қара қордалы аулында туып, Европадағы 
мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа 
қызын көріп сезгендей боламын» –дейді. [9, 407 б.]. 
«Қысқы жолда» боран бейнесі кейіптеу арқылы жасалған, Абай 
дәстүрін жалғастыра отырып, өз ерекшелігін танытады. Боран бір-
неше қимылда беріледі. Әуелі ол ызғарлы, екі иінінен дем алып, ішін 
тартып осқырады, кейде қатты ысқырады, одан соң, аңдай ұлиды, 
біресе екі санын шапақтап кенет сақ-сақ күледі. Жалғыз жолаушыға 
күлгендей. Сонан соң баяулап, аузы-басы жыбырлап, өпік секілді 
кебін жамылған жердің иманын үйіріп, «Әпсүн» оқиды. Желдің 
ақырын ұйтқи соғып, қарды әлсін-әлсін үрлеуі молданың «Әпсүн» 
оқығанына ұқсайтынын ақын шеберлікпен көз алдымызға елестетеді. 
Демек, жолаушы мерт бола қалса, оған да боран «Әпсүн» оқиды 
дегенді байқатады. Қарды кебінмен алмастырып, жерді өлген адамға 
ұқсатады. Бұл да –Мағжанның жаңалығы. Лирикалық қаһарман сезімі 


17
де боранмен бірге өзгеріп отырады, жүрегі қорқып ойнайды, әлде-
нелер елестейді. 
«Жазғытұрым» өлеңі де кейіптеу тәсілімен ойнақы жазылған. 
Абайдың «Жазғытұры өлеңінде» күн – күйеу, жер қалыңдық боп 
алынса, Мағжан күнді – ана, жерді бала етіп басқа қырынан келеді. 
Абай әуелі көктемді суреттеп алып, кейін күн мен жерге көшеді. Ал 
Мағжан бірден Күннен бастайды. 
М.Әуезов: «Күнді – күйеу, жерді – қалыңдық етіп, осындай об-
разбен теңеу мәдениетті әдебиетінің үлгі дәстүрінен ескіріп қалған, 
мифтік теңеу болады», –дейді [7, 155 б.]. 
«Болды, міне, дәл алты ай, 
Жаттың ұйықтап, еркетай 
Ұйқың қанды, тұр қозым, 
Аш көзіңді, жұлдызым!» 
Деп маңдайдан ақырын. 
Жұмсақ жылы сәулемен. 
Сипап жерді Күн күлер. 
Аяқтарын көсіліп, 
Еркеленіп, есінеп. 
Жер  нәресте жас бала. 
Жаңа оянып жатқанда 
Жұмсақ, ыстық бетінен 
Тәтті ғана сүйсем деп, 
Күбірлеп жылы жер жүрер. 
Дамыл алмай жылар қар, 
Ақ шымылдық ашылар. 
Сылқ-сылқ күліп сылдырлап, 
Бірдеңе деп былдырлап, 
Көрінгеннен сүйінші 
Сұрайтын жас баладай, 
Асығып сулар жүгірер. 
Керіліп ерке жер тұрар, 
Мөлдір сумен жуынар, 
Үлде менен бүлдеге, 
Түрлі түсті гүлдерге, 
Ши жібекке оранып, 
Қарағанда көз тоймас, 
Бүлдіршіндей киінер. 


18
Көріп сұлу баласын, 
Көз ішінде қарасын, 
Қуанып, тасып жүрегі. 
Қысып ыстық сүйеді. 
Ұзын күнде ару жоқ, 
Періштем деп айналып, 
Алтын ана Күн жүрер. 
Мұны көріп бұлттар, 
Күңіреніп етер зар: 
«Біздерде алтын ана жоқ, 
Тұрақ та жоқ белгілі» – 
Деп тұнжырап күрсініп, 
Әлсін-әлсін жас төгер. 
Ақын мұнда ана мен бала арасындағы махаббатты тұтас таби-
ғатқа ауыстырған. Негізі Жер-Ана деген ұғым ақын-жазушыларда 
көп қолданылады. Ш. Айтматовтың «Ана  Жер-Ана» повесін мысал-
ға келтіруге болады. Мағжан болса, нақты тақырыбына қарай, көк-
темнің шығуы Күнге байланысты болғандықтан, өмірде де анасыз 
бала тумайдындықтан Жерді – бала, Күнді  ана етіп алған. Атаулары 
Күн, Жер болғанымен, әрекеттері кәдімгі ана мейірімін, бала 
еркелігін сипаттап отырған секілді. Күн  Ана әуелі ұйықтап жатқан 
жер  нәрестесін «қозым», «жұлдызым» деп еркелетіп, жылы сәулесі-
мен сипап оятып алады. Жер – бала аяқтарын көсіліп, есінеп, еркелеп 
жатқанда жел де оны сүйгісі келеді. 
Бұларға қарама-қарсы қар жылайды, ериді деп алмаған, себебі 
бастан-аяқ бәрі адам кейпінде болу керек.Сулардың аққанын сүйінші 
сұрап жүгірген жас баладай деп, ұлттық өрнек береді. Төртінші шу-
мақта жер керіледі. Ақын адамның ұйқыдан тұрғаннан кейінгі қимыл-
дарының реттілігін сақтаған. Шынында, адам әуелі көсіліп, есінеп, 
кейін керіледі. Содан соң жуынып, киінеді. Мұндағы жердің жуынуы 
– 
қардың еруі, киінуі – түрлі гүлдерге оралуы. Ең соңында осыларға 
қызығып, бізде ана да, тұрақты жер де жоқ деп бұлттар жылап алады. 
Бұлттың жас төгуі – жаңбырдың жаууы. Ақын өлең шартына қарай 
әрқайсысын бір-бір рөлге салып, әрі көктемдегі заңды құбылысты 
сақтаған: күн жылынады, қар ериді, жер көгеріп, гүлдейді, жаңбыр 
жауады. Өлең құрылысы жинақы, ықшам. 
«Жаз келеді» өлеңінде шыншылдық пен кейіптеу аралас келті-
рілген. Үзінді келтірелік: 


19
Төл үйдегі үйшікті 
Таста бала белді бу. 
Белден батып күртікке 
Енді ізде қызыл су. 
Қара көз таста кестеңді, 
Үйде отырып қуарма! 
Тысқа шығып-кіргенде 
Екі беті – екі алма. 
Дертің болса жүректе, 
Төкпе жасың, аһ ұрма. 
Жеткізер анық тілекке, 
Шық та жазға сыбырла. 
Күн батқан соң қатқақ боп 
Қуанғанда ессіз қар, 
«Жаз келеді, жаз,жаз!» – деп, 
Жымыңдайды жұлдыздар. 
Бұл өлеңге адам сезімін, қыс бойы дертті боп үйде отырған қара 
көз бейнесін қосады. Дертің болса, оған дауа жаз келді дейді. 
«Сең» өлеңінде табиғатқа тағы да ғашықтық, тастап кету, соған 
ызалану секілді сезімдерді береді 
Сары аяз – сүйген жар 
Қайрылмай кеткен соң, 
Қайратсыз қалың қар 
Жылаумен біткен соң, 
Жел сипап, күн күліп, 
Мазақ қып сүйген соң, 
Боларын бір сұмдық 
Ішінен түйген соң. 
Қалың мұз кәрленіп, 
Қара көк түс алды. 
Еруге арланып, 
Кетпекке ойланды. 
Бұзыла – жарыла 
Антұрған аптықты. 
Өзеннің жарына 
Асығып соқтықты. 
Өткен соң жаз алты ай, 
Ашуын жимақшы, 


20
Өзенді еркетай 
Ойыннан тыймақшы. 
Барады шамасы 
Суыққа қашпақшы. 
Мұз теңіз – анасы 
Құшағын ашпақшы. 
Қалың мұз қара көк, 
Ойлама құр бекер 
Суыққа жетем деп, 
Ыстық күн ерітер. 
Мұнда сары аяз сүйген жар қарамай кеткен соң қалың қар жы-
лаумен жоқ болды, ал қалың мұз жел мен күн мазақ қылған соң, кәр-
леніп, қара көк түске енеді, бір сұмдықтың боларын ішінен түйіп, ке-
туге ойланады, анасы – мұз теңізге жетпекші. Мұндағы бейнелер: 
сары аяз, қалың қар, жел, күн, қалың мұз, мұз теңіз, ерке өзен. Ақын 
оған суыққа жете алмайсың, ыстық күн ерітеді деп, өзі де өлеңге 
сегізінші бейне боп қосылады. 
Көп уақыт жатқан мұздың қара көк түске айналатыны белгілі. 
Ақын осыны мұздың кәрленуімен байланыстырып, адамдардың да 
ашуланғанда түтігіп, көгеріп кететінін есімізге түсіреді. Суреткер та-
биғи көріністен адам кейпін дәл байқаған, әрі өлеңдегі мұздың рөліне 
де бұл сипаттау тура келіп тұр. 
Жоғарыдағы «Жазғы жолда», «Қысқы жолда» өлеңдерінде лири-
калық кейіпкер біреу ғана болатын. Ал «Жазғытұрым» ,«Сең» өлең-
дерінде кейіпкерлер бірнешеу болып, табиғаттағы тұрақты болып 
тұратын құбылыстар мен адамдар арасында болып жататын әртүрлі 
әрекеттер, сезімдер, қарым-қатынастар ұқсастығына қарай бір-бірі-
мен қабысып жатады. Мысалы, «Сең» өлеңіндегі табиғат құбылысы 
адамдарда болатын махаббаттағы тұрақсыздықты, алданып қалуды 
көрсетеді. Мағжанның табиғатындағы кейіптеу көбінесе адамдар сезі-
міне, махаббатқа арналады. Бұл – Мағжанның табиғат лирикасының 
екінші бір ерекшелігі. «Толқын» өлеңінде толқындар жар кейпінде 
бейнеленеді: 
Толқынға толқын еркелеп 
Меруерт көбікке оранып 
Жыландай жүзге бұралып 
Жарға жетер ентелеп. 
Күміс кәусар суымен 


21
Суының алтын буымен 
Жарының бетін жуады. 
Мөлдіретіп көз жасын 
Жасымен жуып жартасын 
Сүйіп сылқ-сылқ күледі. 
Сылдыр-сылдыр, сылдырлап 
Бірінің сырын бірі ұрлап 
Толқынды толқын қуады. 
Жарына бал береді. 
Береді де өледі. 
Өледі толқын – тынады. 
Мұндағы жартас – толқындардың жары. Ақын кәдімгі күнде бо-
лып жататын табиғаттың заңды құбылысының өзінен адам тіршілігін, 
адамға тән әр түрлі қарым-қатынасты көре білген. Ақын қиялының 
соншалықты байлығына, нағыз суреткерлігіне тәнті боламыз. Орыс 
ақыны Бальмонттың «Белый пожар» атты өлеңі де толқынды сипат-
тайды: 
Я стою на прибрежье, в пожаре прибоя, 
И волна, проблистав белизной в вышине, 
Точно конь, распаленный от бега и боя, 
В напряженье предсмертном домчалась ко мне. 
И за нею другие, как белые кони, 
Разметав свои гривы, несутся, бегут, 
Замирают от ужаса дикой погони, 
И себя торопливостью жадною жгут. 
Опрокинулись, вспыхнули, вправо и влево, – 
И, пред смертью вздохнув и блеснувши полней, 
На песке умирают в дрожании гнева 
Языки обессиленных белых огней. (1901) 
Бальмонт толқынды шауып келе жатқан ақ аттарға, ақ жалынға 
ұқсатады.Ол да толқынның соңында жоқ болуын «өледі» деген 
сөзбен береді. Бальмонттың лирикалық кейіпкері үшін жай ат емес, 
соғыстан келе жатқан ақ ат, ақ жалын маңызды. Толқынның түсі ақ 
болатындықтан, оның аты мен жалынының да түстері ақ. Бальмонт 
басқа өлеңдерінде отты ең әдемі құбылыс деп санайды. Толқын мен 


22
жалынның қимылдары бір-біріне ұқсас болғандықтан да ақ жалын 
деген метафораны қолданған. 
«Батқан күн, атқан таңның жыры» өлеңі азамат лирикасына жат-
са да, мұндағы табиғат көрінісі де жоғарыдағы ойымызды нақтылай 
түседі: 
Алтын күн батып барады 
Алтын күн ақырын өледі. 
Сұр бұлттар – сорлы жар, 
Қан жылап күнді көмеді. 
Күн өлді. Көк күңіренді. 
Жер жамылды қарасын… 
Жер жарынан айрылып, 
Жамылды қара басына… 
Бұл өлеңнен де жар бейнесіндегі бұлт пен жерді көреміз. Жай 
ғана кейіптей салмайды. Күнде қайталанатын күннің батуын, қараң-
ғылық түсуін, күн батып бара жатқандағы бұлттардың қызыл ша-
паққа бөленуін тұтас, бір-бірімен байланысты әрекет етіп бейнелеген. 
Былай қарағанда, күннің батуы мен содан кейінгі болатын өзгерістер 
жарынан айрылып, қара жамылған адам әрекетінен аумайды. 
Қорыта айтқанда Мағжанның табиғат лирикасы ақынның стилін 
айғақтай түседі. Табиғат лирикасына ақынның өз бояуын қосқаны
ешкімге ұқсамайтын суреткерлік бай қиялы аңғарылады. Табиғат 
жұмбағы мол тылсым дүние болса, Мағжанның табиғат лирикасы да 
сол табиғаттың өзі секілді. Бұл салада қазақ әдебиетіне Мағжанның
жаңалық қосқаны даусыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет