Имнияминова фарида мәМӘДӘЛІҚызы сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық табиғаты және оны студенттерге меңгерту жолдары



бет1/3
Дата27.06.2016
өлшемі203.5 Kb.
#162648
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 39:371.33:371.3 Қолжазба құқығында

ИМНИЯМИНОВА ФАРИДА МӘМӘДӘЛІҚЫЗЫ
Сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық табиғаты

және оны студенттерге меңгерту жолдары
6М011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
бойынша педагогика ғылымдарының магистрі

академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



РЕФЕРАТЫ

Қызылорда, 2012

Жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,

профессор Сәдуақасұлы Ж.

Ресми оппоненті: филология ғылымдарының кандидаты

Байдаулетова А.Ө
Диссертация 2012 жылы «__» - маусымда сағат 9.00-де Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (Қызылорда қаласы, желтоқсан көшесі 61, №1 оқу ғимараты, филология факультеті, 106-дәрісхана) қорғалады.

Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.




Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Кеңес дәуірі тұсындағы сөйлемді тұлғалық тұрғыдан зерттеу кейінге қалып, қызметтік (функционалдық) тұрғыдан зерттеу алға шыққалы да біршама уақыт болды. Орыс ғылымында өткен ғасырдың орта тұсынан бастап қолға алынған бұл мәселе ғасырдың аяғына қарай қазақ тіл біліміне де жетті. Соның жемісі ретінде сөйлемді мүшеленетін және мүшеленбейтін сөйлемдер ретінде бөліп қарастыру жөніндегі ілімді атап айтуға болады.

Соңғы онжылдық көлемінде мүшеленетін сөйлем ішінен бір құрамды сөйлемдер, мүшеленбейтін сөйлемдер ішінен сөз-сөйлемдер зерттеу нысанына айнала бастады.

Сөз-сөйлемдер бойынша қорғалған диссертациялар, негізінен сөз-сөйлемдердің қазақ тіліндегі көрінісі – жасалу жолдары, құрылымы мен түрлері тәрізді мәселелерді көтереді. Біз бұл мәселеге тақырыбымызда көрсетілгендей этнолингвистикалық сипатын ашу тұрғысынан келдік.

Әдетте, тілдің этнолингвистикалық ерекшеліктері сөз болғанда, көбіне жеке сөздер, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар тәрізді ауыз әдебиеті материалдары негізге алынады.

Сөз-сөйлемдер бір ғана сөзден не сөз тіркестерінен тұратындықтан олардың да этнолингвистикалық белгілері бар екендігі сөзсіз. Жұмысымыздың өзектілігі де осында деп ойлаймыз.

Екіншіден, сөз-сөйлем мәселесі қазіргі кезде ғылымда ғана болмаса, мектеп және жоғары оқу орындары оқулықтарына енген жоқ. Тек Қорқыт ата университеті Қазақ тілі кафедрасында бітіруші курстарға «Жай сөйлемнің құрылымдық түрлері» атты элективті сабақта аталып қана кетеді. Сондықтан сөйлемнің осы түрін оқыту мәселесіне жұмысымыздың бір тарауын арнадық. Мұның өзі де жұмысымыздың өзектілігін білдіреді деп есептейміз.



Мәселенің зерттелу деңгейі. Жалпы тіл білімінде «сөз-сөйлем» аталатын сөйлем түрі көпке дейін жеке осы терминмен аталмай, «мүшеленбейтін сөйлемдер» деп аталып келді. Дегенмен, ойды білдіретін сөйлемнің жеке сөзден, дәлірек айтқанда, баяндауыштан болады деген пікірді алғаш айтқан М.Мюллер болды. Осы пікірді кейінірек А.А. Потебня да қолдады.

«Сөз-сөйлем» атауы термин ретінде алғаш Е.М. Галкина-Федоруктың Ал В.В. Виноградов «Русский язык» еңбегінде сөз-сөйлемдерді бір құрамды сөйлемдерден бөлмей, оларды бір құрамды сөйлемдердің бір түрі ретінде қарастырады.

Сондай-ақ, сөз-сөйлем туралы диссертация қорғаған И.С. Степанян «сөз-сөйлем» терминін қолданбай, диссертация тақырыбын “Структурно неоформленные (синтаксический нерасчлененные) предложения в современном русском языке, образованные из междометий, частицы и модальных слов” (1956) деп атайды. «Сөз-сөйлем» түркологияда тек кейінгі кезде зерттеле бастады. Түркітануда бұл мәселеге екі жақты көзқарас бар. Кей ғалымдар «сөз-сөйлем» деп атаса, кейбіреулері «мүшеленбейтін сөйлемдер» термнін қолданады.

Қарашай-балқар тілінің маманы И.Х. Ахматов «О безличных предложениях в тюркския языках» деген еңбегінде «мүшеленбейтін сөйлемдер» деген терминді қолданады. «Қарақалпақ тілі синтаксисінің» осы тақырыпқа қатысты бөлімін жазған М. Дәулетов бір құрамды сөйлемдер тарауында «сөз-сөйлемді» «сөз-гәплер» деп атаса, өзбек тілі маманы Э. Шадманов өзінің «Слово-предложение в современном узбекском языке» деген зерттеу еңбегінде “Сөз-гаплар” деп атаған. Өзбек тілі маманы И. Расулов бір құрамды жай сөйлемнің ішінен «сөз-сөйлемді» бөлек сөйлемдер ретінде ажыратып айтып өткен. Қазақ тілінде сөйлемнің бұл түрі тіпті кейін зерттелгенмен, бірақ жеке сөздердің сөйлемдік дәрежеде қолданылатыны жайында пікірлер болды.

Сөз-сөйлем термині қазақ тілінде алғаш рет 1967 жылы шыққан «Қазақ тілі ғылыми грамматикасының» морфология бөлімінде одағайға берілген анықтамада қолданылды. Г.Қ. Темірбекова «Қазіргі қазақ тіліндегі бір құрамды есімді сөйлемдер мен сөз-сөйлемдер» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясында бір құрамды есімді сөйлемдерді былай жіктеп қарастырады: 1) атаулы сөйлемдер; 2) вокатив сөйлемдер; 3) сөз-сөйлемдер; 4) реплика сөйлемдер.

Сонымен қатар А.А. Шойбекованың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөз-сөйлемдер» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясында сөз-сөйлемдердің бір құрамды сөйлемдерден айырмашылығы, мағыналық, құрамдық ерекшелігі, сөз-сөйлемдердің сөз таптарына қатысы, синтаксистегі орны туралы және сөз-сөйлем түрлеріне сипаттама берген. Жоғарыда аталған сөз-сөйлемдерге қатысты еңбектердің қайсысында болмасын олардың қай сөз табынан жасалатыны, жасалу жолдары, түрлері ғана сөз болады да, оның этнолингвистикамен байланысы ешбір сөз болмайды. Біздің жұмысымыздың ерекшелігі – сырттай қарағанда, тіл білімінің екі саласының нысаны болып көрінетін мәселені өзара байланыстыра қарау, тақырыптың өзектілігі де осында деп білеміз.



Зерттеу нысаны. Сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық сипатын анықтау және студенттерге сөз-сөйлемдерді меңгерту жолдары.

Зерттеудің мақсаты – сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық сипатын анықтау. Осы мақсатты орындауда мынадай міндеттерді шешу алға қойылды:

- орыс, түркі және қазақ ғалымдарының сөз-сөйлем және этнолингвистика туралы ой-пікірлерін талдау және саралау;

- сөз-сөйлемдердің өзіндік белгілері мен ерекшеліктерін айқындау;

- сөз-сөйлемнің көркем әдебиеттегі қолданыс аясын көрсету;

- сөз-сөйлемнің әрбір жасалу жолдарын анықтап, мағыналық топтарын ажырату;

- сөз-сөйлем түрлерінің этнолингвистикалық сипатын анықтау;

- жай сөйлем түрлерін жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесін негізге ала отырып, сөз-сөйлемдерді оқытудың әдістемесін белгілеу.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысын жазу барысында практикалық материалдар жергілікті жазушы Д.Досжанның «Алаң», «Жібек жолы» романдарынан және «Кісі ақысы», «Құм кітабы» атты әңгімелер, хикаяттар жинағынан алынды. Жұмыстың теориялық негізіне орыс (Е.М. Галкина-Федорук, В.В. Виноградов, А.А. Шахматов,
В.В. Бабайцева т.б.), түркі (Н.А.Баскаков, И.Х.Ахматов, А.Н.Кононов т.б.), қазақ (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Балақаев, О.Төлегенов, Ғ.Мадина, Р.Әмір, Ж.Сәдуақасұлы, Г.Қ.Темірбекова т.б.) ғалымдарының еңбектері және орыс әдіскерлерінің (Ш.Амоношвили, Л.С.Выготский, В.М.Монахов т.б.), қазақ әдіскерлерінің (М.М.Жанпейісова т.б.) еңбектері негізге алынды.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Жұмыстың сәтті орындалуы үшін мынадай әдіс-тәсілдер қолданылды: сипаттама, жүйелеу, талдау, салыстыру, жинақтау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

- сөйлемнің «сөз-сөйлем» түрі және тілдің этнолингвистика саласының өзіндік ерекшеліктері, мағыналық топтары дараланып көрсетілді;

- сөз-сөйлемнің көркем әдебиеттегі қолданылу мүмкіндіктері көрсетіліп, түрлері нақтыланды;

- сөз-сөйлемнің әрбір түрінің этнолингвистикалық сипаты анықталып, мағыналық топтарға бөлінді;

- жоғары оқу орнында студенттерге сөз-сөйлемдерді менгерту жолдары, оның әдістемесі қазіргі жаңа оқыту технологиялары мен әдіс-тәсілдері негізінде ұсынылды.

Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде синтаксис курсын оқыту кезінде пайдалануға болады.

Зерттеудің практикалық маңызы. Жұмыстың нәтижелерін сөйлемді оқыту кезіндегі практикалық сабақтарда, ауызша, жазбаша талдау жұмыстарын жүргізгенде т.б. пайдалану үшін мұғалімдерге ұсынуға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- қазақ тіл білімінде синтаксистен сөз-сөйлемдерді және тілді этнолингвистикалық тұрғыдан жан-жақты, түпкілікті зерттеу ғылыми айналысқа түсіп, зерттеу мектептері қалыптасты;

- сөз-сөйлем басқа да сөйлем түрлері тәрізді қатынас құралы ретінде қызмет атқарады;

- сөз-сөйлемнің екі құрамды, бір құрамды және мүшеленбейтін атаулы және вокатив сөйлемдерден өзіндік ерекшеліктері, өзіне тән белгілері бар;

- сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық мәні ұлттық таным мен мәдениеттің тілдік бейнесін сипаттайды;

- сөз-сөйлемдер жоғары оқу орнында сөйлемнің бір ерекше түрі ретінде жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдер негізінде оқытылуы қажет.



Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс қолжазбасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасы мәжілісінде талқыланып, мақұлданды. Жұмыс нәтижелері бойынша ғылыми басылымдарда 2 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім
Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі, жұмыстың негізгі нысаны, мақсаты мен міндеттері айқындалды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу нәтижелерінің жариялануы және мақұлдануы берілді.

Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Сөз-сөйлемдер мен этнолингвистиканың теориялық негіздері» деп аталады. Бөлім екі тармаққа бөлінеді.



1.1 Ғалымдар сөз-сөйлемдердің өзіне тән белгілері мен ерекшеліктері жайында. Бұл тараушада синтаксисте жай сөйлем түрі ретінде танылып жүрген сөз-сөйлемнің өзіне тән ерекшеліктері жайында ғалымдар пікірі сараланып, сөз-сөйлемнің синтаксистік белгілері нақтыланды.

Қазақ тілінде кейінгі кезге дейін «сөз-сөйлем» арнайы зерттеу объектісі болмаса да, ол жөнінде бірлі-жарым зерттеулер түркітануда болды. Түркологиялық еңбектерде сөйлем, оны топтастыру мәселесіне А. Казембек, Н.А. Баскаков, И.А. Батманов А.Н. Кононов, Э.В. Севортян, М.З. Закиев т.б. ғалымдар елеулі үлес қосты. Дегенмен, осы түркологтардың ешқайсысы сөз-сөйлем мәселесімен айналыспағаны белгілі. «Сөз-сөйлем» түркологияда тек кейінгі кезде зерттеле бастады. Түркітануда бұл мәселеге екі жақты көзқарас бар. Кейбір тілде «сөз-сөйлем» деп аталса, И.Х. Ахматов «мүшеленбейтін сөйлемдер» деген терминді қолданады [1.77].

Мысалы, қарақалпақ тілі синтаксисінің осы тақырыпқа қатысты бөлімін жазған М. Дәулетов бір құрамды сөйлемдер тарауында «сөз-сөйлемді» «сөз-гәплер» деп атаса [2.61], өзбек тілі маманы Э. Шадманов өзінің зерттеу еңбегін “Сөз-гаплар” деп атаған [3.12]. Ал қазақ тілі синтаксисінің маманы Ж. Садуақасұлы, өзбек тілі маманы Н. Расулов бір құрамды жай сөйлемнің ішінен «сөз-сөйлемді» бөлек сөйлемдер ретінде ажыратып айтып өткен.

Тіл тарихында қазақ тілі синтаксисінің зерттелгеніне бір ғасырдан астам уақыт болды. ХІХ ғасырда орыс ғалымдары қазақ тілінің ғылыми грамматикасын жасауға атсалысты. Олар И.И. Ильминский, В.В. Катаринский, Н. Сазонтов, Г. Архангельскийлер болды. Ал атақты түрколог Н.М. Мелиоранскийдің 1894, 1897 жылдары жазған «Краткая грамматика казак-киргизского языка» атты екі томдық еңбегінің ІІ томы – қазақ тілінің тұңғыш ғылыми синтаксисі. Бірақ мұнда «сөз-сөйлем» жөнінде ауызға алынбайды.

Кеңестік дәуірде қазақ тіл білімі түркология ғылымының құрамында зерттелді. Қазақ тілінің синтаксис саласында сөйлем мәселесін көтерген ғалымдар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, Х. Басымов, Ә.Хасенов, Қ. Есенов, Б. Жақыпов, Ә. Ермеков, оның ішінде жай сөйлем синтаксисі бойынша С.Жиенбаев, С.Аманжолов, М.Балақаев, О.Төлегенов, Ғ.Мадина, Ә.Нұрмаханова, Р.Әмір, Ж.Садуақасұлын айтуға болады. Осы ғалымдардың сөйлем синтаксисін зерттеу барысында сөйлем турасында айтқан тұжырымдарынан қазір кезде жай сөйлемнің бір түрі ретінде танылып жүрген сөз-сөйлемнің қазақ тіл білімінде қашан атала бастағанын білуге болады.

Сөз-сөйлем термині алғаш рет 1967 жылы шыққан “Қазақ тілі ғылыми грамматикасында” айтылды. Морфология бөлімінде одағай туралы айтылған. Онда былай дейді: “Одағайлар өз алдына сөйлем мүшесі бола алмайды. Олар жеке-дара тұрғанда сөз-сөйлем (слова-предложения) құрып, жеке сөйлемнің баламасы ретінде жұмсалады” [4.115].

Мысалы:

– Асан.


Әу.

Осы Әу одағайы сөз-сөйлем құрап тұр.

Осылайша, қазақ тіл білімі синтаксис саласындағы сөйлем түрлерін әрбір тіл мамандары көзқарасынан жинақтауға тырыстық. Біз зерттеу нысаны етіп алған сөз-сөйлем мәселесіне жоғарыда аталған ғалымдар ешқандай пікір білдірмегені байқалды. Дегенмен, қазіргі қазақ тілінің синтаксис мамандары сөйлемнің бұрын айтылмаған жаңа түрлерін ашуда.

Түркі, орыс тілдерінде 1954 жылдан бері арнайы қаралып келе жатқан сөз-сөйлем мәселесі қазақ тіл білімінде 90-жылдарға дейін бір-екі ғалым еңбектерінде термин ретінде атап қана айтылғаны болмаса, арнайы мәселе болып көтерілген жоқ. Тек Г.Қ. Темірбекованың кандидаттық зерттеуінде объектіге алған төрт мәселенің бірі ретінде қаралып, атаулы, вокатив, реплика сөйлемдер арасында қысқаша ғана айтылып өтсе, А.А. Шойбекованың кандидаттық зерттеуінде ғана арнайы мәселе ретінде қарастырылды.

Негізінен, сөз-сөйлем диалогта қолдануымен ерекшеленеді, одағай, модаль сөздер және кейбір сөз таптарынан жасалады. Олардың өзі көп жағдайда көмекші сөздер қалпында келеді. Олай болса, олар сөйлемнің ішінде келуі арқылы сөйлемге әр түрлі реңк береді. Осы кезге дейін орыс тілі, түркі тілдерінде сөз-сөйлемнің көбіне сөйлемнің ішінде қолданылуына қарай жігі ашылмады. Сөз-сөйлемнің одағай және басқа да сөз таптары арқылы тек диалогта қолданылуы оның қыр-сырын аша бастады.

Сонымен, сөз-сөйлем болатын сөз таптарының қолданыстағы бір басты көрінісі диалог болды. Олай болса, әдетте сөйлемдегі негізгі мәнге ие болмайтын одағай, модаль сөз, шылаулардың диалогта қолданылуы олардың мағыналық ерекшелігін арттыра түсті. Өйткені, әдетте, ескеріле бермейтін бұл сөздер диалог арқылы морфологиялық құрамынан гөрі олардың синтаксистегі сөйлемдік жағы едәуір ерекшелене түседі. Сондықтан одағай, модаль сөздер тек диалогқа түскенде ғана сөйлемдік мәнге ие болды. Соның негізінде сөйлемнің жаңа түрі қалыптасты. Сонымен сөз-сөйлем – сөйлемнің жаңа түрі. Бұл сөйлемнің жаңа түрі болуына сәйкес оларды нақты түсінуде де әр түрлі пікірлер орын алған.

Сөз-сөйлемнің грамматикалық ерекшелігі мынада деп білеміз.:

-бір сөзден ғана құралады;

- негізінен диалогта қана кездеседі;

- олар морфологиялық өзгеріске ұшырамайды;

- сөйлем мүшесінің бірі болмайды;

- сөз тіркесінің бір сыңары да болмайды;

- сөз-сөйлем көмекші сөз таптарынан жасалады;

- олар құрамы жағынан дара, кейде қабат келуі арқылы да жасалады;

- олардың өзіндік тыныс белгілері бар;

- олар айтылу интонациясымен ерекшеленеді;

- олар құрмалас сөйлемнің бір сыңарын құрайды.

Сонымен, жалпы тіл біліміндегі сөйлем синтаксисін зерттеуде қол жеткен табыстардың бірі – «сөз-сөйлем» аталатын сөйлем түрінің анықталуы. Алғаш орыс тілші-ғалымдары арқылы термин ретінде қалыптасқан бұл сөз бұрынғы жалпылық мәнінен қазіргі жалқылық мәнге ауысып, бұрын көмекші сөздер қатарында ғана қаралып келген сөздердің сөйлесім барысында ойды білдіру дәрежесінде қолданылатын сөз-сөйлемдердің атауына айналды. Қазіргі кезде сөйлемнің бұл түрі орыс тілінде ғана емес, түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де арнайы зерттеу нысанына айнала бастады. Өйткені оны басқа сөйлем түрлерінен ажырататын өзіндік белгілері, ерекшеліктері бар.



1.2. Этнолингвистика – тіл біліміндегі жаңа сала. Қазақ тіл біліміндегі кейінгі кездегі жаңалықтардың бірі – тілді этнолингвистикалық тұрғыда зерттеу мәселесі.

Этнолингвистика – этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес бір саласы. «Тіл әлемінде» өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық жан-жақты зерттеу барысында іштей жіктеліп, дүниеге келген социолингвистика, психолингвистика, статолингвистика, паралингвистика іспеттес этнолингвистика да – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының ортақ проблемасы шеңберінде тоғысу нәтижесінде пайда болған жаңа сала [5.8 ].

Орыс ғалымы О.С. Ахманова этнолингвистика терминіне мынадай анықтама береді: «Этнолингвистика – тілдің өмір сүруі мен дамуындағы тіл мен халықтың және лингвистикалық факторлар мен этникалық факторлардың өзара қатынасын зерттейтін макролингвистика саласы» [6.539].

Этностың ақыл-ой, дүниетанымының, өмір сүру тәсілінің жемісі – материалдық және рухани мәдениеті, тарихы. Сол материалдық та, рухани да мәдениетін қалыптастыру, тарихын жазу жолында пайда болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты белгілер этнос болмысын құраса, оны тіл деректері арқылы сөйлететін тіл ғылымындағы бағыт – этнолингвистика. Этнос болмысы – мазмұны кең, терең ұғым, сондықтан этнолингвистикалық зерттеулердің де шеңбері кеңейіп, этнос табиғатын танытатын ғылым салаларымен байланысы нығаюмен қатар, этнолингвистиканың синкреттілігі, оны кең және тар көлемде қарастыру туралы көзқарасты орнықтырды.

Тіл ғылымы тарихына зер сала қарағанда, этнолингвистикалық идеялар нышаны әріде, тамыры лингвистикалық зерттеулердің бастауында екенін көру қиын емес, алайда заман ағымы ғылыми бағыттардың өркендеп немесе бәсеңдеуіне әсер етіп отыратыны да шындық. Этнолингвистикалық көзқарас тарихын М.Қашқаридың әйгілі «Диуанынан» бастаған М.М. Копыленко ондағы «йалма», «даг» сөздерінің шығу тегіне берілген түсінікті өз заманынан озып туған М.Қашқари анықтамасына қазіргі заманғы этнолингвистің алып-қосары аз деген бағамен тұжырымдайды. М.Қашқари еңбегінде айқын этнолингвистикалық бағыт одан кейінгі Шығыс пен Батыстың лингвистикалық еңбектерінде байқалатынын, тек IX-XYIII ғ.ғ. аралығында жарық көрген екі жүздей сөздіктен лингвистикалық деректермен қатар кейбір зат атауларының сипаттамасын табуға болатынын айтады [7. 4-5].

Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаган, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі ғалым проф. М. М. Копыленко өзінің «Этнолингвистиканың негіздері» деп аталатьш еңбегінде айқын көрсетіп отыр. Қазақ этнолингвистикасына қатысты мәселелермен шұғылданушылар үшін бұл еңбектің берері мол. Онда, мәселен, қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен оның бағыт-бағдары, өзіндік үрдісі, зерттеу объектілері мен тәсіл-әдістері кеңінен сөз болады. Мәселен, оның бұл кітапта жалпы проблема мен қазақ этнолингвистикасының нақтылы мәселелеріне қатысты 1044 еңбектің тізімін (библиографиясын) беруі зерттеудің құндылығын арттырумен қатар, қазақ этнолингвистикасымен шұғылданамын деген жас талапкерлер үшін жасалған үлкен қамқорлық.

Этнолингвистика ғылымының жетістіктері мен қазіргі күйі туралы сараптама зерттеуінде М.М.Копыленко бұрынғы кеңестік кеңістіктегі этнолингвистика дамуының бағыттарын көрсетті: алғашқысы В.В. Иванов пен В.Н. Топоров атымен байланысты, бұл ғалымдардың зерттеулері мәдени, мифологиялық лексика материалдарын жаңғыртуға негізделген шарттылықты ұстанады, екінші – академик Н.И.Толстой және оның мектебі, зерттеу нысаны – славян онтологиясы, мифологиясы, салты, диалектологиялық материалдар. Тіл мен мәдениетті оның иесі этностың дамуындағы дивергенция, конвергенция процестері, тілдің диалектілік бөліну мәселелері, этностың географиялық орналасу жағдайлары сияқты мәселелерді бірлікте, қатар қарастырады [7.16-17]. Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде Ә.Қайдардың этнолингвистикалық мектебі қалыптасты. Ә.Т.Қайдар этнолингвисикалық мектебі ізденістерінің бағыт-бағдары, ол – тілдің халық тарихының баға жетпес байлығын ұрпақтарға жеткізуші кумулятивтік қызметінің маңыздылығын баса көрсетеді. Солай бола тұра, этнолингвистика этнография мен лингвистиканың қосындысы еместігін өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан басталған этнолингвистикалық ізденістер дәлелдеп келеді, бұл бағыттың басты мақсаты – этнос өмірінің өткені, тұрмыс-тіршілігі, дәстүр, дүниетанымы мәселелерін дөп басып дәл анықтау, оны тілдегі көрінісі тұрғысынан зерделеу.

Сөйтіп, өткен ғасырдың соңына таман қазақ ғалымдары М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, К.Құсайынов, Н.Уәли т.б. бастап, оған жалғаса Г.Смағұлова, Г. Сағидолда, Е.Керімбаев, Р.Шойбеков, Қ.Қайырбаев т.б. ғалымдар осы мәселемен тікелей айналысып, қазіргі кезде қазақ этнолингвистикасының зерттеу мектебі қалыптасты деуге болады. Бұл жөнінде академик Ә.Қайдар: «Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр», – деп көрсетеді [5.9].

Сонымен, жоғарыдағы талдаулар арқылы біз этнолингвистиканың зерттеу нысанымен таныс болдық Ендігі мәселе – сөз-сөйлемдер мен этнолингвистиканың өзара қатысы қандай деген мәселе. Әдетте, этнолингвистиканың негізгі нысаны сөз – лексикалық байлық екені белгілі. Бұған қарағанда, этнолингвистиканың синтаксистің нысаны болып табылатын сөз-сөйлеммен қатысы жоқ сияқты болып көрінеді. Біздіңше, олай емес. Өйткені, біріншіден, қалай болғанда да, сөздің этнос мәдениетімен, тарихымен, психологиясымен т.б. байланысы сөйлем (не мәтін) ішінде айқындалады. Екіншіден, біз қарастырып отырған сөз-сөйлемнің өзі жеке сөздерден тұрады. Үшіншіден, әдеттегі этнолингвистикалық талдаулар тек атауыш сөздерге ғана жүргізіледі, ал сөз-сөйлемдерді жасайтын көмекші сөздер де лексикалық байлық және сөйлемдік мәнге ие бола алатын болғандықтан, олардың да этностық мәні болуға тиіс. Міне, біздің тақырыбымыздың өзі осындай мәселені зерттеп көру мақсатында алынған.

Егер біз сөз-сөйлемдердің де этнолингвистикалық ерекшеліктері болуға тиіс деген болжамды мақұлдасақ, онда мұндай ерекшеліктерді адамдардың ауызша және жазбаша сөйлесімдерінен іздестіреміз.

Әдетте тілдік ғылыми зерттеулердің қай-қайсысы да тілдік қатынастың осы екі түріндегі материалдарға сүйенеді. Сондықтан біз де алға қойған мақсатымызды ашып көрсетуді осы екеуінің бірін – жазбаша сөйлесім – яғни көркем әдебиетті пайдаланамыз. Осыған байланысты біз зерттеу еңбегімізде жерлесіміз, белгілі жазушы Д. Досжанов шығармаларынан алынған мысалдарға жүгіндік. Бұл сөз-сөйлемдердің қолданыс ауқымын және жазушының сол сөйлемдерді халықтың мәдениетімен, психологиясымен байланыстыра бере білгендігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, алдымен жазушы шығармасындағы сөз-сөйлемдерді мағыналық (семантикалық) жағынан топтастырып алып, соңынан олардың этнолингвистикалық ерекшеліктерін айқындауды мақсат еттік.

Зерттеу жұмысының екінші бөлімі «Көркем әдебиеттегі сөз-сөйлемдердің этнолингвистикалық табиғаты» деп аталады. Бұл бөлімде сөз-сөйлемдердің жасалу ерекшелігі түсіндіріліп, Д.Досжанов шығармаларындағы сөз-сөйлемдердің мағыналық қолданыс түрлері, этнолингвистикалық сипаты анықталды.



2.1. Д.Досжанов шығармаларындағы сөз-сөйлемдердің жасалуы мен мағыналық қолданыс түрлері.

Семантикалық жағынан сөйлемнің негізгі мазмұнына қосымша мән үстейтін, грамматикалық жағынан сөйлемге мүше бола алмайтын, өз алдына контекссіз қолданылмайтын, өзі үстейтін мағыналық реңктерді интонация арқылы беретін коммуникативті қызмет атқаратын сөйлем түрі – сөз-сөйлем жайындағы теориялық мәселелер көркем әдебиеттен, адамдардың ауызша сөйлесулерінен алынған мысалдар арқылы дәлелденетіні белгілі.

Қазіргі қазақ тілінде бұрын-соңды айтылып келе жатқан сөйлем түрлерінің бәрі барлық сөз табынан жасалады. Ал мүшеленбейтін сөйлемдерге жататын сөз-сөйлемнің жасалуына тікелей қатысты одағай, модаль сөздер, шылаулар және ішінара болса да басқа сөз таптары.

Әдетте осы сөз таптарынан болатын сөз-сөйлемдер үш түрлі жағдайда жеке сөйлемдік мәнге ие бола алады.

Біріншіден, осы сөз табының бірі жеке өзі тұрғанда:

Жылан шаққан кісіге әлгі ешкіемердің сорпасын ішкізсе мың да бір ем –уды тез қайтарады.

Апырмай-а!.. (Д.Д. «Жібек жолы»).

Екіншіден, сөз-сөйлем құрмалас сөйлемнің бір сыңары болып келгенде:



Ой, пәлі-ай! Мұнымен ғана тыншыса құдай жолына қой атар еді ғой. (Д.Д. Алаң).

Үшіншіден, одағай, модаль сөз, шылаулар, не басқа сөз таптары арқылы екі, үш рет қайталанып келгенде:



Бұл қызметіне риза болып меңгеруші ініңіздің арқасынан қақтыңыз!

Рас, рас. Өзі де жүзіктің көзінен өткендей ысылған, танылған іскер жігіт еді, барғаннан ішіме кіріп жылы сөйлесті, мінездес інім боп шықты... (Д.Д. «Алаң»).

Сөз-сөйлемнің табиғаты негізінен диалогта ашылады. Себебі, екі кісінің сөйлесу сәтінде жағдайдың асығыс болуы не реніш, қуаныш, өкініш сияқты эмоцияның болатыны анық. Ондағы ұзын-сонар сөйлемнен гөрі қысқа, нақты, ойға дәл келер ықшам сөздер қолданылады.

Әрине, сөз-сөйлем диалогты сөйлесімде сөз-сөйлемдік мәнге өзінен бұрын, не өзінен кейін тұрған сөйлемдер арқылы ие болады. Енді Д.Досжан шығармаларындағы сөз-сөйлемдердің қолданысын жоғарыда айтылған сөз таптары негізінде жекелей көрсетейік.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет