Подготовка учителя новой формации в республике казахстан – приоритетное направление деятельности высшего педагогического учебного заведения


Бастауыш мектептегі оқыту әдістерін тиімді



бет5/15
Дата13.06.2016
өлшемі1.66 Mb.
#131888
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Бастауыш мектептегі оқыту әдістерін тиімді

қолданудың жолдары
Қоқымбаева Т. И. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Бастауыш сыныптың озат мұғалімдері сабақтарында оқытудың тиімді әдістерін қолдануға баса көңіл бөледі. Білім беруде әдістерді дұрыс іріктеу үшін оқыту әдістерінің теориясы мен тәжірибесін жете білу қажет.

Оқыту әдісі - екі жақты процесс. Мұғалім баяндайды, әңгімелейді, түсіндіреді, сонымен қатар заттарды немесе көрнекі құралдар мен техникалык құралдарды көрсетеді, ал оқушылар тыңдайды, қызығады, қабылдайды, бақылайды, ойланады және т.б. таным әрекеттерін жасайды. Мұғалім оқыту әдісі арқылы окушыларға білім беруде өзінің ic-әрекетін балалардың таным әрекетіне басшылык етумен байланыстырады. Сонымен, оқыту әдісі дегеніміз - оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын кызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары.

Сабақта берілетін оқу материалын оқушыларға жеткізу үшін әр түрлі оқыту әдістерін қолданудың тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Tіпті бip мазмұндағы оқу материалын меңгерту түрлі әдістер арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Білім беру үрдісінде ең жиі қолданылатын оқыту әдісі - ол мұғалімнің ауызша баяндауы. Сабақтың мазмұнын ашуда сөздің кұдыреті күшті. Сондықтан да сөздік әдіс сабақтың түрлі кезеңдерінде әсіресе, жаңа материалды түсіндіру барысында кеңінен орын алады. В.А.Сухомлинский баланың ойы мен тілін дамытудағы сөздің мәніне тоқталып “СӨЗ - ең маңызды педагогикалық құрал, оны еш нәрсемен ауыстыра алмайсың. Бастауыш сыныптың мұғалімі - ең алдымен тіл маманы” – деген.

Сөздік әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға білім берумен қатар олардың таным белсенділігін дамытуға (зейін, қабылдау, ойлау т.б. процестерін) байланыс-ты әрекет жасайды. Мұғалім өзінің баяндауын басқа әдістердің тәсілдерімен ұштастырады (бақылау, әңгіме, жазбаша және графикалық жұмыстар т.б.).

Мұғалім өзінің сөзін көрнекі бейнелермен сабақтастырып, түрлі көрнекі және техникалық құралдарды көрсетеді, сонымен қатар көркем сөзді де пайдаланады. Мұғалімнің ауызша баяндауы барысында сұрақтардың анық және түсінікті болуы мәтін мазмұнына байланысты түрлі жағдаяттар тудырып оны оқушыларға шештіру баяндалатын материалдың ең маңызды жерлеріне айырықша мән беру және баяндаудың жүйелі, дәлелді болуы сөздік әдіске қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Мұғалімнің сөзі әсерлі, тартымды, сенімді, сонымен қатар дауыс ырғағы мен мимикасы бет-әлпет құбылысы мәнерлі және бай болуға тиіс.

«Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кінәламай, оларға дұрыс түсіндіре алмағаны үшін өзін-өзі кіналауы керек. Мұғалім балалармен сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлықпен сөйлеп, шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіруі керек», - деген Ы.Алтынсарин.

Тақырыпты оқыту барысында түрлі әдістерді қолданудың тиімділігін озат мұғалімдердің іс-тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен, үшінші сыныпта ана тілі мен өтілген сабақтың әдістерін қарастырып көрейік.



Сабақтың тақырыбы: Абай және табиғат. “Жаз” өлеңін оқыту.

Сабақтың мақсаты: Білімділік: оқушыларға Абай туралы түсінік беру және “Жаз” өлеңінің мазмұны мен идеясын ашу.

Дамытушылық: оқушылардың танымдық әрекеті мен танымдық белсенділігін тақырып мазмұнына қызығуын, жүйелі ойын, ойлау әрекетін дамыту. Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал жасау.

Тәрбиелік: Тұған жерінің табиғатын сүюге эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Жаңа білім беру.

Қолданатын әдістер: Сөздік баяндау, әңгіме, оқулықпен жұмыс, түрлі бейнелі көрнекілік. Абай портреті. Жаз мезгілінің суреті.

Сабақтың барысы:

І. Үй тапсырмасын тексеру, өткен материалды пысықтау ретінде сұрақ-жауап тәсілі арқылы жүзеге асады.

ІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.

Жоспары:

а) Мұғалімнің кіріспе сөзі;

ә) Мәтінді мәнерлеп оқу;

б) “Жаз” өлеңінің тақырыбы мен мазмұнын түсіндіру;

в) Сөздік жұмыс;

г) Мәнерлеп оқу;

ғ) Өздігінен жұмыс;

д) Сазгерлік өнер. Абайдың “Желсіз түнде жарық ай” әнін тыңдату;

е) Сұрақ-жауап арқылы сабақты қорытындылау;

ж) Үйге тапсырма “Жаз” өлеңін жаттау және “Желсіз түнде жарық ай” әнінің сөзін жаттап келу.



Мұғалімнің кіріспе сөзі.

  1. Ауызша баяндау арқылы Абайдың өмірі мен шығармашылық өнері туралы әңгімелеу,

  2. Мәтінді мәнерлеп оқытып әр шумақтың мәнін талдау,

  3. Жаз өлеңінің тақырыбы мен оның мазмұнын түсіндіру және оқушылардың ұғымын байқау,

  4. Сөздік жұмыс өлеңіндегі бейнелі көркемдегіш сөздерді анықтау. Бұл оқушылардың бақылауын зейінің байқауға мүмкіндік береді,

  5. Жаздың суретін көрсетіп осыған байланысты өлеңнің оқушылардың бақылау қабілетін дамыту мақсаты мен мазмұнын талдау,

  6. Оқушылардың өздік жұмысын тақтада жазылған сұрақтарға мәтін қалыптастыру мақсатымен мазмұнынан жауап таптыру. Бұл оқушылардың кітаппен жұмыс істеу қабілетін дамытады.

Дәптермен жұмыс. Өлең мазмұнынан жаңа сөздерді атауларды тауып, дәптерге жаздыру оның мағынасын түсіндіру.

Күркіреп - өзеннің ағып жатқандағы дыбысы.

Шұрқырап – немесе кісінейді.

Шалғын – жайылым немесе қалың шөп.

Жоны – арқасы.

Ықылдап – тойынғандықтың белгісі.

Бұлтылдап – ойнақтап.

Мәнерлеп оқу. Оқушылардың сөз мәнеріне, өлеңнің шумақтарына дыбыс екпіннің қоя білу қабілеттеріне көңіл аудару.

ІІІ. Өздігінен жұмыс. “Абайтану” дәптері бойынша Абай шығармаларының атымен танысады. Тақтадағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап берді. Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Жердің әсемдігін бейнелеген сөздерді оқы,

2. Жылқының үнін қалай атайды?

3. Шөптің биіктігін қандай сөзбен бейнелеген?

4. Ат, айғыр, бие деген сөздердің мағынасын айт,



  1. Құлын-тайдың ойнақтауын қалай әсерлеп жазған?

  2. Құстар дыбысын бейнелейтін сөзді тап,

  3. Сазгерлік өнерге не жатады?

  4. Үй тапсырма. “Жаз” өлеңін жаттап келу, мәнерлеп оқуға жаттығу.

Қорытынды: Бұл сабақта мұғалім тақырыптың мазмұнын ашуда бір емес, әр түрлі әдістерді тиімді қолданып оқушылардың танымдық белсенділігін дамытуда өз шеберлігін көрсете алды.
ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. –А., 2003.

  2. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. –А., 1983.

  3. Сабыров Т. Оқыту теориясының негіздері. –А., 1993.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада оқыту әдістерін бастауыш мектептің оқыту процесінде тиімді қолданудың дидақтикалық негіздері мен шарттары баяндалады.
Резюме

В статье рассматриваются эффективные пути использования методов обучения в начальных классах на основе опыта передовых учителей начальной школы.



Оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың

тиімді әдістері
Рысқұлбекова А.Д. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)

Жаңа бағдарламаға сәйкес қазіргі дидактиканың талабы – сабақты түрлендіріп жүргізу арқылы оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып, оларды ойландыру, ізгілендіру арқылы өз бетінше тиянақты білім алуға дағдыландыру болып табылады. Ал бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған маңызды істің бірі – оқушылардың оқуға деген ынта-жігерін күшейтіп, ақыл-ой әрекетіндегі белсенділіктерін арттыру болып отыр.

Оқыту – екі жақты үрдіс болғандықтан, мұғалім өзінің ғана іс - әрекетін ұйымдастырып, тек оның орындалуымен қанағаттанбай, оқушылардың да танымдық әрекеті мен белсенділігін дамытуға ерекше көңіл аударуға тиіс. Мұның өзі оқыту мен бала дамуының заңдылықтары туралы өте күрделі психологиялық педагогикалық мәселе.

Ұлы педагогтар мен ғалымдар: Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, А.Дистерверг, Д.Локк, И.П.Песталоцци, П.Я.Гальперин т.б. оқыту арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударған. Танымдық әрекет пен танымдық белсенділіктің психологиялық негіздерін зерттеуге үлес қосқан ғалымдар: Л.С.Выготский, Б.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев, Л.В.Занков, В.В.Давыдов, Д.Б.Элько-нин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Мұқанов т.б.

Республикамызда оқушылардың оқу әрекетін белсендіру, оны ұйымдастыру, әдіс–тәсілдерін жетілдіру барысында зерттеу жұмыстары жүргізілуде (Т.Сабыров, Н.Айғабылов, Ж.А.Қараев, Г.К.Нұрғалиева, А.Е.Абылқа-сымова, Ғ.М.Құсайынов т.б.). Жоғарыда аталған еңбектермен танысу барысында бастауыш сынып оқушыларының ойлау белсенділігін қалай арттыруға болады? Оны арттыруда қандай дидактикалық мүмкіндіктер ұйымдастыру қажет? Міне осы сұрақтарға жауап іздеу біздің мақаламыздың мақсаты болып отыр.

Оқыту үрдісінде оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың маңызы зор. Әсіресе, бастауыш сатыдағы кезең – оқушының оқу әрекетін қалыптастырудың өте ыңғайлы кезеңі. Мұның нәтижесінде ғылыми ұғымдар мен түсініктерді меңгере отырып, оқушының психикалық қасиеттері қалыптасады. В.А.Сухомлинскийдің пікірі бойынша, балдырған кездегі ой еңбегін ұйымдастырудағы шеберлік баланың мұғалімді ыждаhаттылықпен тыңдай білуінде, ұмытпауында және ойлана білуінде. Бұл пікірден баланың ойлау қабілетін дамытуда бастауыш оқытудың ерекше екенін түсінуге болады.

Көптеген педагог, психологтардың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бастауыш сынып кезеңіндегі оқушының ой әрекетінің төмен болуы, оның жоғарғы сыныптарға барғанда үлгермеушілігіне, сабақтың төмендеуіне әкеліп соғатынын дәлелдеген. Бұл мәселені шешу – бастауыш оқытуда балалардың ойлау қабілетін дамытуға, қызығушылығының тұрақты болуына, ойлау әрекетіндегі түрлі тапсырмаларды шығармашылықпен орындауда өзіндік амал – тәсіл қодана білуіне мүмкіндіктер туғызу.

«Ойлау» ұғымына байланысты ғылыми, психологиялық, әлеуметтік әдебиеттерге сүйенер болсақ, әр түрлі көзқарастың бар екені белгілі болды. Мысалы, философтар: Д.Кішібеков, А.Қасабек, Ұ.Сыдықов, Ғ.Есімов; педагогтар: Г.Селевко, Н.Данилов, М.Скаткин, Н.Хмель, А.Бейсенбаева, Т.Сабыров, т.б. ойлау мәселесін зерттей келе, өз анықтамаларын, түсініктемелерін ұсынады.



Ойлау - адам миы қызметінің нәтижесі. Ойлау дегеніміз - сыртқы сезім арқылы деректердің қабылданып алынуы және оның адам миында өңделуі. Ойлау барлық адамға тән. Кез - келген дені дұрыс, ақыл – есі бүтін адам ойлауға қабілетті. Сондықтан мұғалімнің міндеті ойлау түрлерінің мәнін терең түсініп, оларды тұтас педагогикалық үрдісте дұрыс қолданып, оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға әсер ететін әдіс – тәсілдерді қолдана білу.

Баланың ойлау қабілетін дамытуда оқытудың маңызы орасан зор. Мұғалім балаларға білім беру, оқушының ой - өрісін кеңейту, тілін жетілдіру арқылы ойлауын да дамытады. Бастауыш сыныптан бастап – ақ балаларды оқу материалын түсініп және игеріп қана қоймай, қызықтыратын мәселелеріне өздеріне жауап табуға үйрету қажет. Мұны балалар алғаш мұғалімнің көмегімен, содан кейін өз бетінше орындайтын болады. Мұғалім алғашқы күннен бастап шәкіртін ойлай білуге үйретіп, сабақты түсіндіруге асықпай, оқушының өзінің ойлауына мүмкіндік бергені жөн /1/.

Оқыту үрдісінде оқушының «ойлау» қабілетімен қатар «белсенділігін» дамыту педагогикада басымды бағыт болып есептеледі. Оқушылардың оқу үрдісіндегі белсенділігі, өз бетінше білімді игеру дәрежелері педагогика зерттеулерінде және мектеп тәжірибесінде үнемі басты проблеманың бірі болып қала береді. Өйткені мұғалім әрекеті оқушыларға негізделеді. Білім беру үрдісі қай кезде де әрбір адамның жалпы дамуын кең ауқымда қамтамасыз ету шарт. Сабақта мұғалім түсіндіріп, оқушылар тыңдап, сұрағанына жауап беріп, жоспар бойынша оқу формасына қалыптасып алғанбыз. Бұл түрдегі сабақ, баланың ойлануына, ой жүйесінің дамуына көп мүмкіндік бермейді.

Әлеуметтік тұрғыда адамның белсенділігі және дербестігі оның еңбегінің жемістігін айқындайды және тапқырлығының мәнін құрайды. Сондықтан оқушыларда осы қасиеттің пайда болуын тудыру - әрбір ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі болып есептеледі.

Т.Шамова белсенділіктің маңызды рөлін ескере отырып, оны жеке дидактикалық категорияға бөліп қарастырады. Шын мәнінде саналылық пен белсенділік принциптері ара қатынастарын алсақ, онда мақсатты белсенділік жете түсінбеген емес, толық ұғынған жағдайда болады. Оқушылар белсенді болмаса оқу үрдісіне толық қатыса алмайды /2/. Ендеше, белсенділік білім мақсаттарына жетудің негізгі шарттарының бірі.

Белсенділік (лат. activus - әрекетшілік) – бұл психикалық көрініс, қарқынды немесе бір ерекше әрекет жасауда көрінетін адам мінезінің бір қыры.

Бастауыш сынып оқушыларының ақыл – ой белсенділігін дамыту үшін өтілетін материалдар оқушылардың жас ерекшелігіне сай болып, олардың қызығуына, интеллектілік сезіміне әсер ететіндей етіп құрылуы жөн. Өйткені оқыту үрдісінің мазмұны мен әдіс – тәсілдері оқушылардың жас және даму ерекшеліктеріне сай болған жағдайда ғана тиімді нәтижелер береді.

Оқу–тәрбие үрдісінде оқушылардың терең білім алуы, іскерлігінің артуы, дағдысының шыныға түсуі – олардың оқу материалын түсіну арқылы ой ұшқырлығын шыңдай түседі, алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарын орындауға өз бетінше әрекет жасайды. Сонымен бірге оқушыларда оқу материалының мазмұнына байланысты жаңа қызығу, қиыншылықты жеңуге бағытталған талпыну әрекеттері; түсініксіз нәрселерді табу үшін жаңадан іздену сияқты психологиялық қасиеттер пайда болады. Мұндай әрекеттер оқушылардың ақыл–ой әрекетіндегі белсенділігін арттыра түседі.

Сондай–ақ, оқушылардың ақыл–ой әрекетіндегі белсенділігін арттыру әрбір мұғалімнің терең теориялық біліміне, шығармашылық еңбегіне, әдіс–тәсілдерді қолданудағы шеберлігіне, оқу–тәрбие үрдісіндегі шыңдалған тәрбиесіне байланысты.

Қазіргі оқу үрдісінде баланы жан–жақты дамытып, белсенділігін арттыруда интерактивті оқытудың маңызы зор. Елімізде оқушылардың оқу белсенділігін арттыруда «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» деп аталатын білім жобасы енгізілуде. Бұл жоба халықаралық мектептерде қолданылып, табысты нәтижелер берген. Жобаны енгізуде Қазақстан оқу ассоциациясы елімізде толық құқылы және жалғыз өкілі болып табылады.

Дәстүрлі оқытумен салыстырғанда бұл жобада оқушының белсенділігін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Мысалы, дәстүрлі оқытуда қызығушылықты ояту көбінесе қалып кетіп жатса, интерактивті оқытуда қызығушылықты ояту фазасы ұзақ, әрі мағыналы оқудың қажетті психологиялық негізін салады.

Интерактивті оқыту өзінің қызметіне байланысты үш фазадан тұрады. Алғашқы фаза – қызығушылықты ояту оқушылар үшін сабаққа қатысудағы алғашқы қадам болып табылады. Осы алғашқы фазада оқушылар болашаққа көз жүгіртіп, ұғынып жаңадан таныстырылған тақырыптарға зерттеу жүргізу үшін өз алдарына мақсат қояды. Сонымен қатар оқушылардың жаңа идея мен мәліметтерді үйренуге және оны өзіндегі білім негізімен ұштастыруда іштей немесе сырттай белсенді болудың алғашқы қадамы іске асады.

Ал, мағынаны тану фазасында оқушылар жаңа мәліметпен, идеямен немесе жаңа мазмұнмен танысып, әрекет жасау іске асырылады. Бұл фазада оқушының негізгі міндеті – мазмұнмен айналып, жаңа идеяның бұрынғы біліммен байланысқандығы жөнінде хабардар болу. Тиімді түрде білім алу үшін оқушылардың сабаққа мақсаткерлікпен, ойлампаздықпен, өзінің түсінгенін бақылай, жаңа ақпараттарға дұрыс жауап қайтара отырып және оны белсенді басқарумен қатысуы қажет.



Ой толғаныс – үйрену үрдісінің соңғы фазасы. Бұл кезде оқушылар алған білімдерін сыртқа шығарып, түсінгендерін өз сөздерімен жеткізіп бере бастайды. Бұл фаза саналы талқылаулалармен білімді тәжірибеде қолдану, жаңа идеялармен ұғымдарды жинақтаумен, мазмұн жөніндегі өздерінің ашық ұсыныстарымен немесе келесі бір зерттеуді басқаруға шақырумен айғақталады. Бұл – үйрену жеке сипатқа ие болған сәт. Осы аталған үш фазаның орындалуы кезінде оқушылар төмендегідей әрекеттерді орындайды:

  • ой әрекетін белсенді ету;

  • талқылауға қатысу;

  • идеялар мен мәліметерді біріктіру;

  • ойлаудың салдарын ойға түйіп, өз жауапкершілігіне алу.

Осы әрекеттерді орындау барысында оқушылар мынадай мәселелерге қол жеткізеді:

  1. берілген тапсырмаларды өз бетінше орындауға;

  2. балалардың өте белсенді болуы және істегі өз жұмысына жауапты болуы;

  3. білімді дайын күйінде алмай, өзінің ізденісі арқылы түсінуге;

  4. сабақ мазмұны мен тапсырмалардың ойлау қызметіне бағытталуы.

Интерактивті оқытуда оқушылардың ойлау үрдісін, есте сақтау ерекшелігін, ақпаратты қабылдай алу мүмкіндігін талдай отырып, қайсысы кейін қалғанын көруге болады. Оқушының белсенділігін арттыру үшін мұғалім алдына мынандай мақсат қояды: ойлау қызметіне мүмкіндік туғызу, балалардың ойлау қабілеттерін дамыту.

Ойлау қызметі – бақылау мен тексеруге келмейтін күрделі процесс. Мұндағы ең басты нәрсе – жүйелілік пен бірізділік. Бұл ереже сақталмаса, іс - әрекет толығымен орындалмай, оң нәтиже шықпайды. Оқушының ойлау қабілетін дамыту үшін мұғалім білім беру жүйесін жасап, оқу материалдарын қабылдау, түсіну, ой толғау, бекіту және іске асуын басқару керек / 3, 20-21б/.

Бастауыш сынып оқушыларының ойлауы көбінесе көрнекі-амалдық, нақты-образдық түрде болатындықтан, оқу үрдісінде әр түрлі көрнекіліктерді қолдану сабақты түсінікті, әрі қызықты етеді. Көрнекілік арқылы балалар заттың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойланып, түсінеді. Сонымен қатар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл ұғыну үшін қолданылады.

Оқушылардың білімді терең меңгеруі негізінен мына компоненттерден тұрады: қабылдау, түсіну, есте сақтау, қорыту және жүйелеу. Оқыту үрдісінде бұл компоненттер бір-бірімен тығыз байланысты. Оқушы меңгеретін материалдың қиындығына кезіккенде ғана өз бетінше шешім қабылдап, қорытынды жасай алады, осыдан кейін ол материалды толық игереді.

Мәселелердің шешімін табу арқылы оқушылардың ойлау қабілеті нығайып, тереңдей түседі. Сондықтан да оқытушы балаларға тек тыңдатып қоймай, оларды ойландыратын түрлі әдістерді, ойындарды сабақта қолдана білуі тиіс.Қорыта келгенде, оқушылардың ойлау белсенділігін арттырудың мынадай дидактикалық мүмкіндіктерін атауға болады:


  • оқушының білімге деген қызығушылығын ояту;

  • берілген тапсырманың анық ,түсінікті болуы;

  • оқушылардың жас ерекшелігіне сай әдіс–тәсілдерді тиімді қолдану;

  • оқушыны білімді өз бетінше меңгеруіне бағыт беру.

әдебиеттер



  1. Гоноболин Ф.И. Психология. – А.; Мектеп, 1976. 239с.

  2. Шамова Т.И.. Активизация учение школьников. – М.; Педагогика, 1979.-208с.

  3. Әрекеттегі RWCT философиясы мен әдістері. Ред. С. Мирсеитова, Ә.Іргебаева. -А., 2004.-264 б.

  4. Сабыров Т. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары.-А.,1978.

  5. Баширова Ж.Р., Төлешова Ұ.Б. Педагогикалық технологиялар арқылы оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру.- А., 2003.

Түйіндеме

Мақалада бастауыш сынып оқушыларының ойлау белсенділігін интерактивті әдістер арқылы арттырудың дидактикалық мүмкіндіктері қарастырылған.
Резюме

В статье рассмотрены вопросы развития активного мышления и дидактические вероятности через интерактивные методы обучения учеников начальных классов.



Мектеп алды балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ауыз әдебиетінің алатын орны
Сайлауова Н.С. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қоғам мен табиғаттың өзара байланысы қазіргі замандағы басты экологиялық мәселелердің орталығы ретінде адам мәселесімен тығыз байланысты. Көп жылдар бойы адам баласы табиғат ресурстарына сарқылмас көз ретінде қарап, табиғатқа әсерін мардымсыз деп санап келді.

“Адам-қоғам-табиғат” арасындағы сабақтастық және соған байланысты шешілетін мәселе бүгінгі күні әлемдік ғылымда бірінші орында тұр.“Адам–қоғам-табиғат” жүйесіндегі дағдарыс бұл адамзат ойының дағдарысы қарым-қатынастың маңызды бағыты - бүкіл адамзаттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Адам табиғат туралы қазіргі таныс дәрежесіне оңайлықпен жеткен жоқ. Қазақтың көне түсінігі бойынша жер-адамзат, жан-жануар, ағаш-шөптің, тау мен тастың, өзен-судың анасы. Аспан-жарық,жылу беріп, жаңбыр жаудырып, жер бетіндегі тіршіліктің өсіп-өнуіне күш-қуат беріп тұрған атасы болып есептелген. Сондықтан, ерте кездегі қазақтар көк тәңірге, жер анаға жалынып-жалбарынып табынған.

Қазақ халқы балаларға табиғат туралы өз білгенін үйретуді мақсат етіп, оны ретті жерде жүзеге асырған. Табиғат адамның ақыл-ойы мен тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі екендігін көре білген. Бар өмір тіршілігі табиғатқа тәуелді болып, оның аясында төл баласы болып өскен ата-бабаларымыздың туған жерге, табиғатына деген қарым-қатынасы халық педагогикасынан айқын көрініс тапқан.

Көпшілік жұрт, жалпы қауым өзін қоршаған ортаны, табиғат пен қоғамдағы өзгерістерді, жеке адамның басындағы құбылыстарды түсінуге басқаларға түсіндіруге әрекет жасап, өз танымын кеңейтіп отырған. Табиғат таным процесі келесі ұрпаққа беріліп, ол ары қарай жалғасын тауып, жетіліп дамыған. Осы көзқарас негізінде халық педагогикасы сияқты халық философиясы да болғанын, ауыз әдебиетінің үздік үлгілерінен көрініс тапқанын атап айту керек. Бала сәби шақтан бастап- ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға, ынтасы зор болатыны белгілі. Ол халық педагогикасының яғни әдебиетінің әрбір саласы: ертегілер, мақал-мәтелдер, табиғат жайындағы жырлар мен жұмбақтар, жаңылтпаштардың мән-мағынасын түсіндіріп, жаттатқызу барысында жүзеге асатыны белгілі.

Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, олардың эстетикалық талғамын дамытады. Туған жерге деген ыстық шексіз сүйіспеншілігін күшейтеді. Ата-бабамыз мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыстар, ертегілер, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, тыйым сөздер арқылы ұл-қызын жаман әдеттен тиып, ең жақсы нышандарға үндеген.

Халық ұғымында табиғат деген сөз Жер-ана, туған жер, атамакен сөздері түрінде көп айтылады. Осыған орай халық арасында нақыл, даналық сөздер жиі кездеседі. Адамгершіліктің үш сауабы: “Жолға ағаш еккен-сауап, шөлге құдық қазған-сауап, өзенге көпір салған сауап” деп ата-бабамыз табиғаттың жанашыры болып, келер ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеп, осындай сауалдарды орындауды үндейді. “Жері байдың елі бай”, “күте білсең, жер жомарт”, “жер-байлықтың көзі”, “жер-ырыстың кіндігі”, “жерін қорлаған еліне симайды”, “жер-ана, ел-бала”, “қара жер қарыз арқаламайды” т.б. Табиғаттың бар байлығы жермен тікелей байланысты, содан ғана нәр алады. Бұл табиғаттың құбылыстары, заңдылықтары мен байлықтары бір-бірімен өзара байланысты, әрі олар бір-біріне тәуелді деген ұғымды білдіреді.

Халқымыздың ерекше қастерлеп, талай ғасырлар бойы аялы қамқорлық жасап келген табиғат байлығының бір тобы- өсімдіктер әлемі. Өсімдік өссе-тамақ, кисе киім, саялы баспана, күнделікті малыңа өріс, өзіңе қоныс болған. Осыған орай, халқымыздың орай халқымыздың өсімдікті аялағандығын, оны көзінің қарашығындай қорғай білгендігін халықтың ырымдары мен мақал-мәтелдерінен көруге болады. “Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті”, “Атадан мал қалғанша, тал қалсын”, “Бір тал ексең еңбегіңнің жанғаны, абзал адам өсірсең басыңа бақ қонғаны”, “Бір тал кессең он тал ек”, “шөпті жұлма, көктей соласың”, “Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ”, “Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа олжа салғаның, өзіңе қорған салғаның”, “Орман көп болса, олжаң көп”, деп табиғаттың көз тоймас әсемдігін, ну орман барда жер сұлу болатынын, ағаштың тигізер пайдасын түсіндіріп, әсемдіктің белгісі, таза ауаның кепілі екенін, табиғаттың сұлулығына мән беріп, күтіп баптауды міндеттейді. Осындай нақыл сөздерді табиғат жайында білім беруде бала тәрбиесіне орында пайдалану тәрбиешінің басты міндетіне айналуы тиіс.

Қазақ халқы тіршілік үшін құстардың тигізер пайдасын ерте кезден-ақ түсінген. Оларды қорғауға ерекше мән беріп, қамқорлық жасап отырған. Жақсы жігіттерін қыранға, қыздарын аққуға, әншілерін бұлбұлға теңеген. Аққудың айдын көлде жүзген сабырлы да ,кербез қимылы, оның кез-келген шалшық суда кездесе бермейтін тазалығы, аса талғампаздығы халыққа ұнап, тәкаппар құс екенін түсініп, қастерлеген. Оны “Құс падишасы” деп атаған. Ол құстың бір-бірін құрметтейдегі керемет мейірімділігі де халықтың назарынан тыс қалмай, оларды махаббат пен татулықтың жыршысы ретінде дәріптеген. Сондықтан ата-бабамыз “Аққуды атпа”, “Құсқа тас атпа”, “Құстың ұясын бұзба”, “Құстың жұмыртқасын жарма”, “Балапанды жәбірлеме” деп құстарды қорғап, қадірлеп өткен. Бұндай тыйым сөздер табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланып, оны қорғау үшін еңбек етуге жетелейді. Бұл біздің бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюымызға көмектеседі.

Қазақ халқының суды қадірлеу, сақтау жөніндегі неше түрлі аталы сөздері мен тыйым сөздері су көздерін келешек ұрпаққа таза ұстауды үйретуді мақсат етіп қойған.

Суды таза ұстауды, оны қорғауды уағыздап отырған. Сондықтан “Бастау суалса - бақыт суалады”, “Бастау тапталса - батпаққа айналады”, “Құлазыған шөл- жетім, құс қонбаған көл - жетім, сортаңға құйған сел - жетім”, “Ағын су - өмір, тоқтау су - өлім”, “Су бар жерде өмір бар”, “Бұлақ көрсең көзін аш, құдық көрсең шегенде - басына тал ек” мақал-мәтелдерде философиялық терең ой, тәлім-тәрбиелік бастау жатыр.

Халық тәрбиесінде баланың ақыл-ойын дамытып, ой-өрісін кеңейту, тілін ширату үшін жұмбақтар кеңінен қолданылған. Жұмбақтың қай түрі кездессе де, көбіне оның бүккен сыры мен ішкі шешімі табиғаттың көрінісімен сипатталады.

“Бір нәрсе көруге бар, ұстауға жоқ,

Жаз көркі көк шәлідей шымылдық боп”

деген жұмбақтарда табиғаттағы сағымды көрінісін, ауаны әр түрлі ойнақы оймен жеткізіп, оны ой елегінен өткізе отырып, шешімін табуды ұсынады. Жұмбақтардың ересек адамдарға арналған түрі мен қатар балаларға олардың жас ерекшеліктеріне лайықты түрлері бар, оны таңдап алу тәрбиешінің шеберлігіне байланысты және табиғат обьектілерін көрсетіп оларға арналған жұмбақтар жасыру, баланың ойлануына, ой қорытуына, қиялына көмектеседі. Мәселен, жануарларға арналған жұмбақтарда жасыратын жануарладың ең басты қасиеті, не ерекше бір қимылы сипатталады,

“Кезікті бір жануар,

Үстінде екі тауы бар”, (түйе).

“Екі айнасы бар, екі найзасы бар,

Төрт жылтырмағы бар,

Бір шыбыртқысы бар” (сиыр).

Халық ертегіні тәрбие құралы ретінде пайдаланған. Өмірдегі кездесетін жаман әдеттерден, ең жағымсыз мінез-құлықтан, ұнамсыз істерден құтылу, оны болдырмау туралы пікірлерін ертегілер арқылы жеткізген.

Ауыз әдебиетінің қай саласын алсақта, табиғатпен біте қайнасып, оны адам мінез-құлқына сіңісті етіп табиғатқа терең сүйіспеншілікпен қарауға, оның сырын түсіне білуге тәрбиелейтіндігін байқаймыз. Адам баласының халқымыздың өмір қуаты, оның ұлттық экологиялық мәдениетінің негізі бола отырып, ол әлемдік өркениетті экологиялық мәдениеттің бүгінгі таңдағы жаңа сапасын байытатын мазмұн болып табылады.

Ауыз әдебиеті ғасырлар бойы шыңдалып, сұрыпталып келеді. Табиғатты аялау, қорғау мәселелеріне арналған мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, жұмбақтар, ертегілер мен жаңылтпаштарды баланың жасына лайықтап таңдап алу балабақша тәрбиешілеріне байланысты. Бала ес білгеннен бастап үлкендерден естіген өнеге өсиеттерінен сусындап өседі. Өмір салтымызға мән беруі, табиғатқа адамгершілік қатынасын психологиялық, педагогикалық негізін ұлттық тұрғыдан қарауға мүмкіндік беретіні анық.
әдебиеттер


  1. Нарымбетов Ә. Қазіргі поэзиядағы дәстүр тұтастығы. Қазақ поэзиясының дәстүр ұласуы. –А., 1981.

  2. Төреқұлов Н.. Қазақтың 100 шешен биі. -А., 1996.

  3. Ысқақов С. Табиғатты қорғау дәстүріміз. -А.,1973.

  4. Марғұлан Ә. Жұмбақтар. Қазақ ауыз әдебиетінің тарихы. 2 том. -А., 1960.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада мектепалды балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда ауыз әдебиетінің алатын орны қарастырылған.
РЕЗЮМЕ

В статье рассмотрена роль устной литературы в формировании экологической культуры дошкольников.




БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУДА "ОҚУ МЕН ЖАЗУ АРҚЫЛЫ СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУДЫ ДАМЫТУ" ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫ
Сейдуалиева А.Н. ( Алматы қ., ҚазМемҚызПИ )
Бүгінгі таңда барлық елдер бірінші орынға білім беру сапасын қоюда. Себебі, ХХІ ғасыр білімді, іскер, жан-жақты дамыған, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға бере алатын, өзіне сенімді азамат тәрбиелеуді талап етіп отыр. Өркениетті елдердің жоғары технологиясын меңгеру, дүниежүзілік білім кеңістігіне шығу мәселесін шешу қолға алына бастады. Осыған орай әр студентке белгілі көлемде білім дағдыларын меңгертумен бірге оларды шығармашылық бағытта, жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты мақсаты. Әсіресе, жоғарғы оқу орындарында болашақ кәсіби педагог мамандарын даярлау мақсатында студенттерге сабақ барысында жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін қолданудың маңызы өте зор.

Болашақ мұғалімдерді даярлау қай уақытта болмасын ең өзекті мәселелер қатарына кіретіні белгілі жәйт. Себебі, қоғамның әлеуметтік–экономикалық міндеттері заманына сай өзгерістерге ұшырап, өскелең ұрпақты соған лайықтап өмірге бейімдеудің жаңа талаптары туындап отырады.

Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері білім мазмұнының тұжырымдамасында: «қазіргі кезеңде білім берудегі негізгі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге икемді, іскер, өзіндік ой толғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жанды қалыптастыру. Республикадағы әлеуметтік-экономикалық құрылымның өзгеруі білім беру мазмұнында жаңалықтар енгізуді қажет етеді» - делінген.

ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесі қандай болуы керек деген мәселе әркімді де толғандырары сөзсіз. Білім беру ісінің барлық саласына жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас, (білім мазмұнын жетілдіру, жаңа базистік оқу жоспарына көшу, жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерге көшу, т.б.) ұлттық менталитет, жаңаша ойлау қалыптасуда. Сондықтан оқытудың жаңа технологиялары қолданылуда. Жаңа оқыту технологиясы бойынша материалдар сипаттамалы түрде емес, шынайы проблема негізінде берілуі тиіс.

Жаңа технологияны сабақ барысында белсенді түрде жете қолданып, студент зердесіне жеткізуде оларға берілетін біркелкілігі мен біртұтастығының сақталуында, білім меңгеру деңгейінің кеңеюіне жаңа технологияның маңызы зор. Соның бірі –"Оқу мен Жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту" технологиясы. Бұл технологияның тиімділігі – студенттің ойлауын дамытып, танымдық белсенділіктерін арттырады. Сонымен бірге өз пікірін жеке, жұпта, топта тұжырымдап айтуға еркін сөйлеуге, өзіне сенімді болуға, пікір айтуға, пікір таластыруға, жолдастарының ойын тыңдауға, жауаптарды бағалай білуге көп әсерін тигізеді. Сын тұрғысынан ойлау жобасының стратегияларын қолдану әсіресе, табиғатынан тұйық, өз ойын еркін жеткізе алмайтын, өздеріне сенімсіздеу студенттерге пайдасы шексіз. Студент өз ойын сын тұрғысынан дәлелдеуге тырысады. Бұл бағдарламаның өзіндік ерекшелігі мен ережелері бар.

Ерекшелігі - сабақтың барысы үш кезеңнен тұрады: қызығушылықты ояту кезеңі, мағынаны ажырату кезеңі, ой-толғаныс.

Ережелері: кешікпей келу, бір-бірінің пікірін мұқият тыңдау, қол көтеріп сөйлеу, мұғалімнің тапсырмасын бұлжытпай орындау, сабаққа белсенді қатысу, бір-бірімен тәжірибе алмасу.

Қорыта келгенде сын тұрғысынан ойлау жобасының стратегияларын қолдану барысында студент бойында мынадай қасиеттер қалыптасады.


Жан-жақты ізденушілігі

жетіледі



білім, іскерлік дағдыны жауапкершілік

қалыптастыру

ақыл-ойы қарым-қатынас

дамиды

жолдастарын шығармашылығы

тыңдайды дамиды

тіл байлығы жетіледі


Осы бағытта "Бейнелеу өнерін оқытудың әдістемесі" пәнінен өткізген сабақ жоспарының үлгісін ұсынамыз.

Сабақтың тақырыбы: Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Студенттің бейнелеу өнері жайында түсініктерін кеңейтіп, бейнелеу өнері мен жанрлары туралы білімдерін жетілдіру. Бейнелеу түрлері мен жанрларына жеке тоқталып, сипаттама беру.

Күтілетін нәтиже:

а)оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану арқылы студенттерге тақырыпты меңгерту;

ә)тақырып бойынша танымдық тапсырмалар беру, өз ойларын тұжырымдауға, жеке топта жұмыс жасауға дағдыландыру;

б)студенттердің ойлау, талдау, анализ жасау сияқты қасиеттерін қалыпастыру;



Сабақта қолданылатын әдістер: үш кезеңін қолдану: қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс,"Бес жолды өлең" INSERT түртіп алу әдісі т.б.

Сабаққа керекті құралдар: ватман қағаз, маркер, әр түрлі жанрдағы суреттер т.б.

Сабақтың барысы:

І. Қызығушылықты ояту. Студенттердің қызығушылығын ояту үшін олардың жалпы бейнелеу өнері туралы туралы не білетіндерін анықтау мақсатында жазбаша сұрақтар мен тапсырмалар беру.



  1. Өнер дегеніміз не?

  2. Өнердің қандай түрлерін білесің?

  3. Бейнелеу өнерінің түрлерін ата

  4. Мүсін, сәулет, сәндік қолданбалы өнері туралы не білесің?

  5. Берілген сұрақтар төңірегінде көршіңнің не білетінін анықта.

Тақтаны пайдаланып, студенттер өз ойларын қорытады (тақтаға өнер туралы білетіндерін жазады).

ІІ. Мағынаны ажырату. Мағынаны ажырату кезеңінде студент жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік танытады. Бұл кезеңде INSERT түртіп алу әдісі қолданылады (қалам арқылы оқығандарына белгі қояды).

Белгілер: V –білемін, + -жаңа білім, ? – күмән туғызады.

ІІІ.Топпен жұмыс. Студенттер 5 топқа бөлінеді.



1-топ. Сызба арқылы кескіндеменің түрлеріне талдау жасалады. Пайдаланатын материалдарына қарай кескіндеменің түрлері; кескіндеменің орындалу тәсілене қарай бөлінуі. Кескіндеме жанрлары: пейзаж, натюрморт, тұрмыстық жанр, тарихи жанр, батальдық жанр, анималистік жанр, мифологиялық жанр.



2 топ. Сызба арқылы мүсін өнерін талдауға кіріседі. Мүсін өнерінің түрлері, оның орындалу тәсіліне қарай бірнеше түрге бөлінуі

Мүсін өнері

Мүсін өнері орындалу тәсіліне, ауқымды ерекшелігіне байланысты







3-топ. Сызба арқылы графиканың түрлеріне талдау жасайды.



4 – топ. Сызба арқылы сәулет өнерін талдайды. Әлемнің жеті кереметі; өзінің атқаратын қызметіне қарай сәулет өнерінің бірнеше түрге бөлінуі; Қазақстанның ежелгі қалалары.


5 – топ. Сызба арқылы сәндік қолданбалы өнерді талдау. Қолөнердің жасалу, қолдану тәсіліне, ерекшелігіне байланысты бірнеше түрге бөлінуі; қазақтың ою-өрнектерінің жіктелуі;

ІV. Сабақты қорыту.

а) студенттердің меңгерген ұғымын анықтап, қосымша сұрақтарына жауап беру;

ә) ой-толғаныс кезеңінде студенттер меңгерген ұғымдарын саралап, ой елегінен өткізеді;

б) студенттер тақырыпқа байланысты ойларын қорытып, оны "Бес жолды өлең" әдісі бойынша мазмұнына сыйғызуға тырысады.

Әдісті қолдану барысында әр студентің өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік жасалады.

V. Студенттердің өздік жұмысы.


  1. Қазақстанның бейнелеу өнері жайында конспекті жазу;

  2. Кесте толтыру (бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары)

VІ.Бағалау. Студенттің өздік жұмысын орындағаны үшін - 80 пайыз; кестені толтырғаны үшін -20 пайыз; берілген екі тапсырмада орындалса -100 пайыз;

Сабақтың осы жобада өтуі студенттердің еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізулеріне, сыншыл көзқарастарға төтеп берулеріне мүмкіндік тудырады. "Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту" технологиясының стратегияларын сабақ барысында қолдану олардың сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға, өз беттерінше және топ болып жұмыс істеу арқылы ұйымшылдыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді.

Әдебиеттер


  1. Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері білім мазмұнының тұжырымдамасы. – А., Республикалық баспа кабинеті. 1995.

  2. Тұрғанбаев Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. – А., 2000.

  3. Қабдықайырұлы Қ., Монахов В.М., Оразбекова Л.Н., Әлдібаева Т.Ә. Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабінеті. -А.,1999.

Түйіндеме

Мақалада "Оқу мен Жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту" технологиясының әдіс-тәсілдері қолданылған бейнелеу өнерін оқыту пәнінен сабақ жоспары берілген.
Резюме

В статье говорится о технологии критического мышления и о его развитии через письмо и чтение, а также приводятся поурочные планы уроков изобразительного искусства.



ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА, БІЛІМ БЕРУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЭТНОПЕДАГОГИКА

Жаңа әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудiң ҒЫЛЫМИ-практикалық НЕГІЗДЕРІ
Иманбаева С.Т., Қалиев С.Қ., Таубаева Ш.Т. (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық бірлік, ішкі және сыртқы саясат мәселелері, соның ішінде ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру мәселесі негізгі орын алады. Сондықтан да, біздің алдымызда тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты тұлға қалыптастыру.

Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің ұлттық моделі әлемдік білім кеңістігінде болып отырған өзгерістерге сәйкес, 1997 жылы ЮНЕСКО ұсынған білім берудің Халықаралық стандарттық классификациясына сәйкес жасалды. «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасына және «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік білім беру жүйесінің құрылымы, білім берудің мазмұны айқындалды. Бүгінгі әлемдегі жаһандандыру үрдісінде жастарды жалпы адамзаттық құндылықтармен қаруландыратын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына әр жылдары жолдаған жолдаулары, «Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы», т.б. құжаттар негізгі орын алады.

Н.Назарбаевтың Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бiрлiгiнде атты еңбегiнде ұлт iшiндегi бiрлiктi нығайту, отансүйгiштiкке тәрбиелеу, азаматтық келiсiм ахуалын жасау мәселелерiне тоқталып, Бiздiң тағы бiр аса маңызды идеологиялық мiндетiмiз - Қазақстандық Отансүйгiштiкке тәрбиелеу, әрбiр азаматтың өзiн-өзi айқын билеуiн қалыптастыру. Шынайы Отансүйгiштiктi, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзiн саяси тұрғыдан айқын сезiнуiн, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейдi,- делiнген.

Көп ұлтты Қазақстан халқы үшiн Отансүйгiштiк сезiмiнiң рухани саладағы тату-тәттi тiрлiгі, азаматтық келiсiмге ғана емес, мемлекеттiң материалдық негiзiн нығайтуға да тiкелей ықпалы бар. Отансүйгiштiк рух - қазақ елiнiң әлемдiк өркениеттi елдер көшiне қосылып, дүние жүзiлiк қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкiндiк беретiн бiрден-бiр күш.

Қазiргi кезде республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда жастарды Қазақстандық патриотизм арқылы Отансүйгiштiкке баулуға үлкен мән берiлiп отырғандығы үкiметтiң қаулы-қарарларында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және күнделiктi басылым беттерiнде айқын аңғарылады.

Философиялық тұрғыда патриотизм - адамгершiлiк және саяси принцип, сезiм, оның мазмұны – Отанға сүйiспеншiлiк, оған адалдық, оның өткенi мен қазiргiсiне деген мақтаныш, Отан мүддесiн қорғауға құлшыныс. Патриотизм – адамның мыңдаған жылдар бойы бекiген ең терең сезiмдерiнiң бiрi“.

Педагогикалық тұрғыда Патриотизм әдетте Отанға сүйiспеншiлiк деп аталатын, нақты бiр әрекет бейнесiнде және қоғамдық сезiмдердiң күрделi жиынтығында көрiнiс беретiн, балаларының Отан-анаға деген көзқарасын сипаттайтын қоғамдық және адамгершiлiк принцип“

Психологиялық тұрғыда Патриотизм тұлғаның бойында - Отанға деген сүйiспеншiлiк, бойындағы күш қуаты мен бiлiмiн Отан игiлiгi мен мүддесiне жұмсау, туған жерiн, ана тiлiн, елдiң әдет-ғұрпы мен дәстүрiн құрмет тұту.

Жоғарыда берiлген анықтамаларды саралай келе әр кезеңде де патриотизм ұғымы Отанға деген сүйiспеншiлiк тұрғысынан қарастырылады. ХХІ ғасырдағы жаһандандыру процесi бүкiл әлем халықтарын бiрiктiру арқылы өркениеттiлiктi сақтап қалу барысында бар күш жiгерiн жұмсап отырған тұста патриотизм ұғымы кең тұрғыда тек Отанға деген сүйiспеншiлiк емес, әлемдiк тұрғыда қарастыруды қазiргi қоғамдағы және әлемдегi даму үрдiсi талап етедi. Бүгiнгi жаһандану процесi тұрғысынан алатын болсақ “патриотизм ұғымы халықтар мен ұлттардың өз Отанына, мемлекетiне деген сүйiспеншiлiгiмен қатар, әлемдiк дамудың тыныштығы мен бейбiтшiлiгiн сақтау үшiн барлық күш жiгерiн жұмсау”-деген мағынаны бiлдiредi.

Қазiргi таңда “ұлттық патриотизм”, “қазақ патриотизмi” және “Қазақстандық патриотизм” ұғымдары қолданылады.

Ұлттық патриотизм ұғымына әр түрлi көзқарас бар. Ұлттық патриотизмдi жекеленген, оқшауланған ұғым деп қабылдауға тырысады. Жоқ, ұлт бар жерде, ұлттық патриотизм бар. Қазақ халқының жер бетiнен жойылмай сақталуы да ата-бабаларымыздың ұлттық рухының жоғары болуында десек артық айтпаған болар едiк, яғни бұл тарихи шындық.



Ұлт дегенiмiз – адамдардың тарихи қалыптасқан әлеуметтiк-этникалық, қауымдық бiрлестiгiнiң жоғары түрi. Ұлт болып қалыптасу үшiн оның құрамына кiрген адамдар тобының материалдық, территориялық және экономикалық жағдайлары, тiлi мен әдебиетiнiң, әлеуметтiк хал-ахуалының, мiнез-құлқының сол ұлтқа тән кейбiр этникалық ерекшелiгiнiң ортақтығы болып табылады.

Ұлттық патриотизм дегенiмiз – елi мен жерi, халқының бостандығы және мемлекет ретiнде жер бетiнде сақталуы үшiн, ұлт намысын жоғары дәрежеде ұстау. Ұлттық патриотизмдi қазақ патриотизмi деп те қарастыруымызға болады. Ұлттық патриотизм - ұлт бостандығы, елi мен жерiнiң тәуелсiздiгi, бiлiм мен ғылым, мәдениет, спортта әлем сатыларының биiк шыңынан көрiнуi негiзгi ұстаным болып табылады.

Қазiргi таңда елiмiз өзiнiң тәуелсiздiгiн алуымен әлемдiк жаһандандыру үрдiсiнен орын алып отыр. Қазақстан бiлiм беру жүйесiнiң Болон декларациясына сәйкес әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне кiруi, экономикалық еркiн аймаққа мүше болуға ұмтылысы жас ұрпақты тәрбиелеуде бiздiң алдымызға үлкен маңызды мiндеттердi жүктейдi. Қазақтанның қарқынды дамуы, әлемдiк кеңiстiкте танылуы патриоттық тәрбие мәселесiн тек мемлекеттiк тұрғыда ғана емес, әлемдiк тұрғыда бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтауға бағыттау тұрғысында iске асырмақ. Қазақстандық патриотизм әлемдiк тыныштық пен бейбiтшiлiктi сақтаудың негiзгi бiр тұғыры деп айтуға болады. Қазақстан Республикасының алғашқылардың бiрi болып ядролық қарудан бас тартуы, сынақ алаңдарын жабуы бұл әлемдiк бейбiтшiлiктi сақтауға жасаған негiзгi қадам болып табылады.



Қазақстандық патриотизм - Қазақстанды мекендейтiн барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекетiнің әлемдiк биiктен көрiнуі үшiн бiлiм, мәдениет, экономика, әлеуметтiк тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, елiмiздегi бейбiтшiлiк, бiрлiк пен тәуелсiздiктi сақтау үшiн барлық күш жiгерiн жұмсауы. Дегенмен, көптеген баспасөз беттерiнде Қазақстандық патриоизм ұғымы кешегi “кеңестiк патриоизм“ ұғымына пара-пар деп бағалау да бар. Бұл жерде екi ұғымға тән идеология екi басқа. Кеңестiк дәуiрде бiр орталыққа бағындырылған, бiр ғана саясаттандырылған идеология болды.

Қазақстан көп партиялы мемлекеттер қатарына жатады. Яғни, көп партиялық бар жерде бiр ғана идеология болуы мүмкiн емес. Әр партияның өзiндiк идеологиясы бар. Барлық партиялардың бағдарламалары мен тұжырымдамаларында негiзгi мiндеттердiң бiрi болып - Қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру, ұлттық экономиканы дамытуға өз үлестерiн қосу деп атап көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында «Қазақстандық патриотизм - әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезіну, барлық отандастардың ұлты мен конфессиясына қарамастан жете құрметтеу, олардың салтын, дәстүрін, тарихымен мәдениетін құрметтеу, мемлекеттік рәміздеріне, мемлекеттік тілге құрметпен қарау. Туған жерге деген махабаты, Қазақстанды барлық азаматтардың біріңғай Отаны ретінде қабылдауы» деп түсіндіреді.

Расында да, Қазақстандық патриотизм көп ұлтты Қазақстан үшiн бiрлiк пен елдiктi сақтай отырып, демократияландырылған, әлемдiк өркениеттен орын алу идеологиясы негiзгi дiңгек болып табылады. Бұл жерде ел президентiнiң тұжырымы бойынша “Қазақстандағы ұлтаралық жарастықты негiзгi атамекеннiң иесi - қазақ халқы өз мойнына алуы керек. Өйткенi халқымыз ұлтаралық жарастықты, сыртқы дүниемен өзара тиiмдi ынтымақтастықта жүзеге асыра алса ғана өзiнiң өркениеттi мемлекетiне ие бола алады”,- деп қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудың негiзгi тiрегi қазақ халқына үлкен үмiт артады.

ХХІ ғасыр ұрпағын тәрбиелеуде ұлттық мәдениет пен өркениеттiк даму үрдiсiн өзара сабақтастыра отырып тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Құндылық деген ұғым философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негiзгi құбылыстардың бiрi болып табылады. Мәселен, философияда құндылық қоршаған дүниедегi объектiлердiң әлеуметтiк ерекшелiктерiн, олардың адам мен қоғам үшiн, қоғамдық өмiр мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнiн (игiлiк, жақсылық пен жаманшылық, әсем және көрiксiздiк) түсiндiру үшiн қолданылады.

Мәдени-тарихи тәжiрибе дәлелдегендей жалпыәлемдiк құндылық болып саналатын: қайырымдылық, сүйiспеншiлiк, еркiндiлiк дегендер педагогикада адамгершiлiк өлшемдердiң көрсеткiшi болып табылады. Тәрбиенiң негiзi болып саналатын жалпыәлемдiк құндылықтардың бiрi – тәрбиенiң басқа адамға деген қажеттiлiгi, басқа адамдарды сүйе бiлуi. Әр адамның тағдыры әрқашан әлемдiк дүниемен, адамдармен, ұжыммен байланысты. Сондықтан демократияландыру, адамның құқығы мен бостандығын сақтау жағдайларында ұжымдағы қарым-қатынас мәселелерi бұл күнде ерекше маңызға ие болуда.

Жалпы тұлғаның бойындағы адамгершiлiк құндылық - адамдар арасындағы бiр-бiрiне деген түсiнушiлiк, iзгiлiк, мейрiмдiлiк, шыншылдық, кiшiпейiлдiлiк қатынас арқылы көрiнiс беретiн адамның бойындағы рухани қасиеттердiң жиынтығы. Тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықты айқындауда жоғарыда патриотизмге берiлген анықтамаларға және құндылық, адамгершiлiк құндылық ұғымдарын философия, педагогика ғылымы тұрғысынан саралайтын болсақ, тұлғаның бойындағы патриоттық құндылық дегенiмiз - қоғамдағы iзгiлiк қарым-қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейрiмдiлiктi, ұлтаралық мәдениеттi ұлттық тілді дамыту, елi мен туған жерiн, Отанын сүю, мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiн сақтау үшiн күресу.

Философияның бiр бағыты экзистенциализм қағидасы бойынша – тұлға яғни адам әлемдегi ең негiзгi құндылық деп қарастырылады. Адам адамгершiлiк құндылықтарды таратушы дегендi бiлдiредi. Әрбiр адам өзiнiң “менiн” айқындай бiлуi керек, соны өмiрде қолдануы қажет. Өмiр, табиғат және адамның iшкi дүниесi үлкен күш. Ол адамды дамытуға, оның қоғамдық өмiрге қатынасын қалыптастыруда негiзгi орын алады.

Осы тұрғыдан алып қарағанда патриотизм - тұлғаның бойындағы сапалық белгi. Патриоттық құндылықтар негiзiнен патриоттық сезiм, патриоттық таным, патриоттық сана, патриоттық болмыс, т.б. қамтиды. Психологиялық тұрғыда патриоттық құндылықтар сапаға айналып, iс-әрекет (тұлғаның “менi”) тұрғысынан көрiнiс беруi қажет. Көп ұлтты Қазақстан халқы үшiн әр адамның бойындағы патриоттық құндылықты қалыптастыру негiзгi мiндет болып саналады.

Жаңа әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде адамгершiлiк, құқықтық, экономикалық және азаматтық тәрбие беру жан-жақты қарастыруды қажет етедi. Көпұлтты Қазақстан үшiн патриоттық тәрбие - ұлттық құндылық пен өркениеттiк құндылықтарды жалғастырушы алтын көпiр болып табылады.



Жаңа әлеуметтік даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің ғылыми-теориялық және практикалық негіздерін айқындай отырып патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы жасалып, сол негізде тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізілді. Тұжырымдаманың мақсаты: Жаңа әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудiң жүйесiн айқындай отырып, ұлтаралық мәдениеттi, елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен егемендiгiн сақтауға, экономикасын дамытуға үлес қосатын тұлғаны қалыптастыру. Патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасының мiндеттерi:

  • тұлғаның бойындағы патриоттық құндылықтардың негiзiн құрайтын көзқарастарды, ұлттық тілге, ұлттық салт-дәстүр және тарихи мұраларға деген сүйiспеншiлiк сезiмдерiн қалыптастыру;

  • Қазақстан Республикасы ата заңын құрметтеу және мемлекеттiк заңдарды орындау, қоғамдық қатынастарда заңдардың орындалуын нақты iске асырып, бойына сiңiру;

  • Қазақстан Республикасы мемлекеттiк нышандары – Елтаңба, Ту, Қазақстан Республикасы Ән ұранына деген құрметтi және оған деген мақтаныш сезiмдi қалыптастыру;

  • ұлтаралық мәдениеттi дамытуға және оны қоғамдық қатынастар барысында тұлғаның негiзгi қасиетiне айналдыру, дiн аралық қатынастар бойынша түсiнушiлiк;

  • халықтар арасындағы сүйiспеншiлiк пен достықты қалыптастыруға ықпал ету;

  • Қазақстан Республикасының бейбiтшiлiгi мен тұтастығын, Отанның экономикалық және экологиялық байлығын дамытуға, оны қорғауға әр қашан дайын болу;

  • мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудiң жүйесiн негiздей отырып, ұлттық және әлемдiк бiлiм нәрiнен сусындаған ғылыми-техникалық прогресс көшiне iлесе алатын патриоттық құндылықтары қалыптасқан тұлғаны қалыптастыру.

Мектеп оқушыларына патроиттық тәрбие беру субъект-объект-субъект тұрғысынан қарастыра отырып, әртүрлi әлеуметтiк жағдайларда конституциялық және құқықтық нормаларды қадағалау, саясат, патриоттық идеяларды насихаттау, санада Отан алдындағы парыз, сүйiспеншiлiк, адалдық, мақтаныш сезiмiн қалыптастыру негiзiнде iске асырылу керек.

Патриоттық тәрбие берудiң негiзгi ұстанымдары:

  • жүйелi-ұйымдастыру тұрғысынан мектеп, ата-ана және әлеуметтiк ортаны өзара сабақтастыра отырып, мақсатты түрде оқушыларға патриоттық тәрбие берудi ұйымдастыру;

  • оқушылардың жас және дара ерекшелiктерiн ескере отырып, патриоттық тәрбие берудiң формалары мен әдiстерiн нақты пайдалана бiлу;

  • аймақтық ерекшелiктердi ескеру ұстанымы, туған елге, жерге, ауылға, қалаға, т.б. сүйiспеншiлiгi арқылы, ұлттық және Қазақстандық, әлемдiк патриотизмдi қалыптастыру;

  • кешендi тұрғыда ықпал ету ұстанымы, ұлттық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан патриоттық, әлеуметтiк құндылықтарды, тәжiрибелердi жүйелi түрде пайдалану;

  • белсендiлiк ұстанымы, Қазақстан Республикасының ұстап отырған бағытына сәйкес, оқушылардың патриоттық көзқарастарын қалыптастыру.

Жоғарыдағы ұстанымдар бiр-бiрiмен өзара байланыста, бiрлiкте iске асырылады. Жалпы патриоттық тәрбие берудiң алғашқы негiзi отбасында басталып, мектепке дейiнгi мекемелер, бастауыш мектеп, орта мектеп, қоғамдық-әлеуметтiк орта, мұғалiмдер мен тәрбиешiлер, әртүрлi қоғамдық ұйымдар, мектептен тыс мекемелерде жалғасын табады.

Патриоттық тәрбиенiң негiзгi мәселелерi және даму жолдарына тоқталатын болсақ, көпұлтты Қазақстан халықтары үшiн жаңа әлеуметтiк даму және әлемдiк интеграциялық үрдiс жағдайында патриоттық тәрбие берудiң кешендi жүйесi қарастырылмаған. Патриоттық тәрбие беру мәселесi негiзiнен мемлекеттiк дәрежеде айқындалып, шешiлетiн iргелi мәселе. Республикада ұлтаралық, ұлттық мәдениет, мәдени мұра мәселелерiн шешуге байланысты көптеген құжаттар бар. Дегенмен, тiкелей патриоттық тәрбие мәселесiн шешуге арналған бағдарламалар, тұжырымдамалар жоқтығы жұмысты жандандыруға керi әсерiн тигiзедi.

Көпұлтты Қазақстан халықтары үшiн жаңа әлеуметтiк даму жағдайында патриоттық тәрбие берудiң қажеттiлiгi және оның бүгiнгi күн тұрғысынан жүйелi зерттелмеуi; ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық патриотизм мен бүгiнгi қоғамдағы патриоттық тәрбиенiң өзара сабақтастығының болмауы; мектепте, мектептен тыс мекемелерде оқушыларға патриоттық тәрбие беруге байланысты жүйеленген ғылыми әдiстеменiң жоқтығы бұл мәселенi теориялық және практикалық тұрғыда жан-жақты қарастыруды қажет етедi. Ол үшiн мемлекеттiк тұрғыдағы төмендегiдей құжаттар қажет:



  1. Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң тұжырымдамасы;

  2. Патриоттық тәрбиенi iске асыруға байланысты мемлекеттiк тұрғыда бағдарламасын бекіту;

  3. Республика азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң әдiстемесi, ғылыми ұсыныстар.

Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру – Қазақстан Республикасы саясатының негiзгi бiр бағыты болып табылады.

Қазақстан мемлекетiнiң тәуелсiз мемлекет болып жариялануы және Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы жас қазақ мемлекетiнiң алдына үлкен мақсаттар мен мiндеттер жүктедi. Қазақ елiнiң тәуелсiздiгi мен егемендiгiн сақтап қалу әрбiр саналы азаматтың iсiне айналды.

Патриоттық тәрбие адамгершiлiк тәрбиенiң құрамдас бiр бөлiгi болып табылады. Патриоттық тәрбие Отанға деген сүйiспеншiлiк пен жауаптылықты, тұлғаның туған өлкеге, табиғатқа деген сүйiспеншiлiк сезiмiн қалыптастыру, Отанының басына қиыншылық туғанда ойланбастан қорғауға дайын тұру тұрғысынан қарастырылады. Ол қазақ халқының өткен ғасырдағы жауынгерлiк дәстүрлерiн марапаттау негiзiнде iске асырылады. Патриоттық тәрбие адамгершiлiк тәрбиенiң негiзгi бiр бағыты болып саналса, ал, патриоттық тәрбие беру саласына - әскери, әскери-патриоттық, ерлiк, жауынгерлiк, ұлтаралық қатынас, интернационалдық тәрбие беру жатады. Егер тәрбие бағыттарын өзара сабақтастыра, жүйелi түрде тұлғаның жас және дара ерекшелiктерiне сәйкес ұйымдастыра бiлсек бүгiнгi ХХI ғасыр жаһандандыру заман талаптарына сай тұлғаны қалыптастыруға мүмкiндiк бар деп толық айта аламыз.

Патриоттық тәрбиенiң негiзгi бағыттары:

әскери тәрбие - әскери тәрбие жұмысында жауынгердi, офицерлердi жоғарғы саяси саналық, өз Отанына шексiз берiлгендiк рухында баулу, жүктелген мiндеттi тыңғылықты орындауға, адалдыққа, қырағылыққа, соғыс қимылдарына әзiр тұруға, әскери қызметте батыл да табанды болуға тәрбиелеу;

әскери патриоттық тәрбие – жастардың Отан қорғауға әзiрлiгiн нығайтып, патриоттық сана-сезiмiн қалыптастыратын тәрбиенiң бiр саласы. Әскери патриоттық тәрбие арқылы жастар елiмiздiң өткендегi жауынгерлiк тарихымен таныса отырып, Отанымыздың намысын, бостандығын, тәуелсiздiгiн қорғауға үйренiп, қарулы күштердiң даңқты жауынгерлiк дәстүрлерiн алға апаруға даярлығын қалыптастыра отырып, Отан сүйгiштiкке тәрбиелеу;

интернационалдық тәрбие – (лат.inter - между, natio - парыз) - қазiргi заман жастарының халықтар достығы және басқа ұлттар еңбекшiлерiне деген құрмет сезiмiн дамытып, қалыптастыратын үздiксiз тәрбиенiң басты салаларының бiрi;

ерлiк тәрбиесi - ата-бабаларымыздың жауынгерлiк дәстүрi негiзiнде оқушылардың ерiк-жiгерiн, табандылық, батылдық қасиеттерiмен бiрге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, отансүйгiштiкке тәрбиелеу. Бүгiнгi күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егемен елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен бiрлiгiн сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негiзiн салған ерлiк рухты ендiру.

Көне түркiлер, көшпендiлер тарихына, халқымыздың ерлiк және жауынгерлiк дәстүрiне шолу жасағанда ерлiк қасиеттiң әрбiр жауынгерге тән болғанын көремiз. Әрбiр жауынгерден батылдық, табандылық қасиеттердi талап еткен.

жауынгерлiк тәрбие - қазақ халқының көшпелi тiршiлiгiне байланысты – тұтас қазақ қолының жауынгерлiк сипаттағы әзiрлiгiн үзбей ұстауы, елiн, жерiн, тәуелсiздiгiн үнемi қорғауына дайын тұруды қамтамасыз ету. Қазiр әскери тәрбие мағынасында берiледi.

Қазiргi таңда, патриотизмнiң мазмұнын анықтау үшiн ұлттық құндылықтарды бүкiл адамзаттық құндылықтармен ұштастыру негiзгi көкейкестi мәселе болып табылады.

Елiмiздiң тәуелсiздiк алуы, әлемдiк дәрежеде танылуы Қазақстан Республикасының, әсiресе қазақ халқының алдына үлкен мiндеттердi жүктейдi. Олар, тәуелсiздiгiмiздiң берiк болуы, қоғамдағы бейбiтшiлiк пен ұлтаралық келiсiм, экономикамыздың, бiлiм мен мәдениетiмiздiң қарқынды дамуы.

ХХI ғасыр жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуде бiз жоғарыда көрсетiлген тәрбие бағыттарын өзара сабақтастыра отырып, жүйелi түрде бүгiнгi үздiксiз бiлiм беру жүйесiне енгiзу арқылы егемен елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен тәуелсiздiгiн қорғайтын азамат тәрбиелей аламыз.

Патриоттық тәрбиенi ұйымдастырудың негiздерi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi ұсынған “Тәлiм-тәрбие тұжырымдамасында” қазақ халқының жауынгерлiк және ерлiк тарихын, ұрпаққа ерлiктiң өшпес үлгiсiн қалдырған қас батырлардың өмiр-өнегесiмен таныстыру; өз жерiн, елiн қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жiгерлi азаматтар тәрбиелеу”,- деп ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшелiктер, салт-дәстүрлердi бүгiнгi ұрпақ тәрбиесiне пайдалануға аса мән бередi.

Қазақстан Республикасы әскери доктринасы және құрылыс тұжырымдамасына жауынгерлiк және ерлiк тәрбие мәселесiне аса мән берiп, “Ұлттық негiздегi бағдарлама қажет” деп атап көрсетiлуi өмiр талабынан туындаған тiлек. Яғни, алдымызда тұрған негiзгi мiндет – егемендi елiмiздiң тұтастығын, бейбiтшiлiгiн сақтайтын ұрпақты, әсiресе ұлттық ұландарды тәрбиелеу. Яғни, оқушылардың бойындағы патриотизмдi қалыптастыру негiздерi - отбасы, қоршаған орта, тарих, тұлғаның салауатты өмiр салты, мемлекет, т.б. негiзгi орын алады. Тұлғаның бойындағы патриотизмдi қалыптастыратын микрофакторлар, макрофакторлар, мегафакторлар, мезофакторларды өзара кiрiктiру арқылы жағдай тудыра отырып патриот тұлғаны қалыптастыруға болады. Патриотизмдi қалыптастыруда философияның негiзгi әлемдiк жалпы, жалпы, айрықша, бiрегей тұрғысынан қарастыру көзделедi.

Ұлы Абай “адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады“ - деген тұжырымы, микрофакторлар, макрофакторлар, мегафакторлар, мезофакторлардың патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда негiзгi орын алары сөзсiз.

Көрсетiлген әр факторлардағы әлеуметтiк жағдайлар оқушының бойындағы патриотизмдi қалыптастыруға мүмкiндiк жасауы керек. Педагогика және психология ғылымдары тұрғысынан: патриотизм; мiнез-құлық; патриоттық тәрбие; патриоттық сезiм; патриоттық сана; тарихи сана; ұлттық мұрат (идея); ұлттық идеология; ұлттық сана; географиялық сана; мораль; патриоттық көзқарас; тағылым; iзгiлiк; менталитет, ұлттық парыз, мақтаныш, намыс, сезiм, сана, т.б. құндылықтар ұлттық идеяның негiзгi көрiнiсi сияқты iс-әрекеттер мен қасиеттердi оқушылардың бойына сiңiре бiлуiмiз керек.

Елiмiздегi бейбiтшiлiк пен ұлтаралық бiрлiк, iшкi және сыртқы саясат мәселелерi, соның iшiнде ұлтаралық мәдениеттi қалыптастыру мен патриоттық тәрбие беру мәселесi негiзгi орын алады. Сондықтанда, бiздiң алдымызда тұрған негiзгi мiндет ұлттық мәдениет пен әлемдiк өркениеттi өзара сабақтастыра, кiрiктiре отырып бүгiнгi ХХI ғасыр ағымына лайықты тұлға қалыптастыру. ХХI ғасыр ағымына лайықты тұлға - өз ана тiлiн бiлетiн, басқа тiлдi құрметтейтiн, тарихи зердесi жоғары, ұлттық салт-дәстүрден нәр алған, әлемдiк ғылыми-техникалық прогресс көшiне iлесе алатын адам.

Қазақтандағы бiрлiк пен татулық ел президентiнiң ұстанып отырған негiзi идеологиялық саясаты нәтижесiнде iске асып отыр деп толық айта аламыз. Бұл нәтижеге елiмiздiң тәуелсiздiгi мен әлемдiк бейбiтшiлiк пен ұлттаралық келiсiмдi дамытуымыздың арқасында жеттiк.

“Түркi халқы – батыр халық. Түркi халқы – арыстан ер халық” дегендей, түркi жұртының ұлттық ерлiк дәстүрi негiзiнде оқушы жастардың бойында патриоттық сезiмдi қалыптастыру ерекше орын алады. Оқушыларға патриоттық тәрбие берудегi негiзгi мiндеттерге қоршаған ортаға деген сүйiспеншiлiк, мемлекеттiк рәмiздерге (Әнұран, Мемлекеттiк ту, Ел таңба) зор құрметпен қарау, мақтаныш сезiмдi ұялату, қоғамға деген рухани-мәдени қатынас, елiмiздiң тәуелсiздiгi мен бiрлiгiн сақтау, Қазақстан көпұлтты мемлекет екенiн негiзге ала келе бүгiнгi қоғам мүшелерiнiң Қазақстандық патриоттық сезiмiн қалыптастыру.

Қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру жүйесiне –отбасы, мемлекеттiк мекемелер, бiлiм беру мекемелерi, қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдар, әртүрлi жоспарланған патриоттық шаралар, т.б. құрайды.



Көпұлтты Қазақстан үшiн жаһандандыру кезенiңде Қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудың негiзгi бағыттары қазақ халқы ғасырлар бойы атадан-балаға мирас болып отырған елi мен жерiн көзiнiң қарашағындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отырған. Қандай қиыншылық замандада “малым арымның садақасы“ деген қағиданы өмiрлiк ұстанымына айналдырып, ерлiк туын жоғары ұстаған. Бүгiнгi ұрпаққа аманаттаған елi мен жерiнiң тәуелсiзiдiгiн сақтауда ерен ерлiкпен iстер атқарып отырған тарихи оқиғалар мен үкiметтiң қаулы-қарарларында, ел президентiнiң халыққа жыл сайынға жолдауынан және тарихи еңбектерiнен айқын байқаймыз.

Көпұлтты Қазақстан үшiн Қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудың негiзiгi бағыттары Ел Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына әр жылғы жолдауларында орын алған. Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы халыққа жолдауында “Бiз бiрлесе отырып, еркiн экономика мен ерiктi ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк негiз қаладық. Қазақстан бүгiн әлемнiң ең серпiндi дамып келе жатқан елдерiнiң бiрiнен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат. Елiмiздiң экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлi жаңа кезең, Қазақстанды одан әрi жаңарту мен демократияландыру – бiздiң күн тәртiбiмiздегi мәселе осындай”-деп атап көрсеткен.

Егер тарихи дамуға зер салатын болсақ бiздiң мемлекетiмiзде тiлге, дiнге, салт-дәстүрлерге, тарихқа демократиялық тұрғыда ұлы бабаларымыз салып кеткен әдiлдiк пен шыншылдық негiзде iске асырып отыр. Расында да көп жағдайда, бiздiң даму бағытымыз ұлттық менталитетiмiздегi негiзi кенпейiлдiлiк, бауырмашылық қасиеттер бiрiншi кезекте тұрғаны көптеген басылымдар және әртүрлi ұлттардың Ассамблеясының есептерiнен айқын байқауға болады.

“Бiздiң туымыз - тәуелсiздiк, тiлегiмiз - бейбiтшiлiк, тыныштық. Осы мақсат жолында Қазақстандағы барлық ұлт өкiлдерiнiң бiр кiсiнiң баласындай, бiр қолдың саласындай күш бiрiктiруiне мүдделiмiз”, - деп Президенттiң халыққа жолдаған үндеуi елiмiздiң елдiгi мен бiрлiгiн сақтауға ат салысып отырған көп ұлтты елiмiз үшiн негiзгi мұрат болып табылады.

Бiздiң бүгiнгi алдымызда тұрған негiзгi мiндет - Ел Президентi атап көрсеткендей “Республикадағы қазiргi ұлтаралық жарасым ахуалын көздiң қарашығындай сақтай бiлу - барлық ұлттың, әрбiр азаматтың ең жауапты мiндетi. Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негiзгi ұйтқысы болу мiндетiн алдымен осы атамекеннiң иесi - қазақ халқы өз мойнынан алуы керек. өйткенi халқымыз ұлтаралық жарастықты, сыртқы дүниемен өзара тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асыра алса ғана өзiнiң өркениеттi мемлекетiне ие бола алады, - деген сөзi арқылы қазақ халқының атадан-балаға мирас болып келген рухани-имандылық қасиеттерi бүгiнгi жаһандандыру заманында қазақ елiнiң өркениеттi елдер қатарында болуына негiзгi тiрек болары сөзсiз деп сенiм артады.

Көпұлтты Қазақстан үшiн Қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудың негiзгi бағыттары:



бiрiншi, ұлттық экономиканың дамуы, қалыптасуы мен оның халыққа қызмет етуi;

екiншi, Қазақстанды мекендейтiн халықтардың еркiн дамуы, тiлi, дiнi, мәдениетi, әдет-ғұрпы, т.б. және Мемлекетке атын берген ұлттың тiлiн, дiнiн құрметтеу мен сол елдi Отаным деп тану, тәуелсiздiгi мен егемендiгiн сақтауға бiр адамдай ат салысу, елiмiздiң рәмiздерiне құрметпен қарау;

үшiншi, елiмiздегi және өңiрдегi бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңiрлiк және халықаралық ынтымақтастықты дамыту;

төртiншi, ХХI ғасырдағы әлемдiк өркениеттен орын алу үшiн бiлiм мен мәдениеттi дамыту;

бесiншi, республикада мекендейтiн халықтардың рухани құндылықтарын жетiлдiру (фестивальдар мен ұлттық мәдениет үлгiлерiнiң көрмелерiн, олимпиадаларды өткiзудi дәстүрге айналдыру, радио, телемарафондар өткiзу, ұлттық мәдениет пен спорт түрлерiн насихаттаудың бағдарламаларын жасау,т.б.);

алтыншы, республикалық, алыс және жақын шет елдердегi медиабiлiм берудi тұлғанының мәдени құндылықтарын қалыптастыруға бейiмдеу.

Көпұлтты Қазақстан халқының отансүйгiштiк қасиетiн қалыптастыратын – азаматтық келiсiм, ұлттық бiрлiк. Қазақстанды мекендейтiн әрбiр ұлт өзiнiң мемлекет алдындағы мiндетi қоғамдық байлықты, яғни мемлекеттiң материалдық базасын нығайту, өмiрдегi тату-тәттi тiрлiктi, азаматтық келiсiмдi нығайта отырып ұлттық бiрлiктi сақтау, егемен елiмiздiң тәуелсiздiгiн сақтау ұлттық келiсiм, iшкi үндесiм - барша халқымыздың ынтымағы мен ара жарасымдылығында болып отыр.

Жаңа әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру тұжырымдамасының іске асуы Қазақстан Республикасы “Бiлiм туралы” Заңы, Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейiн бiлiм берудi дамыту бағдарламасы және Қазақстан Республикасы тәлiм-тәрбие тұжырымдамасын орындалуына өзiндiк септiгiн тигiзедi.

Тұжырымдаманың теориялық негiзi мен практикалық ұсыныстары патриоттық тәрбиенi ұйымдастыруға және бүгiнгi егемен елiмiздiң тәуелсiздiгiн қорғайтын азамат тәрбиелеуге негiз болады.


әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. Алматы: Қазақстан. 1993.-33 бет.

  2. Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы. /Альянс. № 3,4 /2005. 5-11 б.

  3. Қазақстан Республикасы мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасы (Құрастырушылар: С.Т.Иманбаева, С.Қ.Қалиев, Ш.Т.Таубае-ва). Алматы. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты. 2005. 23-бет.

Түйіндеме

Жаңа әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудiң тұжырымдамасында патриоттық тәрбие берудiң жүйесiн айқындай отырып, ұлтаралық мәдениеттi, елiмiздiң бейбiтшiлiгi мен егемендiгiн сақтауға, экономикасын дамытуға үлес қосатын тұлғаны қалыптастыру көзделеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет