Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет26/61
Дата13.07.2016
өлшемі3.54 Mb.
#196689
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   61

«Үнінде өкініш тәрізді бір қимас, қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бірнеше жыл бойында Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. Сырт сүйіспендікпен ғана бір орында тұрып қалғандай еді. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген. Ыстық толқын күндері тоқталып, әлденеден тиылып қалған болатын»,– деп суреттелетін тату да тәтті жарға айналды.

«Көңілі айныған» Әйгерім – әнші Әйгерімге, сүйкімді Әйгерімге айналып, Тоғжанға арналған «тәтті сағыныш» Абайға «ащы дәм татырған» Әйгерімге бұйырып, Татьянаның әні оятқан:



«... екеуінің жүрегі қазір сөзді қажет етер еместей. Қайта оянған ғашықтық енді көлденең бір сөзді де, көлденең бір көзді де керек етер еместей... Аз уақыт Абай мен Әйгерім екеуі ғана қалғанда, біріне-бірі соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйісіп қалған еді. Бірталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған іштегі түйіндерін ән таратты».

Міне, сөйтіп, қауданға жіберілген өрттей лып етіп жайылған бұл «шолақ өрт» асқына келіп романның бүкіл желісін өзгертіп жіберуге негіз қалады. Кейін, «романның толық аяқталған шығарма екенін дәлелдеу үшін А.Фадеевтің өтініші бойынша «Ақшоқыдан асқан ән туралы» эпилог қосылды. Әлжекеңмен – Әлжаппар ағамызбен ұзақ жылдар бойы сырласқан тұсымызда: «Ділдәнің обалына қалған сіз екенсіз ғой», – деп әзілге сая сұрағанымызда: «Ділдәға жаны ашыса – менің жаным ашыр еді ғой. Апайым емес пе. Бірақ менің жаным Мұхтарға ашыды. Егерде Базаралы мен Әйгерімге ұас болса, кедейлермен өш болды»,– деп байбалам салушылар шыға келетін. Тіпті, Ғабиттің өзінің де солай демесіне сенім жоқ болатын. Бұл дегеніңіз – «Абай» романынан айырылу, «Абайдан» айырылу – Әуезовтен айырылу»,– деп кәдімгідей қабырғасы қайыса жауап берді.

Мүмкін, Әлжекеңдікі де дұрыс шығар. Бірақ одан роман ұтты ма, ұтылды ма? Кім білсін. Алайда өмірлік шындыққа қиянат жасалғаны анық. Сондай-ақ, егер саяси қысымнан сескенбесе, Мұхтардың мұндай «құбылтулар мен өңдеулерге» бармайтыны да шындық еді. Келер күндердің суық қабағының ызғарын ерте сезген Әуезовтің дер кезіне «майыса қалғаны» қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Мұны тура сол жылы Ленинградтың «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, драма театрларындағы репертуар, кино өнері туралы БК(б)П ОК-нің қаулыларына сәйкес ҚП(б) ОК-нің бюросында берген есебінде С.Мұқановтың өзінен бастап Әуезовке дейінгілерді сыпыра сынай келіп қазақ әдебиетінде:

«а)қазақ халқының ескі өмірін тереңдеп суреттеу, хандық-феодалдық құрылымды әспеттеу, буржуазиялық символизм мен декаденттік ағымға еліктеу (Ә.Тәжібаев жолд. кітабындағы «Біз қазақпыз» дастаны) б) Ескілікті идеясыз көрсету (Ғ.Мүсірепов, «Ер Қаптағай») в) Қазақ феодалы Құнанбайдың бейнесін әспеттеп бейнелеу арқылы оны жоғары көтеріп, әсіре мадақтау (М.Әуезовтің жолд. «Абай» романының жекелеген тараулары) г)Азамат соғысынын жайдақ, жадағай, кей тұстарда қате баяндау (С.Мұқановтың «Менің мектептерім» атты романының тараулары) д) колхоз өмірін үстірт, кей тұстарда қате суреттеу (Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы) е) Кеңес семьясының тұрмыстық отбасын барынша жаңсақ суреттеу (Ғ.Мұстафиннің скетчі) орын алып келді»,– деп (397 іс) атап өтті.

Осыған байланысты дайындалған Орталық Комитеттің қаулысының жобасында:

«М.Әуезов «Абай романының екінші бөлімін бітіріп, үшінші бөлімін жазып жатыр. Содан кейін бүгінгі күнгі қой шаруашылығы туралы роман жазады», – деген әлеуметтік тапсырма берілді.

Бұл ілінген жарлық он жыл бойы алдын орап: «М.Әуезов берген уәдесін орындамады», – деп көзге ұра берген соң, ақыры «Өскен өркенді» жазуға мәжбүр етті. Сол жылы, яғни, 1947 жылы 17 желтоқсан күні М.Әуезовтің С.Мұқановтан қарымтасын қайыратын сәт те туды. «Абай» романынан кейін талқылауға «Ботагөз» романының орысша аудармасы түсті. М.С.Сильченко негізгі, Қ.Жұмалиев қосымша баяндама жасады. Екеуі де жазушыны қостап, оның көркемдік жетістігін:



«Ойдан шығарылған кейіпкерлердің кейбіреулерінің аттарынан-ақ өмірде болған буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыстың көсемдерін тану ұиынға соқпайды. Мысалы, романда Милюковтың, Гучковтың, Львовтың жақын досы, Кадет партиясының ОК мүшесі, кейіннен алашрдашылардың көсемі ретінде суреттелген, тіпті осы атаудың өзіменен-ақ тез танылатын Базархан Меделхановтың прототипі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Кадеттердің ОК Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары етіп тағайындаған және қазақ төңкерісшілерімен аянбай күрескен Әлихан Бөкейханов. Ал Мадиярдың прототипі – буржуазияшыл ұлтшылдардың өзге бір көсемі және алашордашыл, ұлтшыл «Қазақ» газетінің белсенді қызметкері, 1916 жылғы көтерілісшілерді қаруларын тастауға шақырған сатқын Міржақып Дулатов»,– деп (393 іс) бағалап, шығарманы сталиндік сыйлыққа ұсынды.

Академик Қажым Жұмалиевтің осындай «таптырмас теңеулерінен» соң талас өршіп сала берді. Мәселе, ұлтшылдықта емес, шығарманың сыйлыққа ұсынылуында еді. Өйткені одан дәмелі жалғыз М.Әуезов қана емес болатын және Қ.Жұмалиевтің «Ботагөзді» «Абай» романымен салыстыра келіп, оның артықшылығына:

«Өзінің халқымен, мұқым кеңес халқымен бірге коммунизм идеясымен салтанат құрған қазақ кеңес интеллигенциясы адамдардың санасындағы өткеннің сарқыншағымен, ұлтшылдықтың сарқыншағымен осылай күресіп келеді, Сәбит Мұқановтың романы оларға осы мақсат жолында үлкен көмек береді», – деп баға берген пікіріне қарсы дау айта алатындай шешендер де бар болатын.

Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мүстафин, Дм.Снегин екіұшты пікірлер білдірді. Бірақ ашық қарсы шықпады. Соның ішінде Ә.Тәжібаев:



«Жазушы қазақтардың қазақ тіліндегі түпнұсқасы жоқ шығарманың орыс тіліндегі аудармасын талқыға салуы мені қынжылтады. Сәбит маған: «Жұмбақ жалаудың» негізіне сүйенсең жетеді»,– деді. Алайда бұл екі шығарманың арасын ондаған жылдар бөліп тұр ғой. Екеуін шартты түрде салыстыруға да келмейді. Қ.Жұмалиевтің баяндамасына қарағанда «Ботагөз» сталиндік сыйлыққа ұсынылу үшін дайындалған. Ендеше «Жұмбақ жалау» туралы сөз болуға тиісті емес. «Абай» мен «Ботагөз» кейін көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сонда бұған бәріміз де сын көзбен қарайтын боламыз. Сондықтан да мен мұны әзірше дипломатиялық тұрғыдан ғана қостаймын», – деді.

Осы жолы «Ботагөз» романы ұсынылып, сыйлықты алып кеткен жағдайда, мүмкін, ондаған жылдарға созылған шығармашылық бақталастық (бәсеке емес) толас табар ма еді. Қайдам. «Абай» романының сыйлық алуына емес, жариялануына қарсы болған Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың бұл тұстағы ұстанымын түсіну қиын. Ал 15 желтоқсандағы проза секциясында демалыстан, шығармашылық іссапардан оралған С.Мұқанов «Абай» романын сынап баяндама жасай келіп, оны сталиндік сыйлыққа ұсынған және сол хаттамаға қол қойған (389 іс). Ал мұны қалай түсінуге болады? Әрине, қыр көрсету. Әйтпесе, идеялогиялық қамытқа салып, талқылап, романның жолын кесуге ол кезде С.Мұқановтың толық мүмкіндігі бар еді. Бұл жолғы итжығыс келесі жылғы жегіге ұласысп, енді М.Әуезовтің «Абай» дилогиясы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» тағы да қатарласа сыйлыққа ұсынылды. Үшеуінің де мүмкіндігі бірдей еді. Тіпті заманауи тақырыпқа арналған «Миллионердің» мүмкіндігі өзгелеріне басым болатын. Бірақ қалған екеуінің шығармашылық мысы басым еді әрі кұрес тәсілінен тәжірибелері бар болатын. Мәскеумен арадағы байланысы да Мұстафинге қарағанда қарымды болатын. Ал көркемдігі жағынан, әрине, «Абаймен» шендесе алмайтын.

Қайран қазақы күрестің тәсілдері! Қайран еш кеткен есіл күндер мен түндер! Қайран жүйке!

Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез-келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсынды.

Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабі жарық көрген сайын үдей түсті. 1948 жылы қараша айында Сәбит Мұқанов Орталық Комитетке шығармашылық одақтың атынан «Абай» романын І дәрежелі сталиндік сыйлыққа ұсынды. Осы ұсынысты негізге ала отырып Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы қараша айында «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы» қаулы қабылдады. Онда:

«Қазақ халының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы өткенді социалистік реализм тұрғысынан суреттеген, автор қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы –ақын Абай Құнанбаевтің жарқын образын бейнелеген қазақ кеңес әдебиетінің аса үздік шығармасы екенін атап өте отырып, Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:

жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов», – делінген.

Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады. Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты жазушылар одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:



«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық Комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді», – деп (538 іс) құрмет көрсетті.

Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.

Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.

БЕСІНІШІ ТАРАУ: ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ

І.

Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді.



1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық екені туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қарары шықты. Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты әшкерелеуші мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты. Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен соғыстан кейінгі ауыртпашылық, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты әскери, саяси қысыммен шектелді.

Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14 қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте «қара дүлейдің» алдында жазылған пікірді таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:



Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына): «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасмовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанынның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.

Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасауда болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтыныдығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия халықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді.

Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-провительдер, аға сұлтандар патша өкіметі сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі, Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.

Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысынның бүкіл халықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайлымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қармағында қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.

Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тарттты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, – патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, – ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.

Сол себепті де көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы, екі арадағы жанжалды бейбітшілікпен бітіру туралы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горшаковпен келісуге тырысты. Бірақ Горшаков мұндай келіссөздерді бастаудан бастартты. Ол өзінің хаттарының бірінде былай деп жазды: «Қазақ даласында бейбастақтық туғызған айыпкерлермен келіссөздер жүргізуден, әсіресе, олардың император патшаға, сөзсіз бағынудан басқа қандай да болса шарт қоюына аз да болса желеу беруді лайықсыз тауып, мен Кенесарының хатын жауапсыз қалдырдым».

Көтерілістің өнбойына Кенесары Батыс-Сібір өкімет орындарына қарсы күресе отырып, Орынбордың өкімет орындарымен және орталық өкіметпен келісуге тырысты. Кенесары Россияның қарауында болуға ризалық білдірді, бұнымен бірге қазақ жерінің қайтарылуын, Россияның қоластында қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттігі сақталуын шарт етіп қойды. Бірақ, бұл шарт патшалы Россияға тиімсіз болды.

Патшалы Россия қазақ даласымен жер жөнінде ғана шектес болып, мемлекет шегарасын сақтау үшін қазақ елімен тек байланыс жасап келген дәуір өткен еді. ХІХ ғасыр патшалы Россия алдына жаңа шапқыншылқ міндет – Орта Азияға шабуыл жасау міндетін қойды, ал Қазақстан бұл жолдағы белгілі бір белес болды.

ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында патшалы Россия алдына Қазақстанды бір жолата өзіне қосып алу, оны Орта Азия хандықтарына және Алатау қырғыздарына одан ары шабуыл жасау қамалына айналдыру міндеті қойылды. Орта Азия мен екі арадағы сауданы күшейту мүдделері ғана емес, Орта Азияда ағылшын-орыс бәсекесінің күшейгендігі осы міндетті алға тартты. Орта Азияда бекінбейінше патшалы Россия өзінің Орта Азиядағы мүдделерін қорғай алмайтын еді. Сол себепті патшалы Россия Кенесарының талабын қабылдамады.

1844 жылдың өзінде граф П.Д.Киселевтің Бөкей ордасындағы жағдай туралы баяндамасына Николай І: «Патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес»– деп бұрыштама соқты. Осы бірауыз сөздің өзі Бөкей ордасының келте автономиясының тамырын қырқып қана қоймай, автономия туралы ниеттің қандайына болса да, біржолата тиым салғандық еді. Мұндай жағдайда Кенесары талабы көріне үмітсіз талап болды.

Кенесарының бұл өзгерістері қандай болды? Кенесары өзінің мемлекетін жеке адамдар арқылы басқарды. Бұл адамдар сот, дипломатия, финанс, елден мал-мүлік жинау мәселелерімен, соғыс ісімен шұғылданды. Ханның жанындағы Жоғарғы Кеңеске тек феодалдардың орта топтарының өкілдері мен батырлардың бірсыпырасы қатысты. Жер-жерде өкімет жұмыстары жасауылдар арқылы орындалып отырды. Әр документтерінде бұл жасауылдар «Кенесары комиссарлары» деп аталады.

Кенесарының мемлекет аппаратында жасаған өзгерістері феодалдық негізде құрылған мемлекеттің бір орталыққа бағындырылуына жағдай туғызды. Сот – право жөніндегі өзгеріс сот істерінің қаралуын жақсарту, барымтаны, ел арасындағы жаугершілікті тоқтатуды, өштескен руларды татуластыруды көздеді. Кенесары әдет-ғұрып правосына бірсыпыра өзгерістер енгізді, оның ішінде ру байларының сотын жойып, сот істерін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді, оларды граф деп атады. Кенесарының ордасында болған хорунжий Орманов: «Кенесары жоғарыда аталған билерге жолдаған хатын жіберді, олар бұл адресте граф деп аталған»–дейді. Ақылы істерді қарау тәртібін үшке бөлуге болады: 1. Кенесарының қармағындағы руларға қатысы бар барымта, кісі өлімі жөніндегі сот істерін қарау. 2. Кенесарының қармағынан тыс рулардың істерін қарау. 3. Кенесарының қармағындағы қазақтар мен патшаның қоластындағы қазақтар арасындағы істерді қарау.

Кенесары өзінің қармағындағы қазақтардың малын беталды барымталауға қатты тиым салды, барымталанған малды иелеріне дереу қайтарып отырды. Өзінің туысқаны Көшек сұлтанға Кенесары барымталанған жылқыларды «құлынына дейін қалдырмай» қайтаруға бұйырды. Арғын руларының өкілдері қыпшақтардан мал талап етіп Кенесарыға арыз ете келгенде, Кенесары өзінің жасауылдары – Масақ пен Кенжеге:«Арғындардың талабын орындауға»– бұйырды.

Салық жөнінде Кенесары жеке феодалдардың алымдары орнына, хан қазынасының пайдасына алынатын бірыңғай салық шығаруға тырысты, сөйтіп феодалдық алымдар орнына мемлекет салығын шығармақ болды. Кенесарыға бағынған ауылдар Хиуа мен Қоқан хандарына салық төлеуді, сол сияқты үкіметке түтін алымын төлеуді тоқтатты. Мұның өзі қазаққа салық жөнінде едәуір жеңілдік болды. Бірақ, соғыс жағдайында Кенесары амалсыздан әртүрлі алым салықты қаталдықпен өндіріп отырды.

Кенесары малды аудандардан алынатын «зекетті», егіншілерден алынатын «ұшырды» бұрынғы күйінде сақтады. Оның үстіне ауылдық салық, әртүрлі тығыз қажетке көптеген алымдар жинады.

Кенесарының шарушылық жөнінде қолданған шараларының зор маңызы бар. Соғыс губернаторы Обручевке жазған хаттарының бірінде Кенесары: «Қайырымды генерал патшадан маған рахымшылық етуді өтінсін, сонда мен өзімнің қырғыздарымды егін егу, аң аулау және басқа бейбіт кәсіптермен шұғылдандырып, тыныш өмір сүремін» – дейді.

Кенесарының ордасы орнатылған Ырғыз бен Торғай аудандарының өзінде ғана 1000 үй қазақ егін кәсібімен шұғылданды. Орынбор комиссиясының есебінде де «Россияның қармағындағы жерге қайтуға мүмкіншілігі болмағандықтан, (Кенесары) өзіне ерген елді Іле және оған құятын өзендер бойында егін кәсібімен шұғылдануға үгіттегені» атап көрсетілген.

Сөйтіп, Кенесарының саясаты қазақтың егін шаруашылығымен шұғылдануына себеп болды.

Кенесарының саудаға көзқарасының да зор маңызы бар. Алғашқы кезде ол орыс саудасына қарсы болды, оның отаршылдық саясатты жүргізу жолдарының бірі деп таныды. Бірақ, көп ұзамай Кенесары бәленің басы саудада емес, патша үкіметінің соғыс отаршылдық саясатында екенін түсінді. Шекара бойындағы қазақтар жергілікті орыс халқымен қызу сауда істеп отырғанын ол жақсы білді. Кенесарыға келген қазақтар оған орыстармен тату қарым-қатынас жасауға кеңес берді, қазақтардың оларға «әрдайым күні түсіп отыратынын, олардан астық және басқа керек-жарақ алатынын» айтты.

Сондықтан Кенесары өзіне қараған ауылдарда сауда істеуші купецтердің өз товарларын алымсыз сатуына рұқсат етті, оларды зорлық-зомбылықтан қорғады. Орынбордың шекаралық комиссиясының председателі Генстің атына жіберілген бір ақпарда: «бұл бүлікшілердің ауылдарында болған саудагерлер көп пайда тапқан, өйткені олардың ауылдарына келіп сауда істеушілерге бұйрық берілген» – делінген. (Соңы. Басы 3-бетте).

Кенесарының саясаты қазақ халқының орыс халқымен сауда қатынасының күшеюіне көмектесті, шаруашылықтың қара дүрсін (натуралдық) негізінің бұзылуына жағдай туғызды.

Кенесары әлеуметтік реформашы болған жоқ. Оның құрған феодалдық мемлекеті шынында тұтас мемлекет емес еді, өйткені ұлы жүздің аудандары 1847 жылға дейін Кенесары мемлекетіне қосылған жоқ.

Кенесары өзінің белгілеген шараларын түгел жүзеге асыра алмады. Қазақ елінің ол кездегі артта қалған қоғамдық-экономикалық құрылысы Кенесарының жаңалық енгізу әрекетін тойтарып, бөгет жасай береді

Кенесары көтерілісінің жеңілетіндігі сөзсіз еді. Оның негізгі себебі, ең алдымен, ішкі саяси жағдайда және қазақ халқының біртүтас мемлекетін құру әрекетінің кеш басталғандығында болды.

Кенесарының прогресшілдік ниетіне, қазақ халқын біріктіру мақсатына зор кедергілер кездесті. Қазақстанның феодалдық бытыраңқылығы, рулардың өзара тартысы, феодалдар мен патша өкіметі орындарының бұл тартысты одан сайын қоздыруы Кенесарының игілікті бастамасының бәріне күшті бөгет болды. Оның себебі Қазақстаның әлеуметтік-экономика жағынан артта қалғандығында еді. Сол себепті рушылдық мүдделер жалпы халықтық мүдделерден басым бола берді. Көтерілістің жеңілуінің негізгі себептерінің бірі осы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет