Микстураларды концентрлi ерiтiндiлермен және құрғак заттарды ерiту арқылы дайындау. ҚР ДСМ 15.12.2004 ж. N 142 «Дәрiлiк құралдарды дайындау Ережелерi туралы» бұйрығының 1 бөлiмiнде жалпы сұйық дәрiлiк түрлердi, соның iшiнде микстураларды да салмақтық-көлемдiк әдiспен дайындау ережелерi келтiрiлген.
Бұл нұсқау 2 бөлiмнен тұрады:
1 бөлiм - сұйық дәрiлiк түрлердi дайындау ережелерi;
2 бөлiм - қосымшалар.
«Сұйық дәрiлiк түрлердi салмақтық-көлемдiк әдiспен дайындау» бөлiмi 26 тармақтан тұрады.
Дәрiлiк заттарды ерiту және араластыру реттiлiгi, жалпы дайындау ережелерi осы бұйрықтың 15 тармағында келтiрiлген. Сулы дисперстiк ортасы бар сұйық дәрiлiк түрлердi дайындаған кезде, ең алдымен есептелген, өлшенген (тазартылған, шаншуға арналған немесе хош иiстi) суда, ерiгiштiгiн және өзара әрекеттесуiн ескере отырып, қатты дәрiлiк және қосымша заттарды ерiтедi.
ҚР ДСМ 15.12.2004 ж. N 142 бұйрығының 16-тармағы. 1) Сұйық дәрiлiк түрлердiң жалпы көлемi жазылу тәсiлiне (рецептте «дейiн» деген көрсеткiштiң барына немесе жоқтығына байланысты), ерiткiш ретiнде хош иiстi сулардың, пертуссиннiң, тұндырмалардың және басқа галендiк препараттардың рецептте болуына байланысты анықталады.
2) Егер рецепте «белгiлi» көлемге дейiн деп жазылса, онда рецептте жазылған сұйық ингредиенттердiң көлемiн сулы ерiтiндi көлемiне енгiзедi, микстураның жалпы көлемi рецептте көрсетiледi.
Сұйық дәрiлiк түрлердi салмақтық-көлемдiк әдiспен еритiн қатты дәрiлiк заттармен және концентрлi ерiтiндiлермен дайындаған кезде ерiтiндi көлемiнiң өзгеруi осы бұйрықтың 18 тармағымен реттеледi.
Дәрiлiк түр құрамына кiретiн ұнтақ заттардың қосындысы 3%-ға дейiн болса және олардың концентрлi ерiтiндiлерi болмаса, онда дәрiлiк заттарды жазылымда көрсетiлген су мөлшерiнде немесе басқа сұйықтықта ерiтедi. Бұл кезде қатты дәрiлiк затты ерiткенде, ерiтiндiнiң жалпы көлемiнiң өзгеруiн ескермеуге болады, себебi, қатты заттардың мөлшерi ерiтiндiнiң жалпы көлемiне әсер етпейдi және ауытқулар көрсетiлген нормаларға сәйкес болады.
Дәрiлiк түр құрамына кiретiн ұнтақ заттардың қосындысы 3%-ға тең және одан жоғары болса, онда ол заттардың концентрлi ерiтiндiлерi қолданылады немесе ерiтiндi қатты заттар қолдана дайындалатын болса, бұл кезде 1 г затты 200С температурада ерiткендегi ерiтiндi көлемiнiң ұлғаюын (көлем ұлғаю коэффициентiн -КҰК) ескередi.
Егер дәрiханада көрсетiлген дәрiлiк заттардың концентрлi ерiтiндiлерi жоқ болса, онда дәрiлiк түрдi өлшегiш ыдыста немесе дәрiлiк заттарды ерітуге қажеттi су көлемiн, олардың көлем ұлғаю коэффициентiн (КҰК) ескерiп дайындайды. Бұл жағдайда дәрiлiк заттарды жазылымда көрсетiлген су көлемiнде ерiтуге болмайды, себебi, құрғақ заттарды ерiткенде микстура көлемiнiң ұлғаюы, сұйық дәрiлiк түрлердiң жалпы көлемiнде жiберiлетiн ауытқу нормасына кiрмейдi. Құрғақ заттардың мөлшерi ерiтiндi көлемiн ұлғайтып жiбередi.
ҚР ДСМ 15.12.2004 ж. N 142 бұйрығының 20 тармағы. Құрамында хош иiстi сулары бар сұйық дәрiлiк түрлердi (микстураларды) дайындау.
Достарыңызбен бөлісу: |