ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3-деңгейлі СМЖ құжаты
|
ПОӘК
|
ПОӘК
042-14.4.01.01.20.68/03-2014ж
|
«Ветеринариялық гигиена 2» ПОӘК
| Басылым № 3
|
«Ветеринариялық гигиена және санитария-ІІ» пәнінің 05120100 -«Ветеринариялық медицина» мамандығына арналған
ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Семей 2014
Дәріс №1. Ірі қара малдарының гигиенасы (2 сағ)
Қаралатын сұрақтар:
1. Ірі қара малдарын ұстау жүйелері мен тәсілдері
2.Ірі қара малдарына арналған қоралардың негізгі технологиялық бөлшектерінің көрсеткіштері
3. Ірі қара малдарына арналған қоралардың микроклиматы
4. Суалтылған сиырлар мен құнажындардың гигиенасы
Ірі қара малдарынан алынатын өнімдердің бағытына байланысты, оларға арналған шаруашылықтар (фермалар):
1) тұқымдық – мал тұқымын жақсартып, олардан тұқымды жас төлдер алуға арналған;
2) Өнімдік – ет және сүт өнімдерін алуға бағытталған шарушылықтар;
3) Мал басын толықтандырып отыруға арналған жас төлдерді өсіріп және бордақылау бағытындағы шаруашылықтар;
4) Ірі малдарды бордақылап ет өндіру және жас бұзауларды бағып, күту мен айналысатын шаруашылықтар.
1. Ірі қара малдарын ұстау жүйелері мен тәсілдері
Малдардың сыртқы әсерге дене төзімділігін арттырып, олардан алынатын өнімдердің мөлшері мен сапасын жоғарлатуға бағыталған әртүрлі азықтандыру, суару, орналастыру, байлау, жаю т.б. технологиялық тәсілдердің жинағы – малдарды ұстау жүйелері деп аталады.
Малдарды өсіру қарқынына жер орайы, ауа райының ерекшеліктеріне байланыстыра отырып ірі қара малдарын ұстаудың мынандай жүйелері болады.
1. Қолда тұрғызып-жайып ұстау. Бұл жүйе көбінесе сүт өнімін өндіруге арналған шаруашылықтарда кең таралған, себебі ветеринариялық гигиеналық тұрғыдан қарағанда бұл жүйеде ұстау кезінде малдардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келеді де, мал организмінің табиғый төзімділігін арттыруға мүмкіншіліктер туып, малдың өнімділік қасиеттері жоғарлайды. Мұндай жүйемен ұстау кезінде сиырлардың қозғалысы шектелмей, денедегі зат алмасу процесстерінің жоғарлауына, күн сәулелерінің оң әсерлері тиіп, белокқа, витаминдерге және миниралды заттарға бай азықтарды қабылдауына қолайлы жағдай жасалады. Әсіресе, малдарды еркін жаю кездерінде олардың ауа райы қолайсыз мезгілдерде қолда тұрғызып ұстаған уақыттарда кейбір физиологиялық процесстерінің төмендеуі қалпына келіп, малдардың күйлері жақсарып, өнімдерінің молаюына әсерін тигізеді. Онымен қоса малдарды жайылымға шығару мезгілдерінде қора маңайының санитарлық жағдайын жақсартуға, әртүрлі жеңіл құрылыс жұмыстарын жүргізуге, ішкі технологиялық жабдықтарды реттеп тазалауға, қора, ауыл маңдарына дезинфекциялар жасауға, сөйтіп мал қораларының мезгілінен бұрын тозып, істен шығып қалмауына әсері болады.
2. Қолда тұрғызып ұстау. Мұндай жүйе ірі қара малдарын көбінесе жайылым жерлері жоқ, немесе малдарды көптеп-топтап шағын жерлерде (комплекстерде) ұстағанда және аз уақыт ішінде малдарды қарқынды жолмен күтіп семірту мақсатында пайдаланады. Жаз айларында сиырларды жаюға шығармай тұрғызып қолда ұстап, дайындалған көк шөптерді шауып әкеп орнында азықтандырады.
Шағын жерлерге малдарды топтандырып тұрғызып ұстау кезінде малдардың қозғалысы шектеліп, олардың физиологиялық қасиеттеріне теріс әсерін тигізбеу үшін, мұндай жүйемен күтіп-бағуға өте жоғарғы ветеринариялық-санитарлық талаптар қойылады. Ірі көмплекстерге ірі қара малдарының кейбір бөліктері қарқынды технологиялық жағдайда ұстауға толықтай бейімделе алмай өнімділік көрсеткіштерін төмендетіндігі тәжірибеде дәлелденген. Ондай жағдайда кездесетін малдарды жиі орын ауыстырып отыруы, өндірістік шулардың пайда болуы, қозғалыстарының аз болу, біркелкі типті азықтандырудың нәтижесі малдың мінез-құлқына жағымсыз әсер етіп, сүтінің азаюына апарып соғады.
Сондықтан малдарды қолда тұрғызып ұстау кезінде оның жағымды (қораның біріктірілуі, құрлыс материалдарының шығынының кемуі, технологиялық процесстерінің-вентиляция, канализация, жарықтандыру – жүйелерінің қысқаруы, қора бөлшектерінен тарайтын жылудың азаюуы т.б.) әсерімен қоса кемшіліктері де, яғни малдардың қозғалысы азайып, денсаулығы төмендеп, жалпы организмі әлсіреп, әртүрлі ауруларға ұшырағыш болуы және күтіп-бағуда санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін кемшіліктердің жиі жіберілуі кездеседі.
3. Жайып ұстау жүйесі – кезінде малдар жылдың барлық мезгіліндерінде де жайылымды пайдаланады. Шаруашылықты экстенсивті жолмен дамыту кезінде – көбінесе табиғи және жайлау шабындықты жерлерді пайдаланса, интенсивті даму тәсілінде-мәдени жасанды жайылымдарды қолданады.
Жайып ұстау жүйесін жайылым аймақтары мол жер орайы қолайлы, ауа райы жылы шаруашылықтарда пайдаланады. Ондай кездерде малдарға арнап күрделі құрлыстар қаралмай, тек жауын шашындардан, өткір күн сәулелерінен сақтау мақсатында жергілікті арзан материалдардан жеңіл-күрке (қабырғасыз төбелі қора), ықтырма (бір қабырғасыз қора), жылыландырылмаған (малдар өз еркімен кіріп-шығып жүруіне арналған қора) типті қоралар қаралады.
Сүт өнімін өндіретін шаруашылықтарда табиғый жайылымдардың ортасына, немесе жасанды шыбындықтар маңайына, арнайы жылжымалы немесе тұрақты лагерлер тұрғызылып, олардың ішіне мал тұратын орындар, байлауыштар, азық, су науалары қаралып, сүт алып өңдейтін құрылымдар орнатылады.
Ірі қара малдарын ұстау жүйелерінің негізіне байланысты әртүрлі тәсілдер қолданады.
Ірі қара малдарын ұстау тәсілдері
Ірі қара малдарына арналған шаруашылықтарда көбінесе екі тәсіл қолданылады. 1. Тұрғызып байлауда ұстау; 2. Байлаусыз еркін ұстау.
1) Тұрғызып байлауда ұстау – сүт өнімдерін өндіруге арналған шаруашылықтарда, кей кездерде малдарды интенсивті түрде, жедел семіртіп ет алу үшін қолданылады. Мұндай тәсілмен ұстау үшін арнайы сиыр қоралар қаралады да олардың ішінен байлау орындары (тұрақ орын), байлауыштар, азық науалар мен су құбырлары және олардың арасынан азық таратып, көң тазалайтын, малдар мен адамдар жүретін жолдар қалдырылады. Мал басының мөлшеріне байланысты мал тұратын орындарды екі немесе төрт қатарлы қылып жасайды. Көбінесе қорадағы малдың саны жүзге дейін жоспарланса екі қатарлы, ал 150 одан артық болса төрт қатарлы тұрақтар қаралған жөн. Қора ішінде мал тұратын орындар екі қатар орналасатын болса ондай қоралардың ендерінің ішкі өлшемі 12-15 м, ал төрт қатарлы болса 18-21 м жасалады. Малдардың ірілігіне байланыстырып, қора ішіне үш түрлі размерде тұрақтар қаралады:
1) ұзын тұрақ – ұзындығы 190-220 см, ені – 120-150см. Мұндай тұрақтар салмағы 500 кг-нан жоғары ірі сиырлар мен бұқаларға және сиыр бұзаулайтын бөлмелерде жасалады.
2) Орташа тұрақтар – ұзындығы 170-190 см, ені – 100-120 см.
3) Кіші тұрақтар: ұзындығы 145-170 см, ені – 80-100 см, көбінесе жас малдарды (тайынша, құнажын) және бордақылауға арналған өгізшелерді байлап тұрғызып семірту кезінде жасалады.
Малдар байланатын тұрақтарға мынандай негізгі гигиеналық талаптар қойылады:
1) Тұрақ орны тегіс, тайғақ емес, ойық шұнқыры жоқ, сәл артқы жаққа қарай су ағар еңістігі бар (1 градустан аспау керек) болу қажет.
2) Тұрақ орнының астына сұйық өтпейтін, яғни мал нәжістері өтіп, сіңіп, одан зиянды газдардың (аммиак, күкіртті сутегі) бөлінуіне жол берілмеуі керек.
3) Тұрақ орындары мал организміне жайлы, жылу өткізгіштігі төмен, су сіңіргіш емес, құрғақ материалдардан жасалуы керек.
4) Тұрақ орындары сыртқы факторлардың және химиялық ерітінділердің (дезинфекциялық) әсерлеріне төзімді болу керек.
Мұндай талаптарға көбінесе ағаш материалдардан жасалған, жасанды керамзит қиыршықтарынан, беті кордо-резинді материалдар мен қапталған тұрақ орындар сәйкес келеді.
Қорада малдардың тұрақтарының алдыңғы жағына азық науалыры орналастырылады. Оларды әртүрлі материалдардан (ағаш, кірпіш, бетон) жасап ені-үстінен есептегенде 60 см, түбінен – 40 см, алдыңғы қабырғасының биіктігі – 30 см, ал сырт қабырғасы – 70 см жасалады да, ішкі бетіне байлауыш бекітетін орын, және әрбір екі тұраққа арналған бір су құбырын (автопоилка) орналастырады.
Байлауыштар әртүрлі материалдардан жасалып, мынандай гигиеналық талаптарға сәйкес келу керек:
1) Байлауыштар малдардың алға және артқа қозғалыстарына қолайлы болып, жанға қарай қозғалысын шектеп, бірақ жатып тұруына бөгет жасамауы қажет.
2) Байлауыш малдың мойнына жайлы, қажап жарақат түсірмейтін болуы керек.
3) Байлауыш үзіліп, шешіліп кетіп, байлаулы малдарды сүзіп жарақаттауға жол бермеуі керек.
Мұндай талаптарға көбінесе ремендерден, есілген жіптерден және шынжыр металдардан жасалған байлауыштар сай келеді. Байлау тәсілдеріне қарап байлауыштар жекелеме түрде немесе автоматты жолмен жасалатын болады. Автоматты байлауыштар хамутты немесе шынжырлы болады да, малдарды орнына тұрғызып, жем салынған науаларға басын созған кезде, арналған тетікті басып байлауыштың жекелеме басы қос тармақты бөлігінің ортасынан өту арқылы сиырдың мойнын бекіттеді.
Малдарды екі қатарлы тұрақтарда орналастырғанда, олардың бастарын қора орталығына келтіріп, яғни екі азық наулырының аралығынан бір азық тарататын жол қалдырады да, олардың артқы жақтарынан көң тазалайтын жолдар қаралады. Азық тарататын құрылымдардың түріне және көң тазалайтын тәсілдерге байланысты ондай жолдардың ені 1,2 метрден 2,4 м дейін қалдырылады. Бұл жолдардан басқа қораның екі басынан және әрбір 25-30 сиыр тұрақтарынан кейін бір ені 2,5-3,0 метрден көлденең жолдар жасалады.
Ірі қара малдарын тұрғызып байлап ұстауға арналған қоралар жылу өткізгіштігі төмен құрылыс материалдарынан жасалып, ауа райы суық жақтарда қабырғаларының қалыңдығы 50 см, төбесі 0,24 метрден жұқа болмауы қажет. Малдардың ауа алмасуын қамтамасыз ету үшін қораның биіктігі еден үстінен төбенің ең төменгі жеріне дейін 2,4-2,7 м кем болмауын қадағалау қажет. Әр бір 100 басқа арналған қораға 2-ден, ал 150-200 басқа арналған қораларға 4-тен кем емес екі жаппалы қақпалар қаралады. Малдарды байлап тұрғызып ұстауға арналған қоралардың жалпы ішкі өлшем ауданы әр басқа шаққанда, малдардың ірілігіне, өнімділігіне (салмағы) қарап 5-7 м² аралығында болғаны дұрыс.
Мұндай малдарды тұрғызып байлап ұстау тәсілінің өзіне тән артықшылығы болады:
1) малдардың физиологиялық ерекшеліктеріне (жасы, өнімі, денсаулығы т.б.) байланысты жекелеме күтім, азықтандыру жасауға мүмкіншілік тудырады;
2) Малдардың денесі таза, яғни әсересе сауын сиырлардын өнімі жоғарғы сапалы болуына жағдай жасалады;
3) Малдардың бірін бірі сүзіп, жарақаттанудан, кейде буаз малдардың іш тастауынан сақтандырады;
4) Қора ішінің микроклиматын бақылап, қалыпқа келтіріп тұруға мүмкіншілік туғызады.
Малды тұрғызып байлап ұстаудың мұнымен қоса кемшіліктері де болады:
1) Малдарды бос еркін ұстаумен салыстырғанда тұрғызып байлап ұстау тәсілінде әр малға шаққандағы қора сиымдылығы төмендейді.
2) Малдарды тұрғызып байлап ұстау кезінде олардың қозғалуы шектеліп, малдардың төзімділігі азайып, денсаулығы нашарлайды.
3) Әр малға шаққандағы еңбек шығыны көбейіп, қол жұмысының бөлігі артады.
Мұндай тәсілімен ұстау кезінде, әсіресе сүт өндіретін шаруашылықтарды ең жоғарғы сүт алу көрсеткіштеріне (15-16 мың кг) сол сияқты басқа малдардан орта есеппен 5-6 мың кг жылдық сүт өнімін өндіруге ие болатындығы дәлелденген. Сондықтан ірі қара малдарын тұрғызып байлап ұстау тәсілі сүт өндіру және жас тұқымдық малдарды өсіп-өндіру шаруашылықтарында кең қолданылады. Малдарды бұл тәсілмен ұстау кезінде мал мамандарының, күтіп-бағатын қызметкерлердің әрбір малдарға жекелеме күтім көрсетіп, емдеу, егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдайлар туып малдардың ауруға шалдығуы төмендеп, әр малға ветеринариялық бақылау жасап, тиісті шараларды дер кезінде көрсете алады.
Ірі қара малдарын тұрғызып байлап ұстауға арналған қоралардың микроклиматы тұрақты және қалыпты, яғни малдардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ауа температурасы +8 градустан төмендемей, салыстырмалы ылғалдығы 85 пайыздан жоғары емес, ауа қозғалысының жылдамдығы қыс айларында 0,3 м/сек артпай, көмірқышқыл газының концентрациясы 0,25 пайыздан жоғарламай, әр куб.м ауада аммиактың мөлшері 20 мг-нан, күкіртті сутегі газы – 10 мг-нан аспауы керек. Қораның табиғи жарықтану коэффициенті 1:15 қатынасынан төмен болмауға тиіс.
2. Бос еркін байлаусыз ұстау – бұл тәсілді кәзіргі кезде екі түрде қолданады: қалың төсенішті едендерде бос байлаусыз және арнайы бокстарда ұстау. (сурет 2)
Ірі қара малдарын қалың жиналмайтын төсеніштерде ұстау үшін қораның табиғи еденінің өсімдік қабатын (10 см) қырып үстіне, дезинфекциялық және ылғалдықты төмендету мақсатында, әр шаршы метр ауданға 0,5 кг есептеп қортылған хлорлы әкі (известь) салады да, оның үстіне 10-15 см қалыңдықта төсеніш (солома, торф салып, оны жинап шығармай мезгіл-мезгіл жаңартып үстіне төсеніш қосып, малды қолда ұстау мерізімінің аяғында төсенішті қыйымен қоса механикалық тәсілмен (бульдезер, қырғыш транспортер т.б.) тазалайды. Бұл тәсілдің істі механикаландыруға оңайлығы, еңбек өнімділігінің жеңілдігі, малдардың қозғалыстан шектелмей денсаулығына тиімді әсер тигізуі, қора-сиымдылығының артуы т.б. пайдалы көрсеткіштерімен қатар айтарлықтай жиі шектеу келтіретін кемшіліктері де байқалады. Олар:
1. Малды жыл бойына қорада ұстайтын болса өте көп төсеніш қажет болады да, шаруашылықтың мүмкіншілігі болмай малдардың астынан сыз-суық өтіп, арытып күйінің төмендеуіне апарып соғады.
2. Қора ауасының ылғалдылығы жоғарлап, зиянды газдардың мөлшерінің көбеюі, мал денесінің ластанып, өнімінің сапасын төмендеуіне әсерін тигізеді.
3. Малдардың арасында, әсіресе әртүрлі жастағы, жынысты малдардың бір-бірін сүзіп жарақаттауы жиі байқалады.
Сондықтан мұндай ұстау тәсілі сүт өнімін алуға бағытталған шаруашылықтарда қолдану шектеліп, еттік бағыттығы өндірістерде кең таралған.
Сиырларды бос қалың төсеніште ұстаған кезде малдарды жігіне, жасына, физиологиялық ерекшеліктеріне байланыстырып шағын (25-30 бас) топтарға бөлу қаралады және қораның ық жағынан азық науалары қойылып, су құбырлары тартылған серуен алаңдары жасалып, ауа райының қолайлы кездерінде малдар өз еркімен кіріп-шығып азықтануына мүмкіншілік жасалады.
Малдарды бос еркін байлаусыз ұстаудың екінші түрі арнайы жасалған боксттарда бос немесе байлауда ұстау қаралады. Ол үшін қораның ұзын бойынан арнайы тұрақ орын-бокстар жасалады, яғни ұзындығы мал тұрқына сай, ені 1-1,2 метрден артпайтындай етіп, әртүрлі материалдармен ағаш, немесе металды екі жаны шектеліп бөлінген орын. Ондай орынның алдыңғы жағына азық науасы орнатылып, ал арт жағында арық жасалып, беті торкөзді еденмен жабылған көң жолы қаралады да, малдар боксқа еркімен кіріп, азықтанып, жатып дем алып, бірақ бұрылып (айналып) шыға алмай, тек шегініп қана бокс орнынан шығады да, мал нәжісі бокс еденін ластамай, көң жолына түсуі қаралған. Мұндай бокстардың санитарлық тазалығы сақталып, мал организміне жайлы болу үшін бокс орнының құрылымына мынандай негізгі гигиеналық талаптар қойылады:
1. Бокстің едені тегіс, су өткізбейтін, жылу сақтайтын, көң жолынан 15-20 см биікте орналасуы керек.
2. Бокстің жанындағы бөлгіш сырықтардың төменгі шегі 45 см биікте (төмен болса мал жатқан жерде ұршығын соғып жарақаттаса, жоғары болса ұсақ мал астынан өтіп кетуі мүмкін), ал жоғарғы екінші шектеу бөлігі 55 см биіктікте орналастырылады.
3. Көң жолының ені 2,7 метрден кем 3 метрден артық болмауы қадағаланады. Себебі 2,7 метрден тар болса малдардың (ірі) бокстан шығуы қыйындайды, ал 3 м артық болса малдар көң жолының үстінде жатып дем алуына жағдай туады.
Ірі қара малдарын бокста ұстауға жабдықталған қоралардың микроклиматы сиырларды байлап ұстауға арналған қоралардағыдай болуға тиіс. Бокстардың арт жақ араларынан беті төркөзді еденмен жабылған көң арықтары жасалады. Малдың қыйы төркөзден өтіп арық түбіне түседі де, одан өздігімен немесе арнайы сырғыш транспортерлердің көмегімен тазалап отырады.
Азық бетіндегі төркөзді еден дұрыс жасалып, оған түскен мал қыйы бөгетсіз болуын қадағалау керек және мал тұяғына жайлы, қыстырылып қалмайтын болып жасалады. Бокстар қатары бірнеше бөліктерге (секцияға) бөлінеді. Ондай бөліктер малдардың жасына, сүтіне, бұзаулау мерзіміне қарап жасалады да, оларды азықтандыру, сауу және күту процесстеріне негізделеді. Ондай топтағы сыйырлардың саны өте көп болмауы қажет. Егер әр бөлікте 30-40 бастан артық болса, оларға бақылау жасау қиынға түсіп, олардың туу мерзімін, өнім мөлшерін, азық түрлерін қалыптау, соған байланысты топтау жүргізу ауырлайды. Әрбір секцияның сауу орнына және серуен аланыңа шығатын есігі болуға тиіс.
Ірі қара малдарын арнайы бокстарда ұстау тұрғызып байлап ұстау тәсілімен салыстырғанда артықшылығы бар екендігі дәлелденген. Бірақ бұл тәсілмен ұстау кезінде ірі комплекстерде малдарды азықтандыруды қалыптау, оларға тиісті серуендеуіне жағдай туғызу тағы басқадай малдардың физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіріп күтім көрсету толықтай шешілмейді. Осындай жаңа технологияның бірі болып конвейерлі боксты ұстау болып саналады. Бокстар арнайы рельстердің бойына екі қатар орналастырылып, азық науаларының үстіне жүретін жылжымалы құрылым арқылы нормалы азық түрі түсіріліп отырады. Бокста ұстау кезінде малдарды тұрғызып байлап ұстау тәсілінің ұтымды жақтарын (жекелеме құрғақ, жайлы, жылы орынмен қамтамасыз ету, қалыпты микроклиматпен жекелеме азықтандыру т.б.) және малды бос еркін ұстаудың тиімді бөлігі (активті моцион, механизациялау т.б.) біріктіріледі.
Бірақ ірі қара малдарын күтіп-бағу кезінде бос еркін және тұрғызып байлап ұстау тәсілдерінің тиімді тиімсіз кемшіліктерін ескерумен қатар әр шаруашылықтың азықтандыру жолын, жер орайын, ауа райын, жайлым және азық көздерін, шаруашылықтың ветеринариялық-санитарлық жағдайын, зоотехникалық есеп жұмыстарының жүру дәрежесі т.б. ескерілуі қажет.
2. Ірі қара малдарына арналған қоралардың негізгі технологиялық бөлшектерінің көрсеткіштері
Ірі қара малдарына арналған қоралар мен олардың ішкі технологиялық процесстердің жабдықталуы тек мал басы мен олардың физиологиялық ерекшеліктеріне ғана байланысты емес, оларды ұстау тәсілдеріне де қатысты болады. Сондықтан мал басына тиісті қораларды жобалап салу кезінде пайдаланатын технологиялық процесстердің негізіне және ұстау жүйелеріне сүйеніп малдардың денсаулығын сақтап, өнімін төмендетпейтін жағдай туғызу қажет.
1. Ірі қара малын тұрғызып байлап ұстау кезінде салынатын қоралар үнемді (экономды) және барлық қаралатын технологиялық процесстерді жүргізуге қойылатын талаптарға сай болуын қадағалайды. Мұндай қоралардың құрлыстық шешімдері және инженерлік жабдықтары ондағы микроклиматты қалыпты жағдайда ұстап тұруға мүмкіндік туғызатын болуға тиіс. Малдарды тұрғызып байлап ұстайтын қоралардың ішіне тұрақтарды орналастыру қатар санына байланысты екі тұрақты біріктіріп бір азық, немесе көң жолдарын қалдырады. Қораларды жылыланған және желдетілген шатырлы немесе шатырсыз бір қабатты қылып, жергілікті арзан құрылыс материалдарынан тұрғызады. Сиыр қораларын ішкі технологиялық жабдықтарды орналастыруға бөгет жасамайтындай, яғни ауа алмастыру, көң шығару, азық тарату құрылымдарына қолайлы, керек кезінде жаңа технологиялық процесстерді кіргізуге жеңіл болу үшін ауыр бағаналарсыз салу керек.
Сиырды байлап тұрғызып ұстауға арналған қоралардың едендерін тұтас немесе жартылай төркөзді қылып жасайды. Тұрақтардағы едендердің материалдарының жылу сіңіргіштік коэффициенті 12 ккал/м²/сағ/град жоғары болмауы керек. Егер бұл көрсеткіштен артық болса, мал денесінен артық жылу тарап, еденді жылтуға шығындалады да, сиыр организмінің суыққа ұрынып, төзімділігі азайып, өнімінің төмендеп, азық шығымының артуына апарып соғады. Мысалы, ағаш едені мен бетон еденінің жылу өткізгіштігің әртүрлі болуының салдарынан 100 ккал/сағ жылу артық жұмсалады, яғни ол 2 л сүттің коллориясына пара-пар болады. Сондықтан айтылған болар, ірі қара малдары астынан жүдейді деген сөз. Оларды байлап тұрғызып ұстаған кезде көбінесе тақтай едендерді пайдаланады. Өйткені тақтайдан жасалған едендер жылы, құрылымы қыйын емес, таза, бетон сыяқты тұяқты жемейді. Бірақ сыртқы әсерлерге шыдамсыз, әсіресе дезинфекциялық химиялық заттарға төзімсіз, тез тозып, шірігіш келеді. Өте ылғалды болса тайғанақ болып, малдардың мертігуіне де себепші болады. Ағаш материалдардан еден жасау үшін алдын ала 10 % креозот майының ертіндісімен өңдеп және екі қайтара ыстық қара май (смола) ертіндісімен жабады. Тақтайдың үстінгі бетін үстіріктеп, тегістеп және пайдаланудан 10 күн ерте үстіне сөндірілген хлорлы әкі сеуіп қояды. Мұндай еден төзімді болып ұзаққа шыдайды, хлорлы әкі мен кеуекті тесіктері бітеледі де, бойына сұйық аз сіңіріп, шірімей тазалауға қолайлы болады.
Бетонды едендер – берік, төзімді болғанымен қатты, жатуға жайсыз, суық болады да, оларды азық-көң жолдарына, кейбір азық дайындау, сүт өңдеу бөлмелеріне, зертханаларда т.б. жерлерге төселеді. Егер малдар жататын орындарында бетонды едендер болса, оның үстіне торкөзді ағаш еденшелер немесе қалың төсеніштер салып қояды. Кейінгі кездерде бетонды едендерді жылылау үшін асфальтты немесе резиналы жапқыш төсеніштер қолданады.
Асфальтты едендер - серіппелі-жұмсақ, тайғанақ емес, су өткізбейді, жылу өткізгіштігі шамалы, тазалау, дезинфекциялауға жеңіл және оңай өңдеуге жатымды. Мұндай едендер сиыр қораларда, ұрықтандыру пунктерінде ветеринариялық объектілерде қолданылып, тасты, қайыршақты едендердің үстіне төсеп өңдеуге пайдаланады. Асфальтты едендердің кемшлігі сыртқы әсерлерге әсіресе мал нәжістеріне өте төзімсіз келеді де, мал тұрақтарында, жүретін жолдарында, әсіресе дұрыс қоспасы жасалмаған кездерде ішке түсіп, шұңқырлар шығып, оларға су тұрып еден тез істен шығуы кездеседі.
Кейінгі кездерде сиыр қоралардың тұрақты орындарын жылылау мақсатында көмір қалдықтары (шлак) мен битумдардың (қарамай) қоспаларынан және асфальтты плиткалар мен ішкі қуыс кірпіштерді пайдалану ұсынылады. Бірақ олардың да көптеген кемшіліктері, әсіресе жылулық қасиеттерінен, кездесіп кең таралмаған.
Көптеген еден түрлеріне қарағанда керамзит (қыш) бетонды едендер зоогигиеналық талаптарға сай келеді. Ол сыртқы ауа әсеріне шыдамды, жоғарғы температураға төзімді, механикалық әсерлерге берік, салмағы жеңіл, жылу тарату коэффициенті төмен және өндеуге қолайлы болады. Сиыр қораларда керамзит – бетонды едендер болғанда сүт өнімінің сапасы жоғарлап, санитарлық тазалығы артады. Олар малдардың денсаулығы мен өніміне теріс әсерін тигізбейді, яғни керамзит бетонды едендер өзінің физикалық-жылулық қасиеттері бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келеді деп санап көптеген шаруашылықтарда, үстінгі беті цементті-құмды ертінді мен қапталған түрінде кең пайдалануға ұсынылады.
Керамзит-бетонды едендермен қоса кейінгі кезде жасанды, кеуекті материалдар-аглопорит материалдарынан жасалған едендер қолданылады.
Аглопорит – сазды және көмірді өңдіру кездерінде қалған қалдықтарды күйдіру арқылы алынатын жасанды, іші қуыс жеңіл материалдар. Ол өзінің жылулық, беріктік және санитарлық-гигиеналық қасиеттері бойынша керамзит-бетонды едендерден кем түспейді.
Сол сияқты формальдегид смоласын КС-11, латекс СКС-65-ГП, полиамид смоласын пайдаланып полимерлі цементті қоспамен үстін жауып, жеңіл бетонды едендер жасалып жүр.
Белорусияның ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты кордорезиналы-битумды үстінің жаппасы бар жеңіл бетонды едендер жасауды ұсынған. Мұндай едендер жылы, құрғақ, қатты жайсыз емес, берік, көпке шыдамды, мал нәжістерінің әсерлеріне төзімді, жууға және дезинфекциялауға қолайлы болып келеді де, оларды төсенішсіз пайдалануға болады.
Қазіргі кезде, әсіресе ірі қара малдарын бокстарда ұстағанда, көңді оңай тазалап-шығару мақсатында, тұрақ орындарда төркөзді едендер орнатады. Бірақ тәжірибеде дәлелденгендей өте ұзын тұрақтардағы (110-140 см) қолданылған сырықтар (рейкалар) ұзындығы 60-70 см-ден асса, мал жатып, дем алған кездерде иіліп, арасынан суық соғып, сиырлардың желіндері түсіп қыстырылып, тұяқтарын айырып, жарақаттар салып, желін сау, ауруларының шығуына апарып соғатындығы дәлелденген. Мұндай кемшіліктерді болдырмай, алдын алу жолында төркөз еденнің аз бөлігін (18-20 см) тұтас тақтайдан жасау қажет және төркөздің (решетка) ұзындығы 40 см, сырық аралық саңылаудың ені 3,5-4,5 см, ал сырықтың жалпақтығы 8-12 см жасалады. Мұндай едендерге қолайлы материалдар ағаш және көбікті бетондар болып саналады.
Едендердің құрылымы сиыр қораларынан көңді тазалап-шығару тәсіліне байланысты болады. Ірі қара малдарын тұрғызып ұстау кезінде қорадағы көңді транспортерлердің (қырғыш, сырғыш) көмегімен тазалап шығарады.
Азық тарататын, көң тазалайтын жолдардың ені қолданатын құрылымдардың размерлеріне байланысты болатындығы көрсетілген.
Сиыр қораларының оң түстігінен малдар серуендейтін алаңдар қаралады да, оның едені қатты материалдармен (бетон) жабылады. Егер ондай қатаң едендер қаралмаса қораға малдардың кірер жерлері, азық, су науалырының бойымен 2-3 м ендікте жасалып, сұйықтардың ағуына қолайлы қылып 6 градусқа дейін еністікте жасалады. Серуен аланының едені қатаң жапқышпен жасалған болса, әр бас сиырға 8 шаршы метрден, ал ондай жоқ болса 15 м² қаралып, үштен бір бөлігіне көлеңке жаппа жасалады.
2. Ірі қара малдарын байлаусыз бос қолда тұрғызып ұстағанда қолданатын тәсіліне байланысты (қалың жиналмайтын төсеніште немесе бокста) жер орайы, ауа райы, температуралық жағдайы және өндіріс бағыты (еттік, өнімдік, сүттік т.б.) ескеріліп төрт типті қора жобаланып салынады:
1) Жан-жағы ашық, тек төбесі жабық-күрке тәріздес қора;
2) Төбе және үш жағынан қабырғалар қаралған-жартылай ашық қоралар;
3) Малдардың еркін серуен алаңына кіріп-шығуына арналған қақпа кәсектері ғана қаралған-жылыланбаған қоралар;
4) Малдардың мезгілді шығуына арналған – жылыланған қоралар.
Бірінші типпен салынған күрке қоралар Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және біздің еліміздің оңтүстік аймақтарында салынады, жартылай ашық және жылыланбаған типті қоралар Ресейдің оңтүстік аймақтары, Молдава және Украина жерлерінде қаралады, ал сыртқы ауа температурасы минус 15 градус, оданда төмен аймақтарда жылыланған қораларды жобалап салып пайдаланады.
Ондай қораларда сиырларды қалың төсеніштерде ұстайды да жылу сиымдылығы малдарды байлап тұрғызып ұстауға арналған қорадағыдай болады. Қораның сиымдылығы үлкен болса, әр 25-50 басқа шақтап, дем алатын орнын 4-5 м² есептеп, бірнеше бөліктерге бөледі. Малдарды азықтандыру, суару, арнайы жасалған серуен алаңдарында жүргізіледі. Мұндай сиыр қораларында микроклимат қалыптанбайды, бірақ ауа температурасы плюс бес градустан төмен болмағаны қаралады. Қалың төсеніштердің арасындағы микробиологиялық процесстердің нәтижесінде, оның қалың қабатындағы температура 15-20 ºС дейін көтеріледі. Төсенішті тәулігіне бір рет 3-5 кг әр басқа есептеп салып отырады да, жыл бойында 1-2 рет механикалық әдіспен шығарып отырады.
Ірі қара малдарын бос байлаусыз арнайы бокстарда ұстағанда ондай қоралардың көрсеткіштері малдарды байлап тұрғызып ұстауға арналғандай болып және ондағы технологиялық процесстердің түрлеріне байланысты болады.
Мұнымен қоса ірі қара малдарын бос байлаусыз ұстаған кезде әрбір топтағы мал басының санына байланысты олардың өнімі өзгерісте болады. Себебі малдың әр топтағы басы (60 одан артық) көп болса оларды бақылау қыйындап, ауру, күйтке келген сиырларды дер кезінде анықтау қыйынға түсіп, әлсіз малдар шектеліп азық жеп, су ішуден қағылып, жүдеп-арып кетуіне әсер етеді.
Ірі қара малдарын әртүрлі тәсілдермен қораларда тұрғызып-байлап және бос еркін ұстаған кезде әр басқа келетін еден аудандары мен қораның негізгі технологилық бөлшектерінің қалыпты размерлері 1-ші кестеде өрсетілген.
Малдарды байлаусыз, ірі топтармен ұстаған кездерде, оларды азықтандыру, суару серуендеу мезгілдерінде жиі таластар туып, әлдісі әлсізін шектеп, азық-судан қағып, сүзіп жарақаттар түсіріп, малда стресс (күйзеліс) туғызып, жүдеуіне өнімінің төмендеуіне апарып соғады. Сондықтан оларға арналған азықтандыру науалары мен суару құбырларының ені әр малдың жасына, өніміне негізделіп белгіленуі қажет. Сол сыйяқты малдардың серуендейтін алаңдарының мөлшері де нормативке сәйкес болуы керек.
Ірі қара малдарын ұстау тәсілдерімен жас айырмашылықтарын негізделіп азық науаларының ені мен суғарғыштардың размері және серуен алаңдарының нормативтері берілген.
Малдарды цехті-потокті (түйдекті) жүйемен ұстау кезінде сиырлар тобы әр цехта (бөлмеде) технологиялық есептеу уақытына байланысты орналастырылады.
Ірі қара малдарын, олардың жасына, туу мерзіміне қарай жіктеп, топқа бөліп бір цехтан екінші цехқа ауыстыру мал мамандары-зоотехникпен малдәрігерлердің жасаған технологиялық циклограммына (есебіне) байланыстырып жүргізіледі.