Дәріс №1 Пәнге кіріспе. Отандық тарихты оқудың


Сауатсыздықпен күрес. Ұлттық және мәдени негіздердің күйзелісі



бет17/41
Дата09.09.2022
өлшемі174.91 Kb.
#460513
түріСабақ
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   41
Д ріс №1 П нге кіріспе. Отанды тарихты о уды

3.Сауатсыздықпен күрес. Ұлттық және мәдени негіздердің күйзелісі.
4.Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар мен қатардағы жауынгерлердің ерліктері - ата-баба қаһармандығының дәстүрлі жалғасы. Тыл еңбек ерлері.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германияның әскерлері Кеңестер Одағына басып кірді. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағы үшін бұрын-соңды бастан кешкен барлық соғыстардың ішіндегі ең ауыры болды. Соғыс елді біртұтас жауынгерлік лагерьге айналдыруды, бүкіл экономика мен кеңес халқының күш-жігерін майдан мүддесіне, жауды жеңу мақсатына жүмылдыруды талап етті. Қазақстан еңбекшілері бұл міндетті толығымен қолдады. Сөйтіп, халық азаттық соғысына бір кісідей көтерілді. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндері өткен жиындарда олар Отан алдындағы парызын орындауға әзір екендіктерін білдірді. Қызыл Армияның қатарына өз еріктерімен баратындықтары туралы қалалық және аудандық әскери комиссариаттарға мыңдаған арыздар түсіп жатты. Жас жігіттер мен қыздар, аға буын өкілдері қолдарына қару алып, майданға аттануға тілек білдірді. Соғыстың алғашкы күндерінде-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның командирі болып азамат соғысына қатысушы генерал И. В. Панфилов тағайындалды. Соғыстың бастапқы үш айының ішінде Қазақстанда 238, 310, 314, 387 және 391-атқыштар дивизиялары құрылды. 1941 жылдың аяғына дейін мұнда тағы бір дивизия, үш бригада жасақталды. Соғыс кезінде небары республикада 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, жиырмадан аса атқыштар және атты әскер бригадалары, әуе күштерінің, зеңбірекшілерінің полктері, әр түрлі соғыс саласының ондаған батальондары құрылды. Республика адам күштерімен тек қазақстандық құрамалар мен бөлімшелерді ғана емес, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жердегі басқа да құрамалар мен бөлімдерді толықтырып отырды. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан майданға 1200 мыңға, еңбек армиясына 600 мыңға, барлығы 1800 мыңға жуық қазақстандықтар аттанды. Республика майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомашина, 1,5 мың трактор, 110,4 мың жылқы және 16,2 мың арба жіберді.
Қазақстан офицер кадрларын және армия мен флот үшін резерв даярлау ісіне лайықты үлес қосты. 1941-1945 жж. әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандықтар жіберілді, республика жерінде тұрған 27 әскери оқу орны 16 мыңдай офицер даярлап шығарды.
Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттеріне жазылған қазақстандықтардың ерлігі аз болған жоқ. Еліміздің басқа да халықтарының ұл-қыздарымен қатар біздің республиканың жастары да жаумен Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі майдан шептерінде ерлікпен шайқасты. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерінен бастап басқыншылармен кескілескен ұрыс жүргізді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ.Жұматов, Ш.Шолтаров, В.Лобанов, К.Әбдірахманов, К.Иманқұлов, Е.Качанов т.б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Саарема аралы, Минск, Одесса, Бельцы, Шауляй, Севастополь және т.б. қалалар үшін шайқасты. Әсіресе 1941 жылғы қараша, желтоқсан айларында Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына астанаға апаратын негізгі өзекті жолдардың бірі ‒ Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда майор Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-атқыштар полкі жау шабуылына дивизияның басқа бөлімдерімен бірге ерлікпен тойтарыс берді. /Б.Момышұлына 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді/. Қысқа мерзім ішінде бұл дивизияның жауынгерлері бір танк және екі жаяу әскер дивизиясын талқандады. 316-дивизияның жоғары қаһармандық қабілетін қамтамасыз етуге оның командирі И.В.Панфилов зор еңбек сіңірді.
Дубосекова разъезі түбінде 28-панфиловшы жауынгерлер жаудың 50 танкісінің шабуылына қарсы тұрды. Саяси жетекші В.Г.Клочковтың жауынгерлерді ерлікке жігерлендіріп: «Ресей жері кең байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда Мәскеу!» ‒ деген сөздері бүкіл майданға тарап кетті. 28 жауынгер ‒ орыстар, қазақтар, украиндар, қырғыздар ‒ 4 сағат бойы өршелене жасалған жау танктерінің тынымсыз шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәскеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.В.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Аманкелдиев өздерінің ерліктерімен мәңгі өшпес із қалдырды. 316-дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы, жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған құрметті 8-ші Ұлан дивизиясы атағы берілді. Мәскеу түбіндегі ұлы шайқасқа панфиловшылардан басқа Қазақстанда жасақталған 312, 238, 391, 39, 387-ші атқыштар дивизиялары, 74, 75-ші теңіз флот бригадалары қатысты. Гитлершіл басқыншылардың Мәскеу түбінде талқандалуы жау әскерлерінің рухын түсірді. Гитлердің қауырт соғыс жоспары біржолата күйреп, неміс-фашист армиясының жеңілмейтіндігі жөніндегі аңыз жоққа шықты. Қазақстанда құралған басқа дивизиялар, бригадалар мен полктер Ұлы Отан соғысы майдандарына 1942 жылы кіргізілді. Бұл кезде Ақтөбеде жасақталған 312-ші дивизия Малоярославль түбінде жаудың үш-төрт дивизиясына қарсы бір жеті бойы қасарысқан қорғаныс ұрысын жүргізді. Шымкент қаласында құрылған 102-ні дивизия Украинаның солтүстік-шығысында қорғаныс шебін ұстап тұрды, одан Солтүстік Кавказға шегініп, адам күштері аз қалғаннан кейін сол жерде таратылды.
Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы бетбұрыс кезең болды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан құрамалардың арасында Қазақстанда жасақталған 38-атқыштар дивизиясы бар еді. Ол әр кезде 62-армия /қолбасшысы В.И.Чуйков/, 57-армия /қолбасшысы Ф.И.Толбухин/, сондай-ақ Сталинград үшін болған шайқастың негізгі ауыртпалығын көтерген 64-армияның /қолбасшысы М.С.Шумилов/ құрамында соғысты. Сталинград түбіндегі ұрыстарда Жамбыл қаласында жасақталған 81-атқыштар дивизиясы жауды талқандауда салмақты үлес қосты. 1942 жылғы қарашаның аяғы ‒ желтоқсанның басында бұл дивизия Котельниково қаласын алуға, сөйтіп Сталинград қаласында қоршауда қалған Паулюстің армиясын босату үшін әрекет жасаған неміс-фашист әскерлеріне қарсы шайқастарға қатысты. Сондай-ақ Орал қаласында жасақталған 152-ші атқыштар бригадасының батальондары Элиста-Астрахань жолы арқылы Еділ өзенінің төменгі сағасына өтуге тырысқан неміс, румын әскер бөлімдерінің жолын бөгеді. Қызыл әскер бөлімдерімен шайқастарда көптеген шығындарға ұшыраған неміс-фашист әскерлері Астраханьға шабуыл жасауға тырысқан әрекеттерінен бас тартты. Қазақстандық жауынгерлер тек Сталинград түбінде ғана емес, сонымен қатар Курск иінінде, Днепр, Ленинград үшін шайқастарда жанқиярлықпен соғысты. Ленинград қоршауындағы әскери бөлімдерде қызмет еткен жауынгерлердің арасында Д.Шыныбековтың, алысқа ататын зеңбірекке бекітілген аэростат командирі С.Жылқышиевтің есімдері мақтанышпен аталды. 1942 жылғы шайқастардың бірінде Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының түлегі А. Ахметов өз есімін өшпес даңққа бөледі. Ол 19 жауынгермен әскери маңызы бар бір төбені жаудан қорғап, соңғы адамы қалғанша соғысты. Жаралы болып ес-түссіз жау қолына түскен одан жау солдаттары әскери мағлұмат алмақ болып азапқа салды. Тістерін сындырып, құлағын кесті. Осындай азапта жау офицерінің бетіне түкіріп, қайсарлық пен қаһармандық үлгісін көрсеткен А.Ахметовты қанішерлер үстіне жанармай құйып өртеп жіберді. Батыр жігіт жау алдында сес бермей, өмірден өтті. Елге оның ерлігі туралы хабар майдангер жазушы П.Кузнецовтың очерктері арқылы жетті. Қуатты жарылғыш минамен жау танкісінің астына түскен Қ.Сыпатаев, жаудың пулеметтен оқ шашып тұрған дзотының аузын өз кеудесімен жапқан Ленинград қорғаушысы С.Баймағамбетов қазақ жауынгерлерін ерлікке рухтандырды. Соңғы жылдарға дейін тарихи оқулықтарда қазақ ұшқышы Кеңестер Одағының батыры Н.Әбдіровтің ерлігі жөнінде, атақты ұшқыш капитан Н. Гастеллоның отқа оранған ұшағын жаудың танк колоннасының үстіне шүйілдіре құлатып, тас-талқан еткен көзсіз ерлігін қайталаушы адам ретінде жазылып келді. Н.Әбдіров те 1942 жылы 19 желтоқсанда Ростов облысы Боков-Понамаревка ауданында жау оғы тиіп, жана бастаған өзінің «Ил-12» ұшағын неміс танктерінің шоғырланған қалың ортасына бағыттап, оларды көп шығынға ұшыратып, қаза тапқан. Бұл ерен ерлікті соғыстың алғашқы 5-ші күні капитан Масловтың экипажының құрамында (капитан Гастеллоның экипажынан сәл бұрын) қазақ ұшқышы, Алматы облысы Балқаш ауданының түлегі Б.Бейсекбаев та жасаған еді. Бұл тарихи әділеттік арада 56 жыл өткенде орнап, Б.Бейсекбаевқа Ресейдің батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Сталинград түбіндегі жеңістен кейін 1943 жылдың жазында қызыл әскер бөлімдері бірнеше жүздеген шақырым ілгері жылжып, Белгород-Орел шебіне шықты. Мұнда сол жылдың шілде айында Курск иінінде орасан зор шайқас жүрді. Курск шайқасына қатыскан әскери бөлімдердің қатарында қазақстандық 72-ші және 8-ші атқыштар дивизиялары да болды. 72-ші дивизияның жауынгерлері Белгородтің оңтүстік-шығысына қарай өңірдегі неміс әскерлерінің шабуылына қарсы қорғаныс шебінде қимыл жасады. Сонымен бірге қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясы да Орел-Курск иінінде жау әскерлерімен жойқын ұрыстар жүргізді. Сөйтіп, гитлершілдердің бұл майдан шебінде шабуыл жасау әрекетінен ештеңе шықпады. 1943 жылы 5 тамызда 72-ші және 8-ші дивизия жауынгерлері қатысқан Батыс және Брянск майдандарының әскерлері Орел және Белгородты немістерден азат етті. Сол жылғы күзде 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 3-ші екпінді армия құрамында Невель қаласын азат ету операциясына қатысты. 1943 жылы 17 қыркүйек ‒ 10 қазан аралығында 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасы 4-ші екпінді армия құрамында Демидова қаласы маңындағы жаудың бекінісін бұзып өтіп, Смоленск, Витевск облыстарының 158 селосы мен деревнясын жаудан тазартты. Батыс майдан әскерлерінің құрамында сондай-ақ қазақстандық 30-ші гвардиялық және 8-ші атқыштар дивизиялары да болды. Курск иініндегі жеңістен кейін Қызыл армия бөлімдерінің кеңінен етек алған шабуылы барысында Днепр өзенінен өтіп, туысқан Украин жерін азат ету айрықша орын алды. Украинаның ұлы өзенін кесіп өтудегі жанқиярлық ерлігі үшін 123 қазақстандық жауынгерлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1944 жылдың күзі 1945 жылдың көктемінде қазақстандықтар Еуропа халықтарын неміс басқыншыларынан азат ету ісіне үлкен үлес қосты. 1945 жылдың 16 сәуірінен бастап 2 мамырға дейін қазақстандық жауынгерлер Германияның астанасы Берлинді алуға қатысты. Лейтенант Р.Қошқарбаев қатардағы жауынгер Болатовпен бірге алғашқылардың бірі болып, рейхстаг қабырғасына қызыл жалау тікті.
Соғыс аяқталар кезінде сақталған барлық қазақстандық 12 дивизия құрметті әскери атаққа ие болды. Олардың бесеуі Кеңестер Одағының Орденімен бір рет, төртеуі екі рет, екеуі үш рет марапатталды. Бес дивизияға Кеңестер Одағының ең жоғарғы құрметті әскери белгісі гвардиялық дивизия атағы берілді.
Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда, Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында ‒ 1500, Ленинград облысында 220, Смоленск жерінде 270-тен астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен отрядтарда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері Ғ.Ахмедияров, Қ.Омаров, А.Жұмағалиев, З.Хусаинов, Б.Оразбаев, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Т.Жанкелдин, Ж.Саин т.б. есімдері соғыстан кейінгі жылдары зор құрметке ие болды.
Жапонияның 1945 жылғы қыркүйектің басында тізе бүгуімен Кеңестер Одағының Ұлы Отан соғысы және екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Адамзат фашистік диктатураның дүние жүзіне үстемдік жүргізу қаупінен аман аман қалды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері үшін 96638 қазақстандықтар Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталды. 500-ге жуық қазақстандықтарға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, олардың 99-ы қазақ. Кеңес Одағының Батыры атағы ұшқыштар Т.Бегильдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов, С.Д.Луганскийге екі реттен берілді. Соғыс Қазақстан үшін өте қымбатқа түсті. Ұлы Отан соғысында 603 мыңдай Қазақстан азаматтары ерлікпен қаза тапты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет