Дәріс №1 Пәнге кіріспе. Отандық тарихты оқудың



бет20/41
Дата09.09.2022
өлшемі174.91 Kb.
#460513
түріСабақ
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   41
Д ріс №1 П нге кіріспе. Отанды тарихты о уды

«Жеке басқа табыну» деген сөз тіркесінің өзі соңғы ғасырда өмірге келді. Кезінде сталиндік Конституция деген КСРО-ның Ата Заңы болған. Ол халықаралық құқықтық сараптаманың бәрінен мүдірмей өткен. Бірақ сол Конституция тұсында 2 млн. 700 мың қазақ қырылды. Ф.И.Голощекин 130 мыңнан астам қазақ зиялысын абақтыға жаптырып, 25 мыңын атқызып тастады. Абақтыға қамалған 130 мыңның 30 мыңдайы ғана елге әрең жеткен. Міне, қазақ халқы үшін жеке басқа табыну зардаптары мен қасіреті осындай.
2.Н.Хрущевтың «жылымығы» жылдарындағы Қазақстан.
КСРО ОК-нің Бас хатшысы, КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы И.В.Сталин 1953 жылы 5 наурызда қайтыс болды. Сталиннің өлімімен тұтас бір дәуір аяқталды. Біршама уақыттан кейін КСРО ОК-нің Бас хатшысы, КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы болып Н.С.Хрущев (1953-1964 жж.) отырды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап елде игі істер атқарылды. 1953 жылғы шілдеде КОКП ОК-нің пленумында бұрынғы КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариатының халық комиссары, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қуғын-сұргінді ұйымдастырушы, саяси авантюрист Л.Берия (1899-1953 жж.) ісі қаралып, барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, ату жазасына кесілді. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық дәуір аяқталды. Н.С.Хрущев басқарған жылдар КСРО тарихында “жылымық жылдар” деп аталды, себебі ол ел басқаруда И.В.Сталинге қарағанда біршама “жұмсақтық“ танытты, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. 1954 жылы Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуы республикадағы қоғамдық өмірге үлкен әсерін тигізді. Тың жерлерді игеру науқаны барысында кадрлар өрескел түрде алмастырылды. Он жылдың ішінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы алты рет өзгертілді. Бірінші хатшы Ж.Шаяхметовтің орнына КСРО мәдениет министрі П.Пономаренко тағайындалды. Ал үкімет басындағы Н.Оңдасыновтың орнына Д.А.Қонаев келді. 1955-57 жж. Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Л.И.Брежнев П.Пономаренконың орнына көтерілді. Кейінгі басшылар: Н.И. Беляев (1957-1960), Д.А.Қонаев (1960-1962), И.Юсупов (1962-1964) болды. Бұл науқан барысында тағайындалған басшылардың көбі қазақ тарихын, ұлттық табиғи ерекшеліктерін білмейтін. Сондықтан науқан нәтижесі экологиялық, демографиялық, рухани зардаптар алып келді.
1956 жылы ақпанда Москвада КОКП-ның ХХ съезі өтті. Н.С.Хрущев баяндама жасады. Ол өз сөзінде И.В.Сталиннің жеке басына табынуды айыптады. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелеп, оған талдау жасауға тырысты. Жарты жылдан кейін 30 маусымда “Жеке басқа табынудың зардаптарын жою” жөнінде қаулы қабылданды. Н.С.Хрущев И.В.Сталиннің жеке басына табынуды айыптағанмен ол қалыптасқан жүйені яғни социализм жүйесін өзгерте алмады.
Н.С.Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің жеке басына табынушылығын әшкерелеу” туралы баяндамасының толық мәтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді. Қоғамдағы кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін тұғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-50 жж. істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-56 жж. партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Б.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов елге оралды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев партия қатарына қайтадан алынды. Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен оның төңірегіндегілердің И.В.Сталиндік тәртіпті сынға алғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшіл жүйені толық жоя алған жоқ. Әлі де кінәсіз сотталған адамдар түрмелерде қала берді.
Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтаңдақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді. Қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді. Жасалған іс-әрекеттің жартыкештігінің салдарынан бір жағынан депортацияға ұшыраған башқұрттар, қалмақтар, шешендер, ингуштар мен қарашайлардың автономиясы қалпына келтірілсе, екінші жағынан қырым татарлары, немістер, месхет түріктеріне өз автономиясын қайта құруға әкімшіл-әміршіл жүйе тыйым салды.
Әкімшіл-әміршіл жүйені мойындаған қазақ зиялыларына біраз кешірімдер жасалғанымен тоталитарлық тәртіп зиялыларды бақылауын тоқтатпады. Мысалы, 1953-54 жж. М.Әуезовтің “Ақын аға”, К.Шаңғыбаевтың “Намыс” және т.б. еңбектері басылымнан алынып, жариялауға тыйым салынды. 1956 жылы 19 желтоқсанда КОКП Орталық Комитеті жергілікті партия ұйымдарына “Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту және жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөнінде” арнаулы жабық хат жолдады. Сөйтіп, тұтқындау науқанының жаңа кезеңі басталды. Саяси тұрғыда басқаша ойлаушылар қоғамның қайшылықтарын ашық айтқандары үшін қудаланды. Бір ғана мысал, 1956 жылы белгілі тарихшы Э.Н.Бурджалов “1917 жылғы наурыз-сәуір айларындағы большевиктердің тактикасы” аты мақаласы үшін қызметтен алынып, қудаланды. 1957 жылдың наурыз айында ғана “Советтік шындықты бұрмалағаны үшін” және өткенді қайта қарағаны үшін 100-ден астам адам тұтқындалды. Мұндай келеңсіздіктер 1960-шы жылдары да қоғам өмірінен орын алды. 1959-60 жж. 155 еңбектің жариялануына партия тарапынан тыйым салынды. 1960 жылы Қазақстан жазушылар одағы республика компартиясының төрағасына С.Торайғыровтың творчествосын қайта қарау туралы ұсыныс жіберді. Екінші жіберілген хатта Шәкәрім творчествосын қайта қарауға рұқсат сұрады. Бұған жауап ретінде республика компартиясы 1961 жылы Қазақстан жазушылар одағының қызметін қанағатсыз деп тауып, ұлт мәселесін көтерушілермен күресті жандандырды.
Осы жылдары орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте маңызды болды. Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды. Ақмола – Целиноградқа, Батыс Қазақстан – Орал облысына айналды. Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тәтімов, М.Ауэзов бас болып “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты – қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте және басқа жерлерде пайда болды.
Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Әсіресе, экономиканың әскери сұранысқа сай бейімделуі қоғамға теріс ықпалын тигізді. 1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық және қаржылық шығын әкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды. Н.С.Хрущев мемлекеттің “коммунизмге өтуіне байланысты” жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылды. Бұл комиссияның жобалары 1977 жылы КСРО Конституциясын жасауда пайдаланылды. Сол жылдардағы конституциялық заңдарда жазылған демократия талаптары із жүзінде жүзеге аспады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Кеңесіне бағынды. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес тек бір палатадан тұрды, яғни балама болмады. Конституцияда тәуелсіз деп көрсетілгенімен, құқық қорғау, прокуратура органдары да орталыққа бағынды. Ал биліктің тармақтары: заң шығару, атқару, сот-тергеу, прокуратура Коммунистік партияға есеп беріп, бұйрық-жарлықтарын орындап отырды. Ешбір кеңестік заңда бұл процесс заңдастырылмағанымен, іс жүзінде әкімшіл-әміршіл жүйе билік құрды. Депутаттарды сайлау науқандары да демократиядан мүлдем алшақ еді. КСРО Жоғарғы кеңесіне 20 мың адамнан біреу, облыстық кеңеске 5-8 мың адамнан біреу, аудандық кеңеске 1000 адамнан бір таңдау негізінде жүргізілді. Дауыс берушілер іс жүзінде депутаттарды көрмеді, білмеді. Дауыс беру тек сөз жүзінде жүргізілді. Депутаттарды халық таңдамады, жергілікті әкімшілік органдар “тағайындады”. Сайлаған депутаттар өз міндеттерін білмеді. Депутаттар орындауға тиісті мәселелерін атқару комитеттеріне өтініш ретінде беріп отырды.
Саяси қателікке толы Н.С.Хрущев қызметінің соңы 1964 жылдың қазан айында аяқталды. КОКП-ның Орталық Комитетінің Пленумында 1 хатшы қызметіне Л.И. Брежнев сайланса, ал Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н.Косыгин тағайындалды. Олардың ізін ала Қазақстан КП ОК 1 хатшысы болып Д.А. Қонаев сайланды.
Әміршіл-әкімшіл жүйе мәдениет саласының дамуында да үлкен қиыншылық тудырды. Республиканың интеллигенция өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мәдени мекемелер, оқу орындары мен мектептердің санының азаюы елдің мәдени даму үрдісіне кедергі келдірді. Аталған кезеңде дүниеге келген шығармаларда тек майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер мен ауыл еңбеккерлерінің өмірі бейнеленді. Олардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ә.Нұрпейісовтың “Курляндия”, С.Мұқановтың “Сырдария”, Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар республика әдебиеті жазушылар Ә.Нұрпейісовтың, Т.Ахтановтың, Б.Момышұлының, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, ақындар Қ.Аманжоловтың, Х.Ерғалиевтің т.б. жаңа шығармаларымен байыды. М.Әуезовтің “Абай жолы” романы дүние жүзіне танылды. М.Төлебаевтың “Біржан мен Сара”, Брусиловскийдің “Дудар-ай”, Қ.Қожамияровтың “Назугул” опералары Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді.
1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Ғылым Академиясының толық мүшелері болып көрнекті ғалымдар – М.Әуезов, Ә.Бектұров, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, Н.Т.Сауранбаев, мүше-корреспонденттеріне Н.О.Базанова, Р.А. Барукаев, Ә.Х.Марғұлан, М.И.Усанович және т.б. сайланды. 1950 жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым Академиясының жүйесінде 50 ғылыми зерттеу институты жұмыс жасады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның комплексті металлогендік әрі болжамдық картасын жасағаны және оның методикасын зерттегені үшін ғалымдар: И.И.Бек, Р.А.Борукаев, Г.Ц.Медоев, Д.Н.Казанин, Қ.И.Сәтпаев және басқалары Лениндік сыйлыққа ие болды.
1950 жылдары 13 институт: Семейде – малдәрігерлік-зоотехникалық және медициналық, Қарағандыда – медициналық, политехникалық және педагогикалық, Атырауда, Қостанайда, Шымкентте және басқа жерлерде педагогикалық институттар ашылды. Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалынан шықпады. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырумен қатар жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайлы қарауына алып келді. Осының салдарынан 20 жылдың ішінде (1950-1970 жж.) қазақ мектептерінің саны 3891-ден 2577-ге дейін азайды, ал сабақ орыс тілінде жүретін орыс мектептерінің саны 1,5 мыңға көбейді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қолданыс дәрежесінде сақталса, орыс тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде қолданылды. Кітаптардың 95 % орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 % эфирде тек орыс тілінде жүргізілді. Кеңестік тәртіптің бұл қылмысының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылып, тіпті ұлттық территорияға қауіп төнген жағдайлар орын алды. Сонымен, қаралған жылдары республикада интернационализм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет