Несеп-зәр шығару түтігі (мочеиспускательный канал, urethra) Еркекте ұзындығы 18 см. жуық, қуықтан басталып ерлердің сыртқы жыныс мүшесінің басына ашылатын түтік (мужской мочеиспускательный канал, urethra masculina). Одан зәр мен бірге шәует сұйықтары шығады. Еркекте несеп шығару түтігі: басқы немесе простата, ортаңғы немесе жарғақты, соңғы немесе кеуекті болып, үш бөлімнен тұрады:
1. Басталар бөлігінің ұзындығы 3-4 см, қуық асты безін қоршап тұрады. Осы бөлімнің екі жағынан шәует шашақыш ағысы мен қуық асты безінің өзегі ашылады.
2. Ортаңғы бөлігінің ұзындығы 1-2 см, екі тар, қысқа бөлігі, бұлшық ет және шандырлар арқылы шат сүйегіне бекіген. Бұл жерде түтіктің сыртқы қысқышы орналасқан, оның екі жағында бульбоуретал бездері бар.
3. Соңғы, кеуекті бөлігінің ұзындығы 15-16 см. жыныс мүшелерінің астыңғы кеуекті денесі болып саналады. Оның басталар жерінде купер түтіктері ашылып, оның несеп шығару түтігіне ағады.
Кеуекті бөлік екі жерде кеңейген:
1. Кеуекті дененің буылтығында
2. Ер адамның сыртқы жыныс мүшесінің басындағы ладья тәрізді шұңқырда.
Ер адамның несеп шығару түтігінде алдыңғы және артқы екі иірім бар. Алдыңғы иірім сыртқы жыныс мүшесі көтерілгенде тіктеледі, ал артқысы қозғалмайды. Несеп шығару түтігінің кеңейген, тарылған жерлерін оның иірімдерін білу катетер салғанда керек болады.
Әйел адамның несеп шығару түтігінің (женский мочеиспускательный канал, urethra feminina) ұзындығы 3,0-3,5 см. қуықтан басталып, төменге қарай бағытталып, жамбас қуысының түбінен өтіп клитор мен қынап кіреберісінің арасына ашылады.
Несеп шығару түтігінің қабырғасы шырыш, шырыш асты және бұлшық ет қабатынан тұрады. Бұлшық ет қабаты ұзынынан және көлденеңінен жатады. Несеп шығару түтігінің жамбас түбінен өтер жерінде бұлшық еттің қысқышы (сфинктер) пайда болады.