Дәріс мәтіндері 1- тақырып. Қазақ тілін деңгейлік оқыту әдістемесі: әдіснамалық негіздері Жоспары: Типтік оқу бағдарламасынан көшірме



бет22/34
Дата28.09.2023
өлшемі167.11 Kb.
#479081
түріБағдарламасы
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   34
1 lektsiya kazak tilin ok tu adistemesi kurmanova a.k-1

Лекция мақсаты:
Лекция мәтіні (қысқаша):
Орыс сыныптарында оқылатын қазақ тілі пәнінің мақсаты – оқушыларды белгілі дәрежеде қазақша сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алуға, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу. Ал бұл мақсатқа жету үшін мұғалімдер сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Себебі әдіс арқылы мұғалім мен оқушы ғылыми негізде бірлескен әрекет жасайды. Сондықтан мұғалім оқушы белсенділігін арттыруда әдістерді сабақ түріне, тақырыбына, орындайтын тапсырмалардың типіне, жаттығулардың мақсатына, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таңдайды. Таңдалған әдіс оқушыны білім нәрімен сусындатып, теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, өздерінің қажеттіліктеріне қарай жұмсай білуге дағдыландырады. Осы ретте оқыту әдістері, жалпы әдіс дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Ол не үшін қажет деген сауалдар туындайтыны сөзсіз. Өйткені әдіс деген сөздің білдіретін нақтылы мәнін, мазмұнын айқындап алмасақ, ол кейде тәсілмен (способ), кейде амалмен (прием), араласып, бірінің орнына бірі жұмсалып, әр түрлі мәселелер өздеріне тиісті атаулармен бірыңғай айтылудың орнына, біресе әдіс деп, біресе тәсіл деп айтылып, түрленіп қолданылып келеді. Бұлар әдістеме іліміндегі негізгі ұғымдар болғандықтан, олардың ғылымдағы негізгі мәні айқын болғаны дұрыс, себебі ол әдістеме іліміндегі түсініктердің қалыптасуына да әсер етеді. Мұның өзі бұл сөздердің әрқайсысына ортақ өзіндік белгілерді тануда қиындық туғызады және олардың бір-бірінен айырмашылығын анықтауға мүмкіндік бермейді.
Негізінен әдіс (метод) – алғаш грек тілінен алынған, оның әуелгі ұғымы metodos зерттеу деген мағынада жұмсалған [3]. Кейін сол бұрынғы тар мағынасында қалмай, белгілі бір шындықты танудың немесе белгілі бір пәнді оқытып зерттеудің амалдары деген ұғымды білдірген. Десек те әдіс өте құбылмалы. Себебі ескі әдістер жойылып орнына жаңа әдістер пайда болады. Мәселен, догматикалық әдіс өмірден өтіп жаңадан программалық, проблемалық әдістер өмірге келуде. Мұғалім сабақ өткізген кезде таза бір әдісті ғана қолданбайды. Оның үстінде әрбір әдіс жеке элементтерден тұрады. Оны тәсілдер деп атайды. Тәсіл мен әдіс қатар жүреді. Тәсілдерден әдістер туындауы мүмкін. Егер тәсіл өзін іс жүзінде ақтаса, ол күрделене келе әдіске айналады, ал әдіс өзін ақтамаса, ол тәсілге айналуы мүмкін. Оқыту әдістері оқыту тәсілдерінен тұрады. Тәсіл – әдістің құрамды бөлігі. Оқыту әдістері өте көп. Ол пәнге, тақырыпқа, мақсатқа, оқушылардың жалпы деңгейіне, ұстаздың шеберлігіне, сабақтың керекті жабдықтарымен қамтамасыз етілуіне байланысты. Сондықтан оқыту әдістері топталып, жіктеледі. Мәселен, орыс сыныптарында қазақ тілін үйретуде, оқушылардың қазақ тілінен алған білімі мен білігін, дағдысын қалыптастыруда төмендегідей әдістер топтамасы үсынылады:
1. Әдіскер-ғалым З.Бейсембаева табиғи әдіс, сұрақ-жауап әдісі, сурет әдісі, сөйлем мен сөзді толықтыру әдісі, мәтінмен жұмыс әдісі сияқты әдіс түрлерін ұсынады [4,15].
2. Профессор Н.Оралбаева, К.Жақсылықова «Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі» оқулығында баяндау, түсіндіру, ойландыру, жалқылау, жалпылау, әңгімелесу, еліктеу, жаттығу, ана тілімен салыстыру, көрнекілік, топ, экскурсия әдісі сияқты әдістерді топтап береді [5, 21].
3. Әдіскер Ж.Сүлейменова әдістерді жалпыдидактикалық және жеке пәндік деп екі топқа бөліп қарастырады да, жалпыдидактикалық топқа: Ауызша хабарлау немесе сөз әдісі: баяндау, түсіндіру, әңгімелеу, пікірталас, дәріс; Көрнекілік әдісі: иллюстрациялау, демонстрациялау; Бейне әдісі: электронды оқулық; Практикалық әдіс: жаттығу, тәжірибе жасау, экскурсия, кітаппен жұмыс жасау әдісін жатқызады.
Жеке пәндік топқа: Ана тіліне сүйену немесе салыстыру: еліктеу, аударма, грамматикалық талдау, коммуникативті-ситуативтік драматизациялау; Лингвистикалық сөздіктермен жұмыс: сан әдісі; Апроксимация, грамматикалық ойын әдісін жатқызған [6, 24].
4. Әдіскер-ғалым К.Назарғалиева оқыту процесіндегі негізгі мақсат – таным-білімді меңгеру және меңгерту, оқытушы мен оқушының әрекеттерінен тұрады, сондықтан оқыту әдістерін саралауға өзге емес, осы қағида басшылыққа алынуға тиісті деп, оқыту әдістерін екі топқа бөліп топтастырады.
а) Оқыту әдістері: ауызша баяндау, информациялық хабарлау, түсіндіріп оқыту, әңгімелеу, демонстрациялау, экскурсия, тексеру, жүйелеу, бағалау.
ә) Оқу әдістері: әңгімелесу, оқулықпен, кітаппен, қосымша материалмен жұмыс, жоспарлау, тапсырманы орындау, бақылау, зерттеу, қайталау, графикалық жұмыс, жаттығу, оқыған материалын баяндау [7, 39].
5. Ғалым С.Рахметова: «Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі», - дей келе, әдістерді:
1) балалардың оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;
2) оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;
3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері деп бөледі [8,10].
Жалпы жоғарыдағы ғалымдардың әдістерді топтастыруларын қорытындылай келсек, бірінші топқа енген сөздік, көрнекілік, практикалық әдістері қабылдау мен есте сақтауға негізделеді; индуктивті және дедуктиті әдістер логикалық ойлауға негізделеді; өздігінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындау әдістері қиялға, ерікке негізделеді. Екінші топқа енген балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері оқушылардың таным қабілеттерін дамытады. Үшінші топтағы ауызша тексеру, жазбаша тексеру, лабораториялық практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері оқушылардың білім, білік, дағдыларын тәжірибеде, қарым-қатынас жасауда қолдануларына негіз болады.
Десек те қазіргі уақытта орыс сыныптарында төмендегідей әдістерді қолдану тиімді болмақ: ассоциация, деформация, салғастыру, сәйкестендіру, моделдеу, топтастыру, қатысымдық, тест, көрнекілік.
Ассоциация әдісі – сыртқы дүниенің әсерінен ойда жаңа ұғым пайда болып, санада сәйкес, ұқсас бейнелер елесін туғызады. Мысалы:
Деформация әдісі – түрі өзгертілген тапсырмаларды дұрыс қалыпқа келтіру.
Салғастыру әдіс –біртектес немесе өзара ұқсас ұғымдарды бір-бірімен салыстыру. Сәйкестендіру әдісі – сырт тұлғасы біртектес ұғымдарды бір-бірімен теңестіру.
Қазіргі қазақ тілін оқыту әдістемесінде тілді қатысымдық бағытта үйрету, яғни қазақ тілінің әлеуметтік рөлін, аясын кеңейтуді осы бағытта жүзеге асыру қажеттігі маңызды саналады. Сондықтан қатысым әдісінің ерекшеліктері мен тілді меңгертудегі мәні мен алатын орнын ажыратып, айқындау – қазіргі көкейтесті мәселенің бірі болып табылады. Сол себепті п.ғ.д., проф. Ф.Ш.Оразбаева тілді қатысымдық әдісі арқылы оқытуды ұсынады.
Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын; тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі. Ол оқушының жазбаша тілін дамытуда жүргізілетін әдістермен байланысты. Әдістің бұл түрі оқушы сөйлесім әрекетінің барлық түріне жаттықтырылады. Қазақ тілін үйретуде қатысымдық әдісті пайдаланудың ең тиімді жолы – оның тіке байланысқа негізделіп, адам мен адамның тікелей қарым-қатынасы арқылы тілді үйретуді жүзеге асыруында.
Ситуациялық әдіс – нақты жағдайдағы алынған мақсатты шешу жолында белгілі басқа әдістердің ешқайсысы тез және тиімді шешу мүмкіндігін бере алмаған кезде қолданылатын аралас әдістердің жиынтығы. Сондықтан да бұл әдіс шығармашылық, қалыптан тыс деп аталады. Берілген әдісті таңдау және қолдану кезінде басты рөлді ситуация (жағдай) атқарады. Бұл әдіс белгіленген мақсатқа жету үшін жағдайдан тыс шешімдерді қабылдауға, дәстүрден тыс жолдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Оқытушы бұл шешімдерден туындайтын ойластырылған себеп-салдарды алдын-ала көре білуі қажет. Себебі бұл әдіс оқытушының өзіндік шығармасы, шығармашылық қолтаңбасы, педагогикалық үдеріске сүйенген өзіндік көзқарасы мен түсінігі болып табылады.
Инсценизация әдісін түрлі формада, мысалы, алдын ала дайындалған диалог, нақты тақырыпқа арналған дискуссия, театрланған көрініс формасында пайдалануға болады.
Дискуссиялық оқыту әдісі батыс елдерінің оқу орындарында кейбір міндеттерді шешуде басқа әдістерге қарағанда жақсы нәтижесін көрсеткен.
Әдістің мәні, тиімділігі нақты мәселені шешуде көзқарастар мен пікір алмасуда байқалады. Дискуссияның көмегімен оқушылар жаңа білімді игеріп, өздерінің пікірін бекітіп, көзқарасын дәлелдей алады. Оқыту үдерісінде дискуссияның негізгі атқаратын қызметі-танымдық қызығушылықты арттыру болып табылады. Ал қосымша қызметі– оқыту, дамыту, тәрбиелеу және коррекциялы-бақылау.
Дискуссия оқушыға танымал материалдардың мазмұнын толықтырып, оны тиянақтауға және бекітуге көмектеседі. Оқытушы нақты бір білім жүйесі бойынша терең ақпарат алуда, оқушылардың ойлау қабілетіне әсер етіп, әрі қарай дамытуына бағыт береді.
Қазіргі кезде оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендірудің әр түрлі амал-тәсілдері өңделді. Оқу жұмысының жеке, ұжымдық, топтық түрлерімен бірге «миға шабуыл» әдісі, жоба әдісі тәжірибеге ендірілуде.
Тест әдісі – оқушылардың білімін байқау, жалпы сыныптың білімін бағалау, білім сапасы мен ой-өрісін арттыру, өтілген материалдар бойынша білімдерін бір жүйеге келтіру мақсатында қолданылады. «Тест» – ағылшын сөзі, сараптау, тексеру, сынама, байқау деген мағынаны білдіреді. Оны 1890 жылы американ психологы Джордж Кеттел ғылыми айналымға енгізген. Ақпаратты қысқарту, кеңейтіп жазу, өңдеу сияқты жазбаша жұмыстар мынандай тест түрлерін құрайды: тест-диктант (В.Коккота), прагматикалы тест, клоуз-тест (Х.Эббингхауном), аудиоклоуз-тест, тест-реферат, тест-жоспар, тест-шығарма, тест-рецензия, редакциялау тест, тест-көшіру, тест-перифраза, тест-прогноз.
Жоғарыда айтылған мәселелерді түйіндесек ереже, анықтама шығару қызметіне қарай қолданылатын әдістер жиынтығы: анализ-синтез; индукция-дедукция әдістері. Тілдік тақырыптардың өзіндік ерекшеліктері мен белгілерін саралайтын әдіс: салыстыру әдісі. Өтілетін тілдік материалдың ғылыми заңдылығы мен өзіндік белгілерін нақтылы дәлелдер келтіре отырып, өзі айтып түсіндіру және оқушылардың өздеріне баяндатып айтқызу жолымен білім беретін әдіс: баяндау әдісі. Үйретілген материалды мұғалім өзі ғана айтып түсіндірмей, сұрақ-жауап тәсілдері арқылы әңгімелесе отырып, сол арқылы оларды білім алуға баулитын әдістің түрі - әңгімелесу әдісі. Білік пен дағдыны игеруде және олардың сапасын көтеру мақсатында қолданылатын, алған білімдерін практикада қолдануға машықтандыратын әдістің түрі - жаттығу әдісі. Берілген тіл материалдары оқушыларға түсінікті болып, одан сапалы білім алу үшін және өтілетін материалдарды тиянақты қабылдап, оның ғылыми-практикалық негізін дұрыс түсіну үшін әрі зейінін, ұзақ мерзімде есте сақтау қабілетін дамытатын әдістің түрі - көрнекілік әдісі.
Десек те, еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы, бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Ал оқытудың нәтижелі болуының түп қазығы – алға қойылған мақсаттың жүзеге асуы. Ол әрине ұстаздарға байланысты. Мұғалім қандай тақырыпты өтсе де, ең алдымен оның мақсатын анықтауы қажет. Себебі оқылатын оқу матералын баяндауда, оның негізгі идеясын ашуда, оқушылардың назар аударатын басты мәселесін есте сақтауда, қажетті қосымша материалды анықтап алмай, оның мақсатын белгілей алмайсың. Оны іс жүзіне асыру үшін әдіс-тәсілдер керек. Сондықтан ұстаздар қауымы оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Сонда ғана біз келешектен үміт үзбейтін, болашақтан зор үміт күтетін, «Азия барысына» айналамыз әрі еккен дәніміз келешекте өз жемісін береді деп сенеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   34




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет