Дәріс тезистері № апта Дәріс тақырыбы және тезистер Сағат көлемі 1 №1-дәріс. Тақырыбы: Психология ғылымының жалпы мәселелері


§2. Іс-әрекет құрылымы: білім, дағды, икемділік және әдет



бет27/51
Дата12.11.2022
өлшемі0.79 Mb.
#464642
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   51
Дәрістер тезистері

§2. Іс-әрекет құрылымы: білім, дағды, икемділік және әдет.
Іс-әрекет құрылымы жөніндегі проблема психология теориясының дамуы мен көптеген практикалық міндеттердің тиімді шешімін табуда үлкен маңызға ие. Іс-әрекет құрылымы жөніндегі алғашқы теориялық пайымдаулар әрекет элементтерімен байланыстырылады. Адамның дүние жайлы білімі алғашында бейне, түйсік және қабылдау түрінде пайда болады. Білім тек білу үшін қажет емес. Таныс емес затпен кезіккенде біз ең алдымен онымен қалай әрекет жасау керектігін білуге тырысамыз. Сіз жаңадан шыққан тұрмыстық техниканы қолданбас бұрын ең алдымен оны қалай пайдалану жайында баяндалған нұсқаумен танысасыз. Қандай да болсын күрделі іс-әрекетті орындау үшін адамға мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін қимыл және әрекет жайлы мәліметтер қажет. Бұл мәліметтер кимылдық елестер түрінде есте сақталады. Іс-әрекетке тұрақты араласа отырып, білім іс-әрекетті ақылға салудың жоғары сатысына көтереді, адамның өзі атқарып отырған іс-әрекетінің дұрыстығына сенімін арттырады. Білімсіз іс-әрекет мүмкін емес. Адамның қызметі әрдайым дағды және білгірліктен тұрады. Қызметтегі дағды мен білгірліктің алатын орны жайлы әр түрлі пікірлер бар. Іс-әрекетті қарапайым дәрежеде орындауды да, осы іс-әрекетте адамның шеберлік танытуын да «білгір» деген ұғымға жатқызамыз. Қарапайым білгірлік дегеніміз білім негізінде немесе еліктеу нәтижесінде пайда болатын әрекет. Білгір-шеберлік әбден қалыптасқан дағды мен білім негізінде пайда болады. Сәби заттармен әрекет жасауды еліктеу арқылы игереді. Ол қимыл-қозғалыс түрлерін үлкен адамдарлың әрекетін бақылау нәтижесінде жинақтайды. Осының нәтижесінде қарапайым әрекет қалыптасады. Мысалы, өзіне-өзі қызмет ету әрекеті жаттығу нәтижесінде біртіндеп дағдыға айналады. Адам жеке әрекеттерді орындау дағдысын меңгерсе, іс-әрекет мінсіз атқарылатын болады. Дағды - әрекетті орындаудың қалыптасқан тәсілі. Іс-әрекетті игерудің бастапкы кезеңінде бұл әрекеттер оның негізгі компоненттері болды. Мысалы, оқуға үйрету кезіндегі сөзді буынға бөлу, буындарды косу арқылы оны мағыналы сөзге айналдыру оқудың негізгі мазмұны болып табылады. Оқуға жаттығу үстінде оқушы жүгіртіп оқуға дағдыланады. Яғни ол бұдан былай сөзді буынға бөлуді, буындарды қосуды мақсат етіп қоймайды. Өйткені оның әрекеті енді жеңіл, жүгіртіп оқитын дағдыға айналды. Қандай да болсын дағдының негізіндс шартты рефлекторлық байланыстарды қалыптастыру және бекіту жатады. Әрекетті тұрақты қайталау нәтижесінде нерв жолын соған икемдеу белгілі бір нерв жүйесінде қозу процесін дәлме-дәл тұрақтандыруға жеткізеді. Жақсы жаттыққан қимыл дағдысы нәтижесінде еңбек өнімділігі артады, жұмыс сапасы жақсарады және адам тез шаршамайтын болады. Жаттыққан қимыл дағдысы іс-әрекет құрылымын қайта кұруға мүмкіндік береді. Әрекеттің орындалуын қадағалайтын сезу жүйелерінің арақатынасы өзгереді. Дағдыны жаттықтырғанға дейін заттармен қимыл жасаудың дәлдігі мен дұрыстығы көру және қимыл талдағыштарының біріккен қызметі арқылы бақыланады. Бұл жағдайда көру жетекші роль атқарады. Ал қимыл дағдысы бекіген кезде қимылды көру арқылы қадағалау қакеті азаяды. Қимылдың дәлдігін дербес бақылайтын кинестезиялық (қимылды сезу) механизмдер қалыптасады. Дағдының ерекшелігі оның автоматтануы болып табылады. Қалыптасқан дағды оны орындаған кезде сананың қадағалауын қажет етпейді. Әрине бастапқы кезде сана қимылды бақылайды, бірақ дағды қалыптасқан сайыны сананың бақылау қажеті азая береді. Жақсы жаттыққан дағды тұсында қимылды санамен бақылау оны жүзеге асыруды қиындататыны байқалды. Мысалы, адам өзінің жүрісінің әрбір қадамын қадағалап, талдау жасауға тырысса, жүрісінен жаңыла беретін болады. Әрекетті дағдыға айналдыру сананы босатып, оны іс-әрекеттегі маңызды мақсаттарды шешуге жұмсауға мүмкіндік береді. Нерв қызметінің типі бір адамдарға еңбек процесінде қимылды неғұрлым дәл орындауға, ал өзгелеріне неғұрлым тез орындауға мүмкіндік береді. Осылайша, дағды адамның жеке басының қасиетіне айналады. Дағдының түрлері. Еңбектің қай түрінде болсын, сондай-ақ істің табысты орындалуы дағдылардың белгілі бір қорын игергенде ғана мүмкін болады. Дағды: қимылдық, ойлау, (сенсорлық) және мінез-құлықтық болып төрт түрге бөлінеді. Басқасынан гөрі кимылдық дағдылар көбірек зерттелген. Оларды алуан түрлі іс-әрекеттен көруге болады. Қимылдық дағдыларды қалыптастырмайынша еңбек операцияларын орындау, оқушыларды жазуға, оқуға үйрету мүмкін емес. Ой еңбегінің стиліне міндетті компонент болып кіретін ойлау дағдьіларының да маңызы бұдан кем емес. Бұл дағдылардың аса маңыздылары чертеждерді оқу дағдысы, кітапты конспектілеу, лекция жазу, жаттау, дедуктивтік және индуктивтік ой қорытындылау әдісімен дәлелдеуді негіздеу болып табылады. Ой еңбегінде назарды бөлу және оны шоғырландыру, бақылау, монологтық сөйлеу дағдылары маңызды роль аткарады. Көп жағдайда ой еңбегі дағдысы адамның белгілі бір қасиетін анықтайды. Мінез-құлық дағдылары адамның жеке басының ерекшеліктерін қалыптастыруда маңызды роль аткарады. Бұл дағдылар мінез-құлық нормаларын білу және оларды өз басының қолдануы негізінде қалыптасады. Мінез-құлық дағдылары, мінез-құлықтың үйреншікті формаларынан туындайды. Мысалы, баланы адамдармен инабатты сәлемдесуге үйретеді. Оған адамдармен өмірдің түрлі жағдайларында қалай амандасу керек екенін көрсетеді (сыныпқа мұғалім кіргенде орнынан тұру керек). Сан рет қайталау нәтижесінде балада үлкен адамдарға инабатпен сәлем беру дағдысы қалыптасады. Дағды жаттығу арқылы қалыптасады. Жаттығу - дегеніміз нысаналы түрде сан рет қайталап орындалатын әрекет, ондағы мақсат осы әрекетті жетілдіре түсу. Жаттығу процесінде белгілі бір түрде іс-әрекет ұйымдастырылады. Мұндай жағдайда істі, мысалы, әдемі жазу, фортепианода ойнағанда екі қолды дұрыс ұстай білу т. б. осы сияқты анағұрлым жетілген дағдылар қалыптастыруға жеткізетіндей етіп орындауға назар аударған жөн. Дағдылардың өзара әсері. Адам белгілі бір іс-әрекетті меңгергенде әдетте оның бойында бір емес бірнеше дағды қатарынан қалыптасады. Жаңа дағдылар бұрыннан қалыптасқан ескі дағдылардың үстіне келіп қосылады. Ескі дағдылар жаңа дағдылардың қалыптасуына жағымды немесе жағымсыз әсер етуі мүмкін. Қалыптасқан дағдылардың жаңа дағдыларды игеруге жағымсыз әсері немесе қалыптасушы дағдылардың ескі дағдыларға жағымсыз әсері интерференция деп аталады. Интерференция да алмасу сияқты, дағдыларды қалыптастырудағы жалпы құбылыс болып табылады. Дағдылардан икемділік ұғымын айыра білу қажет. Осы ұғымдардың мағынасы біріне-бірі өте жақын болғандықтан бұларды бірімен-бірін шатастырып алуға да болады. Икемділік дегеніміз адамның қандай нәрсені болмасын орындай білу қабілеті. Мәселен, төменгі сынып оқушылары футбол ойнай алады, ойын ережелерін де біледі. Бірақ олардың ойнау дағдысы әлі жетілмеген. Ал нағыз футболшыда жақсы ойнай білу кемеліне келіп, дағдыға айналған. Бұл мысал балада дағды болмағанмен, оңда осы ойынға икемділіктің барлығын көрсетеді. Икемділік түрлі дәрежеде көрінеді. Мәселен, енді ғана әріп элементтерін салып үйрене бастаған баланың икемділігі икемділіктің қарапайым түрі болып келсе, кейін жеке сөздерді, сөйлемдерді жазған кездегі икемділігі бұрынғысынша күрлелірек болып келеді. Икемділік білім мен тәжірибеге негізделеді. Кімнің білімі мен тәжірибесі көбірек болса, сол адамның икемділігі де артық болады. Икемділік - белгілі бір дағдылар мен білім жүйесін практикада пайдалана алудың көрінісі болып табылады. Бірінші сынып оқушыларының жазу, оқу дағдыларын менгеру ережесінің түрліше болып келетін себебі - икемділік дәрежесінің әр түрлілігінен деуге болады. Икемділік білімнің амалға айналуы, ол саналы әрекетті қажет етеді, икемділік амалды жүзеге асырудың да тәсілі. Икемділік пен білім тығыз байланысып жатады. Дағды мен икемділіктен әдеттерді айыра білу керек. Әдеттер де әрекеттің автоматтанылған кұрамдары. Бірақ мұның дағдыдан айырмашылығы мынада: әдетте қимыл-қозғалыстарды орындауға адам үнемі дайын болып, оны қажетсініп тұрады. Мәселен, адам күн сайын беті-қолын жуып тұруға әдеттенгендіктен осыны ылғи да қажетсінеді, мұны істемесе, көңілі көншімейді. Дағдыны қалыптастыру үшін адам сан peт жаттығады, есепсіз қайталайды. Егер де адам өзіне ұнамсыз дағды қалыптастырып және бұған көп уақытын жіберіп жатса, мұның өзі өте ессіздік болар еді. Сондықтан да дағдылар пайдалы, пайдасыз болып бөлінбейді. Өйткені оның қай-қайсысы да пайдалы. Ал, әдеттің ұнамды, пайдалы түрлерімен қатар ұнамсыз, зиянды түрлері де кездеседі. Ұнамды әдеттерге: жүйелі түрде еңбек ете білу, қызмет орнын ұқыпты ұстау, тұрмыстағы мәдениеттілік, гигиеналық әдеттер т.б. жатады. Бұл адамның өмірі үшін аса қажет нәрселер. Ұнамсыз әдеттерге: орынсыз ысқыру, қарандашты ауызға салу, тісін үнемі шұқылап отыру, столда отырып аяқты селкілдету, сөйлегенде қыстырма сөздерді қолдану, қолы қалтасында, аузында шылымы тұрып, жұртқа кезек бермей сампылдап сөйлеу т. б. жатады. Әдеттердің соңғы ұнамсыз түрлері жөнінде халық "Әдет - әдет емес, жөн әдет" деп өте дұрыс айтқан. Расында да бізге керегінің өзі пайдалы әдеттер. Үйреншікті әдет болмайынша, адамның істеген ісінің берекесі де болмайды. Егер адам: өзінің бойына сіңген әдетіне байланысты қимылдаса, оның ісі оңайианып, көңілі рахат тауып отырады. Үйреншікті әдет адамның табиғи қылығы сияқты бойына сіңіп кетеді. "Ауру қалса да, әдет қалмайды'' деген нақыл осы сөзден шықса керек. Әрине, мұны тіке өз мағынасында түсінбеу қажет. Бұл жерде үйренген әдеттен құтылу қиын екені жөнінде айтыльш отыр. Әдеттердің тезірек қалыптасатын кезеңі - балалық шақ, әсіресе, мектепке дейінгі дәуір. Балалардың кез-келген нәрсеге еліктей бергіштік қасиеті кейде ұнамсыз әдеттердің қалыптасуына себеп болады. Мәселен, кейбір отбасында бала үлкендерге еліктеп шылым шеккісі, шарап ішкісі келіп тұрады. Атааналар мен мұғалімдер балаларда ұнамды әдеттерді қалыптастырып, зиянды әдеттерден баланы арылту жағын қарастыруы қажет. Атақты ағылшын драматургі В. Шекспир: «Жақсы әдет жақсылыққа бастайтын періште» десе, орыс педагогі К.Д. Ушинский: «Жақсы әдет өсімге берген ақша, адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады, жаман әдет борыш, адам өмір бойы сол борыштың өсімінен азап шегеді»,- дейді. Ал, ежелгі үнді мақалында былай делінген: «Қылық ексең - әдет орасың, әдет ексең - мінез орасың, мінез ексең - тағдыр орасың». Сөйтіп, дағды мен әдет адамның мінез-құлқының фундаменті болып табылады. Дағды мен әдеттің негізінде мінез қырлары қалыптасады. Жақсы қалыптасқан дағды мен пайдалы әдет адамның оқу материалдарын, еңбек әрекеттерін тез игеруіне мүмкіндік береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет