1
|
№1-дәріс. Тақырыбы: Психология ғылымының жалпы мәселелері
Жоспар:
§1. Психология пәнінің зерттеу объектісі.
§2. Психология ғылымының салалары мен тармақтары.
§3. Психологияның зерттеу әдістері.
§1. Психология пәнінің зерттеу объектісі
Психология психикалық құбылыстардың пайда болу және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін, яғни адамдардың жан-жүйесін зерттейтін сансалалы ғылым. Психологияның ерте заманнан бері келе жатқан ғылым, мұның даму тарихына екі жарым мыңдай жылдай болды.Оның дүниеге тұңғыш келген жері ежелгі Грекия. Психология атауы «псюхе»-қазақ тілінде «жан», «логос»- «ілім», «ұғым», «ой» деген гректің екі сөзінен тұрады (жан туралы ғылым – «жантану»). Психика обьективті дүниенің субьективті бейнесі. Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы бейнесі. Олар ( түйсік, ой, елес, сезім, қабілет, мінез, т.б.) көпшілігімізге мәлім, тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Осылардың бәрін ғылыми тұрғыда психология ғылымы зерттейді. Психологияның зерттеу пәнінің негізіне, адам болмысының табиғаты психикалық құбылыстары, процестері, қасиеттері кіреді. Адам дамуының заңдылықтары және оның ерекшеліктері туралы ғылыми ілімдердің жүйесі жалпы қоғамның дамуы үшін қажет. Қазіргі кезеңде өндіріс, ғылым, медицина, өнер, оқу, ойын, спорт салаларындағы бірде-бір әрекет психологиялық заңдылықтарды түсініп, танып, білмей тиімді орындалуы мүмкін емес. Адам әр түрлі ғылым тұрғысынан жан-жақты зерттелетін обьект. С.Л.Рубинштейн өзінің «жалпы психология негіздері» еңбегінде «Психология зерттеуіндегі ерекше құбылыстар ауқымы анық көрінеді – олар біздің сезімдеріміз бен ойларымыз, қабылдауларымыз бен түйсінулеріміз, ықылас-ниеттеріміз және т.б. жатады...» Ерте заманда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенім нанымдар мен кейбір зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсінік бойынша жан ерекше, тәннен бөлек жасайтын құбылыс және адамда тәннен тәуелсіз «жан» болады. Мәңгі бақи жасайтын жан адамның барлық психикалық тіршілігінің (ойының, сезімінің, еркінің) иесі де, себепшісі де. Психология ғылымындағы күрделі міндеттердің бірі – заңдылықты сипатқа ие байланыстар мен қатынастарды көре білу. Психикалық әрекеттің даму барысындағы оның заңдылықтарын оқытып – үйрету психологияның негізгі міндеті болып табылады. Психология ғылымын зерттеу нәтижелері бұл пәннің барлық салалары мен тармақтарын дамытып отырудың іргетасы болып есептеледі. Сондықтан бұл пәнді оқып меңгеруде мынандай негізгі бөлімдер қарастырылады: 1) психикалық процестер; 2) психикалық қасиеттер; 3)психикалық қалып.
1)Психикалық процестер: түйсік, қабылдау, зейін, ойлау мен сөйлеу, қиял және елес, ес;
2)Психикалық қасиеттер: сезім және эмоция, ерік, темперамент, мінез, қабілет.
3) Психикалық қалып: адамның түрлі көңіл күйінің (зерігу, үрейлену, абыржу, ашулану, қуану) т.б. компоненттері.
Сонымен, психология – психикалық құбылыстардың, пайда болу, қалыптасу заңдылықтарын және механизмдерін зерттейтін ғылым. Психологияның төмендегідей негізгі дәрежелері бөлініп айтылған: бейнелеу дәрежесі, әрекет дәрежесі, тұлға дәрежесі, қарым-қатынас дәрежесі, сондай-ақ жалпыламалық деңгейі бойынша дәрежеге теңелетін ұғымдар бұл "әлеуметтік" және "биологиялық" ұғымдар. Алдыңғы онжылдықтардағы психология пәнінің теориясы басым болғаны белгілі. Оның қазіргі уақыттағы қоғам өміріндегі ролі қарқынды түрде өзгерген. Ол өнеркәсіптегі, мемлекеттік басқарудағы, медицинадағы, мәдениеттегі, спорттағы, білім беру жүйесіндегі және т.б. ерекше кәсіби практикалық әрекеттің аумағына айналуда. Психологиялық ғылымды практикалық міндеттерді шешуге енгізу, оның теориясының даму жағдайларын да маңызды өзгеріске ұшыратады.
|