Қорытындыда айтарымыз, барлық әдіснамалық сипаттамалар бір-бірімен байланысты, бірін-бірі толықтырады және түзетеді. Мәселе зерттеу тақырыбында ғылымда жеткен жетістіктерден алға жылжу қозғалысы түрінде көрініс табады, ескі мен жаңаның қақтығысын көрсетеді. Өз кезегінде, алға қойылған мәселелер мен тақырыптарды құрастыру зерттеудің көкейкестігін анықтау мен негіздеуге сүйенеді. Зерттеу объектісі зерделеуге қажетті саланы, ал пәні - зерделеу қырын көрсетеді. Сонымен тізілген сипаттамалардың барлық элементтері біріне - бірі сәйкес, бірін-бірі толықтыратын жүйені құрайды. Осы келісулердің дәрежесіне қарай зерттеу сапасын бағалауға болады. Жалпы танымдық ой ғылыми жұмыстың типіне бағынышты емес. Студенттің дипломдық жұмысы және магистрлік диссертация, әрине, көлемі, зерттеудің объектілік саласы, іргелілігі, талдау тереңдігіне және т. б. байланысты ажыратылады да, бірақ барлық өлшемдер мен ғылымның сипаты және танымның жалпы қисыны бойынша ұқсас болады. Бұл ретте әдіснамалық сипаттамалар жүйесі оның сапасының жалпылама көрсеткіші болып табылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Педагогикалық зерттеудің мәселесі және оның типологиясы» тақырыбында кесте құрастырыңыз.
2. Мына тақырыптардағы зерттеулердің қарама-қайшылықтарының құрастырылу қисынын түсіндіріңіз:
- «Жоғары оқу орнында болашақ жаратылыстану пәндері мұғалімін даярлаудың теориясы мен практикасы» (С.С. Маусымбаев);
- «Болашақ мұғалімнің деонтеологиялық даярлығын қалыптастыру» (Қ.М. Кертаева);
- «Қазақстан Республикасының классикалық университтерінде студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының үздіксіз жүйесінің дамуы» (Ә.М. Құдайбергенова);
М.Т. Громкованың дәлелденуінше, а) «зерттеудің көкейкестілігінің мазмұнында зерттелетін жүйедегі сәйкессіздіктерді анықтау және б) сәйкессіздіктердің дәрежесін көрсету (қайшылық, мәселе, қақтығыс, даудамай, апат) кіреді» деген пікірін қолдайсыз ба? Жауабыңызды негіздеңіз.
Мәселе және мәселелік жағдаят дегеніміз не?
Нақты мәселе қандай өлшемдермен бағаланады?
Мына матрицаның көмегімен Өз зерттеуіңіздің тақырыбының таңдалуының дұрыстығын тексеріңіз:
- тақырыптың ғылыми бағытқа сәйкестілігі;
-тақырыптың әлеуметтік сұранясты жүзеге асыруға бағыттылығы, яғни өзектілігі;
-тақырыптығ құрылымында мәселенің орын алуы;
-тақырыпта зерттеу нысаны мен пәнінің анықтығы;
-тақырыптың түпкі нәтижеге мақсатты бағытталуы.
Достарыңызбен бөлісу: |