-жалпы ғылымилық деңгейде - жүйелілік, интегралдық, синергетикалық, мағынаға бағытталғандық, парадигмалық тұғырлар;
-нақты ғылымилық деңгейде - тұлғаға бағдарлық, мәдениеттанымдық, антропологиялық, әрекеттік, мағыналық тұғырлар;
-әдістемелік деңгейде - технологиялық, коммуникативтік тұғырлар.
Сонымен, осы тұжырымдаманы негізге ала отырып, ғалымдар бірінші деңгейде философиялық-материалистік әдіснамаға сәйкес қазіргі танымның рөлі күшейіп келе жатқан келесі әдіснамалық ұстанымдарды ұстанады:
-объективтілік ұстанымы - болмысты оның нақты заңдылықтары мен жалпыға ортақ формаларында тану;
-жан-жақтылық ұстанымы - болмыс құбылыстарының баршаға ортақ байланысы;
-нақтылық ұстанымы - нақтылы немесе ойша көрініс беретін барлық жақтары мен байланыстарының жиынтығы түріндегі зат немесе жүйе;
-тарихилық ұстанымы - өткендегі, қазіргі және келешектегі жай-күйлердің тұтас, үздіксіз бірлігі түрінде болмыстың уақыт осінде бағытты түрде өзіндік дамуы;
-қайшылық ұстанымы - заттар мен құбылыстарда нақтылы болатын қайшылықтарды есепке алу [16].
Этнопедагогикадағы әртүрлі деңгейлерде қолданылатын тұғырларды талдау ғылыми көзқарасты кешенді түрде жүйелеп көрсетуге мүмкніндік жасайды.
Этнопедагогиканың зерттеу пәні – этнопедагогикалық болмыс, оның этнопедагогикалық зерттеулердегі көрінісі деп тұжырымдады. Сондай-ақ, ғылым этнопедагогиканың педагогика ғылымдары жүйесіндегі алатын орнын және оның басқа ғылымдармен байланысын нақтылауға ұмтылды, сол сияқты оның құрылымын анықтау үшін педагогикалық пәндер арасындағы байланыстар типін қарастырды. Этнопедагогиканың әдіснамалық негіздерін жасауға қажет этнофилософия, этнопсихология, этномәдениеттану, этнография сияқты ғылым салаларының білімдерінің ғылымаралық кірігу ұстанымдары арқылы үйлесімді ықпалдасуының тетіктерінің қызметтері сараланды. Аталмыш ғылым салалары этнопедагогиканың пәндік, нысандық белгілерін ерекшелеуге тікелей қатысты. Этнопедагогиканың әдіснамасын жүйелеу үшін педагогиканың әдіснамалық қағидаларының ғылыми әлеуетін жіктеп, этнопедагогиканың қызметін, заңдарын, заңдылықтарын, теорияларын, категорияларын, ұғымдарын, терминдерін ажыратып нақты көрсетті. Этнопедагогика – әлеуметтік-гуманитарлық ғылым. Әзірге ғылымда гуманитарлық әдіснама енді ғана өз ойларын нақтылауда, гуманитарлық сараптама (экспертиза) да жаңадан қалыптасып келеді [16].
Профессорлар К.Ж. Қожахметова мен Ш.М-Х. Арсалиевтің мәнді зерттеулері ТМД елдері ғалымдарының этнопедагогикалық зерттеулерінің логикасыеың негізіне айналды.
Педагогиканың әдіснамасының, оның ішінде дидактикалық зерттеу әдіснамасының дамуына Я. Скалкова мен В. Оконь, А.В. Коржуев және В.А. Попков зор үлес қосты.
Педагогиканың әдіснамасының даму тарихын С. Колташ және Н.И. Гребенюк ғылым философиясы және тарижымен тығыз байланыста зерттеуде.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Тарихи-педагогикалық және әдіснамалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі қалай дамыды?
2. Тәрбие мәселелерін зерттеу әдіснамасы мен әдістемесі туралы ғалымдардың еңбектерін сипаттаңыз.
3. Этнопедагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесін зерттеу нәтижелерін баяндаңыз.
4. Әлеуметтік-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесін зерттеу нәтижелерін баяндаңыз.
5. Салыстырмалы-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесін зерттеу нәтижелерін баяндаңыз.
6. Педагогика әдіснамасының даму үдерісін сипаттаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |