Этнопедагогика әдіснамасы дегеніміз – этникалық топтардың моралдық–этикалық және эстетикалық дүниетанымдарының қалыптасуына, қоғамның өз санасының дамуына сәйкес, болмысты қайта құру мақсатында олардың бала тәрбиелеу және оқытудағы эмпирикалық тәжірибесінің тарихы мен теориясын зерттеу әдістері туралы ілім [16].
Қазіргі заманғы ғылымда түрлі негіздер бойынша, мысалы, ғылыми пәндер (философия, психология, педагогика т.б), қосымша объектісі бойынша (әрекеттік, мәденитанымдық, жеке тұлғалық т.б) жіктеуге болатын көптеген тұғырлар бар. Көптеген тұғырлар бір-бірін жоққа шығармайтыны, қарастырудың түрлі жоспарларын іске асыратыны анық. И.А.Зимняя көптұғырлық мәселесін қарастыра келіп, И.В. Блауберг, Э.Г. Юдин ұсынған философиялық, жалпы ғылымилық, нақты ғылымилық және өзіндік әдіснамалық төрт деңгейде талдауды негіздеуді ұсынды.
Түрлі деңгейлі тұғырлар жөнінде мысалдар келтірейік. Бірінші, философиялық деңгейде, мысалы, генетикалық және эволюциялық тұғырлар болса, екіншісі - жалпы ғылымилық деңгейде пәнаралық, кешендік, синергетикалық, атқарымдық, парадигмалық, итегралдық және т.б. болады. Нақты ғылымилық не басқа ғылымдар деңгейінде психологиялық-педагогикалық, мәдени-тарихи, мәдениеттанымдық-тұлғалық, әрекеттік тұғырлар бар. Осы деңгейге сондай-ақ, білім беруге қатысты, мысалы, аксиологиялық, контексттік, герминевтикалық, тұлғалық-әрекеттік және т.б тұғырлар жатады [16].
Білім беру кеңістігінде әдіснамалық талдаудың барлық деңгейлеріне көптұғырлылық тән. Кез келген құбылыстың түсіндірмесінде көптұғырлылық оның мазмұнына, әдіснамалық базасына, практикалық негізіне терең талдау жасауға ықпал етеді. Мысалы, қазіргі заманғы білім беру кеңістігін зерттеушілер жүйелілік, аксиологиялық, құндылықтық, антропологиялық, өркениеттік, парадигмалық, интегративтік, интегралдық, синергетикалық, герменевтикалық, мағынаға орталықтандырылған, тұғырлық, әрекеттік, диалогтік, көпсубъектілік, тұлғалық-бағдарлық, технологиялық, тапсырмалық, атқарымдық, әлеуметтік-мәдени, құзыреттілік, кәсіби бағдарламалық, контекстік және т.б тұғырларды бөліп алады.
Замануи білім беру кеңістігін зерттеудегі көптұғырлылық психология және педагогика ғылымдарында болып жатқан үдерістерді қайта пайымдауға деген ұмтылыстарды, оларды жаңа әдіснаманың көмегімен қандай да бір құбылыстарды сипаттауға қажеттісін таңдап алуды айғақтайды. Аталған барлық ғылыми талдаудың түрлі деңгейлерінде пайдаланылады. Сонымен қатар, этнопедагогика бойынша көптеген еңбектер қазір бізге аталған ғылымның нақты ғылыми жүйесін ұсына алмайтынын, тек кейбір тұғырлар мен әдіс, құралдарды ғана еске салатынын атап өтуге болады. Дегенмен, этнопедагогикада басқа да ғылымдар секілді, жүйеленген әдіснамалық талдаусыз зерттеу жүргізілмейді.
Замануи этнопедагогиканың әдіснамалық негіздері. Педагогикадағы көптұғырлықты негіздеу үшін әдіснамалық талдаудың төрт деңгейлі тұжырымдамасы басшылыққа алынады. Талдаудың төрт деңгейіне сәйкес келесі тұғырларды (ыңғайларды) ұсынылады:
- дүниетанымдық деңгейде - әртүрлі ауқымдағы тарихи субъектілердің (тұлғалардың, халықтардың, этностардың, ұлттардың, аз халықтардың) шығу, қалыптасу және дамуы туралы гуманитарлық білімнің философиялық және аксиологиялық формалары, генетикалық және эволюциялық тұғырлар;
Достарыңызбен бөлісу: |