Cендіру әдісі - балаларды иландыру керек, кейбір нәрселерді ұғымды, түсінікті, иланымды етіп айту керек. Н.И.Болдырев: «Сендіру дегеніміз - тәрбиеленушінің санасына, сезіміне, еркіне әсер ету арқылы үнемі ақыл-кеңес беріп, оны жағымсыз қылықтарынан арылтып, жағымды моральдық санасын қалыптастыру мақсатын қояды. Бұл әдіс тәрбиеленушінің көңіл-күйіне әсер ету арқылы жеке адам ретіндегі баланың сана-сезімін қалыптастырады»-деп көрсетеді.
Сендіру әдісі оқушыға әсер етпейтін айналадағы ортамен тығыз байланыста жүргізіліп, оқушының айналадағы дүние мен өзін түсінуіне ықпал етеді. Сендіру әдісі оқушының сенімін қалыптастырумен байланысты. Оқушы санасында сенімді қалыптастыру үшін екі нәрсеге жете назар аудару керек. 1) білім, пікір, идея-сенімнің мазмұнын құрайды; 2) қалыптастырылатын сенімнің дұрыстығы; осыған байланысты екі мақсатты шешу көзделеді: оқушыға дұрыс ақпарат (білім, идея, т.б) беріп, оны санасында бекіту; сол қабылдаған ақпаратқа өзіндік қатынасын (мықты сенімін) орнықтыру. Бірінші мақсатты шешу қиынға соқпайды. Өйткені, ақпарат беріп, оны бекітудің түрлі жолдары бар (әңгіме, түсіндіру, әңгімелесу барысында ақпар беру, көрсету, ақыл-кеңес беру, кітап, журналдардан қажетті ақпарат алу, есіне салу, т.б.). Екінші мақсатты шешу күрделі. Мықты сенімді қалай қалыптастыруға болады? Ол үшін мықты сенім қандай жағдайда пайда болатынына тоқталайық. Адамның не нәрсені өз көзімен көруі немесе оқып танысуы, беделді адамдардың айтқанын естуі, дәлел келтіруі, белсенді қарым-қатынаста, пікір алмасу барысында көзінің жетуі, ең соңында өзінің өзгелерді сендіруі тиіс. Сонымен сенім адамның белсенді қатынасында пайда болады.
В.М.Коротовтың «Оқу тәрбие үдерісіндегі жалпы әдістеме» атты еңбегінде сендіру әдісін былай жіктелген: ақпараттық-дәлелді әдіс; ізденіс әдісі; пікірталас әдісі; өзгелерді сендіру арқылы өзін сендіру әдісі.
Осы әдістердің бірлігі мықты сенімді қалыптастырады. Сендіру әдістерінің алуан түрлілігі оқушылар сенімінің түрлі деңгейі мен шығармашылық қабілетін қалыптастырады. Ең алғашқы ақпараттық-дәлелді әдіс алғашқы сенім деңгейін, ал соңғы, өзгелерді сендіру арқылы өзін сендіру әдісі - ең жоғары сенім деңгейін қалыптастырады. Көрсетілген сендіру әдістері сенімнің қалыптасу деңгейінің кезеңдеріне сәйкес болады.
Сендіру барысында тәрбиеші оқушылар бойында әлеуметтік және адамгершілік құндылықтары мен өмір шындығына қатынасын қалыптастырады. Оны қалыптастыру алынған ақпаратқа ғана тәуелді емес, сонымен бірге таңдап алынған әдіске байланысты. Иландыру материалдары дәлелді болып, оған олардың көзі жетсе, пікірталас барысында оқушы өз пікірін тиянақтап, меңгерген идеясы сенімге айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |