Ми қыртысындағы электрлік құбылыстар
Ми қыртысындағы электрлік құбылыстар ондағы нейрондарда туатын токтар мен түйіспелік потенциалдар жиынтығы. Бұл құбылыстарды адамның бас терісінен жазып алуға болады (электроэнцефалография). Ми қыртысындағы электрлік потенциалдар электрлік тербетіліс ретінде тыныштық жағдайда, яғни сырттан ешбір әсерсіз де тіркеледі. Бұлардың жиілігі мен амплитудасы әртүрлі.
Илюстрациялы материал Д-МІ-3
Әдебиет:
Қазақ тілінде
Негізгі:
-
Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.
-
Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.
-
Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.
-
Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.
-
Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.
Қосымша:
-
Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.
-
Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.
Орыс тілінде:
Негізгі:
1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.
2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.
3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.
4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .
Қосымша:
-
1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.
-
2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .
-
Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .
-
Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.
-
Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.
-
Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .
-
Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.
-
В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.
-
Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.
Бақылау сұрақтары (кері байланыс):
-
Тізе рефлексінің рефлекторлық доғасының суретін салу.
-
Қызыл ядро кезеңінде миды кескенде не болады?
-
мишықтың бұзылу механизмін түсіндір.
-
Құйрықты ядро функциясының бұзылу белгілерін атаңыз.
«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
№ 4 Дәріс.
Дәріс тақырыбы: Вегетативтік жүйке жүйесінің физиологиясы. Ішкі сөлініс бездерінің жалпы физиологиясы.
Мақсаты: Денелік жүйке жүйесінің және вегетативтік жүйке жүйесінің айырмашылықтарын оқу,гормондардың негізгі механизм қызметін түсіну. Негізгі гормон эффектісін,өзгерісін,организмдегі артық мөлшерде және жетіспеуін оқу,гипо және гипергликемикалық комын бөліп үйрену.
Дәріс тезисі:
Орталық жүйке жүйесін морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты денелік және вегетативтік деп екіге бөледі.
Денелік жүйке жүйесі (ДЖЖ) қаңқа еттерімен байланысқан, ол организмнің түрлі қимылдарын, сыртқы ортада бір жерден екінші жерге жылжуын қамтамасыз етеді. Бұл негізінен жануарларға тән қызмет болғандықтан денелік жүйке жүйесін кейде анимальдық деп те атайды. Ал вегетативтік жүйке жүйесі (ВЖЖ) ішкі ағзалардың қызметін, заттар алмасуын, өрбу үрдістерін реттейді. Бұл жүйенің аты латынның vegetativus - өсу, өсімдік деген сөзінен алынған. Дегенмен де вегетативтік жүйке жүйесі тек өсімдіктерге тән істерге ғана емес, ол жануарлар мен өсімдіктерге ортақ үрдістерге әсер етеді.
Вегетативтік жүйке жүйесінің ерекшеліктері
Вегетативтік жүйке жүйесін денелік жүйке жүйесімен салыстыра отырып, олардың морфологиялық (құрылысындағы) және физиологиялық (қызметіндегі) ерекшеліктерін байқауға болады.
Вегетативтік жүйке жүйесінің морфологиялық ерекшеліктері:
1. Парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерден тұратын вегетативтік жүйке жүйесінің нейрондары орталық жүйке жүйесінің кейбір бөлімдерінде ғана орналасқан. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің орталық нейрондары ортаңғы және сопақша мида, жұлынның сегізкөз бөлімінде, ал симпатикалық жүйке жүйесі жұлынның кеуде-бел бөліміндегі сегменттердін бүйір ашасында орналасқан.
2. Вегетативтік жүйке жүйесі қос нейронды. Олардың біреуі ми мен жұлын бөлімдерінде, екіншісі шеткі ганглийлерде орналасқан. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің ганглийлері - ағзалар ішіндегі интрамуральдық түйіндер, ал симпатгикалық жүйке жүйесінің түйіндері жотаны бойлай әрбір омыртқаның екі жағында тізбектелген және омыртқалар алдында алысырақ орналасқан үш мойын ганглийі, оның ішінде жұлдыз тәрізді түйін, құрсақ қуысында - шапақ тәрізді түйін, шажырқайлық ганглийлер бар. Нейрондардың орталықта орналасқан жүйке талшықтары преганглийлік (ганглийге дейінгі) талшықтар деп аталады. Олар серпіністерді орталықтан ганглийге дейін жеткізеді. Екінші нейрондардың жүйке талшықары серпіністі ганглийден шыққан cоң белгілі бір ағзаға апарады, олар постганглийлік (ганглийден кейінгі) деп аталады.
3. Вегетативтік жүйке денелік жүйке ден әлдеқайда жіңішке. Преганглийлік жүйке талшығы миелинді, оның диаметрі 3,5 мкм. Посттанглийлік талшық миелинсіз, диаметрі 0,5-2 мкм. Парасимпатикалық постганглийлік талшықтар өте қысқа болады.
4. Әрбір ағзада симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер тарамданған.
Вегетативтік жүйке жүйесінің физиологиялық ерекшеліктері: 1. Вегетативтік жүйкелер негізінен эфференттік жүйкелер. Олар қозуды талшықтан шеткі орналасқан ағзаларға жеткізеді (орталықтан тепкіш жүйкелер). Бірақ вегетативтік жүйкелер ішінде 10%-тей афференттік жүйкелер болады. Соңғы аталғандар қозуды ағза қабылдағыштарынан орталыққа жеткізеді (орталыққа тепкіш жүйкелер).
2. Вегетативтік жүйке жүйесіне-(ВЖЖ) қозу қабілеті денелік жүйке жүйесіне (СЖЖ) қарағанда әлдеқайда төмен-ал хронаксиясы, қозу табалдырығы, керісінше жоғары. Мәселен, ВЖЖ хронаксиясы - 3-8, ал СЖЖ хронаксиясы - 0,04-0,75 с. ВЖЖ-нің лабилдігі - 10-15 гц, ал СЖЖ-де - 1000 гц. Осыған орай рефрактерлік кезең ВЖЖ-де өте ұзақ.
3. ВЖЖ-нің талшықтары арқылы қозу өте баяу өтеді. "В" тобына-жататын миелинді талшықтарының қозу өткізу жылдамдығы секундіне 3-18 мс, ал миелинсіз талшықтар "С" тобын құрады, олардың қозу өткізу жылдамдығы 0,5-3 мс.
4. Вегетативтік жүйке жүйесінде постсинапстық қоздыру потенциалы ұзаққа созылады (50-80 мс). Денелік жүйке жүйесінде бұл потенциал 15-20 мс-тай. Вегетативтік жүйке жүйесінде әсіресе гиперполяризация фазасы өте созылыңқы келеді (300-1000 мс).
5. Вегетативтік жүйке жүйесінің әсерленісі өте баяу. Біріншіден, қозу жүйке талшықтарынан өте баяу өтеді, екіншіден медиатор жәй бөлінеді және холиностеразаның бесенділігі болғандықтан келесі қозу кеш туады.
6. Вегетативтік жүйке талшықтарының ұшынан медиаторлар - ацетилхолин не адреналин бөлінеді. Медиатордың түріне қарай вегетативтік жүйкелер холинергиялық (ацетилхолин бөлетін және адренергиялық (адреналин бөлетін) жүйкелер болып екі топқа бөлінеді. Холинергиялық жүйкелер тобына: 1) парасимпатикалық және симпатикалық преганглийлік жүйкелер; 2) парасимпатикалық постганглийлік жүйкелер; 3) симпатикалық постганглийліктер бездерінің жүйкелері жатады. Адренергиялық жүйкелер қатарында симпатикалық постганглийлік тер бездері жүйкелерімен қатар барлық постганглийлік сим-патикалық жүйкелер болады. Сонымен холинергиялық жүйкелер саны адренергиялық жүйкелер санынан әлдеқайда басым. Кейбір жүйкелер ұшынан мүлде басқа медиаторлар (серотонин, гистамин, АҮФ, ГАМҚ т. б.) бөлінуі мүмкін.
Вегетативтік жүйке жүйесінің маңызы
Вегетативтік жүйке жүйесі ішкі ағзалар қызметін сыртқы және ішкі орта әсеріне бейімдеп, реттеп отырады. Парасимпатикалық және симпатикалық жүйкелер ағзалар қызметіне, әдетте қарама-қарсы әсер етеді. Симпатикалық жүйке жүректің соғуын жиілетіп күшейтсе, парасимпатикалық жүйке, керісінше, оны сиретіп, әлсіретеді. Бірақ бұл - мызғымас зандылық емес: вегетативтік жүйке жүйесінің екі бөлімі әрдайым қарсылас (антогонистік) әсер ете бермей кейде антогонизм - абсолюттік емес. Мәселен, ішек жиырылуы күшейіп кетсе, симпатикалық жүйке оны әлсіретеді не тоқтатады, ал ол әлсіреген сәтте әсер етсе, онда ішек қимылы жиілеп күшейе бастайды, басқаша айтқанда жүйке әсері ішектің бастапқы қызмет жағдайына байланысты. Мұнда абсолюттік антогонизм жоқ. Кейде қарама-қарсылық бар сияқты болып көрінеді, бірақ әсер механизмінде бірлік байқалады.
Симпатикалық жүйке көздің қарашығын кеңейтедің, парасимпатикалық жүйке оны тарылтады. Сырттай қарағанда бұл қарама-қарсылық, бірақ парасимпатикалық жүйке де симпатикалық жүйке де көз қарашығының диаметрін өзгертетін еттерді жиырылтады. Симпатикалық жүйке m.dilatator pupillae жиырылтып көз қарашығын үлкейтсе, парасимпатикалық жүйке m.sphinctor pupillae жиырылтып көз қарашығын кішірейтеді (тарылтады). Сонымен көз қарашығының үлкеюі және кішіреюі осы маңайдағы еттердің жиырылуынан болатын құбылыс. Бұл, механизмде антогонизмнің жоқтығын, керісінше, бірлік барын көрсетеді. Тағы да бір мысал. Вегетативтік жүйке жүйесі бөлімдеріне - синергизм (қосарлас), яғни бірыңғай қимыл жасау тән. Сілекей бөлінуін симпатикалық жүйке де, парасимпатикалық жүйке де үдетеді, екеуі де секрециялық жүйке.
Кейде вегетативтік жүйке жүйесі бөлімдерінің әсері олардан бөлінетін медиаторлардың және бұлармен әрекеттесетін қабылдағыштар түріне, сондай-ақ дәнекерші заттарды ыдырататын ферменттердің белсенділігіне байланысты.
Вегетативтік жүйке жүйесі зат алмасуын реттейді. Симпатикалық жүйке диссимиляция (ыдырау), ал парасимпатикалық жүйке ассимиляция (түзілу) үрдістерін күшейтеді; симпатикалық жүйке зат алмасу қарқынын күшейтсе, парасимпатикалық жүйке, керісінше оны төмендетеді.
Симпатикалық жүйке трофикалық (нәрлендіру) әсер етеді. Мұны бірінші рет тәжірибе жүзінде И.П. Павлов дәлелдеп берді. Жүрек лүпілін күшейтетін жүйкені ол нәрлендіруші жүйке деп атады. Симпатикалық жүйке жүйесінің нәрлендіру әсерін кейін Л.А. Орбели, А.Д. Сперанский зерттеді. Жүйке жүйесінің нәрлендіру әсері әлсіресе, адам денесінде трофикалық жаралар пайда болуы мүмкін. ВЖЖ әрекеттерді, заттар алмасуы мен қоректенуді өзгерту арқылы да реттейді.
Жұлынның сегізкөз тұстас тармақтарында (сегменттерінде) тіршілік етуге өте-мөте қажет әрекеттерді қамтамасыз ететін зәр, нәжіс шығару және жыныс қатынасы орталықтары орналасқан.
Вегетативтік жүйке жүйесі орталықтағы басқа бөлімдермен бірлесіп, адамның көңіл-күйін (эмоция) қалыптастыруға қатысады. Симпатикалық жүйке жүйесі қозса, қанда эмоция гормоны - адреналин көбейеді.
Вегетативтік жүйке жүйесі атқаратын қызметтердің бірі - шеткі рефлекстер тууын қамтамасыз ету.
Шеткі рефлекстердің төмендегідей үш түрі бар:
1) Висцеро-висцеральдық (ағза-ағзалық) рефлекстер. Белгілі бір интероқабылдағышды тітіркендірсе, екінші бір ағзаның қызметі рефлекстік жолмен өзгереді. Мәселен, қуықтың кілегейлі қабығын тітіркендірсе жүрек соғуы рефлекстік жолмен өзгеруі мүмкін.
2) Висцеродермалық (ағза-тері) рефлекстер. Белгілі бір ішкі ағза қабылдағышын тітіркендірсе, терінің белгілі бір нүктесінің сезімталдығы шектен тыс күшейеді. Мәселен, қарынның кілегейлі қабығында жара болса, адамның 12-ші кеуде омыртқасының артқы өскіні тұсындағы тері өте сезімтал болады да басқан кезде қатты ауырады. Ауруды анықтауда мұндай рефлекстердің үлкен маңызы бар.
3) Дермовисцеральдық (тері-ағза) рефлекстер. Әрбір ішкі ағзаның тері бетімен байланысқан жері бар. Сол жерге әсер етсе, онымен байланысқан ағзаның қызметі өзгереді.
Жатырдың жиырылуын күшейтіп, оның қан тамырларын тарылту үшін құрсақтың (іштің) төменгі жағына мұз қояды.
Вегетативтік шеткі рефлекстер жануардың жұлынын алып тастағанда да сақталады. Сондықтан бұлар вегетативтік түйіндердің қатысуымен орындалуы мүмкін. Кейбіреулердің пікірі бойынша, шеткі рефлекстер тек аксон тармақтары арқылы да орындалады.
Вегетативтік жүйке жүйесі бір кезде автономиялық жүйе деп аталатын. Өйткені ішкі ағзалардың қызметін адам өз еркімен өзгерте алмайды. Адамның еркі (қалауы) – ми қыртысының қызметі, сондықтан ми қыртысы вегетативтік әрекеттерге әсер етпейді деп есептелетін.
И.П.Павлов лабораториясында академик К.М.Быков басқарған ғалымдар ми қыртысының адам денесіндегі барлық ағзаларға, олардағы үрдістерге әсер ете алатынын шартты рефлекс әдісімен және гипноз қолдана отырып, дәлелдеп берді.
Вегетативтік жүйке жүйесінің қызметін гипоталамус, ескі және жаңа ми қыртысының нейрондары бақылайды.
Вегетативтік жүйке жүйесі шеткі ағзалар қызметіне, зат алмасуына ішкі секрециялық (эндокриндік) бездер арқылы да әсер ете алады.
Ішкі ағзалардағы вегетативтік ганглийлерді олардың орталық симпатикалық бөлім деп атайды да ВЖЖ симпатикалық, парасимпатикалық және метасимпатикалық деп үш бөлімге бөледі.
Адам денесіндегі көптеген жасушалар (жалпы саны 100 триллионнан астам) арнаулы тіндер, мүшелер және жүйелердің дағдылы қызметі, олардың өзара және сыртқы ортамен өте күрделі қарым-қатынасы жүйке және гуморальды жолмен реттелуі арқылы іске асады.
Денедегі барлық құрылымдар арасында үздіксіз, уақыт және кеңістік тәртібімен түрлі жолдар мен тетіктер арқылы үнемі кең көлемде мәлімет алмасу жүріп отырады. Бұл мәліметтер гуморалдық жолмен (қан, лимфа, тінаралық сұйықтық) жүреді. Оларға кодталған электрлік жүйке серпіністері немесе қарапайым және күрделі химиялық заттар, көбінесе мәліметтік макромолекулалар арқылы келеді.
Қызметтердің гуморальды реттелуінде маңызды рольді ішкі сөлініс бездері, яғни эндокринді бездер атқарады. Олар организмнің ішкі ортасына арнаулы биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады. Ішкі сөлініс бездері жасап шығарған заттар гормон деген атауға ие болды.
Эндокриндік бездердің сөлін шығаратын өзегі жоқ, без жасушалары қан және лимфа капиллярларымен өте жиі торланған, сондықтан без өнімдері тікелей осы тамырларға өтеді. Экзокринді бездердің өзегі бар, әрі ол өзек белгілі бір ағзаға ашылып, өз өнімдерін сол мүшеге шығарады.
Ішкі сөлініс бездеріне гипофиз, эпифиз, қалқанша, қалқансерік бездері, айырша без, бүйрекүсті, ұйқы және жыныс бездері жатады.
Гормон арқылы зат алмасу, өсу, даму үрдістері реттеледі. Гормон көбеюге де әсерін тигізеді. Гормон деген терминді (грекше "hormon"-қоздырамын, қозғалтамын 1904 жылы Бейлисс пен Старлинг енгізген. Бұрын гормондар ағзалар қызметін күшейтеді деп қана есептелген. Бірақ кейінгі зерттеулерге қарағанда, олай болмай шықты. Ағзалар қызметін бәсендетіп, тежейтін де гормондар бар екені мәлім. Мысалы, адреналин асқорыту аппаратының секторлық қозғалыс қызметін тежеп бәсеңдетеді. Сөйтсе де "гормон" деген атау ішкі сөлініс бездерінің атауы болып қалды.
Гормондардың әсері
Гормондардың әсер ету тетіктері өте күрделі және биохимиялық тұрғыдан жан-жақты қарастырылған. Белгілі бір гормонның қажеттілігі артса, гормон - белок кешені ыдырап, гормонның бос түрі пайда болады. Байланысқан гормондар қор болып табылады, керек уақытта тез әрі жеңіл пайдаланылады. Белок тасушымен байланысқан гормон ферменттердің әсерінен ыдырап, бүйрек арқылы несеппен шығарылмай денеде сақталады.
Гормондар қан ағысына ілесіп барлық тіндер мен ағзаларға жеткенімен белгілі бір гормонды қабылдауға дағдыланған, әрі мембрана құрылымында орналасқан арнайы гормондар рецепторлары бар, олар тек белгілі бір тін мен ағзаға ғана әсер етеді. Оларды нысана тіндер деп атайды. Жасушалық қабылдағыш арнайы белок болып келеді, оның молекуласының белгілі бір бөлігі гормонның арнайы фрагментіне сәйкес келеді. Бұл сигналды қабылдауды, яғни гормон мен жасушаның өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Егер берілген гормонды қабылдағыш болмаса, жасуша онымен қарым-қатынасқа түспейді, яғни оны танымайды.
Белоктық және пептидті гормондардың қабылдағыштары жасушаның цитоплазмалық мембранасында орналасқан. Бұл топтағы гормондар өз рецепторларымен қарым-қатынасқа түскенде аденилатциклаза ферментінің активтенуі жүреді. Оның әсерінен жасушада циклдік 31,51-аденозинмонофосфат (ЦАМФ) пайда болады. Ал олар протеинокиназаларды - белоктың синтезделуіне қажетті ферменттерді - белсендендіреді, бұл гормондардың кейбіреулері циклдік 31,51-гуанозинмонофосфат (ЦГМФ) арқылы әсер етеді.
Стероидті гормондардың қабылдағыштары жасуша іші құрылымына орналасқан және гормон-қабылдағыш кешені генетикалық аппарата әсер етеді, заттардың жасалуына ықпалын тигізеді. Кейбір гормондардың әсер етуі мембрана өткізгіштігі озгеруіне байланысты. Қазіргі кезде гормондардың әсер етуінің бірнеше жолдары белгілі.
1. Гормондардың тіндер мен ағзаларға тікелей әсері болады. Мұндай әсердің себебі, гормондар мембрана арқылы жасушаға жеңіл өтеді, оған қоса мембраналарымен байланысқа түседі. Гормондардың тікелей әсерінің тетігі, жасушалық және субжасушалық деңгейлерде әлі толық зерттелмеген. Бар зерттеулерге қарағанда олардың түрлі әсер ету жолдары бар, олардың ішінде тікелей әсер ету тетіктерінің мынадай түрлері белгілі: а) Ферменттік жүйелерді, оның ішінде цитоплазма ферментін белсендендіру немесе бәсендету жолы. Бұл әсер жөнінде мәліметтер өте аз. Бұны адреналин мен гликогеннің фосфорилазды жүйеге аденозинмонофосфат арқылы циклды әсері дәлелдейді. б) Ядродағы генетикалық үрдістерді күшейту, мысалы, итбалықтың тез өзгерістеріне әсер ететін тироксин РНҚ алмасуын және арнайы белоктарды жасауды күшейтеді.
2. Гормондар ағзалардың қызметіне тікелей ғана әсер етіп қоймай, олардың қан тамырлары, мен тіндердің әртүрлі хеморецепторларын тітіркендіре отырып, рефлекстік жолмен де әсер етеді. Гуморальдық жағынан жекешеленген, бірақ денемен жүйке арқылы байланысқан, кез келген ағза тамыры арқылы адреналинді өткізгенде әдетте қан қысымының, дем алудың, лимфа ағысының т.б. өзгерістері байқалады.
3. Гормондардың әсер етуінің үшінші тетіктері – орталық жүйке жүйесі арқылы орындалуы. Гормондар бір жүйке орталығын қарайтын нейрондардың кернеуін жоғарылату не төмендету арқылы олардың қозғыштығын өзгертеді. Гейманстың тәжірибелерінде иттің миын қоректендіретін қан тамырына тікелей адреналин енгізген, иттің басы денесімен тек қана кезеген жүйке арқылы байланысқан жағдайда адреналин кезеген жүйке орталығының тонусын жоғарылатып, жүрек қызметін бәсеңдетеді. Ал адреналин жүрекке тікелей әсер еткенде оның қызметін күшейтеді.
4. Кейбір жағдайларда гормондардың, шартты рефлекстік әсерін байқауға болады.
Ішкі сөлініс бездерін зерттеу әдістері
Ішкі сөлініс бездерінің қызметін зерттеу үшін әртүрлі тәсілдер қолданады. Олардың негізгілері мынадай:
1. Эктомия немесе экстирпация – алып тастау. Бұл безді толық немесе бөлектеп алып тастау әдісі.
2. Эндокринді бездерден алынған сықпаларды және химиялық жағынан таза гормондар мен гормондық препараттарды кәдімгі немесе безі алынған жануарларға енгізу.
3. Эндокринді бездерді трансплантация арқылы алмастырып тігу.
4. Парабиоз әдісі - екі жануардың тиісті қан тамырларын жалғастырып, қан айналысын ортақтастыру, содан кейін біреуінің безін, я бездерін алып тастап, оның дене қызметіндегі өзгерістерді зерттеу.
5. Ішкі сөлініс бездерін эксплантация әдісі арқылы зерттеу. Без немесе оның бір кішкене бөлігін денеден тыс қоректік ортаға орналастырып, оның тіршілік жағдайын зерттеу.
6. Биологиялық сұйықтардағы гормондар мен олардың метаболиттерінің мөлшерін химиялық, иммунологиялық және басқа әдістер арқылы зерттеу.
7. Радиоактивті изотоптарды қолдану арқылы зерттеу әдістері, нысана гормондар.
8. Флюоресция беретін қарсы денелер ең дәл дұрыс әдіс. Кейбір гормондардың қай жерде көбірек орналасқанын анықтауға мүмкіншілік береді.
9. Клиникалық-анатомиялық әдіс. Ауруханаларда ішкі сөлініс бездері өзгерген адамды бақылап зерттеу.
Гипоталамус-гипофиздік жүйе.
Гипоталамустың нейрогормондары
Эндокринология ішкі сөлініс бездердің физиологиясы мен патологиясы ғылым ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан. Бұл бағыттағы ғылыми зерттеулердің негізін А. Бертольд салды. Ол еркек жануарлардың жыныс бездерін сылып алып тастағанда негізгі және қосымша жыныс белгілерінің өзгеріп, ал бұл безді қайтадан денесіне орнатқанда, оның жағдайы айтарлықтай жақсаратынын анықтады.
Кейін, әсіресе осы ғасырдың 50-90 жылдары эндокриндік жүйенің физологиясы мен патологиясы бойынша көптеген тәжірибелік және клиникалық мағлұматтар жиналды. Оған қоса гормондардың химиялық табиғаты анықталып, әсер eтy тетіктері ашылды.
Кейбір зерттеушілер бұл бездердің организм қызметін реттеудегі орнын шектен тыс көтерген, тіпті оларды жеке автономды реттеуші жүйеге жатқызған. Эндокриндік бездер жүйесін орталық жүйке жүйесінен жоғары құрылым ретінде, ағзалар мен олардың жүйелерінің, соның ішінде орталық жүйке жүйесінің де негізгі реттеушісі ретінде қарастырған.Шын мәнісінде олай болмай шықты. Негізгі ғылыми мәліметтерге қарағанда, ішкі сөлініс бездерімен олардың әртүрлі гормондарының әсері организмнің қызметін жүйелік гуморальдық реттеу жүйесінің бір ғана бөлімі болып шықты. Бұл реттеу жолының негізгісі - жүйке жүйесі. Өйткені ол көп тарапты, арнайы маманданған және әр бөлімінің өз орны, маңызы бар жүйеге жатады. Оның рефлекстік доғасының барлық бөлімдерінің жоғары дәрежедегі қозғыштығы, жүйке серпіністерінің жылдамдығы мен анық бағытталуы т.б. морфоәрекеттік ерекшеліктері бұған дәлел.
Гипофиз
Гипофиз мидың түп жағындағы түрік ершігінде орналасқан, салмағы 0,5-0,6 г, алдыңғы, ортаңғы, артқы бөліктерден тұрады. Алдыңғысы - аденогипофиз, ортаңғысы – меланогипофиз, артқы бөлігі – нейрогипофиз деп аталады. Құрылысы және қызметі жағынан бұлар әртүрлі, сондықтан олардың әрқайсысын бөлек без деуге де болар еді.
Қалқанша без
Мойын аймағында кеңірдектің алдында орналасқан қалқанша без (glandula thyroidea) - біршама ірі без. Ересектердің қалқанша безінің салмағы 20-30 гр. Балаларда (2 жасқа дейінгі) - 1,5-2 г. Қартайған шақта, басқа да ішкі сөлініс бездері секілді, оның салмағы кішірейеді. Қалқанша без тіні дәнекер тіннің жұқа қабаттарымен қоршалған көлемі 25-500 мкм болатын фолликулалардан тұрады. Олардың эпителий жасушалары құрамында йод бар гормондарды түзеді.
Қалқансерік бездер
Қалқансерік бездер (glandula parathyroidea) аса үлкен емес эпителилі құрылым, саны 2-6, салмағы 20-50 мг. Әдетте, олар қалқанша безінің артқы жағында, жоғарғы және төменгі ұштарында жұптап орналасқан. Бездер өте жақсы тамырланған. Қан мен лимфа тамырларының бойымен оларға симпатикалық және парасимпатикалық жүйке талшықтары енеді. Қалқансерік безінің гормоны паратгормон деп аталады.
Айырша без
Айырша без - тимус көптеген бөлікшелерден тұратын қос без. Төстің ішкі бетінде, жүрек ұясының (ортаңғы қабырғаның) үстіңгі жағында орналасқан. Астыңғы жағы жүрек қабы - перикардпен, артқы жағы ірі-ірі қан тамырлармен шектескен. Айырша безін көзбен көріп, қолмен ұстау қиын, сондықтан ол ойдағыдай зерттелмеген.
Қарынасты безі (ұйқы безі)
Қарынасты (ұйқы) безі аралас сөлініс безге жатады. Ол әрі ішкі, әрі сыртқы сөлініс қызмет атқарады. Сыртқы сөлініс қызметіне асқорыту сөлін өндіру қызметі жатады. Ішкі сөлініс қызметін Лангерганс аралшықтары атқарады. Лангерганс аралшықтары ұйқы безінің негізінен "үш" жағында және аздап басқа бөлімдерінде орналасқан ерекше тін. Аралшық жасушалардың өзектері болмайды. Ең алғаш аралшықты морфологиялық жеке құрылым ретінде 1863ж. Лангерганс ашты.
Достарыңызбен бөлісу: |