Сүлеймен қарақшы
IV
Мамажан дайындап берген екi атқа мiнген Сүлеймен мен
Парманқұл ертесiне Қоқанды бетке алды. Қоқанға жету оңай
емес. Алда ұзақ жол.
— Ал Құдай алдарыңнан жарылқасын. Тек жол-жөнекей
абай болыңдар. Заманның тынышы кетiп тұр. Жол торыған ұры-
қары да көп. Жә, сендерге оны үйретiп қажетi не. Әйтеуiр аман
оралғайсыңдар.
— Рахмет, Мамажан саған. Түрмеде жатқаннан гөрi көкжал
бөрiдей дала кезiп жүрген мың есе артық. Алла жазса, кешiкпей
дiттеген жерiмiзге жетiп қалармыз. Бiз үшiн алаң болма, — дедi
Парманқұл.
Сол күнi кеш бата екеуi Тойтөбеге жеттi. Парманқұлдың бiр
танысының үйiне бiр қонып, Әнгрен асты. Әнгренде Парманқұлды
танитындар көп екен. Соларға кезек-кезек екi-үш қонды. Соңғы
қонғандары Бектемiр деген кiсiнiң үйi едi. Бұлардың Қоқанға
кетiп бара жатқанын бiлген ол:
— Қыс ауасында олай қарай жол жүру қиын. Ең қиыны – мына
асудан өту ғой. Мұнда қар жұқа боғанымен тауда қалың, әрi тап
қазiр аң-құс та құтырып тұр. Осында қыстай салсаңдар қайтедi?
— дедi.
— Сенiң ас-суыңа ортақтасып, талыстай боп жатып алу — бiз
үшiн ұят. Ниетiңе рахмет. Асудан төрт-бес күнде өтiп кетермiз.
Шамаң келсе, бiзге бiраз азық дайындап бер.
Бектемiр басқа ештеңе демей, Парманқұлдың айтқандарын
дайындап, қоржынына салып бердi. Онымен қоштасқан
қарақшылар Құрама асуына қарай жолға түстi.
— Бұрын сен, Қоқанға қай жолдармен жүрiп, барып едiң? —
деп сұрады Парманқұл жолай.
— Барғанда Түлкiжортқанның үстiмен өтiп, Тарақорған
арқылы жетiп едiк-ау. Ал қайтарда Наманганның батыс бетiмен
өтiп, Шыршық тауымен асып түскенбiз.
— Осы жолы да Тарақорғаннан өтемiз. Бергi жақтағы тәжiк
ауылдарға екi-үш түнесек, Құрмантөбенi басып, Сырдарияға
құлаймыз. Сырдариядан өтсек, Қоқанға тез-ақ жетемiз.
458
Сүлеймен қарақшы
Жолаушылар тоқтамастан үш-төрт сағат жүрдi. Бiр кезде
Сүлейменнiң астындағы ат шаршағандай, артқы екi аяғы қайта-
қайта бiр-бiрiне шалынысып, қисалаңдай бердi.
— Мына жануар менi ауырсынып келедi-ау. Иә, маған алыс
жолға төтеп бере алатын ат сирек. Аттың бәрi баяғы өзiмнiң
қарагерiмдей болар ма едi, шiркiн. Осы, Парманқұл, жақын маңда
ауыл болмаса да бiр жерге түсiп, аттарды демалдырып алмасақ
болмас. Әйтпесе мына аттың құлап түсерi кәдiк.
— Оның шаршағанын бағана-ақ сезгем. Өй, өзiңдi де шешең
өгiздей етiп туғанын қарашы. Әй, өгiздей болғаныңның пайдасын
да талай көрдiк-ау, — деп Парманқұл әзiлдеп, жан-жағына қарап
тұрды: — Әне бiр жартастың түбiнде бiзге пана болар қуыс
табылар. Сонда ат шалдырайық.
Жартас түбiнiң табанына қар тимеген қуыстау екен.
Қоржындарын астыларына төсенiп, отыра кетiстi. Айналада
аттар да оттай алатын боздар мен жас тал шыбықтары қылтиып
тұр. Бұл жақтың тауларын қар онша көп баса бермейдi. Әлде
тау тұтас емес, әр-жер — әр-жерде шоқиған құз-шыңдардан
ғана құралған жоталы болғаннан соң ба, әйтеуiр, қыста ойдағы
қар қандай болса, мұнда да сондай болады. Бiрақ бұл жер елсiз.
Елсiз болған соң небiр қауiп-қатердi күтуге болады. Оның үстiне
бұл жерде жыртқыш аңдардың неше түрi кездеседi. Әсiресе,
тау қабыланы мен жолбарысы өте қауiптi. Парманқұл соны
сезгендей, мылтығын жанына ала отырды.
— Бүгiн осында түнеп шығамыз.
— Әлбетте. Ендi кеш болғанда, жол жүрмейтiнiмiз хақиқат
қой.
Қарақшылар Тәшкеннен шыққанда, бiраз артық-ауыс сыртқы
киiмдер де алып шыққан-ды. Солардың бiрiн төсенiп, бiрiн
жамылып, жартас түбiне жайғасты. Қоржындағы ауқаттарын
бiразын жедi.
— Ал, Парманқұл, әңгiме айт. Сен менен гөрi әңгiмешiлдеусiң
ғой.
— Алдымен аттардың шiдерiн қысқартып келейiн. Әйтпесе
алысқа ұзап кетер, — деген Парманқұл аттарды қайта шiдерлеп,
459
Сүлеймен қарақшы
орнына келдi. Содан екеуi әрдеңенiң басын бiр шалып, ұзақ
отырды. Одан соң жатты.
— Ертеректе бiздiң елдегi алғи руының Қонас деген байының
бiр жүйрiк биесi бар едi. Биеден туған жылқылар да еркек-
ұрғашысына қарамай, аламан бәйгеге түсетiн сәйгүлiктер болып
шығатын. Қонас сол биенi он үшке толғанда, Шыршық маңындағы
дулаттардың iшiндегi бiр құдасына сыйлапты. Дәл сол ауылда
ертеректе тай кезiнде Қонастан сатып алынған Ақжал деген
атақты бiр жүйрiк бар екен. Тай кезiнде кетiп қалған жылқыны
бес-алты жылдан кейiн кiм танысын. Бiрақ Қонастың дулаттағы
құдасы Ақжалдың өз құдасы берген биеден туған жүйрiк екенiн
бiледi. Алайда Ақжалдың иесiне ол жайын айтпайды. Жүйрiк
бие өз қолына тиген соң бiр күнi ол жануар күйлейдi. Ол биеге
ешбiр айғырды жолатпай, Ақжалдың иесiне барады. Олар
ағайынды адамдар екен. Бара сала, “Осылай да осылай, Сырдағы
қоңыраттардан құдалық мiнiске келген бiр жүйрiк бием бар едi.
Соны күйек шалып тұр. Соған Ақжалды салайық. Жүйрiк бие
— тұлпар Ақжалдан тоқтаса, екеуiнен желден озар сәйгүлiк
туар” — деп ананы айналдырып, Ақжалды биеге алып келедi.
Әдетте күйлеген бие мен шабар айғыр кiсiнесiп, бiр-бiрiне тебiсе
жақындайды ғой. Ал Ақжал мен әлгi бие бiр-бiрiне оқырана,
мұрындарымен иiскесiп, құдды бiр көптен көрiспеген ағайын
адамдардай, шұрқырай кiсiнесiп, қасынасып табысады. Ақжал
оған шаппайды. Олардың мұндай сырларын түсiнбеген адамдар
таң қалысады. Бұл сырды ұққан биенiң иесi ғана: “Мен бiлсем,
Ақжал мынаған шабуға намыстанып тұр. Оны биеге көзiн байлап
салайық” дейдi. Содан Ақжалды аулағырақ әкетiп көзiн байлайды
да, биеге қайта әкеледi. Бұл жолы айғырлығын көрсетiп, биеге
шабады. Түк ұқпаған Ақжалдың иесi ол iсiн бiтiрiп болған кезде
көзiндегi байлауды шешiп жiбередi. Осы сәт өзiнiң не iстегенiн
бiлген Ақжал екi аяғын аспанға көтере тебiнiп, күңiрене кiсiнейдi
де тауға қарай шаба жөнеледi.
Ұзақ шапқан Ақжал содан бiр құздың басына шығып,
жартастан өзiн-өзi тастап жiбередi.
— Ойпырмай, жануар, арада талай жыл өтсе де, өз анасын
танып, оған шауып қойғанына қайсар адамдай қатты намыстанған
460
Сүлеймен қарақшы
тектi жануар екен-ау. Пай-пай, “жылқының ақылдысында
намыссыз адамнан артық ес, арлы өжеттiк болады” деген рас-ау.
— Иә, жылқының тектiсi ғана мұндайға ақылы жетедi.
Дегенмен, мен бұл әңгiменi неге айтып отырмын де? Сөзiмнiң
төркiнiн түсiнген жоқсың ба?
— Бiр нәрсенiң шетiн шығарғалы тұрғаныңды сезiп жатырмын.
Сiрә, сол жүйрiк биеден туылған бiр жылқыға ауыз салайын деп
отырсың-ау.
— Дәл таптың. Әнеукүнi Әнгренде болғанымызда осы нәрсенiң
есiмде болмағанын қарашы. Ендi керi жүруге тура келедi.
— Керi жүргенде, қайда барамыз? Ойыңды жұмбақтамай,
ашып айта берсейшi.
— Қонастың құдасына берген жүйрiк биеден қазiр жасы онға
толған Желтимес деген атақты тұлпар бар. Желтимес бұл күндерi
Шымған маңындағы Ақсай кәлхөзiнiң бастығының астында жүр.
Егер оны қолды қылсақ, екеумiзге Құдайдың бергенi дей бер.
— Бұл аса қиын шаруа емес шығар.
— Сен солай айтасың. Әлгi бастық түнде Желтиместiң тура
жанына жатып қарауылдайды екен. Кей кездерi өзi бiр жаққа
кететiн болса, оны күзетшiлер күзететiн кәлхөздiң мал базасының
iшiне байлап қояды екен.
— Егер мен шындап кiрiссем, Желтиместi алты қорғанның
астынан, жетi жотаның жырасынан да алып шығармын.
— Иә, қалай күзетсе де, тұлпарды қолды етуiмiз керек. Бұл
ертеңгi амал. Ал қазiргi амал — жатып ұйықтау. Сен жаурайын
деген жоқсың ба?
— Далада түнегенiм бiр осы деймiсiң. Маған тақалыңқырап
жат. Бораннан ыққан түз бөрiсiндей бұйығып жатсақ, жылы
жатамыз.
Бұдан кейiн қарақшылар бiрдей қор етiп, ұйқыға кеттi.
Сүлеймен Парманқұл оятқанша, тұяқ серiппей ұйықтады.
— Саған қай жерде жатсаң да, бәрiбiр ме деймiн? Мен ғой, түн
баласы мың оянып, мазасызданып шықтым. Ауық-ауық аттарды
да қарап тұрдым.
461
Сүлеймен қарақшы
Сүлеймен орнынан тұрып, қармен бетiн ысқылап-ысқылап
алды. Сосын екеуi қоржындағы еттен бiраз жеп, атқа қонды.
Әудем жер жүрген соң Парманқұл, Сүлейменге бұрылды:
— Бұрын Шыршықта болғансың ғой, ә?
— Уа-ха, Шыршық менiң сергелдең өмiрiмдi бастатқан жер
емес пе? Мен Шыршыққа алғаш рет үлкен ұрлыққа аттанғам.
Сонда бiздi Көбек нағашым жорыққа бастап келген едi.
Құраманың бiр байының елу қаралы жылқысын ұрлаған едiк.
Кейiннен менi талай қауiп-қатерден құтқарған баяғы қарагерiм
сонда жол бойында туған құлын едi.
Қайран, қарагер-ай! Ондай қазанат жоқ ендi өмiрде.
Достарыңызбен бөлісу: |