Дифференциалды психология пәнінен лекциялар жинағы глоссарий


-Дәріс. Дене құрылымы және адамның әрекет қылығы



бет4/16
Дата28.09.2023
өлшемі328 Kb.
#478972
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Лекция Диффер психология (3)

4-Дәріс. Дене құрылымы және адамның әрекет қылығы


Жоспар:

  1. Адамның әрекет-қылығы және дене құрылымы арасындағы байланыс мәселесі.

  2. Темперамент типтері теорияларына шолу.

  3. Адамның әрекет-қылығы және дене құрылымы арасындағы байланыстың көптүрлілігі.

  4. Физиологиялық факторлар.



Адамның дене құрылымы мен психологиялық қасиеттерінің байланысын оның әрекет-қылығын талдау арқылы анықтауға болады. Әрине, бұл өз кезегінде бірқатар теориялық (тұқым қуалаушылық әрекет-қылыққа тек құрылымдық сипат арқылы беріледі және қасиет-сапаның табиғатын топтастыруға байланысты конституционалды типтерді зерттеу) және практикалық талдау (әрекет-қылықты болжау) жұмыстарын қажет етеді.
Әрекет-қылық дегеніміз не? Адамның сырткелбеті арқылы оны бағалауға немесе оның әрекет-қылығын алдын ала болжауға болады ма?
Ертеректе, әлеуметтік қарым-қатынас қалыптасағаннан бастап адамның дене құрылымы арқылы оның психологиялық ерекшеліктерін бағалау актуалды мәселеге айналып кейінрек, бұл іспен френология және физиогномика сияқты псевдоғылымдар айналысты. Сырт келбетіне қарап адамның қоршаған ортада қалыптасқан түрлі стереотиптік бағалаулары адамның өз-өзін объективті түрде баға беруіне кедергі жасайды.
Дене құрылымы мен әрекет-қылықтың арасындағы өзара байланысты немесе олардың арасындағы өзара себептілікті (корреляцияны) бағалаудың бірнеше типтері бар. Дене құрылымы – А, әрекет-қылық – В, Басқа ауыспалылық (мыс. Экономикалық-әлеуметтік фактор) – С. Бірінші тип бойынша дене құрылымы әрекет-қылыққа әсер етеді, екінші типте В – А-ға әсер етеді (психосоматикалық аурулар, оқушының омыртқа сүйектерінің қисаюуы және т.б.).
Әрбір кісінің жеке басына тән дара өзгешеліктің бірі –темперамент. «Темперамент» сөзінің шығу тегіне тоқталар болсақ, «красис» деген грек сөзін латынша-темпераментум дейді. Мұндай атаудың мәні заттардың мөлшер шамаластығы деген түсінікті білдіреді. Сөйтіп, біз темпераментті жүйке жүйесінің табиғи типтік қасиеттеріне тәуелді, жеке адамға тән дара өзгешелік деп білеміз.
Темперамент – организмнің физиологиялық өзгешеліктерімен, әсіресе, жоғары жүйке қызметінің тума қасиеттерімен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да, психиканың күші мен тереңдігінен де, адамның көңіл-күйінің ерекшеліктерінен де жақсы байқалып отырады.
Сонымен, темперамент – адамның психикалық әрекетінің нақты динамикасын айқындайтын психиканың дара қасиеттерінің жиынтығы.Бұл психикалық ерешеліктер адамның барша іс-әрекетінде оның мазмұны, мақсаты және сеп-түрткілеріне тәуелсіз бірқалыпты көрінеді, есейген шақта да өзгеріске түспей, өзара байланыста темперамент кейпін өрнектейді.
Темпераменттер жөніндегі ғылымның ірге тасын қалаған ежелгі грек дәрінері – Гиппократ (б.э.д. V ғ.). Оның тұжырымы бойынша, әр түрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесінде төрт түрлі сұйық заттарға байланысты болмақ. Олар: денені жылытып тұратын-қан, салқындататын-шырын, құрғататын-бауырдағы сары өт және оған дымқылдық беретін қара өт. Организмде қанның пропорциясы артық болса, ол сангвиникалық (латынша «сангиус»-қан), ал шырын басым болса (грекше «флегма»-шырын) флегматик темперамент деп, ал организмде қара өт басым болса меланхолик (грекше «мелай-нехоле»-қара өт), организмде сары өт басым болса холерик (грекше «холе»-өт) темпераменті деп аталған.
Гиппократ организмдегі сұйықтардың бірінен екіншісінің басым болуы кейбір аурулардың шығу тарихын түсіндіруге де жарайды деді, ол мидың ролінтүсіне білді, оны бездердің бірі деп санады. Бұл – адамның жеке ерекшеліктерін жаратылыстық ғылыми зерттеудің алғашқы қадамы еді.
Рим дәрігері Гален (б.э.д. II) темпераменттің санын он үшке жеткізді. Гален организмде жылылық неғұрлым басым болса, адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса, темпераменті баяулайтынын айтты. Бұл секілді түсініктердің прогрессивтік маңызы зор. Өйткені адамның тәнін зерттеу, тәжірибеге көңіл аудара бастау – сол кезде кең жайылған, жан тәнге байланыссыз нәрсе дейтін теріс пікірге үлкен соққы еді.
Орта ғасырдағы ғалымдар темпераментті организмдегі химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырысты. Кейінен темперамент организмнің түрлеші физиологиялық өзгешеліктеріне, атап айтқанда, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне т.б. байланысты деген пікірлер де тарады. Неміс философы И. Кант (1724-1804) өзінің «Антропология» деген еңбегінде темпераменттің төрт түрі туралы толық психологиялық сипаттама берді. Бірақ ол темперамент пен мінез ұғымдарын бір-біріне балама ретінде қарастырды.
Ежелгі дәуірлерден бастап зерттеушілер адамдардың дене құрылымы және физиологиялық қызметінің ерекшеліктерімен сай келетін көп түрлі әрекет-қылықтарды топтап, ретке келтіруге ат салысты. Осыған орай темпераменттің көп түрлі типологтясы қалыптасты. Бұлардың ішінде назар саларлықтай тип – адамның дене құрылымына байланысты дараланып, тума темперамент қасиеттеріне негізделген – конституциялық типология (Э. Кречмер). Бұл теорияның мәні: әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшелікке ие. Осыдан, дене мүшелерінің сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалық тип белгіленген:
Лептосоматик – бойшаң, нәзік денелі, көкірек тұсы жайылыңқы, тар иықты, қол-аяғы ұзын, сидыйған.
Пикник – мығым, сезімшең, кіші немесе орта бойлы, қарны қампиған, домалақ бас, қысқа мойын.
Атлетик – бұлшық еттері күшті дамыған, денесі мығым, берік; ұзынша не орта бойлы, кең иықты, жамбас сүйектері тартылған.
Дисплатик – дене бітімі қисынсыз. Бұл адамдар әрқилы мүшелік зақым-сырқаттарға ұшырағандар.
Аталған дене құрылымы типтеріне үш темперамент типі сай: шизотомик, иксотомик, циклотомик. Шизотомик – дене құрылымы нәзік, әлсіз дамыған, тұйық, эмоциялары ауыспалы, тұрақсыз, талаптар мен көзқарастар өзгеріміне ере бермейді, осыдан қоршаған ортаға икемдесуі қиын. Иксотомик – денесі мығым, мінезі байсалды, сезімталдығы кем, ым-ишара жоқ, ойлау қабілеті шабан, көбіне майдашыл. Циклотомик – сезімшең, домаланған денелі, эмоциялары қайғы мен қуаныштың арасында бірдей, тіл табысқыш, көзқарастары шындықтан ауытқымайды.
Жоғарыда баяндалған конституциялық типология теориясының негізін қалаған – Э. Кречмер. Бұл теория Батыс Европада кең қолдауын тапты. Ал осы теорияны өзіндік ерекшеліктерімен осы ғасырдың 40-жылдарында АҚШ-та одан әрі жалғастырған У. Шелдон болды. Бұл ғалымның да темперамент типтерін айыруда ұстанған принципі – адам дене құрылымы және оның өзінің жаңалығы - эмбриологиялық белгілер.
Конституционалдық тұжырымдардың көпшілігі жантану ғылымында өткір сынға алынды. Бұл теориялардың негізгі кемшілігі: тұлғаның психикалық қасиеттерінің қалыптасуында қоршаған орта мен әлеуметтік жағдайлардың ескерілмеуі.
Ал ғылым шындығына келетін болсақ, адамдағы психикалық процестер мен оның қылығы жүйке жүйесі қызметімен байланысты екендігі ежелден-ақ белгілі болған. Темперамент тұрлерінің кейбір жалпы психикалық процестер ерекшелігіне тәуелді келуі И.П. Павлов және оның шәкірттерінің еңбектерінде эксперименталды дәлелденген.
И.П. Павлов иттің шартты рефлекстік әрекет ерекшеліктерін зерттей отырып, олар қылық-әрекеттеріндегі даралық өзгешеліктердің пайда болуына назар аударды. Мұндай айырмашылықтар ең алдымен иттердің рефлекстік қозуларды мен сол қозулардың сөну теңдігі мен дәлдігінен көрінген. Бұл жағдайлардың көрінуі жүйке процесінде қалыптасатын тұрақты қасиеттер – қозу және тежелуге байланысты екендігі жөнінде эксперименттермен дәлелденген. И.П. Павлов темперамент типінің жүйке қасиеттері ретінде қозу мен тежелу күшін, тепе-теңдігін және қозғалмалылығын атап көрсетті.
Қозу күші мен тежелу күші – бір біріне тәуелсіз жүйке жүйесінің дербес қасиеттері. Қозу күші жүйке жасушаларының әрекетшендік қабілетінің белгісі. Осы күшке орай жүйке төзімді, ұзақ не қысқа мерзімді әсерлі қозуды сақтай алады, тежелуге бейімделеді. Ал тежелу күші жүйке жүйесіндегі күшті әоерлерді басып, сөну және біріктіру шартты реакцияларын іске асыру қызметін атқарады.
Жүйке жүйесі процестерінің тепе-теңдігі қозу мен тежелу құбылыстарының өзара бірдейлік сипатын көрсетеді. Осы екі процесс күштерінің аралық қатынастарынан, бір процесс күші екіншісінен басым болуынан тұлғаның ұстамды, байсалдылығы не ұстамсыз, ауыспалылығы туындайды. Жүйке жүйесінің үшінші қасиеті – жүйке процесінің қозғалмалылығы – бір жүйке процесінің екінші түріне ауысу жылдамдығына көрінеді. Сонымен бірге, жүйке процестерінің қозғалмалылығы адам қылық-әрекетінің өмір жағдайларының өзгеруіне сай қалыпқа ене алу қабілетін де танытады. Жүйке жүйесінің мұндай қасиетінің өлшемін бір әрекеттен екіншісіне, енжарлықтан белсенділікке немесе кері өту шапшаңдығымен бағалаймыз. Жүйке қозғалмалылығына қарсы құбылыс – жүйке жүйесінің селқостығы. Бір процесс түрінен екіншісіне өту үшін қаншалықты көп уақыт пен кұш қажет болатын болса, жүйке жүйесінің селқостығы сонша үлкен болғаны.
Аталған жүйке процестерінің қасиеттері негізінде жүйке жүйесінің типі немесе жоғарғы жүйке қызметінің типі деп аталатын құрылым түзіледі.Бұл жұйе әр дара тұлғаның жүйке жүйесіне тән негізгі қасиеттер бірлігінен құралады. Ол қасиеттер: қозу мен тежелу процестерінің күші, тепе-теңдігі, қозғалмалылығы.Осы үш қасиетті негізге ала отырып, И.П. Павлов жүйке процесінің күшіне орай және күшті тип пен әлсіз типті айыра, дәстүрлі Гиппократ типологиясына жақын жүйке жүйесінің төрт негізгі типін ажыратты;
- күшті,қозу мен тежелуі теңдей, қозғалмалы - сангвиник;
- күшті,қозу мен тежелуі теңдей,салғырт - флегматик;
- күшті, қозуы басым - холерик;
- әлсіз тип - меланхолик.
Сонымен, И.П. Павлов түсінігінде, жүйке жүйесінің типі тума беріледі, тәрбие мен қоршаған орта ықпалынан өзгеріске келе бермейді. Осыдан жүйке жүйесінің қасиеттері – жүйке жүйесінің жалпы психикалық көрінісі болған темпераменттің физиологиялық негізін қалайды, яғни адам темпераменті – жоғары жүйке жүйесінің сырттай әрекет қарқынында танылатын психикалық бейнесі.
И.П. Павлов негіздеген типология темперамент психологиясы саласындағы көптеген лабораториялық зерттеулерге бастама берді. 50-жылдары жұргізілген осындай ізденістер нәтижесінде И.П. Павловтың шәкірттері В.М. Теплов, кейін В.Д. Небылицын темперамент типологиясын жаңа элементтермен толықтырды. Ересек адамның жұйке жүйесін эксперименталды талдауға ала отырып, жүйке процесіне байланысты екі қасиетті ашты: лабильдік және динамикалық. Жүйке жүйесінің лабильдігі – жүйке процесінің туындау және сөну шапшаңдығында көрінеді де, ал динамикалылығы – қоздырғыш, ұнамды және кері әсерлі, тежегіш шартты рефлекстердің оңай және жылдам түзілуінен байқалады.
Көп зерттеулердің нәтижесінде осы заман психологиясының теориялық тоқтамы: әрқандай адам белгілі типті жүйке жұйесіне ие. Нақты жұйкелік типке сай темперамент қасиеті дара психологиялық өзгешеліктердің мазмұның құрайды.
Психологияда жүйке жүйесінің белгілі типі адамның қылығынан, іс-әрекеті мен еңбегінен, оқу әрекеті мен ойнынан, сөйлеген сөзі мен спортпен шұғылдану әрекетінен белгі беріп, меншікті дара өзгешелігін көрсетуіне байланысты сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик деп төртке бөліп сипаттаймыз.
Сангвиниктің змоциялық қозуы шапшаң, күшті бірақ тұрақсыз. Көңіл-күйі әп-сәтте өзгереді. Ол - әсершіл адам. Ұнатқан, сүйген нәрсесіне елігіп әуестенуі де оңай, жеңсігінің басылуы да жылдам. Төңірегіндегі уақиғаларға, нәрсенің мән-жайына елең етіп, көңілденуі де, басқа нәрсеге ауып кетуі де тез. Көңілі көтеріңкі блып келеді. Ұзақ уақыт мұнайып жүрмейді. Бастан кешкен сезім күйлері санасында елеулі із қалдырмайды. Шапшаң да икемді, қозғалғыш та қызу, еті тірі сергек. Сезм күйлерін сыртқы қимылдары әйгілеп тұрады. Көтеріңкі, мәнерлі сөйлейді, мимика қимылы көп. Ақжарқын, ашық. Мұндай адам басқалармен жылдам жақындасады, бірақ қатынас-байланысында үстірттік болады. Қызықтырған іске бейімділігі, талабы, талпынуы көп, бірақ оп-оңай солғындап қала береді, бастаған ісіне тыңғылықты болмай, жұмысы аяқсыз қалады.Уәде береді, бірақ оны орындай алмайды. Ойынға қызу қатысады, ойын процесінде рөлін өзгертіп отырады, өкпелепқалуы оңай, өкпелесе, жылап жібереді, алайда, ренжігенін лезде ұмытады, көзінің жасы кеппей-ақ, күле бастайды.
Холериктің эмоцияға берілуі шапшаң. Сезім күйлері оқыс ауытқып, құмарта көтеріліп кететін шыдамсыз, күйгелек кісі. Әп-сәтте қызып кетіп, күйіп-піседі. Ашуланса, бұрқ-сарқетіп, қызу екпіні сарқылып барып басылады, бастан кешкен сезімі санасында терең із қалдырады, қимыл-қозғалысы шапшаң. Икемсіз оқыс қылықтарына қарамастан, қызылу, жігерлі, пысық және іс-әрекет атқаруға бейімді келеді. Жұмысқа құмарта беріліп, екпінмен істейді, анық, әсерлі, мәнерлі сөйлейді. Сезім күйлері сөзінен, мимика, пантомимикасынан білініп тұрады.
Холерик бала белсенді, батыл келеді, іске шапшаң кіріседі, бастаған іс-әрекетін аяқтап шығады, көп адам қатысқан ойындарға құмар. Өзі де ұйымдстырып, аяғына дейін белсене қатысады, шыдамсыз, күйгелек, лезде өкпелейді, әп-сәтте ашуланады және ашуын ұзақ сақтайды.
Меланхоликтің эиоциялық көтерілуі табанды, күшті, тұрақты болады, сыртқы көрінісі әлсіз келеді. Әр нәрседен ауыр әсер алады, олар бойын билеп, санасында терең із қалдырады, көңіл күйлері бірқалыпты ұзақ сақталады, мінезі баяу өзгереді, көңілі көбінесе жабырқау, кейде қайғылы да болады. Сыртқы жағдайдан үрейленіп, сескеніп тұрады, кедергі кездессе, уайымдап қажи түседі, қимыл-қозғалыстары ақырын, баяу болады. Мәнерсіз, ақырын сөйлейді, сезім күйлері сыртқы қимылдарынан көрінбейді. Өзі тұйық, жасқаншақ келеді, кісімен көп араласпайды. Іске бірден кірісіп кетпейді, егер кіріссе, іс-әрекетін толық аяқтап шығады.
Меланхолик бала сыпайы, момақан, жасқаншақ келді, біреу сұрақ қойса, қысылып, ұялып қалады, көңілденуі де, өкпелеп ренжуі де қиын, ренжіп қалса, көпке дейін ұмытпайды, ойынға бірден қосылып кетпейді, жатырқап тұрады, кешігіп барып қатысады, іске де бірден кіріспейді, бір бастап кетсе, ойынды да, жұмысты да аяқтап шығады.
Флегматик эмоциялық қозуы әлсіз болады, қызуланып желікпейді, елеуреп ашуланбайды, көңіл-күйлері байсалды, орнықты қалпында ұзақ сақталады, баяу өзгереді, жарқырап қуануда, жабырқап қайғыру да қиын, аз қозғалады, сылбыр, керенау қимылдайды, сезім күйлерін дене қимылдары білдіріп тұрмайды, мимикасы, өзге қимылдары мәнерсіз. Бір сарынды монотонды сөйлейді. Кісімен араласып жақындасуда мардымсыз, іске ырғалып-жырғалып барып кіріседі. Іс-әрекетін байсалды, тиянақты орындайды, бастаған ісін қадағалап істейді, аяқтап шығады.
Флегматик бала байсалды, баяу, орнықты болады. Кісіге үйірлігі аз, өзі ешкімге тиісіп, соқтығыспайды. Біреу жанжалға шақырса, есебін тауып жлтарып кетеді, тыныштықты жақсы көреді. Көңіл көтеретін сауыққа да әуес емес, бөтен кісіге міндет артып өкпелемейді.
Әрбір жеке адамның темпераментінде жалпы адамдарға ортақ, типтік бірсыпыра сипаттар болады. Сол сипаттарымен әр кісі темпераменттің белгілі бір типіне қосылады. Жоғарыды атап айтылғандай, таза темперамент типтері өмірде сирек кездеседі. Көп адамдарда бір типтің сипаттары басқа типтердің сипаттарына қосылып, араласып жүреді.
Сонымен, темпераменттің адам психикасындағы мәнін жоғары бағалай отырып, оның адам бойындағы табиғи қасиет – жүйке жүйесінің типтерімен байланысты екеніне көз жеткіздік. Темперамент – адамның дара психологиясының өзіндік бір сипаты ғана.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет