Диктантар жинағы 5-9 сынып Қазақ тілі мұғалімі : Бейсембаева Г.Қ



бет11/19
Дата17.04.2024
өлшемі63.45 Kb.
#498963
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19
Қазақ тілінен диктанттар жинағы

Июнь жарлығы

1916 жылдың жазы еді. Қарқара жәрмеңкесінің қызған шағы. Патша жарлығы шықты. Майданның қара жұмысына қазақтан әскер алуға бұйрық келді. Оны сол күні-ақ бүкіл жұрт естіп болды. Ел іші ұлардай шулады. Өйткені бұны жұрт азамат басына төнген қара түн деп білді. Жәрмеңке жайына қалды. Бүкіл ел Жәмеңдей қария, Ұзақтай батырының аузына қарады. Солардан жауап күтті. Көп кеңестен соң, азамат бермеуге тоқтады. Жігіттер түгелдей атқа қонды. Қолдарына қару алды. Бәрі де бұрын істеп көрмеген үлкен әрекетке бел байлады. Бұл оқиға жәрмеңке ұлығын сескендірмей қалмады. Сондықтан ол Қарақолдағы батырынан жәрдем сұрап, арнайы кісі жіберді.


Қайтсе де бір істің басталатын кезі жетіп келеді. Жайлаудағы елдің жігіттері аттарын күндіз-түні қолда ұстады. Белдеуден найза, белден қылыш сабы сияқты қаруын кетірмеді. Мылтық, алты атар тауып алғандары да бар-ды. (123 сөз)

(М.Әуезов)




Мырза бала

Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез келеді.

- Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? - деп сұрайды.

Жалғыз түйемнен көз жазып қалып, соны іздеп жүр едім, - деп жауап береді бала.

- Түйені тұсап қойсаң болмай ма?

- Түйемнің тұсауы өліп қалып еді, - дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.

- Балам, біз қай үйге қонамыз?

- Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона беріңіздер. Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қоныңыздар, - дейді бала.

Ханның қасындағылары:

- Мынау біз мырза бала екен, осының үйіне қонайық, -дейді

Келген соң, бала бір буаз саулықты жетектеп келіп. «илаһи амин» дегенде:

- Шырағым, бойдақ қой жоқ па? - деп ескертеді хан.

- Мен бойдақ қойдың жоқтығын мана далада айтпап па едім. Екі қой жейсіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе? - дейді бала. Қонақтар оның жауабына қайран қалады. (117 сөз)

(«Шешендік шиырлары»)



Жекпе-жек

Жекпе-жекке шыққан мұғалім қарулыны қолға түсірді. «Жауды» жеңіп, масайрап, Байқұлақ «жасағымен» мектепке қайтты. Мұратты Садық саптың соңына таман оқшау айдап келеді. Құндағының сынығы бар ұзын көне винтовканы парадтағы солдаттай кезеп ұстап алған. Мұрат өжеттік көрсетіп:


  • Тарт алға! Кезенбей жөніңмен жүр, - дейді. Садықтың бірақ тілге келер түрі жоқ. Қабаған итше арс ете қалады.


  • Сөйлеме! Жолдас Айманбеков.


Көшеден бейсауыт өтіп бара жатқан адамдар «бұнысы несі» дегендей, айдалып келе жатқан адамға қарайды. Мектепке келгеннен кейін Байқұлақ бір баланы жіберіп, Сәйбектен отын қоймасының кілтін алдырды. Сөйтті де, Мұратты сонда апарып қамап қойды. Оқушыны мұғалімнің қоймаға жабуы бұрын бұл көз көріп, құлақ естімеген жай. Окушылар үшін бұл таң-тамаша оқиға болды. Қару алып берекесіз жүруге болмайтынын түсінді. (160 сөз)

(Б.Соқпақбаев)


Көрініс

Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман астан-кестен. Шашын жайып жіберген ақ қайыңдар жазықсыз қираған қарағай бауырын жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қалың орманның өрт шалған тұстары түскен тістің орнындай кетіліп қалыпты да, қап-қара болып опырайып тұр.

Ну орманның қала жақ беті қысқы көрпесін қалың жамылған жазық дала бүгін бетіне қорасан шыққандай шұп-шұбар. Ол шұбартып жатқан қопарылған жер, бүктетіліп жатқан өлік денелері. Әр жерде намазға жиналғандай топ құзғындар отыр да, қуанғаннан құйрығына дейін қыпық қағып сауысқандар жүр.

Қаланың оң бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің күміс жапырақтары әлі дір қағып жатыр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар нәрлі қабағын кешпес кек, қайтпас ызғармен түйіп алыпты. (126 сөз)

(Ғ.Мүсірепов, «Ер ана»)
Тұрар

Мұрнына қарағай шайырының иісі келді. Мұрны әлі де иіс сезеді екен. Адамның қара тастан айырмашылығы сезімталдығында ғой. Ал, түрме бастықтары тұтқынды сол сезімнен айыруға неге сонша жанын салады. Сезімнен айырса - илеуге оңай. Айтқанына көндіре береді. Ал, Рысқұлов ойлайды: ақырғы мақсаты ату болса, жанды қинамай-ақ атып тастай салмай ма? Кім көріп жатыр? Кім араша түсіп жатыр? Ойбай, Рысқұловты тұтқындап, азаптап жатыр екен деп шырылдап, іздеу салған, сұрау салған бір жан бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ оны Рысқұлов білмейді. Қаншама жанға жақсылық жасады, біреуі алдынан шығып, араша түспегені ме? Мен мынаған қол ұшын бердім, мынаны қатерден құтқарып қалдым, мынаған жәрдемдестім деп Рысқұлов өзі айтпайды, осыдан осы жолы өле кетсе, соңынан ешкім де айтпайды.

Кімдерге жақсылық қылмады. Кәне, сонда көрген жақсылығы? (121 сөз)




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет