Қарашолақ
Ертістің сол қабағында Қарашолақ ауылы бар. Қарашолақтың алпысқа тарта үйі бар. Қарашолақтың халқы қазақ болмаса, әжептәуір қаласымақ болар еді. Не бір көше жоқ, не бір үй сияқты үй жоқ. Боқтықтан, көңнен, күлден, көз жылтыраған, жалпиған, үйме-жүйме бірдеңе. Бір кездегі ауқатты үйлердің қора-мүлкі қиқайып-сиқайып қалыпты.
Отырған жерінің шөбі арғы беттегі қазақ-орыс қаласынікі. Солардан жалдап шабады. Қарашолақтың кедейлері отын, шөп сатады. Тәуірлеуі алыпсатарлық қылады. Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстводан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. Мұғалім сұраған соң, азаматтар Қартқожаны берген екен.
Қарашолақ бала оқытуды жаңа ойлады деп ұқпаңыздар. Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашылған. Бергі заманда үшкөл тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештеріне жағылып, күлдері күлтөбеден бір шыққан. (133 сөз)
(Ж.Аймауытов)
Туған өлкем
Менің туған өлкем - кең байтақ Қазақстан. Оның асқар таулары мен айдын көлдері, жайқалған орманы мен жасыл жайлауы - менің ақ бесігім! Сондықтан да мен оны анамдай ардақтаймын. Шексіз сүйемін. Әрқашан аялап қорғап жүремін.
Көгіңде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Түлегі өскен алуан-алуан,
Төс алқабы малға толған.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем!
Қазақ даласының ең көркем, сұлу жерінің бірі - Бурабай. Оның әсем табиғи, мөлдір көлі, жұпар ауасы адам денсаулығы үшін өте пайдалы.
Бурабайдың басында атақты Абылай алаңы бар. Аты аңызға айналған. Оқжетпес пен Жұмбақтас та осында. Олар халқымыздың табиғат сыйлаған баға жетпес байлығы. (103 сөз)
Абайды тану
Мен өзім он бес жылдан бері еліміздің іргелі білім ошақтарының бірі - Алматы университетіне «Абайтану» курсын оқып келемін. Абай тану - сахарада бір жағы көшіп-қонып, бір жағы қала салып, сеңдей тоғысып, сабылып өткен бейнетқор қазақты танумен пара-пар: өз ұлтына, дүниелік сөз өнерінде Данте, Шекспир, Монтель, Толстой секілді із қалдырды десем, көтере айтқаным емес.
Өлерінің алдында сол Толстой өмір бойы өзін түсінбеген, мойын байлаған зіл батпан тастай сезілген үй ішінен, өнерді өзімшілдікпен өлтірген Софья Андреевнадан алаңсыз қашып шықпап па еді, тынысын тарылтқан қараңғы қапас мещандыққа, дүниеқоңыздыққа лағнет айтпап па еді, аяулы Абай да өз өлерінен үш жыл бұрын маңайын қоршаған аяусыз, арсыз, қайырымсыз, қадірсіз топтан мойнына бұршақ салып қашып шықпап па еді. Бұл туралы мен университетте оқып білген едім. (116 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |