Сүйген жер
Қарлығаш ұясын қыстаудағы қоралардың аша ағашының басына салады да, балапандары құлап кетпеуі үшін, ұшуға жараған шағына дейін, аяғынан ұяға қылмен байлап қояды...
Әке-шешемнің қамқорлығы қарлығаштай болғанмен, аяғымды алып-талып басқан соң-ақ, кебежеге қамалуға көнбей, талай рет бақырғаным, соныма қарамай еріксіз байлағаны, - өңім мен түсімдей есімде. Үш-төрт жасқа кеп есімді біле бастаған соң, ол қорлыққа көнбей, бір сәтте, байлауымды білдірмей шешіп, жүріп келе жатқан нар түйенің үстінен жерге құлағаным бар. Сол арада аузым көпіріп талып қалыппын да, есімді бірер күнде әрең жинаппын, одан кейін мені кебежеге еріксіз қамауды қойып, өз бетіммен жүруге жарағанша, түйе үстіне орнатқан шаңыраққа мінетін әжем қасына бос алып отыратын бопты. (101 сөз)
Қыс
Желтоқсан жұлдызы. Қар көптен жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де жылынбайды.
Өзенді, көлді мұз қаптап, жұрт үстімен жүре бастады. Қалың қардан шөптің басы көрінбейді. Қысты күні аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес. Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп, жас ағаштарды кеміріп жүр. Иелері жылы қораға шөп салып бағып-қақса да, қысты күні үй жануарларына да қиын. Адамның өзі де суықтан қорғанып, жылы киім киіп, үйлеріне от жағып, дайын жұмыстарынан қала алмайды. Қыстыгүні суық борандарда күні-түні далада жүргені, қасқырдан бір қорқып, бораннан екі қорқып, бейшараларда тіпті рақат жоқ. Жалтаң аяз көбінің беттерін қарыған. (110 сөз)
(М.Дулатов)
Су - тіршілік көзі
Сарыарқаның қыр арқасынан теріскейдегі ылдиға жөңкілетін онша ұзын емес өзендердің бәрі көктемде күркірегендерімен, күн ысығанда үзіліп-үзіліп қарасу болып қалады. Бұл қарасулардың мөлдірлігі соншалық - құмы-меруерт, маржан. «Алтынқұм» деген ат осындай құмнан туған шығар. Мүмкін, маржан құм ішінде алтын түйірлер бар шығар? Қарасудың түбіндегі тастар түп-түгел көрінеді. Қыздардың сырғасы, сақинасы түсіп кетсе, тауып алады.
Нұраның жолы да, жөні де басқа. Оның мінезі өзгеше. Ол Қарқаралы, Бұғылы, Тағылы тауларынан басталады. Нұра болмаса, Қарағанды қаласы салынбас еді. Сұрапыл соғыс жылдарында Теміртау тумас еді. Болат қорытылмас еді.
Нұраның тағы бір кереметі: ол - Қорғалжынның ащы емес, тұщы көлдеріне келіп жетеді. Қатты шаршаса да, әйтеуір, жетіп жығылады.
Қорғалжын ауданында үлкен-кішілі жүз отыз бір көл бар. (113 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |