Диплом жұмысы алматы 2022



бет9/10
Дата09.04.2023
өлшемі87.74 Kb.
#471972
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Арай диплом

ҚОРЫТЫНДЫ


Постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қадам басуынан-ақ, әлемдік әдеби мұралармен таныс оқырман мен әдебиет сыншыларының пікірі екіге жарылды. Бұл бағыттың әдебиетімізге енуін қолдап-қоштайтындар бірнеше уәж айтады. Негізгілері тек бір бағыттың шылауында қалмай, әлемдік әдеби үдеріске ілесіп отыру қажеттілігіне саяды. Тиісінше ондағы тәжірибелерді қазақ әдебиеті материалында сынау тоқырап қалған әдебиеттің тамырына қан жүгіртеді дегенді айтады. Сондай-ақ, ұшқыр ғаламтор заманында оқырманды тартудың әдіс-айласын қарастыру керектігін және оның бүгінде «сәнді» бағыт болып тұрған постмодернизмнен табылатындығын алға тартады. Екінші тараптың да байсалды уәжі бар. Оған себеп осы тәжірибелердің түбі қауіпті ойынға айналады деген қорқыныш болса керек. Таразының бұл басындағылар постмодернизмді әдебиеттің ғасырлар бойғы жинақтаған көркемдік тәжірибелерін мансұқ ететін, діліміз бен дінімізді жоққа шығарушы, рухани құндылықтарды аяқасты ететін, ұлт ретінде жойылуға апаратын бірден-бір ғаламданудың құрған «қақпаны» деп біледі. Постмодернизмді бірі жақтап, бірі даттап отырған екі тараптың тұжырымдарымен таныса келе, осы бағыттың қазақ әдебиетіне әсер-ықпалын теориялық тұрғыдан жан-жақты қарастыруға тырыстық.
Алғашқы тарауға нысан етілген қазақ постмодернистік прозасының алдыңғы толқыны Д.Амантай шығармалары қазіргі постмодернистік мәтіндердің түрлі мәтіндерден құрастырылған құрылымы мен оқырманға өз нұсқасын ұсынуға да мүмкіндік беретін ашықтығына көз жеткіздік. Интертекстуалдылық авторлардың шығармаларына ортақ болғанымен, олардың түрлі тәсілдерді пайдалана отырып жеке-дара қолтаңбасымен ерекшеленетіндігін айтуға болады.
Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы өз бойындағы мәтіндер диалогымен қызығушылығымызды оятты. Романның интертекстуалдық байланыстарға негізделіп, постмодернизм бағытында жазылуы қазақ әдеби үдерісіндегі жаңалықтардың бірі болды.
Зерттеу барысында біз романнан тек қазақ халқына ғана тән мәдени кодтар мен әлемдік мәдени кодтарды, сондай-ақ латентті білім қорынан бейсаналы түрде романға енген мәтіндерден басқа, автордың арнайы дайындап ендірген әдеби, діни және фольклорлық мәтіндерді, сондай-ақ түрлі зерттеу еңбектерін анықтадық. Сонымен қатар ендірілген мәтіндердің интертекстуалдылықтың аллюзия, реминисценция, референция, плагиат, гипертекст түрлеріне жататындығын және олардың романдағы қызметін мәнмәтіндік талдау арқылы айқындадық. Романдағы интертекстуалдылық тереңірек зерттеуді қажетcінетін мәселе екенін де бағамдадық.
Жұмысымызда қарастырылған қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің басты белгілерін айқындаушы эстетикалық әдіс-тәсілдердің оқырман көңіл- күйін аулауға бағытталған меймана дүниетанымға негізделуі адам жан- дүниесінің терең қатпарларын назардан тыс қалдыруға себеп болып отырғанын да айтып өтуіміз керек. Кеңестік идеологияның жалаң схематизмге ұрындыруы себепті әдебиетіміздің тарихында ұзақ уақыт билік жүргізген реализм бағытынан жалыққан авторлар мен оқырмандарға түрлі тәжірибелерге жол ашатын постмодернизмнің позитивтік жақтарымен қоса кері әсерлерін де біле жүргеніміз абзал.
Постмодернизмдегі ирония қызметінің көркем мәтіндерді қалып және мазмұн жағынан толықтай қамтуы көркемдіктің постмодернистік үлгісінің туындауына алғышарт болып отыр. Иронияның жаңа мәндегі қызметі әдеби мәтіндегі тұтастық пен бүтіндікке кереғарлығы, өзіне дейінгі құндылық бағдарын басқа арнаға бұрып, күмәндана қарауы, жалпылай алғанда дәстүрлі классикалық ұғымдағы шығармашылық болмыс, бітім, жекелей алғанда авторлық, мәтіннің сюжеті, композициясы, стильдік, жанрлық ерекшеліктеріне түбегейлі өзгеріс ендіруі қазақ прозасында жаңа қалыптасып келе жатқан көркем әлемнің басты сипаты екендігі зерттеу барысында дәлелденді.
Жазушы-постмодернистер арқылы қазақ әдебиетінде ақиқаттың көпқырлылығын қабыл көретін жаңаша көркем ойлау түрі пайда болды. Өз бойына бейтұтастық, плюрализм, монизм, релятивизм, көпнұсқалылық т.б. қағидаттарды жинақтаған жаңаша ойлаудың бұл түрі идеологиядан, күрестен бас тартуды, антитоталитаризмді хош көретіндігін зерттеу барысында бағамдай алдық.
Тілдің құдіретін мойындайтын және сол қарудың белгілі идеологияға қызмет етіп, адамдардың санасын билеп-төстеуіне қарсы шыққан постмодернизм әдеби шығарма тілі құрылымын бұзу арқылы көрініс берді. Алайда, өзіндік себебі болып, бастау көзін содан алған тілдік ойындардың жаппай кең етек жаюы, зарары мол идеология екендігін ешкім де жоққа шығара алмақ емес.
1968 жылғы Батыс Еуропа мен АҚШ-тағы қозғалыстардың әдеби шығармаларда пайда болған жаңғырығы анархиялық сипатымен көзге түскен еді. Төңкеріс өмірдегі құндылықтардың барлығына түбегейлі өзгеріc ендіруді талап еткен болатын. Бүгінде барлық иерархиядан бас тартып, постмодернизм арқылы тәжірибе жасап көрген батыстағы өнер иелері, ойшылдар мұның да тығырықтан шығатын жол екендігіне күмәндана бастаған тұста бұл тәжірибелердің әдебиетіміз ғана емес, мәдениетіміз бен ділімізге қауіп төндіретін жағымсыз тұстарын байқаймыз. Қазақстандық әдебиеттегі постмодернизмнің осы тектес тәжірибелерге құрылуы оған деген теріс көзқарастың туындауына себеп болды.
Қазақ әдебиеті де өзінен бұрынғы тәжірибелерден сабақ алып, жаһандану үдерісінің ықпалымен келген бағыттар мен ағымдарды, әдістер мен тәжірибелерді саралап, ой безбенінен өткізіп, әдебиет мүддесіне жаратады деп сенеміз. Осы орайда көрнекті ғалым Б.Майтановтың төл әдебиетімізде осы бағыттың өрістеуі жайында: «Қазақ тілінде жазатын қаламгерлерден де постмодернистік үрдістердің кейбір нақыштарын аңғарамыз.
Алайда отандық әдебиетке сыналай еніп, үрдіс ретінде ғана көрініс беріп отырған постмодернизмнің кең етек алатынына және әдебиетіміздегі түйткілді мәселелерінің шешуші кілті бола алатынына күмәндіміз. Бұған постмодернизмнің осы тәріздес тұжырымдарымен біздің мәдениетімізден көш ілгері танысқан елдер мәдениетіндегі «постмодерндік шаршау» құбылысын көлденең тарту да жеткілікті тәрізді. Сондықтан өзінің сан түрлі тәжірибеге ашықтығымен қазақ авторларын баураған бұл бағыттың әртарапты дамып келе жатқан әдебиетіміздің бір қыры ғана болып қалады деген ойдамыз. Қалай болғанда да әдебиеттегі бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес, тек зерттеуші ретінде баға беру арқылы даму бағытын өзгертуге септігін тигізе алуымыз мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет