Көптеген еуропа елдерінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасы алдын ала тергеуді аяқтаудың психикасы бұзылған адамның іс-әрекеті туралы істі тергеушінің медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешуі үшін сотқа жіберуі сияқты өзінше бөлек нысанын қарастырмайды. Венгрия ҚІЖК-і, егер жауап алғаннан кейін оның жасаған қылмысының басқа жасаған ауыр қылмысына қарағанда елеусіз екендігі анықталса, ары қарай тергеу жүргізбеу мүмкіндігін ерекше ескертеді.
Сонымен,
1. Алдын ала тергеудің, оның аяқталуы деп аталатын кезеңі қылмыстық іс материалдарын (сотқа кейінгі тексеру материалдарын) біржола жүйелеуден басталады.
2. Тергеудің аяқталуы мына шешімдердің біреуімен тамамдалады:
а) айыптау қорытындысымен;
б) қылмыстық істін қысқаруымен:
в) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарауы үшін істі сотқа жіберумен.
Өзінің мазмұны жағынан мұндай хаттама жеке және жария айыптау істері бойынша бірдей емес.
ІІ. АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ЖАСАП ТЕРГЕУДІ АЯҚТАУ
2.1. Айыптау қорытындысын ресімдеудің негіздері
Айыптау қорытындысын жасап тергеуші іс бойынша өз қызметін аяқтауға құқылы, егер:
- дәлелденуге жататын барлық мән-жайлар анықталса;
- айыпталушының кінәсі дәлелдемелермен расталса;
- оның қылмыстық жауаптылығын жоққа шығаратын (қылмыстық істі қысқартуға негіз болатын) мән-жайлар болмаса.
Айыптау қорытындысын жасау алдында тергеуші бірқатар іс жүргізу әрекеттерін орындауы тиіс. Енді соларға тоқталайық.
ҚІЖК-нің 274-бабында былай делінген: «Алдын ала тергеуді аяқталған, ал жинақталған дәлелдемелерді айыптау қорытындысын жасау үшін жеткілікті деп танып, тергеуші ол жайында жәбірленушіні және оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді немесе олардың өкілдерін хабардар етуге және, сонымен қатар оларға іс материалдарымен танысуға құқылы екендігін түсіндіруге міндетті». Мұндай хабар беру ауызша да, жазбаша да болады. Бұл жағдай істе жазбаша ресімделген хабарлама қағаздың, телефонограмманың немесе жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің немесе олардың өкілдерінің құқықтары ауызша түсіндірілгендігі туралы анықтаманың көшірмесін тіркеу арқылы көрініс табады. Практикада бұл адамдардың іс материалдарымен танысқысы келетін-келмейтіндігі ертерек анықталады. Бұл оларды азаматтық талапкер, жәбірленуші, т.б. ретінде таныған кезде болады. Олар өздерінің іс материалдарымен танысқысы келетін-келмейтіндігін тиісті қаулыда жазады. Хабар беруден өздері тікелей бас тартқанымен тергеуші оларға тергеудің аяқталғандығы туралы хабарлауға міндетті.
Көрсетілген адамдар тарапынан іс материалдарымен таныстыру жөнінде жазбаша немесе ауызша өтініш болса тергеуші жәбірленушіні, оның өкілін және азаматтық талапкерді немесе оның өкілін іс материалдарымен, ал азаматтық жауапкерді немесе оның өкілін қойылған талапқа қатысты іс материалдарымен таныстырады.
Жәбірленушіге және оның өкіліне, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе оның өкіліне іс материалдары, олар өз құқықтарын пайдаланғысы келетін жағдайларда ғана беріледі. Егер осы адамдар, мүмкіндігі бола тұрып, белгіленген уақытта іс материалдарымен танысуға келмесе, өз құқығын пайдаланғысы келетіні жайында тергеушіге ертесіне айтпаса, мұндай жағдай іс бойынша ары қарай іс жүргізуге кедергі бола алмайды.
Жәбірленушіге қылмыстық іс материалдарымен танысу мүмкіндігі берілмегендіктен қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару фактісі практикада болған. Бұл жағдайда зәбір көрген адам жебірленуші деп танылмауы мүмкін. Мысалы, Шет ауданының соты ҚК-тің 234-бабының 2-бөлігі бойынша айыпталушы кәмелетке толмаған П. мен Ш. істерін қосымша тергеуге қайтарған. Кәнігі бұзақылық әрекеттен зардап шеккен В. мен М. тергеу барысында жәбірленушілер деп танылмағандықтан сот істі қайтарған. Ал, КСРО Жоғарғы Соты, кезінде, мұндай қателіктер үшін істі қосымша тергеуге соттардың қайтармауын құптаған. КСРО Жоғарғы Сотының Пленумы, өзінің 1985 жылғы 1 қарашадағы «Соттардың қылмыстық сот ісіне жәбірленушінің қатысуын реттейтін заңнаманы қолдану практикасы туралы» №16 қаулысында былай деп көрсетті: егер сот талқылауың тағайындағанда тергеу органдарының қылмыстан моральдық дене тұлғалық немесе материалдық зиян көрген адамды жәбірленуші деп танымағандығы анықталса, сот (судья) өзінің қаулысымен (ұйғарымымен) ондай адамды жәбірленуші деп тануға, ол жайында оны хабардар етуге, құқығын түсіндіруге және сот талқылауы тағайындағаннан кейін оның барлық іс материалдарымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Тергеу анықтау формасында ғана жүргізілсе жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне тек анықтаудың аяқталғандығы және істің прокурорға жіберілгендігі хабарланады, оларға іс материалдары танысуға берілмейді. Ереже осындай. Ол ҚІЖК-нің 288 бабында бекімін тапқан. Бірақ, заң шығарушы пайдаланған бұл формулировка анықтау жүргізген адамға, кейбір жәбірленушілерге, азаматтық талапкерлерге, т.б. жеңілдік беріп, олардың іс материалдарымен толықтай немесе ішінара танысуына мүмкіндік тудырады, тек тергеу жұмысына кедергі тудырмаса болғаны. Еске сақтайтын бір жағдай — іс материалдарымен бұлай танысу ҚІЖК-де көзделмеген, сондықтан ол қылмыстық іс жүргізу қызметі болып табылмайды. Болгария, Чехия және Славакия ҚІЖК-терінде жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің іс материалдарымен танысу құқығы анықтау аяқталғаннан кейін де сақталады.
Жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің танысу кезектілігі заңда белгіленбеген. Қылмыстық процестің бірнеше қатысушысын қылмыстық істің мазмұнымен бір уақытта таныстыру немесе қандай кезек белгілеу құқығы тергеушіге берілген. Іс материалдарымен танысудың барысы мен нәтижедері хаттамаға түсіріледі. Алдын ала тергеу органы бұл жайында берілген өтініштерді шешеді.
ҚІЖК-нің 274-бабының талаптарын орындап тергеуші айыпталушыға алдын ала тергеудің аяқталғанын және істің барлық материалдарымен оның өзінің немесе қорғаушы көмегімен танысуға кұқылы екендігін, сондай-ақ алдын ала тергеуді толықтыру туралы өтініш бере алатындығын хабарлайды. Алдын ала тергеуді аяқтар алдында тергеуші айыпталушының қорғаушыны керек ететін-етпейтіндігін анықтайды. Әдетте, бұл факт адамды айыпталушы ретінде тарту туралы қаулыда, оны айыпталушының өз қолымен жазуы арқылы көрініс табады. Сонымен қатар, қорғаушыдан бас тарту айыпталушының бөлек арызында және оның іс материалдарымен танысу хаттамасында көрсетілуі тиіс.
Егер айыпталушы қорғаушыдан бас тартса, онда қылмыстық істің барлық материалдары оған танысу үшін беріледі. Айыпталушы істің жүргізілумен танысуға қатысуы үшін қорғаушы шақыру туралы өтініш білдірсе, сондай-ақ қорғаушы іске қатысқан болса, тергеуші барлық іс материалдарын айыптапушы мен оның қорғаушысына береді. Бұл субъектілердің біреуінің өтініші болғанда ғана олар іс материалдарымен жеке-жеке танысуы мүмкін. Ондай өтініш, әдетте, өз қолымен жазған өтініш (арыз) түрінде іс материалдарында көрініс табады. Бұл ереже анықтаудың және алдын ала тергеудің жүргізілуі аяқталғанда қорғаушының қатысуы міндетті болып табылатын барлық жағдайларға таралады, яғни егер айыпталушы:
а) қылмысты кәмелетке толмаған жаста жасаса;
б) ол мылқау, керең, соқыр немесе өзінің қорғану құқығын дене немесе ақыл-ой кемтарлығы себепті жүзеге асыра алмайтын адам болса;
в) сот ісі жүргізілетін тілді білмесе;
г) жазалау шарасы ретінде өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмысты жасады деп айыпталса;
д) присяжныйлар соты қарауы мүмкін іс материалдарымен танысса.
Айыпталушы мен оның қорғаушысын қылмыстық істің барлық материалдарымен таныстыру қорғаушы келгенше кейінге қалдырылады, бірақ ол мерзім бес тәуліктен аспауға тиіс. Егер айыпталушы таңдап алған қорғаушы көрсетілген мерзімде келе алмаса, тергеуші қылмыстардың көбісі немесе соңғылары жасалған ауданның заң консультациясы арқылы басқа қорғаушы шақыруға шара қолданады.
Тергеуші айыпталушы мен оның қорғаушысына істің барлық матермалдарын тігілген және нөмірленген күйінде ұсынады. Айыпталушы таныспаған материалдарды сотқа кейін жіберуге болмайды. Қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарылған іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін айыпталушыға қосымша тергеу материалдары ғана емес, істің барлық парақтары танысуға беріледі. ҚІЖК жобасында бұл ереже біршама өзгерген. ҚІЖК жобасының 313-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қосымша тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін процеске қатысушыларға қосымша материалдармен танысуға мүмкіндік беріледі, ал олардан өтініш болса ғана іс материалдары түгелдей беріледі.
Егер алдын ала тері еу кезінде киноға түсіру немесе үн таспаға жазу қолданылса, олар айыпталушы мен оның қорғаушысына көрсетіледі және тыңдатылады. Іс бойынша бірнеше айыпталушы болса, онда оларға өздері қатысқан қылмыстар бойынша жинақталған материалдар ғана емес, қылмыстық істің барлық материалдары ұсынылады.
Қылмыстық істің материалдарымен таныстыру кезінде облыстық, қалалық соттардың қарауына жататын қылмыстарды жасаған адамдарға тергеуші олардың ісін присяжныйлар сотының қарауы туралы өтініш бере алатын құқығын, сондай-ақ мұндай өтінішті қанағаттандырудың заңдық салдарың, присяжныйлар сотының үкіміне шағым келтірудің және ол шағымды қараудың ерекшелігін түсіндіреді.
Айыпталушының істі присяжныйлар сотының қарауы туралы өтінішін не ондай құқықты пайдаланудан бас тартуын, сондай-ақ бұл мәселеге қатысты айыпталушының басқадай кез келген ұстанымын тергеуші арнайы, осы мақсатта жасаған хаттамада көрсетеді, оған тергеуші мен айыпталушы қол қояды.
Дегенмен, бір іс бойынша қылмыстық жауаптылыққа, көбіне бірнеше адам тартылады. Тергеу аяқталғаннан кейін тергеуші істің присяжныйлар сотында қаралуы туралы өтініш білдіретін-білдірмейтіндігін олардың әрқайсысынан сұрауға міндетті. Олардың әрқайсысының жауабы бөлек хаттамада көрсетіледі. Егер, айыпталушылардың тым болмаса біреуі істің присяжныйлар сотында қаралуына қарсы болса, тергеуші мен прокурор істі бөліп шығару туралы мәселені шешуге тиісті, егер ол істің жан-жақты толық және әділ зерттеліп шешілуіне теріс ықпал етпейтін болса. Істің присяжныйлар сотында қаралуы туралы өтініш білдірмеген айыпталушы басқа айыпталушылардың ондай өтініш білдіргені жайында уақтылы хабардар болуы тиіс. Бұл ретте оған істің присяжныйлар сотында қаралуына қарсылық білдіру құқығы түсіндіріледі.
Қылмыстық істі бөлектеу туралы қаулы шығарылған жағдайда істің барлық материалымен танысу процесі бөлектелген іс бойынша да, ол алынған іс бойынша да қайталануы тиіс. Әрине, мұндай жағдайда айыпталушылар тек «өздерінің» істерімен ғана танысады — істі присяжныйлар сотының қарағанын қалаған айыпталушы негізгі (өзінен екінші іс бөлініп шыққан) қылмыстық іс материалдарымен, ал істің жай сотта қаралуын қалаған айыпталушы бөлінген қылмыстық іс материалдарымен танысады.
Айыпталушы мен оның қорғаушысы қылмыстық іс материалдарымен танысып болған соң тергеуші олардан қосымша алдын ала тергеу жүргізу туралы өтініші бар-жоғын сұрайды.
Қылмыстық іс материалдармен танысқанда айыпталушы одан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға құқылы. Тергеуші оны қаламсаппен және қағазбен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге міндетті.
Тергеуі аяқталған қылмыстық істің материалдары қамауда отырған айыпталушыға және оның қорғаушысына қамауда ұстаудың заңда белгіленген ен көп мерзімі еткенге дейін кемінде бір ай қалғанша танысуға ұсынылады. Айыпталушыны және оның қорғаушысын қамауда ұстаудың ең көп мерзімі өткенге дейін материалмен таныстыру мүмкін болмаса, Бас прокурор, облыстық және оған теңестірілген прокурорлар, әскери прокурор қамауда ұстаудың ең көп мерзімі өткенге дейін кемінде 5 тәулік қалғанша бұл мерзімді ұзарту туралы облыстық және оған теңестірілген судья алдында өтініш қозғайды.
Судья өтініш келіп түскен күннен бастап бес күннен кешіктірмей мына қаулылардың біреуін қабылдайды:
1) қамауда ұстау мерзімін айыпталушымен оның қорғаушысының іс материалдарымен танысуы аяқталғанша және прокурордың істі сотқа жіберу кезіне дейін, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзарту туралы;
2) прокурордың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы және адамды қамаудан босату туралы.
Қамауда ұстау мерзімі айыпталушы мен оның қорғаушысының алдын ала тергеуді толықтыру туралы өтінішін қанағаттандыру қажет болған жағдайда осы тәртіпте ұзартылады.
Қылмыстық іс материалдарымен танысуы үшін айыпталушыға жеткілікті уақыт бөлінуі тиіс. Қылмыстық іс материалдарымен танысу туралы хаттамада ол үшін бір-ақ сағат бөлінгендігі көрсетілгендіктен істі қосымша тергеуге қайтарған факт практикада бар. Алматы облысы Талғар қаласының соты ҚР ҚК-нің 138-бабы бойынша соттаған Б. өзінің іспен асығыс танысқанын, тергеушінің оны қосымша таныстырамын деп, бірақ уәдесінде тұрмағандығын сот мәжілісінде айтқан. Ал хаттамада Б. 313 парақтағы қылмыстық іспен сағат 17-ден 18-ге дейін танысты деп көрсетілген. Алматы облыстық сотының төралқасы үкімді бұзып, қосымша тергеу кезінде Б.-ның айтқанын тексеруді ұсынған.
Бұл ережеге қарамастан заң шығарушы айыпталушының іс материалдарымен танысу мерзіміне қандай да шектеу қоймайды. Айыпталушы, өз құқығын пайдалана отырып, істің сотта қаралуын мүмкіндігінше созуға әрекет жасаса, тергеуші мұндай қиянатты жоюға тиісті шара қолданады. Ондай шаралар: мұндай әрекетке жол берілмейтіндігін ескеру; іс материалдарын тергеушінің өзінің оқып беруі болуы мүмкін. Егер бұлардан да нәтиже болмаса тергеуші өзінің прокурор бекіткен дәлелді қаулысымен, іс материалдарымен танысу үшін жеткілікті белгілі бір мерзімді белгілейді.
Айыпталушы аудандық (қалалық) соттың қарауына жатпайтын іс материалымен танысқан жағдайда тергеуші істі судьялар алқасының қарағанына айыпталушының келісетін-келкпейтіндігін анықтайды. Айыпталушының бұл мәселеге қатысты пікірі хаттамада көрсетіледі.
Айыпталушының қорғаушысының қылмыстық істің барлық материалдарымен танысу кезіндегі құқығы ҚІЖК-нің 70-бабында баяндалған, ол:
1. Қорғаушы — заңда белгіленген тәртіппен сезіктілер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегін көрсететін адам.
2. Адвокаттарға, айыпталушының жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне, өз бірлестіктері мүшелерінің істері бойынша кәсіподақтың және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне қорғаушы ретінде жол беріледі. Шетелдік адвокаттарға, егер ол Қазақстан Республикасының тиісті мемлекетпен халықаралық шартында өзара негізде көзделсе, заңдарда белгіленген тәртіппен іске қорғаушы ретінде қатысуға жол беріледі.
3. Қорғаушы айып тағылған не адам осы Кодекстің 68-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сезікті деп танылған кезден бастап іске қатысуға жіберіледі.
4. Бір адам,егер сезіктінің, айыпталушының біреуінің мүддесі екіншісінің мүддесіне қайшы келетін болса, олардың екеуіне бірдей қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокаттың өзіне қабылдаған сезіктіні немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқы жоқ.
Айыпталушы мен оның қорғаушысына, сондай-ақ жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне іс материалдарын ұсынғанда хаттама жасалынады, онда танысуға қандай материалдардың берілгендігі, танысу қайда, қашан, қанша уақыт болғаны, қандай өтініш білдіргені көрсетіледі. Айыпталушы іс материалдарымен танысудан бас тартса, бұл факт хаттамада көрініс табады, онда бас тартудың себебі көрсетіледі, егер оны айыпталушы айтқан болса. Хаттама өте ұқыпты жасалынады. Оған түзету жасамауға тырысу керек. Егер ондайдан құтыла алмаса, ол жайында хаттаманың соңында көрсетіледі.
Іс материалдарымен танысушы адам алдын ала тергеуді толықтыру туралы өтініш білдіруге құқылы. Жәбірленушінің азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің жазбаша түрде баяндаған өтініштері жайыңда тиісті хаттамада белгі жасалынады, ал айыпталушы мен оның қорғаушысының өтініші барлық жағдайда хаттамаға кіреді. Барлық жазбаша өтініштер, сонымен қатар, қылмыстық іске тіркедеді. ҚІЖК-нің жобасында осы қарастырылып отырған іс жүргізу әрекетіне қатысты айыпталушы мен оның қорғаушысының тағы бір құқығы жайында айтылады. Онда былай делінген: айыпталушының сұралған куәлердің ішінен, сондай-ақ іске қатысушы сарапшылардың, мамандардың және куәгерлер ішінен жауап алу және қорғану позициясын растауы және олардың жауаптарын хаттамада көрсетуі үшін нақты кімдерді шақыру керектігін одан анықтау қажет.
Алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарлау және айыпталушыға іс материалдарын ұсыну туралы хаттамаға әдетте айыпталушының өзі және тергеуші (анықтау жүргізген адам, прокурор) қол қояды. Іс материалдарымен танысуға қорғаушы, заңды өкіл және т.б. сияқты өзге адамдар қатысқан жағдайда, олар хаттамадағы мәліметтердің дұрыстығын растап өз қолдарын қояды.
Алдын ала тергеуді тергеушілер тобы жүзеге асырған жағдайда, алдын ала тергеу органының атынан хаттамаға осы іс жүргізу әрекетін тікелей жүргізген тергеуші-орындаушы және тергеу тобының жетекшісі қол қояды.
Іс үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау туралы өтініш білдірілген жағдайда тергеуші алдын ала тергеуді толықтыруға міндеті. Егер қосымша жүргізілген тергеу әрекеттеріне қорғаушы қатысса, ол тергеушінің рұқсатымен куәге, жәбірленушіге, сарапшыға, маманға және айыпталушыға сұрақтар қоюға, сондай-ақ іс үшін маңызы бар мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтініш жасауға құқылы. Қорғаушы ұсынған сұрақтарды тергеушінің қайтарып тастауға құқығы бар. Бірақ ол қайтарылып тасталған сұрақтар хаттамаға кіруі тиіс.
Егер тергеуші жасалған өтінішті қанағаттандырудан толықтай немесе ішінара бас тартса, ол жайында дәлелді қаулы шығарады, оны құжаттың көшірмесін тапсыра отырып өтініш мәлімдегенге хабарлайды.
Қосымша тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін, не істе жана құжаттың пайда болуына әкеп соғатын өтінішті қандай да басқадай қанағаттандырғанда тергеуші әрбір айыпталушыны жәке олардың қорғаушыларын, тиісті өтініш болған жағдайда - жәбірленушіні және оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді немесе олардың өкілдерін іс материалдарымен таныстыруға тиіс.
Содан кейін тергеуші іс бойынша ақырғы шешімді - айыптау қорытындысын жасайды.
Айыптау қорытындысында істің мәнісі, тағылған айыптың тұжырымы, қылмыстық заңның осы қылмыстар көзделген баптары (белігі, тармағы) баяндалады. Айыптау қорытындысы сот талқысының шекарасын анықтайды, ал сот қылмыстық істі айыптау қорытындысында тұжырымдалғарі айып шегінде ғана қарай алады.
Айыптау қорытындысын жасағанда, тергеуші, айыпталушы ретінде тарту туралы қаулыда баяндалған айыптауды ұлғайтуға немесе өзгертуге құқылы емес. Егер айыпталушыға ҚК-тің жаңа бабы бойынша айып тағылмаса немесе арнайы қаулымен істің бөлігі қысқармаған болса тергеуші айыптаудың саралануын өзгертуге құқылы емес. Бұл талап айыпталушының қорғану құқығының кепілдігі. Айыптау қорытындысы сот залында жарияланатын құжат, сондықтан да ол қысқа әрі түсінікті, қисынды және қарапайым жазылуы тиіс. Істің мән-жайы және дәлелдеме құлаққа үйреншікті, жеңіл қабылданатын фразалармен жазылуы тиіс. Мүмкіндігінше фразалар қысқа болуы керек. Айыпталушылардың және басқа да процеске қатысушылардың, сондай-ақ сот залында отырғандардың әңгіме не жайында екендігін түсінуіне қиындық тудыратын күрделі заң терминдерін жөнсіз пайдаланудан аулақ болу керек. ҚІЖК-не сәйкес айыптау қорытындысы екі бөлімнен тұрады: сипаттау және қорытынды бөлімдер. Біздің және Арменияның ҚІЖК-тері тағы да кіріспе бөлімнен тұрады.
Айыптау қорытындысының сипаттау бөлімі «Алдын ала тергеу анықтады» немесе «Алдын ала тергеу барысында анықталды» деген сөздерден басталады. Бұл бөлімде істің алдын ала тергеу барысында анықталған мән-жайы қатаң жүйелілікпен баяндалады, онда айыпталушыны әшкерелейтін де, ақтайтын да дәлелдемелер келтіріледі, атап айтқанда, қылмыс жасалған жер мен уақыт, тәсілі, себебі, салдары және басқа елеулі мәліметтер; жәбірленген жайында деректер; айыпталушының жазасын ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар; айыпталушыны өз пайдасына келтірген уәждері: тиісті дәлелдемелер келтірілген томдар мен парақтарға сілтеме жасай отырып оларды тексергендегі нәтиже көрсетіледі. Сонымен қатар, сипаттама бөлім айыпталушының жеке басы туралы, тергеу процесіндегі оның мінез-құлқы туралы, қылмыстың себептері мен оған итер-мелеген мән-жайлар туралы мәліметтермен, қысқарту фактылары және оның негіздеріне сілтемелермен толықтырылуы, сондай-ақ айыпталушының біреуіне қатысгы істің (материалдарды) бөлінгендігі көрсетілуі мүмкін.
Істің материалдары қылмыстың жағдайын, оны жасаудағы себептер мен мақсатты оңай түсінетіндей етіп толықтырылуға және баяндалуға тиіс. Фабула адамды айыпталушы ретінде тарту туралы қаулыны қайталамауы керек. Оның көлемі де, мазмұны да аумақты болады. Фабулада ешнәрсе дәлелденбейді.
Сипаттау бөлімінің соңында айыпталушының түсініктемесі, оның таққан айыпқа қарсылығы келтіріледі, айыпталушының қарсылығына қарсы дәлелдемелерге сілтеме беріледі.
Тергеу практикасы айыптау қорытындысының сипаттау бөлімін баяндаудың бірнеше тәсілін тапты. Оның ең негізгілері - хронологиялық, жүйелік және эпизодтық тәсілдер.
Хронологиялық тәсілде негізгі дәлелдемелер алдын ала тергеу кезінде қандай реттілікпен жинақталса, сол қалпында көрсетіліп қана қоймайды, тергеудің барысы мән-жайлар мен мазмұн көрсетіліп баяндалады. Әр тәсілді негізгі дәлелдемелер жанама болып келетін күрделі істерде қолданған дұрыс.
Жүйелік тәсілде, ал ол бір эпизодтық қылмыстық істердің 99%-інде қолданылады, тергеудің барысы емес, оның нәтижелері баяндалады, яғни қылмыс оқиғалары қалай дайындалған және жасалған тәртіпте беріледі. Әдебиетте айыптау қорытындысының жүйелік тәсілдегі схемасы беріледі, онда мыналар көрініс табады;
1. Қылмыстың фабуласы (мән-жайы).
2. Фабулада сипатталған іс-әрекетке заңдық баға беру.
3. Осы іс-әрекет субъектісіне айып тағылғаңдығы туралы мәліметтер.
4. Қылмыстың қылмыстық жауаптылыққа тартылмайтын қатысушылар-ына қатысты шешімдер туралы мәліметтер,
5. Дәлелдемелік тарау:
а а) айыталушыныңтағылған айыпқа байланысты ұстанымы мен көрсетулері;
б) айыпталушының алибиін теріске шығаратын дәлелдемелер жүйесі;
п) қылмыс оқиғасының және айыпталушының кінәлі екендіктің дәлелдемелік жүйесі;
г) кейбір дәлелдемелерге сыни көзқарас;
д) айыпталушының жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларға талдама;
е) айыпталуының жеке басының қоғамға қауіптілік деңгейін сипаттайтын мәліметтерді зерттеу.
6. Қорытынды тезис.
Күрделі, көп эпизодты істерде айыптау қорытындысы эпизодтар бойынша құрылады, олардың әрқайсысы хронологиялық немесе жүйелік тәсілде баяндалады.
Айыптау қорытындысына тергеушінің ойынша сот мәжілісіне шақыртуға жататын адамдардың тізімі және іс бойынша қажетті анықтамалар тіркеледі. Сот мәжілісіне шақыруға жататын адамдар (жәбірленуші, куәлер, сарапшылар, т.б.) тізімінде олардың тегі, аты, әкесінің аты, тұрған (жүрген) жері және олардың жауаптары немесе қорытындылары келтірілген іс парағы көрсетіледі, Практикада, әдетте, бұл көрсетілген құжатта куәлерден, жәбірленушілерден және айыптаушылардан жауап алу хаттамасы бар іс парағы ғана көрсетіледі, ал беттестіру хаттамасының қайда екендігін көрсетуді ұмытып кетеді. Бірақ, жауаптар келтірілген нақты мәліметтер кезін осы екі хаттамамен шектеуге болмайды. ҚІЖК-нің 229-бабында былай делінген: тану жүргізу алдында танитын куә немесе жәбірленуші жауап беруден бас тартқандық немесе жалтарғандық үшін және әдейі жалған жауап бергендік үшін жауаптылық туралы ескертіледі. ҚІЖК-нің 229-бабына сәйкес тану хаттамасында «танушының жауаптарын баяндау» керек. Бұл дегеніміз - шақыртуға жататын адамдар тізімінде тиісті тану хаттамасы тігілген іс парағы көрсетілуі керек. Жәбірлеңушінің, куәлердің, олардың жақын туыстарының және басқа адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолданылғанда олардың мекен-жайы, қажет болса, тіптен, аты-жөні де көрсетілмейді. Кейде мұндай адамдар сотга жасырын ат пайдаланады. Сот пен прокурорға жәбірленушілер мен куәлердің толық деректері бөлек конвертте беріледі, ол сотта жарияланбайды. Сотқа шақырылатын адамдар тізіміне алдын ала тергеуде сұралғандардың барлығы емес, ең керектілер ғана кіреді.
Қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысына тіркелетін анықтамаларда алдын ала тергеудің мерзімдері, таңдалған бұлтартпау шарасы, айыпталушыны қамауда ұстау уақыты, заттан дәлелдеменің бар екендігі және қайда сақтаулы екендігі, азаматтық талап туралы мәліметтер, азаматтық талапты қамтамасыз ету шаралары мен мүлікті тәркілеу мүмкіндігі, алдын ала тергеу органдарының сот шығындарының түрі мен мөлшері көрсетіледі. Кейде, қашан және кімге қатысты қылмыстық ізге түсу қысқарғанда, айыпталушының жеке басын куәлендіретін құжаттардың тұрған жері туралы мәліметтер көрсетіледі. Тергеу мерзімдеріне қатысты анықтамада мыналар болады:
Достарыңызбен бөлісу: |