Тақырыптың көкейкестілігі. Осы кезеңдегі тарихи даму құбылыстарын зерттеуде археологиялық дереккөздерімен қатар, палеоантропологиялық және этнологиялық мәліметтердің, жаратылыстану ғылымдарының әдістері аса маңызды. Алайда дерек көздерінің ауқымдылығына қарамастан, бүгінгі таңда палеолит дәуірінің мәселелерін зерттеу әртүрлі деңгейде. Палеолит кезеңін зерттеуге аса қажетті жаратылыстану ғылымдарының сараптамаларының нәтижелері, әсіресе, мәдени қабаттың абсолюттік мерзімі, мәдени қабаттағы фауна анықтамасы, кесіндідегі палинология сипаттамасы туралы мәліметтер жеткіліксіз болып, кей кездері түрлі себептерге байланысты археологиялық материалдардың да толыққанды баяндалмай жариялануы кездеседі. Сондықтан Қазақстан палеолитінің өзекті мәселелеріне талдау жасаудың қажеттілігі күн сайын артып келеді.
Сондықтан ғалымдардың осы саладағы археологиялық ғылыми ізденістеріне, қол жеткізген нәтижелеріне тарихнамалық зерттеу жүргізудің, Қазақстан палеолитінің зерттеу әдістемесі мен өзекті мәселелерін талдау жасаудың қажеттілігі күмән тудырмайды. Жалпы айтқанда, палеолит дәуірінің ескерткіштерін зерттеу әдістемесі және осыған байланысты ежелгі қоғамды зерттеудің мәселелері ғылыми тұрғыдан өте маңызды, бүгінгі күннің талаптарына сай өзекті тақырыптардың қатарына жататындығы анық. Сондай-ақ біздің таңдаған мәселеміз кешенді түрде арнайы зерттелмегені оның өзектілігін дәлелдей түседі.
Зерттеудің мақсаты. Жұмыстың мақсаты еліміз аумағындағы палеолит дәуірінің ескерткіштерін зерттеу әдістемесі мен ежелгі қоғамды зерттеудің кейбір қырларын зерттеу болып табылады.
Зерттеудің міндеттері:
- Кеңес дәуіріне дейінгі және кеңес дәуіріндегі зерттеу нәтижелеріне тарихнамалық шолу;
- Тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулерге тарихнамалық шолу;
- палеолит ескерткіштерінің ерекшеліктері мен әдістемесін талдау;
- палеолит ескерткіштерін зерттеудің нәтижелерін және ежелгі қоғамды зерттеудің кейбір мәселелерін қарастыру.
Зерттеудің нысаны мен әдістері. Зерттеу жұмысының нысаны Оңтүстік Қазақстанның ежелгі тас дәуірінің археологиялық деректері болып табылады. Жұмыстың негізін отандық жән шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар мен монографиялар, оқу құралдары, мерзімді баспасөз материалдары, мемлекеттік бағдарламалық құжаттар, интернет желісі материалдары, ғылыми зерттеулер құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |