Дипломдық ЖҰмыс 5В020800 «Археология және этнология» Шымкент, 2022 ж


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІГІНДЕГІ ПАЛЕОЛИТ ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ТАРИХҚА ДЕЙІНГІ ҚОҒАМДЫ ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕРІ



бет8/12
Дата14.07.2022
өлшемі1.52 Mb.
#459693
түріДиплом
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
4 Абдраев Нұрлан ТП 18-6к (2) (2)

2 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІГІНДЕГІ ПАЛЕОЛИТ ДӘУІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ТАРИХҚА ДЕЙІНГІ ҚОҒАМДЫ ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕРІ


2.1 Палеолит ескерткіштерінің ерекшеліктері

Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан аумағында 450-ден астам палеолиттік нысандар белгілі [28, 8-б.]. Олар сипаты бойынша үңгірлік тұрақтар, ашық тұрақтар, ұстахана-тұрақтар болып жіктеледі.


Тас ғасырының археологиялық ескерткіштерінің екі негізгі түрі бар: стратификацияланған және ашық тұрақтар. Мәдени қабаты сақталған ескерткіштер аз, ал олардың арасында палеолитке тиістілері санаулы. Олардың арасында Батпақ, Қосқорған-Шоқтас кешені, Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ, Майбұлақ және Шүлбінің мәдени қабаттары сақталып қалған, ал қалғандары ашық түрдегі тұрақтарға жатады [29 б.].
Қазірге таңда еліміздегі палеолит ескеркіштері шоғырланған бірнеше аймақтарды атап айтуға болады. Олар – Қаратау жотасы, Жетісу, Солтүстік Балқаш төңірегі, Сарыарқа, Ертіс алқабы, Маңғыстау, Үстірт және Мұғалжар. Мезолит ескеркіштерінің ірі таралу аймақтары Орталық және Солтүстік Қазақстан болып табылады.
Палеолит ескерткіштерінің тығыз шоғырланған аймақтарының бірі Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан Қаратау жотасы.
Қаратаудың оңтүстік-батыс баурайындағы Кеңірдек ауылы, Арыстанды өзені маңынан ерте ашель кезеңінде жасаған ең ежелгі адамдардың тас құралдары табылған. Артефактілердің арасында клектон типіндегі құралдар, еңбек құралдарын даярлау үшін әзірленген үлкен шақпақтас отщептер және нуклеустер бар.
Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінің Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтарын да ерте ашель дәуіріне жатқызуға болады. Ол жерден табылған еңбек құралдарының бір бөлімін малта тастан жасалған, тек жоғарғы жағының (шабу үшін қолданылатын жүзінің) екі жақ беті немесе бір жақ беті өңделген шапқылар, қол шапқылар, бифастар, унифастар, клектон типіндегі үлкен және ауыр отщептер құрайды.
Аталмыш кезеңге Тәңірқазғанның шығысында орналасқан Ақкөл 1, Кемер 1, 2, 3 ескерткіштері мен Шудың төменгі тұсынан, Бетпақдаладан табылған Қазанғап тұрағы да жатқызылады.
Ақкөл 1 тұрағы Тараз қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыста орналасқан. 117 бұйымнан тұратын топтаманың ішінде ірі отщептер өте көп. Құралдардан екі жақты өңделген шапқылар, унифастар, қол шапқыларды атап өтуге болады.
Кемер 1, 2, 3 тұрақтары Қаратау қаласынан 25 шақырым солтүстік-шығыста жатқан Кемер шатқалында табылған. Тас бұйымдар жиынтығына екі жағы өңделген тұрпайы қол шапқылар, бифастар, унифастар, қырғыштар, отщептен жасалған құралдар, өзектастар кіреді. Кемер 2 және Кемер 3 топтамасында диск тәріздес бұйымдар бар.
Осы өңірдегі Қаратау қаласына таяу жерде ашылған Қызылтау 1 тұрағының топтамасы (17,5 мың данаға жуық) өзінің өңделу техникасы және құралдарының жиынтығы бойынша Бөріқазған, Тәңірқазған ескерткіштеріне ұқсас.
Кіші Қаратау жотасындағы Көктал өзенінен 5 шақырым шығыста орналасқан Тоқалы-1, 2, 3 орындарынан жинап алынған 300-ден астам артефактілер топтамасы ашелдің кеш сатысына жатады. Тас бұйыымдар қара және күл рең шақпақтастан даярланған. Шикізаттың бұл түрі Кіші Қаратаудың солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс, сондай-ақ Арыстанды және Шаян өзендері маңында жиі кездеседі. Ашель адамдары еңбек құралдарына қажетті шикізатты дәл осы жерлерден алған болса керек.
Жамбыл облысындағы Ақкөл ауылынан 18 шақырым оңтүстікте орналасқан Қызылрысбек тұрағын да ғалымдар кеш ашель уақытымен мерзімдейді. Бұйымдар арасында чоппинг, диск тәріздес құралдар, өзектас тәріздес бұйымдар, унифастар, отщептен жасалған құралдар, отщептер бар.
Ашель дәуірінің басқа бір бірегей кешені Оңтүстік Қазақстанның Түркістан ауданында (Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейі мен Сырдария өзендері алаптарының аралығында) орналасқан мәдени қабаттары сақталған және абсолюттік жасы 510 мың жылды құрайтын Қосқорған-Шоқтас тұрақтары. Олардың үшеуі Шоқтаста, біреуі Қотырбұлақ ауылының солтүстігінде, қалғандары Қошқорған ауылы маңында орналасқан.
Қосқорған кешенінің бес мыңнан астам, Шоқтас тұрақтарының 5 мыңға жақын тас бұйымдар топтамалары, археоботаникалық және археозоологиялық материалдар осы жерді қоныстанушылар туралы құнды ғылыми мәлімет берді. Қошқорған фауналық кешені бұл маңды мекендеген қауымдардың орман пілі, Вюст пілі, Трогонтерий пілі, Мосбах жылқысы сияқты алып сүтқоректілер мен Мерке мүйізтұмсығы, Шетензаки бизоны, Зоргели елігін және т.б. жануарларды аулап қоректенгенін көрсетеді. Аңдар сүйектерінің тас құралдармен тұтаса тасқа айналып кеткені жиі кездеседі.
Қосқарған-Шоқтас құралдары кварц, сұрғылт қайрақтас, шақпақтас және әктастан даярланған. Тас өндірісі техникалық-морфологиялық жақтан Бөріқазған, Тәңірқазған және т.б. Қаратау жотасының ерте ашель ескерткіштерінен өзгеше болып келеді. Бұл микролиттік келбеттегі өндіріс болып, еңбек құралдарының орташа үлкендігі 3-5 см құрайды. Тас өңдеудің леваллуа техникасы бұл жерде өзіндік ерекшеліктерге ие. Өзіндік Қошқарған кешенінің қалыптасуы осы өңірдегі шағын тас жыныстарынан тұратын шикізат көздеріне байланысты болуы керек.
Қаратаудан табылған тас құралдар мен олардың өңдеу техникасының Африка, Үндістан, Пәкістан және Қытайдың синхрондас материалдарымен ұқсастығы, археозоологиялық және археоботаникалық мәліметтер алғашқы адамның Оңтүстік Қазақстан аумағын ерте ашель дәуірінде қоныстана бастағанынан дерек береді. Қазақстанның ежелгі тұрғындары пите­кантроп пен синантроптың замандастары болған. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген, ірілі-уақты хайуандарды аулаумен, өсімдік тағамдарын жинаумен шұғылданған.
Ашель дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның басқа аймақтарында да белгілі. Олардың қатарында Маңғыстаудағы Шақпақата, Құмақапа, Арал төңіргегіндегі Арал 1-3, Аққыр, Мұғалжар тауларындағы Жалпақ, Мұғалжар кешендері, Орталық ҚазақстандағыЖаман айбат, Обалысан, Балқаш маңындағы Семізбұғы 4, Қызылқайнар, Тұранға, Ертіс өңіріндегі – Құдайкөл 1, Құрама, Екібастұз 20, Шығыс Қазақстандағы Қозыбай тұрақтары бар.
Ертіс өңіріндегі Құдайкөл 1 тұрағындағы құралдар тығыз қатқан кварцты құмтастан жасалған. Олардың арасында үшкіл және жалпақтас секілді сынықтардан жасалған 16 қол шапқы, ауыр отщептен дайындалған 5 қырғыш бар. Топтамада тік бұрышты және үшбұрышты тұрпатты бір алаңқайлы леваллуа нуклеустері (70 дана), отщептер мен пластиналарбар.
Маңғыстау түбегіндегі төменгі палеолит ескерткіштерінің арасында Өнежек тұрақтары айрықша топты құрайды. Олардың тас бұйымдары техникалық-типологиялық жағынан әркелкі болып келеді және бірнеше хронологиялық кезеңдерге тиісті. Тас бұйымдардың ішінде нуклеустер, отщептер, пластиналар, қырғыштар, бифастар, үшкіртастар бар. Зерттеуші ғалымдардың пікірінше Өнежек кешенінің ерте түрлерін тіпті Олдувай мәдениетімен салыстыруға болады.
Тас ғасырындағы маңызды орталықтардың бірі Мұғалжар өңірі болған. Оралдың жалғасы болып табылатын Мұғалжар тауларында шикізат көздері (шөгінді шақпақтас жыныстары) мен судың (Ембі, Ырғыз, Орал, Op, т.б.) мол болуы ежелгі адамның мұнда ерте қоныстануы ұшін мүмкіндік берген болса керек.
Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданында анықталған тас ғасырының (ашель-энеолит) 100-ге жуық орындары бар. Олардың арасынан ғалымдар ашель кешендерін ажыратады. Еңбек құралдарының арасында ашель өзектастары, бифастар, тісті-ойықты құралдар, қырғыштар, отщептер, сондай-ақ т.б. бұйымдар саны мол. Мұғалжар тауында шикізат көздерінің мол болуы ежелгі адамдардың еңбек құралдарын асқан шеберлікпен жасауларына мүмкіндік бергендігі байқалады.
Зерттеушілердің пікірінше, ашель уақытына жататын Қаратау, Балқаш төңірегі мен Маңғыстау кешендеріне ортақ құбылыс – бұл леваллуа техникасы. Оларға леваллуалық өзектастар, тісті-ойықты құралдар мен қырғыштар, шапқылар тән.
Қазақстан аумағында ашылған көптеген ескерткіштер және олардың біршама біркелкі таралуы мустье дәуіріндегі адамның оңтүстікте Қаратау жотасынан, солтүстікте Есіл өзенінің басталар жеріне дейінгі және батыста Сарысудың орта шенінен, шығыста Ертістің басталар жеріне дейінгі аудандардың көпшілігін игергенін көрсетеді.
Қазақстан аумағында ежелгі палеолиттің екінші жартысына жататын көптеген ескерткіштер белгілі. Олардың біршама біркелкі таралуы: мустье дәуіріндегі адам Қазақстан аумағының оңтүстікте Қаратау жотасынан, солтүстікте Есіл өзенінің басталар жеріне дейінгі және батыста Сарысудың орта шенінен, шығыста Ертістің басталар жеріне дейінгі аудандардың көпшілігін игергенін көрсетеді. Қазірдің өзінде екі ірі мәдени аймақты - оңтүстік және солтүстік аймақты атауға болады.
Қазақстан археологиясында ежелгі тас ғасыры – палеолит дәуірін әзірге дәстүрлі түрде ежелгі, орта және кейінгі кезеңдерге бөлерліктей өлшемдер жоқ. Сондықтан Қазақстанның көне тарихының ескерткіштері жөнінде сипаттама екі - ежелгі палеолит пен кейінгі палеолит жайында берілген.
Қазақстан аумағынан ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге табылған жоқ. Алайда Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы палеогеографиялық жағдай ежелгі адамның өмір сүруі үшін қолайлы болды. Оңтүстік Қазақстанда табылған ежелгі тас құралдар мен остеологиялық материалдар мұны дәлелдейді. Артефактілер Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель уақытындағы тұрпайы құралдарына ұқсас және ежелгі жануарлардың түр құрамы Чжоукоудянь үңгірінен синантроппен бірге табылған фаунаға жақын да көрсетеді.
Қазақстан аумағында ең ежелгі адамдардың мекендеуі үшін қолайлы аудандардың бірі - Қаратау жотасы болды. Бұл жотаның маңайында және оған жақын аудандарда төрттік дәуірдегі мұзданудың ешқандай ізі болған жоқ. Біршама ылғалды, жылы климат ылғалды жерде қаулай өскен өсімдік, әр қилы фауна мұнда көне палеолит дәуіріндегі адамның өмір сүруіне қажетті алғышарттар жасады.
Мұндағы ең көне еңбек құралдарынының қатарына жататындар - Қаратау жотасының Оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің төменгі төрттік, ең жоғарғы жайылма сөресін құрайтын жентектелген қосындылардың ішінде Кеңірдек елді мекенінен табылған ауыр, тік бұрышты шақпақ тастар.
Клектон тұрпаттас деп аталатын бұл ең ежелгі құралдардың одан анағұрлым кейінгілерден айырмасы - олардың соғатын қыр алаңқайшасы тым үлкен, ол тіпті, бүкіл сынық көлемінің жартысынан көбірек. Олармен бірге бұл тас жаңқалары сындырылып алынған үлкен шақпақ тас дайындамалары, ұраөзектастар да болды.
Кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігіндегі ежелгі адам, шамасы, көбінесе оқшау қыраттарда (останцаларда), аласалау төбелерде немесе мүйістерде (куэстерде) көне замандағы құрал жасалатын негізгі зат болып табылатын шақпақ тастары көп жерлерде тұрды. Мұнда, мәселен, радиусы 5-10 км жерден 12 палеолиттік тұрақтар табылған, шақпақ тастан жасалған 5 мыңнан астам құрал жиналған. Қаратауда табылған ерте ашель дәуіріне жататын неғұрлым ден қоярлық олжалар Шабақты, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл-1, Қазанғап қоныстарынан алынды.
Шабақты қонысында көлбей жатқан қыраттың тегіс бетінен, клектон тұрпатты деп аталатын, арыстанды тас жаңқаларына ұқсас екі шапқы табылды. Біріншісі үш бұрыш пішіндес, сұрғылт-жасыл шақпақ тасты әктастан жасалынған; оның жұқартылған екі қырлы жұмыс шетінен имек жүз шығарылған. Шомбал қырғышты еске түсіретін екінші шапқының түрі сопақтау; бұл уақытқа тән тағы екі құрал табылған. Мұның бірі ірі малта тастан дайындалған жүзі жалпақ африкалық чоппингті еске түсіреді. Оның имек келген жұмысқа пайдаланылатын бөлігі екі жағынан ірі жарықшақтармен ұшталған, ал қарсы ұшы өңделмеген. Бір шеті ірі жарықшақтармен өңделгендіктен, құрал дөрекі шапқы іспеттес болып шыққан.
Бөріқазған мен Тәңірқазған қойнауларындағы тұрақтар ерте ашель дәуіріне жатады. Мұнда нақпа-нақ анықталған мәдени қалдықтар шыққан жерден төрт түрлі бұйымдар тобы табылған. Бұлар - шеті не бір жағынан, не екі жағынан жұқартылған дөрекі шапқы құралдар, жүзі мейлінше өткірленген ашельдік тұрпатты шапқылар, клектон тұрпатты зілмен тас жаңқалары, тұрпайы ірі ұра-өзектастар. Бәрі де желден жеміріліп, әбден көнерген. мұндай тас құралдар жиынтығы Ақкөл-1 тұрағына да тән.
Ерте ашель уақытына жататын тағы бір ескерткіш Бетпақдалада, Шу өзенінің оң жақ жағасынан табылды. Шу өзенінің ең жоғарғы көне төрттік сөресінің бетінде, Қазанғап қойнауында табылған заттардың жатқан жерінің геологиялық жағдайлары олардың жасының төменгі палеолитпен тұстас келетінін көрсетеді. Жұқа қабат тығыз құмдақтың астында көміліп қалған тұрақтан 300-дей әрқилы тас бұйымдары аршылды. Олар карбонмен шамалас қоңыр сары шақпақ тастан жасалған. Табылған заттардың негізгілері - клектон тұрпатты тас жаңқалары. Шақпақ заттардан көп кездесетіндері - екі жақты (бифас) және бір жақты (унифас) шапқы құралдар, қырғыштардың азды-кемді пайызы, қол шапқылар, өзектастар және басқа да құралдар.
Қаратау тас құралдарының тұрпаттары және оларды өңдеу тәсілдерінің Африкада, Үндістанда, Пәкістанда, Қытайда табылған ежелгі заттарға типологиялық жағынан ұқсастығы Оңтүстік Қазақстанның аумағын адам сонау шелль-ашель дәуірінде мекендеген деуге мүмкіндік береді.
Қараүңгір тұрағының негізінде құралдары дөңгелек өзектастардың үшкіл сынықтарынан және қос қырлы ұзынша тас тіліктерінен жасалды. Тас тіліктері дөңгелек өзектастардан емес, бітімі жағынан призмаға ұқсас қатар қырлы өзектастардан шағылып алынды. Бұл тұрақтан табылған құралдардың ішінде кішкене шапқылар, асырғыштар, шеті түзетілген үшкіртастар бар. Ол туралы мәліметтер А.3-суретте көрсетілген.
Қазақстанның ежелгі тұрғындары пите­кантроп пен синантроптың замандастары болған, бұлар эволюциялық дамуында Homo erectus кезеңіне сай келеді. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей ұстай білген, ірілі-уақты хайуандарды аулаумен, өсімдік тағамдарын жинаумен шұғылданған. Бүған Оңтүстік Қазақстанда ұзақ жылдар бойы зерттелген Қосқорған мен Шоқтас секілді бірегей ескерткіштерден қазып алынған материалдық қалдықтар куә бола алады.
Бұл ескерткіштер Оңтүстік Қазақстанның Түркістан аумағындағы Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейі мен Сырдария өзендері алаптарының аралығында орналасқан. Аталған аудан Азия орталығындағы шөлді және шөлейтті (аридті) аймаққа кіреді, оған бір шетінен Қарақұм құмдарының да жақын болуы азды-кемді септігін тигізеді. Бұл ескерткіштердің басқа археологиялық нысандардан айырмасы сол, бірқатар тас құралдары атқылаған судың айналасына қатып-семіп қалған травертинді сақиналардан қазып алынған. Еңбек құралдары мен тұз тағыларының сүйектері бірге жатуы олардың замандас екендігін де айғақтайды.
1993-1994 жылдары Қосқорғандағы археологиялық ізденістер кезінде алынған тас құралдарының жалпы саны 5 мыңға жуық және де техникотииологиялық жағынан ап-айқын кешенді құрайды. Шикізат көзі, сыртқы келбеті, типологиясы, дайындау технологиясы (екінші қайтара өңдеу), алғашқы жаңқалау жүйесі секілді белгілері бойынша кешен бір тектес. Тас құралдарын дайындау үшін түрлі жыныстар пайдаланылған, олардың арасында кварц, сұр түсті, ірі түйіршікті құмтас, квар­цит, шақпақтас, әктас, тасқа айналған ағаш та бар. Артефактілердің 70% кварц пен бор заманындағы ірі түйіршікті құмтастан жасалынған, бұл екі жыныс кесек және сынық түрінде де пайдаланылған. Қалған жыныстар, негізінен, бор заманындағы шағын малтатас түрінде. Ол туралы мәліметтер А.5-суретте көрсетілген.
Жалпы алғанда, индустрия кейпі микролиттік, құралдардың орташа мөлшері (көлемі) 3-5 см, бірақ мұның өзі шикізат көзімен тікелей байланысты болуы неғайбіл, сірә, ол өзіндік технологиялық дәстүрді анықтаса керек. Алғашқы жаңқалау леваллуа техникасына жақын екендігімен сипатталынады, бірақ, әлбетте, өзіндік ерекшелік оны қосқорғандық леваллуа техникасы деп белгілеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «цитрон» және радиалды техникалары да болған, бірақ олардың үлес салмағы мардымсыз. Өзектастардан (нуклеустерден) алынған дайындамалар (заготовка) қысқа түр-пішінді, олар негізінен тас жаңқасына (от­цеп) негізделген. Бифастық техника жоқтың қасы, оған қарағанда, унифастар жиірек кездеседі. Екінші қайтара өңдеу түрлі типтегі түзетулерден (ретушь) тұрған, түзету вентраль бөлікке қарағанда, дорсаль жақтан көбірек түскен. Түзетудің сатылы, қабыршақты типтері айқын байқалады. Клектон ойықшалары, кейде аралас ойықшалар да кездеседі [19, 244-45 бб.]. Құралдар арасында, әлбетте, түрлі типтегі қырғыштар басым, олардың арасында мустье сүйip ұшы, кескіштер, ойықты құралдар, қырғыштар, малтатастан жасалған құралдар бар.
Негізгі тас бұйымдарын сипаттай келе, олардың Қазақстан мен Орта Азиядағы индустриялар қатарынан кездеспейтіндігіне назар аудара кеткен жөн. Оларға аздап Көлбұлақ (Өзбекстан) пен В.А.Ранов енгізген «сары топырақты» (лесс топырақты) палеолит (Тәжікстан) материалдары ұқсас. Айта кететін бір жайт, қосқорғандық кешендер бірқатар белгілері бойынша Орталық Еуропадағы Вертешселеш пен Бильцингслебен индустрияларына ұқсас болып келеді. Вертешселеш тұрағының мерзімі бұдан бұрынғы 350-600 мыңжылдықтарды қамтиды. Қосқорған мен Шоқтас кешендеріне ұқсайтын индустрияларды шығыс өңірлерден де кездестіруге болады. Мәселен, Қытай жеріндегі Чжоу Коу-дянь үңгірі. Осыларға негізделіп, Таймағамбетов Ж.Қ. Қосқорған мен Шоқтас плейстоцен кезеңінде батыс пен шығысты жалғастырған орта болды ма екен деген гипотезаны ұсынады [19, 288-б.].
Оңтүстік Қазақстанда анықталған ашель-мустье дәуіріндегі тұрақтар жаңа тұрпаттағы құралдардың бұдан бұрынғы уақыттағы ежелгі заттармен етене ұштасуымен сипатталынады. Осындай ескерткіштер қатарына Көктал өзенінің шығыс жағындағы Тоқалы қойнауынан табылған үш кешен жатады. Тоқалы (1-3) тас құралдарының орналасу жағдайлары Бөріқазған мен Тәңірқазғанда табылған заттардың орналасуына өте ұқсас. Аталған жерлерден 300-ден астам тас бұйымдары жинастырылған, олардың басым бөлігін дөрекі имек жүзді малта тас құралдары мен көне зілмен қырғыштар құрайды.
Келесі бір тұрақ - Қызылрысбек, ол Ақкөл көлінен оңтүстікке қарай 20 км жердегі куэст қыратының бетінен табылды. Құрал жасау үшін пайдаланылған материал ұсақ түйіршікті шақпақ тастардың табиғи жыныстары мен шақпақ малтатас болды. Бірнеше рет дәлдеп жарылғаннан кейін тастар тұрпайы қол шапқыларына немесе тас балтаның ізбасары болып табылатын колун тұрпатты құралдарға айналдырылатын болған. 20 шаршы метр жерден құралдардың бірнеше түрі — екі жақты шапқылар, өзектас тәрізді шапқылар, дөңгелек өзектастардан шағылып алынған қырғыштар мен тас жаңқалары теріліп алынды.
Ашель-мустье дәуіріндегі адамдардың бірқатар тұрақтары Бурылтай (Боралдай) өзенінің биік жайылма серелерінен шықты. Мұнда ежелгі тұрпаттағы ірі ауыр тас жаңқаларынан басқа дөңгелек өзектастар үшкіл тас тіліктері, арқа тұсы кең, қырлы тас тіліктері, сопақша қырғыштар, қара сүт үшкіл үлкен тас жаңқадан жасалған үшкіртас табылды. Бұл арада пайдаланылатын тастардың жоқтығы, тас саймандардың аздығы және өзгешелігі Бурылтай тұрақтарын аңшылардың шағын тобының аз уақыт болған жері деп есептеуге мүмкіндік береді.
Арыстанды өзенінің оң жағасында Қарасу қойнауында зерттелген ескерткіштің түрі мүлде басқаша. Ш.Ш.Уәлиханов есімі берілген, бірнеше қабатты палеолиттік тұрақ Арыстанды өзенінің үшінші жайылма сөресінде болған. Бұл маңда, 10 мың шаршы метрден асатын жерде шақпақ және халцедон заттардың мол жиынтығы табылды [30].
Тас құралдардан басқа жабайы жануарлар сүйектерінің сынықтары мен ағаш көмірі бар материалдық мәдениеттің іздері көлбеу жатқан және алты қабатта болған; қабаттар сары топырақ арқылы бөлінген; сөйтіп, үш стратиграфиялық белдеу жасаған. Тұрақтағы заттар мустье пішінді. Олардың ішінде дөңгелек өзектастар, сынықтар, үшкір тастар екі жағынан өңделген шапқы құралдар, қырғыштар, жонғыш-қырғыштар, кескіштер де бар. Оның үстіне қырғыштар мен кескіштері сонау мустье заманында пайда болып, сол кезде көп кездесетін жұмыс аспаптарымен қатар қолданылған.
Мәдени қатпарлардың 7 метрдей қалыңдығы он мыңдаған жылдар бойы алғашқы адамдардың мекені болған тұрақтардың орналасу жағдайларының өте-мөте қолайлы болғанын көрсетеді. Тау шатқалдарында, Қаратау бөктерлерінде, Арыстанды өзенінің жағалары мен жайылмаларында көделі-бұталы алқаптар ойдым-ойдым ормандармен аралас болған. Бұлардың ішінде қарағай, қайың, шегіршін, үйеңкі, грек жаңғағы, алма, тал, қызыл қайың, емен, жөке сияқты ағаш түрлері өскен.
Тұрақты мекендеушілердің негізгі кәсібі бизон, бұғы, киік, жылқы аулау болды. Шақпақ тас пен халцедон қорының жақындығы тұрғындарды еңбек құралдарын жасауға қажетті шикізатпен қамтамасыз етті. Тас заттарды өңдеу үшін сүйектен, мүйізден жасалған құралдар - тестер, тас жарғыштар қолданылды.
Мустье мәдениетінің іздері Арыстанды өзенінің оң жағалауындағы Шақпақ қазан-шұңқырынан да табылды. Бұлар - дөңгелек өзектастар, олардан алынған тас жаңқалары, тегіс қалақтар, оншақты басқаша түрдегі сынықтар. Шақпақ заттардың беттерін сарғылт тат басқан және типылданған. Құралдар жасайтын материал ретінде жартылай мөлдір сұрғылт боз шақпақ тастар пайдаланылған.
Қарасу кентінің маңында, Арыстанды өзеніне құятын Ащысай, Шөлтоғай, Майбұлақ, Қаратас сайларының шағын мүйістері мен жайылмаларының бетінде адамның қолымен сындырылған ақ және боз сұр жартылай мөлдір шақпақ тастардың біразы табылды.
Оңтүстік Қазақстанның басқа жерлерінде де мустьелік аңшылардың бірқатар қызықты тұрақтары табылды. Бұлардың қатарында Алғабас, Үшбұлақ, Шабақты, Бүркітті, Шалсай тұрақтарын атауға болады.
Алғабас тұрағы Шаян өзенінің жайылмасындағы үшінші сөреде орналасқан. Тас бұйымдардың көпшілігі - қысқа жалпақ тас жаңқалары мен ауыр үшкіл тіліктер; бұлар ақ және көгілдір ақшыл тығыз шақпақ тастан жасалған.
Үшбұлақ қойнауында (Қаратау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 36 км) аңшылардың шағын топтарының қысқа мерзімді тұрақтарының ізі сақталған. Лагерь суатқа келетін аңдарды аңдуға ыңғайлы бұлақ түбіне салынған. Әсіресе, алтыншы бұлақ (Үшбұлақ-6) түбіндегі көмбелер тас бұйымдардың сипатын неғұрлым толық көрсетеді. Мұнда, бұлақтың басынан 3м биікте, 1,6 метрдей тереңдікте, сарғылт сұр құмдақтың арасында жалпағынан жарылған ізі бар бірнеше әктас кесектері мен үш үшкіртас табылды. Олардың бірі үшкіл тұрпатты, жұқа жартылай мөлдір, сарғылт сұр тығыз шақпақ тас жаңқасынан өте мұқият жасалған.
Байқадам үстіртінің оңтүстік-шығыс жағында, Шабақты өзенінен 200-250 м биік қыраттан бұдан гөрі ірілеу тұрақ ашылды. Бұл жерден шақпақ малта тастан жасалған 200-дей бұйым шықты.
Дегерес үстіртіндегі, қазір құрғап қалған Шалсай өзенінің сөре тәрізді алаңынан (Баба ата ауылы) мустьелік үшкіртастар табылды.
Палеолит адамының Ұзынбұлақтағы (Қаратау қаласынан солтүстікке қарай) қысқа мерзімді тұрағында бітімі мен жасалуы жағынан әртүрлі бірнеше тас құрал — қырғыштар, сыдырғыштар, кескіштер, қырғыш-кескіш тәрізді құрама құралдар барлығы анықталды. Сонымен қатар Ұзынбұлақ тас топтамасында көптеген ежелгі заттар — жүзі долбарлап жұқартылған шапқы құралдар, дөңгелек өзектастан шағып алынған тас саймандар бар.
Мустье заманының қызықты ескерткіштерінің бірі халцедоннан құралдар жасай­тын ежелгі шеберханалар болып табылады. Үшбұлақ қойнауынан шығысқа қарай 3 км жердегі Бестөбе (Үштөбе) ұсақ шоқысының кейбір жерлерінде бозғылт және қызғылт сұр халцедон жердің бетіне шығып жатыр. Шоқылардың кей жерлерінде тас қашау өндірісінің қалдықтары өте көп кездеседі.
Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейіндегі халцедон кендері мустье дәуірінен жаңа тас дәуіріне дейін талай мың жылдар бойына тас дайындайтын тұрақты орындар болғандығы анық.
Археологиялық материалдар Қазақстанның орталық және шығыс аудандарының аумағын ежелгі адам ашель-мустье дәуірінде игергенін көрсетеді. Бұл кең аймақты мекендеудің бір ықтимал жолы Оңтүстік Қазақстан арқылы жүрді, өйткені Орталық Қазақстанда тас құралдарын жасаудың қаратаулық дәстүрлерін сақтаған ескерткіштер бар. Соған қарағанда Қазақстанның оңтүстігінде төменгі палеолиттің бұдан да ерте сатысына жататын мәдениеттері болғаны анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет