Зерттеудің өзектілігі. Мемлекетіміздің өсіп өркендеуі мен дамуы үшін басты мақсат - өсіп келе жатқан жас ұрпақты жан-жақты білімді, тәрбиелі, инабатты, еліне, жеріне жанашыр етіп тәрбиелеу. Әрбір өсіп келе жатқан баланың бойында болашаққа деген сенімді ұялатып, оның жарқын болуына өзінің үлесін қосуы жөнінде санасында із қалдыру қажет. Ең маңыздысы іс-әрекеті мен мінез-құлқының субъектісі ретінде адамға өзінің дамуының келешегін өзбеттілі анықтауға мүмкіндік беретін реттеуші үрдістері жайлы мәселелер әрқашанда өзекті болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңының 1-ші бабында: «Қадағалаусыз қалу – кәмелетке толмағандардың құқық бұзуына ықпал етеді, олардың мінез-құлқы мен тұрмыс жағдайына тиісінше бақылаудың жоқтығынан сипатталатын әлеуметтік құбылыс» деп көрсетеді [2]. Осыдан келе, БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде балалардың тең жартысы психологиялық озбырлық пен қара күш әдетке айналған отбасыда өмір сүруде. Әрбір 10-шы бала ересектердің агрессиялық іс-әрекеттерінің құрбаны болып отыр. Ал, аш-жалаңаштық, соғыс өрті мен терактілерді көріп өсіп келе жатқан балалар қаншама. Дамыған елдерде күнде бес жасқа толмаған 35 мыңнан астам бала қайтыс болады. Өлім-жітімнің 60 пайызы сапасыз тамақ, уақтылы және сапалы көрсетілмеген медициналық көмектің салдары.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің үстіміздегі жылғы сәуір айында келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған барлығы 46 мың 126 бала бар. Мемлекеттің қамқорлығына алынған балалардың 3 мыңға жуығы әке-шешесі қайтыс болып, асыраушысыз қалған тұл жетімдер болса, қалған 13 мың 418 бала әлеуметтік жетімдікке ұшырағандар. Яғни, олар бөтелке соңына түскен маскүнемдердің, «ойнақтап жүріп, от басқан» қыздардың, көше бойын жағалаған зинақор әйелдердің бақытсыз құрбандары.
Қазақ «жетім көрсең жебей жүр» деген. Бірақ осындай жекелеген азаматтардың пасық іс-әрекеттерінен күн өткен сайын бұл жастар қанын ішіне тартып, қоғамнан кек алуға тырысатыны түсінікті. Жүрегіне түскен мәңгілік дақпен, бойын кернеген ыза отымен қылмыс жасауға бой ұрады.
Осы тұста сондай-ақ, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиясында жазған: «...Егер біз аса өнегелі қоғам болғымыз келсе, біз ата-аналардың балалар алдындағы жауапкершілігін арттыруымыз керек», - деген сөзі де еске түседі [3]. Мұнда Елбасы елiмiздегi жетiм, тастанды және ата-анасының қарауынан айырылған балалардың көптiгiне, балалар үйлерi мен интернат мекемелерiнiң қазiргi жай-күйiне, ана мен сәби өлім-жітіміне назар аудартып отыр. Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағында көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты.
Сондықтан жасөспірімдер мінез-құлқындағы агрессивтіліктің көрініс беруінің де бірден-бір себебі жоғарыда келтірілген мысалдардан туындауы да ғажеп емес.
Агрессия мәселесін мазмұнды зерттеулердің жеткіліктігіне қарамастан, олардың өзіне және айналасындағыларға деген жағымды қатынасын қалыптастыру негізінде агрессиялықтың көріну дәрежесін төмендету, қоғам алдында тұрған білімдер жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі. Зерттеудің өзектілігі жасөспірімдердегі агрессивтіліктің көріну себептерін ғана ашып қоймай, тұлғаның сол агрессиялыққа байланысты өз сана-сезімдерін, оның негізгі компонеттері мен өзіндік реттелуіне қатысты қайта өзгертумен туындайды. Жасөспірім шағында әрқашан қарым-қатынастағы кикілжіңдер, мазасыздану, тұлғалық даму мен мінез-құлықтағы ауытқулардың міндетті түрде кездесетіні ешкімге де құпия емес.
Жасөспірімдердің мінез-құлқындағы агрессия мәселесін зерттеген жұмыстарда (В.В. Ковалевтың, Л.И. Божовичтің, Г.С. Васильеваның, И.С. Конның, В.И. Зотоватың, М.М. Коченовтың, Л.Б. Филоновтың және т.б.) агрессиялықты талдауды мінез-құлық белсенділігінің ішкі субъективті жағы мен оның психологиялық мазмұны арқылы жасауды жүзеге асырды.
Сонымен бірге, бірқатар жұмыстарда [17; 27] мінез-құлықтық белсенділіктің агрессиялық формаларының көрінуінің ішкі шартын зерттеу арқылы агрессия феноменін түсінуді қарастырады (Б.С. Братусь, И.С. Кон, В.П. Симонов, П.А. Юсупов және т.б.).
Сонымен қатар, Қазақстандық жұмыстар жасөспірімдік кезеңнің психикалық дамуы мәселесіне және әртүрлі факторлардың әсерінен болатын агрессивтіліктің ерекшеліктеріне байланысы оның туындайтынын айтады (С.М. Жақыпов, Ж.Ы. Намазбаева, А.У. Ескендірова, К.Т. Күнсәләмқызы, Т.М. Шалғынбаев, т.б.).
Агрессивтілік деңгейін анықтау және мазасыздану мен агрессивтіліктің өзара байланысы, агрессивті жасөспірімде болатын қиыншылықтардың табиғатын зерттеудің ғылым үшін маңыздылығы жоғары.
Жасөспірімдердің агрессивті мінез-құлықтарының салдарынан оқытушы мен оқушы, құрбы-құрдастар арасындағы қарым-қатынас қиындайды. Үй ішімен және жасөспірім арасында өзара түсінбеушілік пайда болады.
Агрессивті мінез-құлық мәселесі қарастырылған ғылыми зерттеу еңбектерінің көптігіне қарамастан, әлі күнге дейін агрессивті мінез-құлық мәселесі теориялық және тәжірибелік жұмыстарды керек етеді. Жасөспірімдердің жағымсыз мінез-құлықтарын зерттеу және оларды түзету мәселесі кез-келген қоғамда бірінші дәрежелі сұрақ болып отыр. Осыған байланысты зерттеудің өзектілігі соңғы кезде ерекше қарқын алып отырған жасөспірімдердегі мінез-құлықтың бұзылуы, яғни агрессивтілік мәселесімен шарттанады.
Достарыңызбен бөлісу: |