Денсаулық – ауруларға қарама қарсы құбылыс екені әркімге түсінікті сияқты. Бүкіл медицинаның даму кезеңінде оның екі бағыты анықталды: біріншісі – бұзылған денсаулықты дәрі-дәрмектің көмегімен қалпына келтіру, екіншісі – сол мақсатқа “организмнің табиғи қорғаныс күштерін” жұмылдыру арқылы жету. әрине, екі тәсілді бірдей қолданған дәрігерлер әрқашан да болды, бірақ, әдетте, іс жүзінде біреуі ғана басымырақ қолданылды. Өкінішке қарай, көпшілік адамдар, кейбір дәрігерлер де организмнің ауруға қарсы күресетін табиғи күшін ескере бермейді. Сол табиғи күштерді толықтырып, шынықтыруға көңіл бөлмейді.
Мемлекеттік барлық құрылымдардың тікелей қатысуын талап ететін маңызды мәселенің бірі – салауатты өмір салты. Ол адамдардың өздері шеше алатын, өз қолдарынан келетін жұмыс. Ендеше, әр адамзат өз денсаулығына жауапты болып, оны әрі қарай нығайтып, шыңдағаны дұрыс. Ал қай адамның болсын өз өмірін бақытты етуге толық мүмкіндігі бар. Өмір қуанышын сезініп, мақсаттарға жету үшін саналы сезім, саралы ой қалыптастыруы қажет. Өз дене бітімінің дұрыс жетілуіне, өзін-өзі сергек сезінуге, ақыл ойын, сана сезімін тәрбиелеуге жағдайлар туғызуға міндетті.
Денсаулық сақтаудың бүкіл дүниежүзілік ұйымы денсаулықты жақсарту бағдарламасын жасауды 1978 жылдан бастап ұсынған. Бағдарлама жоспарлары жасалып, бірнеше жыл талданды. Ал денсаулық нығайту қозғалысын іс жүзіне асыруда мектептің атқаратын рөлі өте үлкен. Сол себепті 1994 жылы “Денсаулықты нығайту мектептерінің” негізін салып, жобасын жасады. Бұл мектептің жұмысы санитарлық-ағарту бағдарламалары және орта мектептің тәрбиелік іс шараларымен ұштасып жатуы керек. Алғаш рет жасалған жоба, Венгрия, Чехия, Словакия және Польшада сынақтан өтті. Одан соң Еуропалық комиссия, Еуропалық кеңес және денсаулық сақтау дүниежүзілік ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының халықаралық келісімі бойынша аталған жобаны дамыту бекітілді және “Денсаулықты нығайту мектептерінің” еуроплық торабына мүше болуға жол ашылды. 1997 жылы оған 37 ел енді. Қазір көптеген елдер Еуропалық тораптың жобасын іс жүзінде орындауға кіріскен.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа “Қазақстан – 2030” жолдауына сәйкес біздің елде де адам денсаулығының ең маңызды, ең басты екендігі жарияланып, жаппай салауатты өмір сүруге жағдайлар жасалуда. Осы игілікті істің айғағы – денсаулықты нығайтуға ықпал ететін орта құру арқылы мектептегі адамдардың барлығын салауаттылыққа жеткізу жұмыстарының басталуы.
“Денсаулықты нығайту мектебінің бағдарламасының жобасын 1999-2000 оқу жылынан бастап сынақтан өткізуші мектептер саны көбейді. Сонымен мектепте денсаулықты нығайтуға ықпалын тигізетін мәселелер жоспарланып, жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Денсаулықты нығайту мектебінің мақсаты – денсаулықты нығайтуға ықпалын тигізетін жағдайлар туғызу арқылы оқушыларда салауатты өмір салтын қалыптастыру және оған баулу. Сондай-ақ мектеп қызметкерлерінің өз денсаулықтарына жауапкершілігін арттыру. Шешетін мәселелер:
- денсаулық бағдарламасы мәселелерін шешуге кірісу;
- мектептегі сынып бөлмелерін дұрыс бөлу, оқушының бос уақытын өткізуге арналған алаңдарды жөндеу, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және дұрыс тамақтануды ұйымдастыру арқылы оқыту кезеңінде қоршаған орта саулығын сақтау;
- жекелеген адамдардың отбасында немесе жалпы қоғамда денсаулықты қорғауда жауапкершілігін туғызу;
- салауатты өмір салтын сүруге оқушылар мен қызметкерлеріне нақтылы жағдай және мүмкіндіктер жасау;
- барлық оқушыларға өз жаратылысының, психикасының, әлеуметтік жағдайының ең жоғары дәрежедегі мүмкіндіктерін көрсетуіне жағдай жасау;
- денсаулықты нығайту жолында және мектеп ұжымының денсаулығын қауіпсіздендіруде анық мақсат қоя білу;
- оқушылар мен мектеп мұғалімдерінің және оқушылардың өз арасында, сондай-ақ олардың үйімен, қоғамдастықтармен ара қатынасын нығайту;
- қолда бар ресурстарды денсаулықты нығайту жолында дұрыс қолдана білу;
- медициналық – санитарлық оқыту бағдарламасының жобасын дайындау;
- білім алуды және денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауға қажетті дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз ету, қоршаған ортасын сақтауды үйрету;
- оқушылардың өз денсаулықтары туралы мәліметтер деңгейін арттыру және медициналық-санитарлық оқытуларды дұрыс жолға қою мақсатында мектептің медициналық-санитарлық жұмыстрына кеңінен жол ашу.
Жас жеткіншектердің денсаулығы күннен-күнге нашарлап, соңғы кезде ауру – сырқаулардың саны көбеюде. Бұған генетикалық – тұқым қуалаушылық аурулардың әрі қарай бағыт алуы, адамдардың денсаулық сақтау білімдерінің төмендігі, әсіресе, ақша табу жолында жанын аямай, демалуды ұмытып, өзіне - өзі көңіл бөлмейтіндіктері себеп. Міне, осындай түсінбеушілікті жойып, сана-сезімі жоғары, білікті, тез шешім қабылдайтын және әртүрлі жағдайдан өзін алып шыға алатын азамат даярлау мақсатында мектептерге “валеология – денсаулықты қалай сақтауға болады” бағдарламасы енгізілді.
Ал бұл жұмыстардың нәтижесі үнемі талқыланып, жинақталып отырады. Соның арқасында:
- оқушылардың денсаулық топтары анықталды, оқу үрдісінде әр балаға қалай көңіл бөлу керектігі ескертілді;
- жас жеткіншек қыз балаларды микроэлементтер, әсіресе Р.Р.-витаминдік жетіспеушілік анықталды.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі болашағымыз. Әр балаға ата-аналары, мектеп қызметкерлері жылылық нәр беріп, үлкен үмітпен қараса, өзінің денсаулығын шыңдап, білімін нығайтуға ұмтылған азамат дайындауға болады. Салауатты өмір салтын сақтау арқылы ғана дені сау қоғамға жететіндігіміз айқын.
Педагогикалық салауаттанудың даму негіздеріне тоқталайық. 1980 жылы орыс ғалымы И.И.Брехман денсаулық жөніндегі жаңа ғылымның негізін жасау қажеттігін ұсына отырып, қолданысқа “валеология” терминін енгізді. “Валеология” (латын тілінен аударғанда valeo – денсаулық, “дені сау болу”, logos- ілім, қазақша салауаттану) – дені сау адамның денсаулығын сақтау жөніндегі ғылым.
Әдетте адам денсаулығы жөнінде сөз қозғағанда, ол адам организмінің жай – күйін бақылап, оның саулығын сақтауды және оны нығайтуына жағдай жасайтын, ауруды сауықтыратын, ауру түрлерінің алдын алуды өз міндеті ретінде дәрігерлердің зерттеу нысаны деген түсінік туады.Бірақ валеолог – ғалымдар “салауаттануды адам денсаулығы және салауатты өмір жөніндегі ғылым” деп атап көрсете отырып, бұл медициналық емес, педагогикалық ғылым деп тұжырымдады. Солардың бірі – Л.Г.Татарникова өз зерттеуінде салауаттануды салауатты өмір сүру салтына деген профилактикалық сананы қалыптастыруға, әрбір тұлғаның денсаулығын және оның құндылықты көзқарасын дамытатын, тұрақты мінез-құлқын қалыптастыратын негізгі әлеуметтік институт – отбасының беделін қалпына келтіруге жетелейтін педагогикалық гуманистік білімнің маңызды бөлшектерінің бірі тұрғысынан қарастырды. В.П.Петленко салауаттануды адамның өз денсаулығын нығайтудағы өзіндік күш жігері мен жеке даралығының дамуына мүмкіндік жасайтын ғылым деп есептеді.
1997 жылға дейін ғылым аясында, салауаттанудың қандай ғылымдар жүйесіне жататын, оның жеке ғылым ретінде қарастырылу құқығының бары немесе жоқтығы жөнінде пікірталастар жүріп отырды. Р.Артоманов және В.В.Колбанов салауаттануды идеология деп қарайтын ғалымдардың пікірлеріне сын айтады: “Ешқандай ғылым жалаң жерде пайда болған жоқ. Кез келген ғылымның дамуына басқа ғылымдардың тәжірибелері себеп болған, сондықтан салауаттануды жасауда қолданылған ғылыми тұжырымдаманың қалыптасуына үлес қосқан клиникалық медицинаның, гигиенистердің, физиологтардың, биохимиктердің, генетиктердің және басқа да ғылым салаларының алдыңғы қатарлы ғалымдар мен практиктерінің рөлін ұмытқанымыз жөн болмас”.
Салауаттану мәселесін талқылай отырып, ғалымдар салауаттану кешенді ғылым деп қарастыруда. И.И.Брехман өзінің еңбегінде, салауаттану денсаулыққа экологияның, биологияның, медицинаның, педагогиканың және басқа да ғылымдардың қосатын үлестерін “синтездеп”, денсаулыққа тіке жол салуы керек деген тұжырым айтады.
В.Д.Санькин және В.В.Зайцев салауаттануды физиологияға, гигиенаға, психологияға, педагогикаға, антропологияға, сондай-ақ адамның физикалық және психологиялық қабілеттіліктерін, олардың даму заңдылықтарын, сонымен қатар физикалық, психологиялық және адамгершілік-рухани денсаулығын нығайту мақсатындағы оларды жетілдірудің тәсілдерін зерттейтін басқа да адам жөніндегі ғылымдарға негізделген, адам денсаулығы және дені сау адам жөніндегі кешенді ғылым деп түсінеді.
Салауаттану негізінен қазіргі таңда қалыптасу сатысында. Қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде салауаттану гигиенамен және саналогиямен жарыса дамыды деуге болады. Салауаттанудың даму және қалыптасу кезеңдерін зерттеген еңбектерге сүйене отырып, даму тарихына мына нұсқа бойынша шолу жүргізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |