1919 жылы Халық комиссариаты жанындағы Бөкей бөлімшесінен
«Мұғалім» атты журналы жарық көре бастады. Редакциясы Орда қаласында орналасты. Журнал Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде «Мұғалім» журналының нақты неше саны шықты дегенге тиянақты байлам жоқ екенін байқадық.
Ғалым Хайыржан Бекқожин: «Журналдың 1919 жылы барлығы 7 нөмірі шығып тоқтады» [15, б. 78] десе, профессор Бейсембай Кенжебаев: «Мұғалім журналының 7-8 саны шықты» - деп жазады [17, б. 27]. Ал Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Мұғалім» – тұңғыш қазақ совет журналы. Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі мен қазақ мұғалімдері кәсіподағының органы. 1919 жылы не бары 10 номері жарық көрді» деген деректерді кездестіреміз [146].
Е. Тілешов, Д. Қамазабекұлы құрастырған «Алаш» қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығы: «Мұғалім» журналының 10 нөмірі жарық көрді» деген ақпарат ұсынады [65, б. 313].
Осы уақытқа дейін журналдың толық нұсқасы төте жазудан, бүгінгі ұрпақ оқи алатын, кирилл қарпіне түспеген күйі «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітаханасының «Сирек қолжазбалар» қорында сақталған екен. Басылымды толық зерттеп, зерделеу мақсатында, алдымен, журналдың табылған 7-санын кирилл қарпіне түсірдік. Сондай-ақ, баспасөз тарихын зерттеген ғалымдардың «Журналдың 7 саны шығып, одан кейін тоқтады» деген сөздеріне тоқтағанды жөн көрдік. Өйткені, қазақ баспасөз тарихын зерттеуші профессорлардың еңбектерінде тек 7-саны туралы ғана қысқаша жазған. Ал 8,9,10- сандары туралы мүлдем сөз болмайды, жарық көрген 1-ші және 6-шы саны туралы мәлімет те, онда жарияланған мақалалар туралы да ақпарат жоқ.. 1981 жылы басылған Х. Бекқожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» атты еңбегінде де «...Біз бұл журналдың басқа нөмірлерін кездестіре алмадық» деп 7- нөмірінен басқа сандарындағы мақалаларға сілтеме жасайды. Ғылыми еңбекте
«Журналдың 2-нөмірінде К. Маркс пен Ф. Энгельстің қысқаша өмірбаяны аударылып басылды» деген дерек бар [15, б. 78]. Яғни, бізден бұрын да баспасөздің тарихын қарастырған ғалымдардың зерттеулерін оқи отырып,
«Мұғалім» журналының басқа санын кездестірмегендіктеріне көз жеткіземіз.
«Мұғалім» журналын ұйымдастырушылардың бірі, әрі шығарушысы ретінде 1880 жылы Бөкей ордасында туған тарихшы, қоғам қайраткері, заңгер Мұсағалиев (Мусин) Ғабдолғазиздің есімі аталады. Ғ. Мұсағалиев бірнеше тілді меңгерген білімді адам болған. Жастайынан ілім-білім іздеп жүріп, Шығыстың кітап қорларымен танысады. Ғылыми еңбектерін «Мұса Ғ.», «Мұса Ғабдолғазиз», «Мусин Ғабдолғазиз» деген есімдермен жариялаған. Ғ.Мұсағалиев «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің тұрақты авторларының бірі болған. Газет-журналдарда әр түрлі өзекті тақырыптарды қаузайды. Әсіресе, қазақтың арғы-бергі тарихынан көптеген мақалалар жазған. 1917 жылы Ордада
«Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарады. 1918 жылы сәуір-мамыр айларында өткен Бөкей ордасы Кеңестерінің бірінші съезіне төрағалық етті.
Мұсағалиев Ордада 2-5 қыркүйекте өткен мұғалімдердің бірінші съезінде төралқаның тұрақты төрағасы міндетін атқарды. «Дұрыстык жолы» газетін,
«Мұғалім» атты журналды шығарып, таратуға үлес қосты. 1923 жылдан бірыңғай әдеби қызметпен айналысты. Ғ. Мұсағалиевтің бұдан кейінгі өмірі жөніндегі деректер тым аз. 1933 жылы Алматыда қайтыс болған [65, б. 313].
«Мұғалім» журналының 7-санындағы «Ғ.Қ» деген бүркеншік есіммен
«Педагогика» атты еңбек басылғандығын білеміз. Оның авторы Ғұмар Қараш деген дәлелдерді де кездестірдік. Ғұмар Қараш шығармашылығын зерттеген Жұмағұлов Сағымбай Ботбайұлының еңбегінде: «Ақын 1919 жылы Бөкей губоткомында қызмет атқарып, Ордада жарық көрген қазақтың тұңғыш педагогикалық «Мұғалім» журналының алқасын басқарды. «Мұғалім» журналының алқа мүшелері ретінде Ғ. Мұсағалиев, М. Көкебаев, Ғ. Бегалиев, Х. Есенбаев, Ғ. Бөкейханов, Н. Манаев сайланды. Журналда ағартушы Ғұмардың
«Педагогика» атты құнды еңбегі жарық көрді. «Педагогика» 1919 жылы РКФСР Ұлтхалкомның Бөкейдегі қазақ бөлімшесі шығарып тұрған «Мұғалім» журналының бірнеше сандарында жарияланды» деп жазады [147]. Ғұмар Қараш ХХ ғасырдың басында қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім» журналдарымен қатар «Қазақстан», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап тұрған. Шығармаларын, негізінен «Ғ. Қарашбаласы»,
«Ғұмар әл-Қараши», «Ғ. Мұштах», «Қазақов», «Оразақай» деген атпен басқан деген деректер келтірілген [148].
«Мұғалім» журналында Ғ. Қараштың «Ғ.Қ» деген аты-жөні бас әріптерімен берілген «Педагогика» еңбегі басылған. Бұл жайында Ғ. Қараш туралы монографиялық еңбектен мына жолдарды оқимыз: «1919 жылы тұңғыш арнаулы педагогикалық әдістемелік басылым «Мұғалім» деп аталатын журналды шығарып, оның әдеби редакторы қызметін атқарды. Осы нөмерде Ғұмардың баяғы Уфада жазылып, басуға үлгере алмай кеткен «Педагогика» деген көлемді еңбегі жарияланған» дейді [149]. Сонымен, біз «Мұғалім» журналының шығарушылары ретінде Ғ. Мұсағалиев пен Ғ. Қараштың есімдерін сеніммен атай аламыз. Ал енді журналдың өзіне келейік.
Біздің қолымызға тигені – журналдың 1919 жылы 15 маусымда жарық көрген 7-саны. Бұл журнал Бөкей педагогика бөлімінің баспаханасында басылыпты. Бастырып таратушы – Халық комиссариаты жанындағы қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі. Мұқабаның жоғарғы оң жағына «Қой жылы» деп жазылған. «Мұғалім» деген журнал атының астына Абайдың:
«Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар, Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар».
Деген бір шумақ өлеңі эпиграф ретінде ұсынылған [150].
«Неге?» деп бірден өзіңе өзің сұрақ қоясың. Шындығында, шығарушылар неге Абайдың осы шумағын алған? Біз мұны былай түсінеміз. Кез келген істі бастауға да, атқаруға да ең алдымен махаббат керек. Іс тек адамдар еңбегімен
атқарылады. Адамдардың бір-біріне деген маххаббаты болмаса іс оңалмайды. Бала тәрбиесіне де үлкен сүйспеншілік керек. Өйткені, ол – өмірлік мәні бар ең маңызды мәселе. Мейірім жоқ жерде бала тәрбиесі болмақ емес. Мейірім негізі махаббатта. Махаббатсыз басталған және жүргізілген бала тәрбиесі оң нәтиже бермейді. Өзге қызықтың бәрінің қасыңда қалатын айнымас жандар жарың, балаң, досың – міне, осы үшеуі бала тәрбиесінің негізгі ұстындары. Журнал шығарушылар Абай шумағын осы мағынада алса керек.
Одан кейінгі бетінде біз «мазмұны» деп жүрген сөз «Жинағы» деп берілген. Яғни, журнал ішіндегі барлық мақалалардың жиынтығы дегені. Біздің қазіргі ұғымымызда «мазмұны» деген атаудың басқа да мағынасы бар. Ол белгілі бір шығарманың ішкі болмысын танытады. Онда туындының құрылымы, тілі, сюжеті, басқа да сипаттары түгел назарға алынады. Журнал қолданысындағы
«мазмұны» деген атауда тек шығармалардың тізбесі ғана беріледі. Осы шығармалар тізбесіне «Мұғалім» журналында берілген «Жинағы» деген атаудың жақынырақ болатыны сондықтан.
Шығарушылар журналдағы мақалаларды алты бөлімге бөлген. Бес бөлімде салалық мазмұндағы материалдар жарияланса, соңғы «Орын хабарлары» деген бөлімде жергілікті хабарлар басылған.
Бес бөлімнің атауларына назар салайық. Рим цифрімен саналған бірінші бөлім «І –Тәрбие (педагогика) бөлімі» деп аталады. Бұл бөлімде бас әріптермен
«Ғ.Қ.» деп бүркеншік атын берген автор бала тәрбиелеу жолдары туралы айтады. Мақаласының атын «Педагогика» деп қойған, астына рим цифрімен ІІІ деп жазған, соған қарағанда «Мұғалім» журналының бұған дейінгі сандарында бірінші және екінші бөлімдер жарияланған болса керек. Сөзінің басын «Ерікті тәрбиелейтін 3 жолдың екеуі қысқаша айтылып өтілді» деп бастайды. Ары қарай үшінші жол туралы айтады. Үшінші жол дегеніміз – үйрену жолы» деп ойын сабақтап әкетеді [151].
Әдістемелік мақаланы оқи отырып, автордың орыс педагогикасынан да, шетел педагогикасынан да хабары барын байқаймыз. Бұл тұрғыда алдымен көне дәуірлер данышпандарының көзқарасына көз салады. Ол өз сөзінде Сократқа сын айтады, Аристотельді жақтайды. Шопенгауердің іліміне көзқарасын білдіреді. Неміс философы, педагог Ф.В. Фёстердің үйрету методикасына сүйене жазғандығын «Ф.В. Фёстер жасөспірім балалармен әңгімелесудің жайын көрсеткен» деген сөздерімен білдіреді [151, б. 19].
Жалпы тәрбиелік мақалада автор балаға үйретудің жолдарын, ол жолдардың қыр- сырын ашуға тырысады және түсіндіруге ұмтылады. Әлі қалыптаса қоймаған жазу стиліндегі бізге беймәлім кей сөз қолданыстарды бірден қабылдау ауырлау.
Әрине, өз заманының ортасына бағыттап отырғандықтан, автор алдымен соларға түсінікті болуын баса назарда ұстағаны анық. Өз тарапынан балаға үйретуде қандай әдістерді қолданған дұрыс дегенге жауап іздейді. Үйретудің реті әуелі ашық баяндап, одан соң бірте-бірте кеңейте түсіндіру, түсіндіргенде баланың «ақылына сіңетін, қызықтыратын», сондай-ақ «тыятын, түзететін сөздерді» қолдау деп біледі. Бұл кезде балаға ұрысу, жекіру қажет емес деп
ұғады. Алда-жалда тентектік жасап қойған бала онсыз да жаза күтіп тұрады, оны
«жаза тартып болысымен үгіттеуден сақтану керек» дейді. Үйретудің мынадай екі жолын да көрсетеді: бірі – көрсету арқылы түсіндіру, екіншісі жаттату – арқылы түсіндіру. Осы екеуін артынан тексеріп тұруды ұмытпау керектігін де еске салады.
Журнал санының келесі бөлімі «Ғылыми-фәни бөлім» аталады. Бұл да бұған дейінгі сандарда жарияланған әдістемелік мақаланың жалғасы екен. Өйткені, тақырыптан кейін жақшаның ішіне «басы өткен нөмірде» деп берілген осы сөйлемнің астында «М-дыбыс» деп көрсетілген. Бұл бөлім бір-біріне сабақтас үш тақырыпшаға бөлінген. Алғашқыда балаға дыбыстарды айту машығын; келесі тақырыпшада әр дыбыс таңбасын жазу машығын; одан кейінгі тақырыпшада жазуға қол, саусақ икемін қалыптастыру амалдарын түсіндіруді мақсат еткен. Мұнда осы машықтарды теориялық ұғым, түсініктерді тарқатудан гөрі практикалық әрекеттерді көбірек ұсынуды жөн деп тапқан. Ол әр дыбысты қалай шығару, қай дыбысты қалай дауыстау, дыбыстау керектігін нақты мысалдармен таратады. Оқушының әрекеті мен мұғалімнің әрекетін кезек-кезек сабақтастыра келтіріп, нақты тәжірибе ұсынады. Назар аударайық. Автор әр машықты үйрету тәсілін өзі таныстыруға тырысады. Мысалы:
« Ау»...
Тыңдаңыз, мен қалай айтамын – («а»-ны созып): аа-ау. Тағы да тыңдаңыз: а-ау... осындай етіп сіздер де айтыңыз!
Басында не айтылды? (яки, басында сіз не айттыңыз?) – «А» Енді тыңдаңыз: («у»-ды созып): ау-у. Сіздер де осыны айтыңыз!»
Автор мұғалімге былай деп нұсқау айтады: «Балаларды (әу) бастан дыбыспен таныстыру үшін «ау», (уа) секілді екі дауысты дыбыстан құралған, яки (ар) секілді бір дауысты , бір дауыссыз дыбыстан (құралған) бір буынды сөздерді алу керек...» [151, б. 20].
Осылайша, әріпті дыбыстау, сөзді айту амалдары мен тәсілдерін, нақты тәжірибе, іс-әрекет үстінде үйрету жолдарын көрсетеді. Бұл туралы ұсыныстарын қорытындылай келе автор: «Балалар буындағы дыбыстарды айыруға һәм айырып айтуға жаттыққан соң дыбыстардың таңбаларымен (шрифт) таныстыра бастау керек... Құлағымен естігенін көзімен көру балаға көңілді һәм жылдам қара танып кету үшін де пайдалы» деп дыбыстау, айту машықтарын үйретуге арналған бөлімшені аяқтайды [151, б. 21].
Келесі бөлімше реттік саны бойынша бесінші, яғни «Жазуға үйрету» деп аталады. Жазуға үйрету сабағын алдымен баланы партаға отырғызу жөндерімен таныстырудан бастайды. Дұрыс отыру, икемді де қолайлы жайғасу әдеттерін қалыптастыру, екі қолды, екі аяқты қалай орналастыру керектігін еске салады. Әріптерді жазуды үйретпестен бұрын балалардың күнде көріп, қолына ұстап жүрген қарапайым заттардың сұлбасын сызудан, түзу заттардың, имек құралдардың, доғал, дөңгелек жіңішке бұйымдардың нобайын сызудан бастауды жөн деп біледі. Баланың қолы түзу, имек, ирек, иір, доғал, шеңберлі заттардың тұрқын сызуды үйренгенінен кейін, әр әріпті бөлшектеп сызуды, сосын ол бөлшектерді қосу машықтарын қалыптастыруды дұрыс көреді. Бір жазғанын
қайта көшіру арқылы машықтануды қолайлы санайды. Сонымен қатар, мұғалімнің өзі де жеке машығын тақтаға жазып көрсетуі керек. Оны жазғанда үнсіз емес, балалардың назарын өзіне аудара отырып, өзінің әр әрекетін коментарий беріп, түсіндіру, көрсете жазуы керек. «Бала жазып жатқанда қасында мұқият қадағалап тұрып, мүлт кеткен жерін сол мезетте-ақ түзетуге жәрдемдесіп отырғаны дұрыс» дейді автор [151, б. 22].
Келесі бөлімше – алтыншы. Оны «Қол қызметі»,-деп атаған. Мұнда автор қолөнеріне баулу сабағы туралы айтады. Баланың тек айтып, жазып қана емес, қолымен бұйым жасап та машықтанғаны жөн екенін ескертеді. Сөйтіп, соңына бүркеншік атын «Ғ.М.» деп көрсеткен автор әдістемелік мақаласын бұған дейінгі барлық бөлімге қатысты қорытынды ойларымен тұжырымдайды.
Журнал шығарушылар оқырмандарын шетелдегі оқыту ерекшеліктерімен таныстыру ниетінде болғандығын «Шетелдерде оқу, оқыту тәсілдері» деген шағын заметкадан байқаймыз. Мұнда Хабиб Аллах Фатих деген автор Салықбек деген білімгердің Швейцария, Франция, Англия елдеріне сапар шегіп, Түркияға келген соң бұл елдерде оқыту тілдері жөнінде түркі тілінде көлемді мақалалар жариялағанын, осы жарияланымдардың қазақ мұғалімдеріне де қажет болып қалатындығынан үміттенеді. Салықбектің жазғандарын түгел оқып шығып, олардан көп нәрсе білгенін және өзгелерге де пайдалы болып қалатындығын еске салады. Алдағы уақытта оқудың пайдалы тұстарын үйретіп жазатындығынан хабардар етеді.
Журналдың «Әдебиет бөлімі» деген айдарында прозалық шығармалардан Жолды деген автордың «Жәркенің егін салуы», мұғалім Ғабидин Аязбаевтың
«Қоянға тымақ кигізу» деген әңгімелерін, сондай-ақ фольклорлық материалдар, ауызша әдебиет нұсқаларын да таныстырып отыруды мұрат еткен шығарушылар
«Сары Әлжан» деген бүркеншік ат иесінің «Ескі сөз» деген тақырыппен ел аузынан жазып алған Алпамыс хан заманынан жеткен аңызды жариялайды.
«Сары Әлжан» деген бүркеншік есім иесі жариялаған «Жабынды жылқы» деген қара өлеңмен жазған туындысы туралы айтпасқа болмайды. Өйткені, мұнда астары терең ой бар. Қазақтың жүйрік, сұлу, еркін жылқысының атамекенінен айырылғанын, өз жайлауын тастап, бөтен өріске кеткенін, орнының ойсырап қалғанын қабырғасы қайыса, мұңдана айтады.
«Аяғы болат, арқасы арыс» жылқыға мінген бөтеннің көңілі артатынын, ал өзінің намысының жоқтығын ашына айта отырып, «жеріңді өскен тастап қайда кеттің» деп жоқтайды [151, б. 27].
Еліңді тастап ары кеттің жылқы,
Жүреккке ауыр қайғы септің жылқы, Болсаң да күні кеше жүздеп, мыңдап,
Сарқылып сар далада қалдың жылқы, дегеніне назар аударсақ, айтушы нені меңзеп отыр деп ойланасыз [151, б. 27]. Ол кешегі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістен кейінгі жаппай жазалау отрядтарының қырғынынан амалсыз туған жерін тастап, жат елге босып кеткен жылқы мінез қазақты айтып отыр ма, әлде, бергі тәркілеу кезінде тағы да кеңестік кесепаттан лажсыз жер ауған босқын қазақты айтып отыр ма, болмаса сол кәмпеске мен колхоздастыру заманында
қолды болған қырғыннан қашып жат жерге ауып кеткен қазақты айта ма, немесе сол солақай саясаттың зардабынан жаппай қырылған қазақты айта ма? Қалай дегенде де, осы қан-қасапты оқиғалардың қай-қайсы да тарихи шындық екені даусыз. «Сары Әлжан» деген автор бұл өлеңінде жерінен айрылып қана қоймай, басынан еркіндігі кеткен қазақты айтқысы келген. Сөйткен қазақты «Жылама! Қайғы сүтін ембе» деп жігерлендіріп алып, «қылыштап, асып, кесіп, өлтірсе де сырыңды ашып бұйым берме, жылқы» деп ескертеді.
«Жылқы» деп отырғаны шындығында қазақ екендігін осы жолдардан аңғарасыз. Өйткені, жылқыны қазақ қылыштап та, кесіп өлтірсе де ешқашан асып өлтірмеген. «Асып» дегенде ол дарға асуды айтып отыр. Кеңестік солақай саясаттың жасаған зобалаңын, қазаққа қылған қысастығын жылқыға айтқан болып жеткізіп отырғанын түсіну қиын емес. Мына өлеңнен жазып отырған адамның саяси сауаты барлығы, оқыған-тоқығанының молдығы, ұлттық рухқа жаны ашитындығы ұлттық құндылықтарды жинауға, жариялауға мән беретіндігі, («Бұрынғының сөздері» деген тақырыппен берілген мақалдар мен мәтелдер соның айғағы), сол арқылы халық мұрасының сақталып қалу- қалмауына алаңдайтындығы айқын көрінеді.
Т. Төремұратов деген автор «Жас бауырларға» деген 7-8 буынмен жазылған терме сипатты туындысын жариялаған. Тегінде ақындықтан құралақан емес оның мына өлеңінде де қазақ бауырларына бағыт беру ниеті бар. «Ақ жүрегің әділдік, Көңілде жоқ, тілде бар...» дегеніне мән берсек, қазақ бауырларының жүрегі – ақ. Сол ақ жүрек әділдікті аңсайды, бірақ аңсау тілінде ғана бар, ал көңілінде жоқ екендігіне алаңдайтындығын бірден байқатады. «Өзгерістің шапанын төсін бұзып жамылған» деген жолдардан жаңа келген кеңестік өзгерістің мазмұнын емес, сыртқы пішінін ғана алып, бұрыннан қалыптасқан қазақы төсін қақырата жамылып жүргеніне көңілі толмастығын аңғартады. Жаңа заман басталғанда «жалпы халық қамы деп жауға жалаңаш шапқан ерлер де бар» деп кекетеді [151, б. 27-28].
Шындығында кеңес үкіметінің кешегі кедейлерге теңдік бергені рас, бірақ кедейдің қолында билігі жоқ, санасында азаттық жоқ, босқа ел қамы деп далақтағанын онша ұната қоймайды. Елең-алаң заманда қара халықтың арасында бірлік жолын күйттеген адамдар аз екендігін де көңіл толмастықпен айтады. Бұқара арасында әділдік таба алмай орысқа жалтаңдаған жастардың баршылық екенін де ашына жазды: «Әділдікті таба алмай, жаутаңдаған орысқа толып жатыр балалар» дейді. Осындай заманда жастарға үлгі айтатын қарттарға,
«кеңінен ойлап жұмыс айт, баласы қазақ бауырлар!» деп аяқтайды [151, б. 28].
Ақыл, өнеге, өсиет сарында айтылған бұл терме тұрпатты жарияланымнан да журнал шығарушылардың өз заманының кейпін сипаттауға талпынысын аңғарамыз. Жоғарыдағы Сары Әлжанның да, осы Т. Төремұратовтың да көркемдігі аса жоғары болмаса да өз өлеңдеріндегі ойларының астарында сол кездегі кеңестік идеологияның көңіл толмас жақтарын айтқысы келгендігін түсіну қиын емес. Демек, журнал шығарушылар осындай жарияланымдар арқылы мұғалімдердің де, сауат ашушылардың да санасына саңылау салып,
оларды қоғамдық ой-пікірге ортақтастырғысы, саяси өресін ашқысы келгендігі байқалады.
Бұдан кейінгі жарияланым «Бұрынғының сөздері» деген тақырыппен берілген бірнеше мәтел, мақал және нақыл өлеңді құрайды. Бұрын айтылып, кейін естен шыға бастаған мәқал-мәтелдер бала тәрбиелеу барсында пайдалану үшін әдейі ұсынылған. Жеткіншек тәрбиеленушіге ұсынылған «арғымақ аттың жорғалап барып желгені ұят» немесе «Ер жігіттің сөйлеп барып күлгені ұят» болмаса «Жаугердің жаудан қажып жүргені ұят» яки «Тазы иттің үйден шығып үргені ұят» деген тәмсілдерден жариялаушының шындығында «адамдардың өзіне табиғи тән мінезінен ауытқуы – ұят» деген ұғымды санасына сіңіруге ниеттенгендігі анық [151, б. 28].
Шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар негізіне сүйенсек,
«The folklore samples serve as examples to promote the education of young people» деп қазақтың ауыз әдебиеті, оның ішінде фальклор туындылары жастарға білім беруді насихаттау міндетін атқарады дегенді айтады [152].
Журналда жарияланған «Әдет құрбаны» деген әңгіме әйел теңдігі мәселесіне қатысты. Мұнда алдымен құдаласқандардың арасындағы психологиялық – әлеуметтік әділетсіздік салқынын Баймағамбетке қызын ұзатпақ Жәрдемнің, ұзатылып бара жатқан Айжөкен арудың көңіл күйінен айқын аңғарылады. Бұлардың жан дүниесіндегі арпалысты айналасындағы жақын- ағайынның қарым-қатынасынан да байқайсыз. Құрбысы Жамалмен қосылып Айжөкеннің кетерде айтқан аужары мынадай:
Аман-сау болыңыз, қайран халқым, Жан көкем ойламады-ау істің артын. Кеткеін ойнап-күлу қайда мұндай,
Қолымнан өттің, күнім, қымбат алтын.
Жат елде, құлжақыда жүремін бе, Күң болып жат есіке кіремін бе? Кеткесін өз елімнен атар таң жоқ, Бір мезгіл тартып езу күлемін бе?
Бәріңіз қош, қалыңыз аман болып, Көңілім қайғырады жаман болып. Не пайда баста билік болмағасын, Дүнияда жаратылып адам болып..
Байқап тұрсаңыз, мұны жазып отырған автордың әйел теңдігі мен азаттығын айту арқылы адам құқының аяусыз аяққа тапталып жатқанын ашық білдіреді [151, б. 29].
Сонымен қоса мұнда қыздың ғана емес, жалпы адам баласының өз билігі өзінде болуы керектігін де меңзейді. Осы меңзеу арқылы жеке адам басындағы тәуелсіздік пен теңдік қана емес, бүкіл ұлттың өзге елмен тең құқықты және бостан болуы керектігін көксейтіндін де аңдатады. Бас кейіпкер Айжөкеннің аузына салған сөзін байқасаңыз, ол қарабасының қамын немесе отбасы, ошақ
қасының жайын ғана ойлайтын жан емес. Оның жүрегі елім, жерім, халқым деп соғады. Демек, автордың жалғыз қазақ қызының аузына осындай азаматтық- патриоттық рухтан туатын кесек сөздерді салу арқылы осы әңгімені оқып отырған оқушының да санасына сондай сезімді ұялатпақ ниетте болғаны айдан анық көрінеді. Жалпы әңгіме авторы Ғ. Сұлтанов осы әңгімесімен қаламы төселіп қалған саяси сауатты қаламгер дейгейінде көрінеді.
Журналдың келесі бөлімі «Тұрмыс жазушылық бөлімі» деп аталады. Мұнда З. Зұлқайыров деген автордың «Құдалық» атты мақаласы да жоғарыда аталған әңгімеде көтерілген мәселемен сабақтас. Мұнда да қазақы құдалықтың кертартпалығын, адам құқының ескерілмейтіндігін, арада адами құндылықтардан гөрі дүниеге қызығушылықтар бірінші орынға шығып, адамдар арасына алауыздық, түсініспеушілік тудыратындығын, оның кесірі отбасын құрған жастарға тиетіндігін жазады. Адамдар арасындағы қалыптасқан әдеттердің ұлт дамуына кері әсерін тигізетіндігін баса айтады. «... өзді өзімізбен қиысып, дауласып жатқанымызда қатар ауылда, анадай жер озып кеткенде, біз артта қаламыз шексіз» дейді автор [151, б. 30]. Бұл жерде адам тағдырының артында ұлт тағдыры тұрғанын айтпақ болғаны анық аңғарылады.
Бүркеншік атын «А.А.» деп жазған автор өзінің «Қазақ халқының оқуы жайында» деген мақаласын «Саясат» бөліміне енгізген. Бұл мақалада патшалық Ресей кезінде бодандықта болған қазақ даласындағы оқу туралы, оның негізінен миссионерлік бағытта болғандығын, астыртын шоқындыру пиғылымен жат дін жүргізілгендігін, ашылған мектептерде алдымен ақсүйектердің, бай- шожарлардың балалары оқығанын, қазақ балалары барса, «киімі орта бұзады» деген сылтаумен қабылдамайтындығын, сөйтіп бүкіл ұлт ұрпағының оқудан мақұрым қалып отырғандығын айта келе жаңа заманда жаппай оқуға жол ашылғандығын қуана айтып жұртты білім алуға үндеумен сабақтап, «Жаңа уақыт жақындап, әр жерде ту көтеріліп көріне бастады... Қазақ халқы бостандық елдігін жариялауға бара жатыр. Соған жолбасшы керек. Таң атты, күн шығып келеді. Жарық етсін ол бүтін дүнияны! Қазақ халқы оны қарсылап алуға даяр болсын! деген асқақ ұранмен аяқтайды сөзін [151, б. 32].
Журнал шығарушылар үгіт-насихат мазмұнындағы қысқа жарламаларды және коммерциялық мәндегі жарнамаларды жариялауды да ұмытпаған. Мысалы, «Орын хабарлары деген айдарда «Жігер» атты жастар қауымының ашылғанын, оның мақсатын айта келе қауымға мүше болуға шақырады. Ал одан кейін жаңа шыға бастаған «Дұрыстық жолы», «Мұғалім» және «Соғыс комиссариатының хабарлары» деген басылымдардың қысқа-қысқа шығарылымдық мәліметтерін ұсынады [151, б. 36].
Қорыта келгенде, «Мұғалім» журналының бір ғана санында жарияланған мақалалардың тақырыптық-идеялық және құрылымдық сипатын бағамдағанда біз мынадай ой түйеміз:
Кәсіби қазақ баспасөзінің алғашқы ізашарларының бірі;
Ұлттық оқу-ағарту бағытындағы алғашқы журнал;
Баспасөз мәдениетін қалыптастыруда өзіндік тарихи орны бар журнал:
Тұңғыш педагогикалық басылым.
Достарыңызбен бөлісу: |