Бұл зерттеу жұмысы еліміз үшін күрделі де жауапты кезең – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген қазақ журналдарының тарихын, бағыт- бағдарын, атқарған қызметін саралауға бағытталған. Диссертациялық жұмыстың міндеттері ретінде алдымызға қазақ журналдарының шығу тарихы мен функциясын, типологиясын тәуелсіздік тұрғысынан қарастыруды көздеген едік. Қазақ баспасөзі тарихына қатысты ғылыми мұраларды жинап, әр жылдары айтылған зерттеу тұжырымдарының негізіне сүйене отырып, тарихын таразыладық. Тарих – дәлдікті сүйеді демекші, нақтылық пен айқындыққа көз жеткізу мақсатында журналдардың түпнұсқасын негізге алдық. Зерттеу нысаны болып табылатын журналдардың барлығы дерлік араб алфавитімен төте жазуда жазылған. Белгілі ғалым, профессор Н. Омашевтің жетекшілігімен «Абай»,
«Таң», «Сана» журналдары бүгінгі ұрпақ оқи алатын кирилл қарпіне көшірілген болса, 1922 жылы Ташкентте шыққан «Шолпан» журналын ақын Х. Есенқарақызы кирилл қарпіне ауыстырып, жеке кітап етіп басып шығарды. Зерттеу нысанына айналған журналдардың ішкі мазмұнына тереңірек үңілу мақсатында «Шаншар» журналының бір жылда шыққан екі нұсқасын,
«Темірқазық» журналының 1-2-3 сандарын, «Мұғалім» журналының табылған 7-ші санын араб қарпінен кириллицаға ауыстырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Қазақ университеті» баспасынан шығардық.
Зерттеу барысында қазақ баспасөзін зерттеген ғалымдар Х. Бекқожин, Б. Кенжебаев, Т. Қожакеевтердің зерттеу еңбектерінде «Абай» журналының 11-саны ғана шығып, жабылды, деген ұстаным болды. Қазақ журналдарын зерттеу барысындағы ізденісіміздің нәтижесінде ғалымдар назарына ілікпеген
«Абай» журналының соңғы 12- санының толық нұсқасы М. О. Әуезов мұражай үйінен табылды. 1918 жылы Алаш қаласында «Абай» журналының 11-саны емес, 12-санының шыққанына нақтылы дәлелдер тауып, ғылыми айналымға қостық. Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш сатиралық «Шаншар» журналының бір жылда шыққан екі нұсқасы ҚР Орталық мұрағат сөрелерінен табылып, кирилл қарпіне түсірілді. Осылайша, жұмыстың зерттеу нысаны ретінде алынған
«Абай», «Таң», «Шолпан», «Темірқазық», «Шаншар», «Қызыл Қазақстан»,
«Сана», «Жас қазақ», «Мұғалім» журналдарының барлығы түпнұсқа негізінде зерттелді. Басылымдардың бағыттарына қарай атқарған қызметтерін саралап, негізгі бағыттары айқындалды. Журналдардың тақырыптық, мазмұндық негізі зерделеніп, басылымдардың типологиялық ерекшеліктері анықталды.
Зерттеу жұмысының әдістері ретінде ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ журналдарын тарихи кезеңдерге сай бөліп қарастыруды көздедік. Алғашқы тарау алаш туын ұстанған журналдар ретінде зерттеліп, алаш қайраткерлерінің журнал шығарудағы дүниетанымы мен халықшылдығы, тәуелсіз ел болу идеясын баспасөз арқылы бағамдағанын ашып көрсетуге тырыстық. Алаш қайраткерлерінің журнал беттеріне жазған мақалаларының идеялары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Тәуелсіз ел болу идеясы ұлт арманы ретінде бағамдалды. ХХ ғасыр басында-ақ бұл ой халық жүрегінен орын алған.
Сондықтан да олар жазған көсемсөз бүгінгі ұрпаққа өте қажет. Ұлт қалыптасыруда, ұлттық сананы жетілдіру жолында қызмет еткен ұлт жанашырлары – Әлихан Бөкейханұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Иса Тоқтыбаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтардың редакторлық- баспагерлік қырлары диссертациялық жұмыста жан-жақты қарастырылады.
Замана сөзін айтқан басылымдар ретінде екінші тарауда кеңес дәуірінде шыққан «Темірқазық», «Қызыл Қазақстан», «Жас қазақ», басылымдары кеңінен зерттеліп, сараланады. Кеңестік жүйенің рухани сұранысты таптау саясаты мақсатында жүргізілген идеологиялық қысымына байланысты тың көзқарастар негізінде қарастырылды. Диссертациялық жұмыста алаш идеясының ұстанымдарын алға тартып, ұлттық демократиялық мемлекет құру жолындағы олардың ізденістеріне баға беріледі. Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан шыққан «Темірқазық» журналының редакторы Нәзір Төреқұловтың журналистік, баспагерлік, публицистік, сыншылық қырларына ерекше орын беріледі. Сондай-ақ, «Темірқазық» журналының қызметіне араласып, оған өзінің мақалаларын басып тұрған алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың идеялары туралы жан-жақты талдау жасалады.
Ғылыми жұмыста 1921-1922 жылдары қазақ халқының басынан өткен ашаршылыққа «Қызыл Қазақстан» журналы ерекше орын бергені, оның арнайы ашқан «Аштық» және «Аштықпен күресу» бөлімдері арқылы ұлттық басылым болғанына ғылыми деректер келтіріледі. Журнал беттеріндегі 1921 жылғы ашаршылық тұсында «Аштарға көмек» комиссиясының құрылып, қазақ ұлтын сақтап қалудың бірден-бір жолы ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екені бағамдалды. Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов ұйытқы болған Семейдегі алаш ұлдарының қызметтерін зарделедік. Журналды шығарушы ұлт зиялылары Абдолла Асылбеков пен Смағұл Сәдуақасовтардың көсемсөз мұралары зерттеледі.
Кеңес өкіметі толықтай орнағаннан кейін жастар баспасөзін қалыптастыру мәселесі үкімет пен партия комитетінің мәжіліс, конференция, съездерінде арнайы түрде қарастырылған. Осылайша «Жас қазақ» жастар журналының 1923-1925 жылдар аралығында 13 саны жарық көреді. Бұл журналдағы мақалаларды сараптай келе Ерғали Алдоңғаров, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәбит Дөнентаев Смағұл Сәдуақасовтардың жастар басылымында атқарған рухани-ағартушылық істеріне баса мән берілді.
ХХ ғасыр басындағы журналдар алғашында саясат, шаруашылық, әдебиет, білім, өнер бағытында болса, кейіннен тақырыптық сипатқа ие болды. Олардың траекториялары анықталды. Сондықтан да үшінші тарауда салалық басылымдардың кәсіби тұрғыдан бөліну процесі жіктелді. Басылым мазмұндары арқылы олардың атқарған қызметтері айқындалып, журналдардың мақсатына қарай типологиясы анықталды.
Диссертациялық жұмыстың қорытындысы бойынша зерттелген 9 журналдың 1918-1925 жылдар аралығында шыққан нөмірлерінің саны төмендегі диаграммада көрсетіледі.
Сурет 4 – Журналдар саны (1918-1925)
Әрине, кез-келген басылымның қызметіне баға беру үшін сол заманның, сол дәуірдің саяси ахуалын екшей отырып, бағамдау керек. Сондықтан да баспахананың жоқтығына, қаржының тапшылығына, заманның қиындығына қарамай журнал шығарып, халықтың санасын оятуды мақсат тұтқан ұлт зиялылараның еңбектері тарихта қалып, бүгінгі ұрпаққа жетті. Олар жазып қалдырған көсемсөз бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Жұмысымның практикалық мәні ретінде қарастырылған «Мәдени мұра»,
«Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мегажобалар мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Ол – журналдарға тәуелсіздік тұрғысынан қарап, зерттеуге мүмкіндік берді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Архив 2025» жобасы диссертациялық жұмысымның негізгі өзегіне айналғанын да айта кеткім келеді.
Өткен 2018 жылы «Абай» журналының 100 жылдығы республика бойынша атап өтілді. 1918 жылдары шыққан «Абай» журналында хәкім Абайдың қара сөздері басылған болатын. Осыны ескере отырып, біз де өз тарапымыздан журналдың 100 жылдығына үлесімізді қосу мақсатында, «Абайдың қара сөздері» атты аудиохрестоматиясын 100 дана етіп басып шығардық. Аудио кітаптың тұсауы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Ғылыми Кеңесінде кесіліп, «Қазақстан» Ұлттық арнасының эфирінен көрсетілді.
Абай журналының 12-ші санын іздестіру мақсатында Шығыс Қазақстан облысының, Семей, Өскемен қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге сұрау салғанымызда «Абай» журналы шыққан өңірлерде журналдың бір де бір санының сақталмағанына, тіпті көшірмесінің жоқтығына көзіміз жетті. Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы А. С. Пушкин атындағы кітапханада
«Абай» журналының 100 жылдығына орай өткен шараға қатысып, «Абай журналы және абайтану мәселелері» атты баяндама жасадым.
Сапар барысында Семей және Өскемен кітапханаларына, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне, қазіргі
«Абай» журналының редакциясына 1918 жылы шыққан журналдың көшірмелерін және жеке кітап болып басылған журналдың 12-ші санын,
«Шаншар» журналын, «Абайдың қара сөздері» аудиохрестоматиясын табыстадық.
Бұл шаралардың барлығы республикалық басылымдар, оның ішінде еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай журналының 12-ші саны қалай табылды» [153], Халықаралық «Түркістан» газетінде «Олжа түсті қазақтың қоржынына» деген көлемді мақалалар жарық көрді [154]. Сондай- ақ «Шаншар» журалының екінші нұсқасы табылып, жеке кітап ретінде басылып шыққан кезде де республикалық басылымдар мен телеарналар, сайттар бетінде ақпараттар беріліп, насихатталды.
Ғылыми тағылымдамамды Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде өткіздім. Колумбия университетінің кітапханасына да «Абай» журналының 12-ші санынының жеке кітап болып шыққан нұсқасын табыстадық. Ал Түркияның Анкара қаласында орналасқан Гази университетінің професссоры, мағжантанушы Ferhat Tamir мырзамен шығармашылық байланыста болып, зерттеу тақырыбым бойынша шығарылған Абай журналының 12- санын, «Шаншар» журналдарының екі нұсқасын, «Темірқазық» журналдарын, «Абайдың қара сөздері» аудиохрестоматиясын университет кітапханасына өткіздік. Мұндағы мақсат – қазақ журналдарын шетелдік оқырмандарға, зерттеушілер мен ізденушілерге таныстыру, кеңінен насихаттау.
Қазақ баспасөзінің тарихында журналға жазушы қаламгерлер бүркеншік есімдермен жазғаны белгілі. Осыған орай зерттеу жұмысымда «Ж.А» – Ж.Аймауытовтың, «Жан» – М. Жұмабаевтың, «Ғ.Қ» – Ғұмар Қараштың, «Ғ.М»
– Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің бүркеншік есімдері екендігі нақтыланды.
Баспасөздің тарихы, оның атқаратын функциясы, типологиясы бір ғасырлық тарихы бар басылымдардан бастау алады. Олар ұлттық көсемсөз мектебінің қалыптасуында зор роль атқарды. Журналдың мақсаты ұлттық сананы ояту, қоғамда болып жатқан құбылыстарды және ұлт әдебиетін қалыптастыруға, салалық баспасөзді дамытуға ықпал етуді мақсат етті. Әрі сол діттеген мақсаттарынан шыға білді. Журналдар қазақ баспасөзінің тарихына ғана емес, қоғамдық сананың дамуына да ерекше әсер етті.
Қорыта келгенде, диссертациялық жұмыс қазақ баспасөзі тарихының көкейкесті кезеңі туралы жан-жақты ғылыми сараптау жасайды. Өз заманының рухани сұранысын ақтағанын айғақтайды. Сондықтан да диссертациялық жұмыс өткен тарихымыз бен бүгінгі тарихымыздың сабақтастығын көрсетеді. Оның жаңа ұрпақты ұлттық патриоттық рухта тәрбиелеуге әлі де қажет екендігі тұжырымдалады.
Достарыңызбен бөлісу: |