Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы


«Шаншар» журналындағы жаңа заман сатирасы



бет26/29
Дата02.01.2022
өлшемі0.84 Mb.
#453405
түріДиссертация
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Диссертация Акынбекова А.Б. (1)

«Шаншар» журналындағы жаңа заман сатирасы


1925 жылы Ташкентте «Шаншар» журналы шығарылды. Ол «Ақ жол» газетіне қосымша саясат, әлеумет, әдебиет мазмұнды күлкі журналы деп аталды. Журналдың алғашқы санындағы «Шаншар кім?» деген мақалада журнал өзінің мақсат-міндетін былайша аңғартады: «Біздің «Шаншар» «Шаншудан» өрбіген ұрпақ. Бірақ ауырудың шаншуы емес. Қазақты онсыз да ауыру жайлап жатқанда

«Қотыр үстіне шиқан жамап» қастығымыз бар ма? Біздікі – тілінің бізі бар

«Шаншар». «Шаншардың» мақсаты: елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғын қиыс басқанды біздеп жараламақ» [130].

Осыдан журналдың идеялық бағыты мен алға қойған мақсатын басмақаладан анық аңғаруға болады

Қазақ баспасөзінің тарихын, қазақ сатирасын зерттеген ғалым Т. Қожакеев:

«Шаншар журналының бір-екі саны ғана жарыққа шықты», деп нақты шыққан саны туралы жазбайды [131]. Осы уақытқа дейін жазылған ғылыми-зерттеу еңбектері мен энциклопедиялық көрсеткіштерге сүйенсек, «Шаншар» журналының жалғыз саны жарық көрді және ол тұңғыш сықақ журналы болды, деп жазады. «Түркістан компартиясы ОК-ның органы «Ақ жол» газетінің жанынан 1925 жылы Ташкентте шықты. Жалғыз номері жарық көрді... Журнал алдына бай-молдалардың және шаруашылыққа кесірін тигізушілерді әшкерелеу мақсаты қойылды. Бірақ оның сатираларында жеңіл шенеу, нысанасын дәл баспау, нанымсыз әрекеттерді сөз ету жайттары байқалды... Дегенмен,

«Шаншар» қазақ совет сатирасы тарихында тұңғыш сықақ журналы болды» [132]. Сатирик Ғ. Қабышев оқырмандарды «Ара» журналына жазылуға

шақырған мақаласында «...оқырмандарға сатиралық журналымыздың өмірбаянынан да кейбір дерек бере кетсек дейміз. Мәселен, бұл өмірбаян «Ара» болып аталып шыққан кезінен емес, қазақтың тұңғыш әзіл-сықақ журналы

«Шаншардан» басталады деген дұрыс. «Шаншар» 1924-1926 жылдары Ташкентте айына екі рет шығып тұрған», деп жазады [133]. Алайда, «Шаншар» журналының араб қарпіндегі түпнұсқасының мұқабасында:

«Шаншар», «Ақ жол» газетіне қосымша. Саясат, әлеумет, әдебиет мазмұнды күлкі журналы. Айына екі шығады. 1925 жыл», деп басылған [130, б. 1].

«Шаншар» журналының 1925 жылы шыққанын зерттеуші-ғалым Т. Қожакеевтің «Сатира – күштілер қаруы» атты еңбегінен де кездестіреміз [131, б. 254]. 1925 жылдың мамыр айында шыққан «Таң» журналының 3-санында М. Әуезовтің «Шаншар» журналы деген мақаласы жарық көрген. Онда «Апрельдің аяқ кезінде Семейде «Шаншар» журналының бірінші саны алынды. «Шаншар»



  • қазақтың тұңғыш күлкі журналы» дейді [134]. Сонымен қатар «Шаншар» журналы 1926 жылға дейін шықпаған. Тек бірінші саны ғана шыққан. Шықпай қалған себептерін профессор Т. Қожакеев: «Шаншар 1926 жылға дейін шықпаған, бір-екі номерінен соң-ақ тоқтатылған. Оған сол жылы Түркістан республикасының ұлт ретімен қайта құрылуы, Ташкентте шығарылып тұрған қазақ тіліндегі газет, журналдардың Қазақ АССР-іне ауысуы себеп болған» деп жазады [131, б. 254].

Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші ғалымдардың еңбегіне және

«Шаншар» журналы туралы жазылған энциклопедиялық анықтамаларды оқи отырып журналдың бір ғана санының жарық көргенін, сондай-ақ осы уақытқа дейін араб қарпімен басылған журнал материалдары кирилл қарпіне толықтай түспегеніне көз жеткіздік. Журналды толыққанды зерттеу мақсатында

«Шаншардың» түпнұқасын Ұлттық Ғылым Академиясының кітапханасынан көшірмесін алып, кирилл қарпіне түсірдік. Журнал көмекші оқу құралы ретінде

«Қазақ университеті» баспасынан 100 данамен басылып шықты. Журналдың кирилл қарпімен басылған нұсқасына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубектің «Шаншар – шаншыған-ақ екен!», филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазанның «Алаш баспасөзінің ақтаңдақ беті ашылды» деген пікірлері жарияланды.

С. Медеубек өз пікірінде: «Сөзде қаңқу, ауруда шаншу жаман» деп қазақ тегін айтпаған. Мәтел астары қашанда шындыққа сүйенеді, өзегінде өмірлік ақиқат болмаса, өміршең болмайды. Шындығында аурудың жаманы – шаншу, олай болса, осы кесел тисе кім-кімді де аямасын, «ойбай» дегізіп түйреп өтетінін білген шығарушылар кекесін, мысқыл, әзіл, әжуә, күлкі, оспақ, сықақ қыларлық шындықты астарлап айтып, шаншудай қадалар журналдың атын «Шаншар» қойыпты» деп журнал беттерінен сатира жанрларының орын алғандығын тілге тиек етеді [135].

Жарияланған мақалаларға талдау жасап, Алаш ардақтыларының ерен еңбегі жылдар өткен соң ұрпақ назарына қайта оралуына қуаныш білдіреді. Журналға пікір білдірген филология ғылымдарының докторы А. Рамазан: «Қазақ

баспасөзінің тарихын қалыпқа келтіру – ел тарихын қалыпқа келтіру, ел тарихын жаңғырту, жақсарту. Кеңестік идеологияға сай жазылған «жасанды» тарихты тәрк етіп, қазақ елінің шынайы тарихын жасауға деген ұмтылыс» екендігін ескерте отырып, зерттеуші А. Ақынбековадан бұрын сатира жанрын зерттеген ғалым Темірбек Қожакеевтің «Шаншарды» парақтағанын ғылыми еңбектерінен жақсы білеміз. Жас ғалымның мақсаты – «Шаншарды» қазақтың алғашқы салалық журналы ретінде зерттеу объектісіне айналдыру және бүгінгі оқырманмен таныстыру. Бір саны жарық көргенімен, қазақ сатирасының бастау көзі саналатын «Шаншардың» қазақ журналистикасы тарихында өзіндік орны бар деген пікірін білдіреді [135, б. 33].

Осылайша, «Шаншар» журналының кирилл қарпіне түскен нұсқасы оқырмандарға жол тартты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Сағымбай Қозыбаев «Люди мы, не боги» эссе жинақтар кітабында былай деп жазады: «Пытливости казаха спривкусом смешинки нет границ – шек жоқ. На вопрос «Что такое магнит?» казах отвечает «Наверное, это красивая женщина». Сказано это было в далеком 1925 году, когда в степи началось знакомство с этой необычной железкой» [16, с.165-166].

Академик, қазақ қоғамына жаңа келіп жатқан «магнит» сөзін «Шаншар» журналы астарлап, мысқылмен жеткізген жеріне ерекше тоқталып өтеді. Сондай- ақ С. Қозыбаев: «В начале 20-х годов ушедшего века вся казахская письменность и зарождающаяся новая пресса существовала на арабской графике. Сегодня ее могут читать лишь избранные. Поэтому ценен каждый перевод письма того времени на современный казахский язык, пока еще живущий на кирилице» деп ХХ ғасыр басындағы басылымдардың бүгінгі ұрпақ оқи алмайтын жағдайына баса назар аударып, кирилл қарпіне түскен журналдың құндылығын ерекше бағалайды [136].

Журналдың 1-саны жарық көріп тоқтап қалды деген сеніммен жүрген кезде зерттеу тақырыбыма байланысты Алматы қаласы, Орталық Мемлекеттік архивінің «газет» бөліміненің тізімінен «Шаншар» журналы, 1925 жыл» деген жазуға көзім түсті. «Бұл қай Шаншар?» деген оймен мұрағаттан журналды алдырттық. Алдымызға алдыңғы «Шаншар» журналынан мүлдем басқа

«Шаншар» келіп түсті. Сақталуы өте жақсы. Сары түсті қағазға басылған журнал қағазы жап-жаңа, еш жері бүлінбеген. Бірден көзге түскені «Шаншар, 1925 жыл, 26 февраль» деп шыққан жылы мен күні анық басылған. Дереу көшірмесін түсіріп, бір жылда шыққан «Шаншардың» екі нұсқасын салыстырып, саралап, зерттеуге көштік. Толық зерттеу үшін бірден кирилл қарпіне ауыстырдық.

Екі журналдың басты ерекшелігі әр түрлі қағазға басылғандығы. Бірі – ақ түсті қағазға басылып, ондағы суреттер түрлі-түсті бояумен берілсе, екінші нұсқасы – сары қағазға басылған, суреттері ақ-қара түсті. Көлемі мен таралымында да өзгешелік бар. Екеуі де «Севвосток» баспасында басылған. Ақ қағазға басылған «Шаншардың» таралымы 6700 данамен басылса, сары қағазға басылған журналдың таралымы – 3000. Соңғы табылған журналдың мұқабасында: «Шаншар» «Ақ жол» газетіне қосымша, саясат, әлеумет, әдебиет мазмұнды күлкі журналы, айына екі шығады, 26 февраль 1925 жыл, №1» деп

шыққан жылы мен күні анық жазылған. Төменде «Шаншар» журналының бір жылда шыққан екі нұсқасының суреттерін қойып отырмыз.

Сурет 2 - «Шаншар» журналы, №1 Сурет 3 - «Шаншар» журналы, №1 (1925 ж. 26 февраль) (1925)


Журналдың полиграфиялық ерекшеліктері мен көлеміне, таралымына, онда жарияланған жарияланымдарға қарап, ҚМОА табылған «Шаншар» журналы алдымен шыққан деген тұжырымға келдік. Өйткені сары қағазға басылған журнал 3000 данамен алғаш рет шығарылып, кейіннен ақ қағаз бен түрлі-түсті бояулармен бастырып шығу мүмкіндігі туған сәтте басқарма ұжымы журналды көркемдеп, мақалаларды сұрыптап, 6700 данамен қайта басып шыққанға ұқсайды. Қалай дегенімен де, екі журналдың да бір санмен басылып шығып таралуы таңданыс тудырды. Журналдың екінші нұсқасы табылғаннан кейін

«Egemen Qazaqstan» газетінде «Тарихи журналдың екінші нұсқасы табылды» деген мақала жарық көрді [137]. Мақалада «1925 жылы «Ақ жол» газетіне қосымша ретінде жарық көрген қазақтың тұңғыш сықақ журналы «Шаншардың» шығу тарихына қатысты мәліметтер ғылыми ортаға жақсы таныс. Алайда,

«№2» деп көрсетілмей, №1 санының қайталай басылуы ғалымдарды біраз тығырыққа тірегендей» деп жазады. Расымен де журналдың екінші нұсқасы табылды дегенде алғаш сенбей, күдікпен қараған ғалымдар да болды. Журналдың кирилл қарпіне ауыстырылған нұсқасы және факсимильді түрі

«Қазақ университеті» баспасынан көмекші оқу құралы ретінде басылып шықты.

Зерттеу барысында, осы уақытқа дейін қазақ баспасөзі тарихын, қазақ сатирасын зерттеуші ғалымдардың еңбегінен «Шаншар журналының екі нұсқасы жарық көрген» деген деректерді кездестіре алмадық. Тіпті М. Әуезовтің сол жылдары «Таң» журналына жарияланған «Шаншар» журналы туралы жазған шолу мақаласында да ол туралы сөз болмайды. Яғни алғашқы саны ретінде

М. Әуезовтің қолына ақ қағазға басылған «Шаншардың» түскені анық. Өйткені мақалада сары қағазға басылып, 1925 жыл, 26 февральда шыққан «Шаншар» туралы сөз болмайды. Ал сатира жанрын зерттеген ғалым, Т. Қожакеев өзінің

«Сатира-күштілер қаруы» монографиясында М. Әуезовтің «Таң» журналының 3- ші санына жариялаған мақаласына ғана сілтеме жасаған [131, б. 254].

Журнал мазмұны мен онда басылған суреттерді салыстыратын болсақ,

«Шаншардың» екі нұсқасының мұқабасындағы ерекшеліктерді айта кету керек. Сары қағазға басылған алғашқы нұсқасындағы мұқаба бетінде «Бәрі ұлт қамы»,- деген тақырыптағы карикатуралық төрт түрлі сурет бейнеленген. Осы суреттерге мағыналас бейнелер «Бәрі де ұлт қамы» деген атпен журналдың екінші нұсқасының 12-бетінде басылған. Сондай-ақ молда, бай-төрені мұғалім, комсомол шоқпармен «тоқпақтап», «Сауатсыздықты осылай жоймаса бола ма?» деген мағынадағы «Жоғалсын сауатсыздық» атты сурет басылған, Осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпайтын «Уақытты босқа өткізбейік», «Салықтан құтылу амалы», «Жоғалсын шылым шегу» деген тақырыптағы карикатуралар журналдың әр беттерінде басылған.

Бұл суреттер журналдың екі нұсқасында да бар, алайда ерекшеліктері байқалады. Журналда басылған суреттердің авторы жазылмаған. Зерттеу барысында кездестірген деректерге келсек, біріншіден, журналдың шығарушысы Жүсіпбек Аймауытов болғандықтан журнал беттерінде басылған суреттерді Ж. Аймауытовтың өзі салған деген тұжырымға келдік. Оған дәлел ретінде абайтанушы, ғалым Қайым Мұхаметхановтың жеке мұрағатынан табылған құжатты дерек көзі ретінде ұсынамыз. Мұрағат құжаттарынан табылған хатты Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова жазған екен. Хат мазмұнына келсек: «...Қашанда жазушы ағаларым Мұхтар, Жүсіпбектер өздерінің баспаға даярлап әкелген шығармаларын алдымен Міржақыптың қолынан өткізіп, пікірін алатын. Жүсіпбек аға жазған ертегілерінің суреттерін өзі бояуымен салып келетін, бала алдымен суретке қарайтын әдеті емес пе, менің есімде Жүсіпбек үлкен суретші (художник) болғанын ұмытқам жоқ» деген жолдары бар [138].

Және бір дерек: Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы Бектұр (Виктор) Аймауытовтың 2006 жылдары Алматы қаласына келген жылдары филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлына берген сұқбатында да кездеседі. Онда: «Біз лагерьде неміске қарсы соғысайық деп 1943 жылы арыздандық, ешкім құлақ аспады, керісінше азаптай түсті. Бір күні бір генерал келді, мен оның суретін акварель етіп салдым», - деген [139].

Виктор Аймауытұлы әкесі Жүсіпбек туралы айтқан естеліктерінде әкесінің жас кезінде сурет салуға үйреткен өнері оның басына түскен қиын сәттерінде де көмек болғанын тебірен әңгімелеп берген. Әке рухы оны қашан да қорғап отырғанын байқаймыз. Оның Қазақстанға келіп, қазақ зиялылармен кездесіп, өмірінің соңында да оған қазақ топырағының бұйырғаны кездейсоқтық емес.

Осындай құнды деректерге сүйене отырып, Жүсіпбек Аймауытовтың талантты суретші болғанына көз жеткіземіз және де журнал беттеріндегі карикатураларды Ж. Аймауытовтың қолтаңбасы деген тұжырымға келіп

отырмыз. Сурет авторы кім болуы мүмкін деп журнал беттерінен бір белгі іздеу барысында «Шаншардың» ақ қағазға басылған нұсқасындағы «Салықтан құтылу амалы» тақырыбындағы карикатура астында «Утв. ППЯ» деген жазуды көзіміз шалып қалды. Бұл жазу сары қағазға басылған басылымның беттерінде де кездеседі.

«Утв. ППЯ» – Совет үкіметі кезіндегі БАҚ материалдары партбюроның келісімінен өткен болу керек. Осыған орай «Шаншар» журналы және онда басылған суреттер де партия бақылауында болғандығын білдіреді. Сонымен,

«Утв. ППЯ» деген қысқартылған сөз «Утверждено ППЯ (Первичной Партийной ячейкой)» деген мағынада екендігіне көз жеткіздік.

«Шаншар» журналының алғашқы саны Семейге алынған соң, М. Әуезов

«Шаншар» журналы»,- деген көлемді шолу-мақаласын жазады. Онда «Қазақтың аз да болса ілгері қарай басып келе жатқан өнер білімінің тұсында «ІІІаншар» мезгілімен шыққан журнал. Білімді елдің үлгісімен қазақ оқушысы аз танысқандай болып, осы күнде баспасөздің неше алуан түрлерін көріп келеді. Қазақ баспасөзі түр тауып молайған сайын оқушы да қалыптанып екшеле бермек» дейді [134, б. 119].

Қазақ баспасөзінің осындай түр тауып, күлкі журналының шығуы сол заманның баспасөзінің дамуына қосқан үлесі болды десек қаталеспейміз. 1924 жылы мамыр айының 23-31 күндері өткен СӨКП XIII съезі «Баспасөз туралы» қаулысында жергілікті ұлттардың баспасөзін дамытуды, оның түр-саласын молайтуды міндеттеген [140].

Осы нұсқауға жауап ретінде қазақ баспасөзінің жаңа тың түрі, тың көрнісі ретінде «Шаншар» журналы оқырманға жол тартқан. «СОВВОСТОК» баспасында жарық көрген журнал таралымы 6700 дана болған. 16 беттен тұратын журналдың 8-беті сол тұстағы әлеумет тіршілігінің кемшіл тұстарын сынаса, қалған 8-бетінде журналдың маңызы мен пішінін білдіретін суреттер жарияланған. Мақалалар тақырыбына келсек, «Шаншар» кім? «Ақжолдың алаңғасарлығы», «Шаншардың өлеңі», «Нептің қатыспайтын жері жоқ»,

«Анкета», «Сорлы газет қайдан білсін?», «Жауап күтеміз», «Жарнама», «Не жазайын?», «Америкеде жаңа сағат», «Шаншардың оқуларына қосылыңдар!» атты сын-сықақ, фельетондар жарияланған. Журнал жарияланымдарында авторлары журналдың мазмұнына сай – «Шаян», «Қылжақбас», «Бақалшы»,

«Қужақ», «Найзагер», «Жасқаншақ» деген бүркеншік есімдермен берілген.

«Жауап күтеміз» деген мақалада «Молпық», «Солпық», «Балпық» – үшеуіміз таңбамызды салдық»,- деп аяқтаған екен. Осылайша, «Шаншар» журналындағы мақала авторлары нақты журнал бетінде басылмаса да баспасөз тарихын зерттеген ғалымдардың еңбегінде, сықақ журналын шығаруды қолған алған деп Ж. Аймауытовтың есімі аталады.

«Шаншар» журналы «Ақ жол» газетінің қосымшасы ретінде шыққандығын жоғарыда айтып өттік. Профессор Б. Жақып «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» атты еңбегінде «Шаншар» журналының шығарушы



  • редакторы Ж.Аймауытов екендігін жазады. «Ақ жол» газетінде қызметте жүріп, Жүсіпбек сол басылымның қосымшалары ретінде «Сәуле» әдеби

журналын (1924) және «Шаншар» сықақ журналын (1925) шығаруды қолға алады. Сол журналдардың редакторы болады» деп жазған [11, б. 305].

Ж. Аймауытов «Шаншар» журналы туралы таныстыру-мақаласында

«Қазақты ел қыламыз, жұртшылық жасаймыз, кедейдің сауатын ашып, саңылау жібереміз, өнерлі – ғылымды жұрт санатына қосамыз, шаруасын берекелендіреміз деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, аяқтай басы шарадай болып жүрген азаматтарды көзден шоласыз…

Заманға мойын ұсына алмай, жаңалыққа көне алмай, ескіні қолдан бере алмай, сең соққан балықтай оршып, арындап жүргендер де аз емес…

«Шаншардың» мақсұты: елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан қия басқанды біздеп жараламақ»,- деп күлкі журналының шығу мақсатын көрсетеді [130, б. 2].

Жүсіпбектанушы ғалым Н. Қуантайұлы да Ж. Аймауытовтың бұрын жарық көрмеген шығармалары деп «Шаншар» журналында жарияланған «Шаншар кім?», «Не жазайын», «Америкеде жаңа сағат», «Шаншардың оқуларына қосылыңдар», «Басқармадан жауаптар», «Ақ жолдың алаңғасарлығы» атты мақалаларын араб қарпінен кирилл қарпіне ауыстырып басқан [21, б. 272].

«Ақ жол» газетінің қосымшасы ретінде шыққан «Шаншар» айына екі рет шығып, оқырманға тегін тараған. Ж. Аймауытов «Күлкі журналы шығарылады» атты мақаласында сатиралық журналдың шығатынын қуана хабарлайды:

«Журнал газетке қосымша ретінде, ал газет оқушыларға тегін таратылады» деп жазады [141].

Сондай-ақ, Ж. Аймауытов: «Күлкі журналы – қазақтың тұңғыш тәжірибесі. Тұңғышы күле алмайтын қара қабақ, тұнжыр болып туа ма? Әйтпесе тілінің бізі бар, күлегеш, жайдары бала болып туа ма? Жұртты күлдіре ме? Өзі күлкі боп жүре ме?» деп «Шаншар» журналының қазақтың тұңғыш сатиралық журналы екендігін, оның болашағы қазақ қаламшыларының күлкісіне, көңіліне, көмегіне байланысты екендігін айтады [141, б. 261]. «Басқа журналдарға басыла қоймайтын күлдіргі әңгімелерді күлкі журналы баса алады. Жазушылардың қаламақысы кезінде жіберіліп тұрады. Еңбегіміз босқа кетеді деп қауіптенбеңіздер» деп қолына қалам ұстаған жігіттерді жазуға үндейді. Қаламақы туралы журналда жарияланған «Ақ жолдың алаңғасарлығы» деген мақаласында да айтылады. Онда: «Ақ жол» енді жұртты ілгері бастыру үшін шын шаралар түк болмайтынына көзі жеткендей күлкімен, сықақпен түзетпек. Күлкі журналын шығармақ болса болсын, бірақ кімді әжуалап түзетеміз?... «Ақ жол» бізді ақшаға қызықтырады-ау, жазғандарың үшін гонорар төленеді, дейді. Ақшаны тәуір көретінімізді абдан біліп алған. Бірақ алған ақшамызды әлде біреу мұрынымыздан шығарып жүрсе біздің обал-сауабымыз кімге? «Ақ жолдың» мұнысы арандату болмаса жарар» деп қауіптеніп, сынап-мінеуден сескенетіндерін жасырмай жазады [130, б. 2].

«Таң» журналының бетінде М. Әуезов: «Күлкі журнал ой жетілдіріп, сезімді ұстартпақ. Сондықтан ол күле отырып, біле отыр дейді. Ойнап отырып, ойлап отыр. Біреудің мініне күлсең, өзің сол міннен бойыңды арши отыр дейді…,-деп баға береді, сықақ журналының оқырманы да көп болатынын атап өтеді» [134, б.

119]. Күлкі адамның іс- қимылын, мінезін, мінін түзететін құрал екенін нақты мысалдармен өреді. Біздің қоғамға қажет журнал екенін айтып, басылымның қажеттілігіне оң баға береді.

«Шаншар» журналының мұқабасында «Өзіме пайдалы жерде және пайдасыз жерде», «Салықтан құтылу амалы» деген жазумен берілген сәтті суреттер жарияланған» [142]. Бұл материалдарды М. Әуезов журналға жасаған шолу-мақаласында «Қазақ пішінді күлкісі бар, қазақша мысқылы, сайқымазағы бар, көп күлкісін қазақтың бүгінгі әлеумет тіршілігінің мініне арнаған, есті, орынды күлкі» деп бағалады [24, б. 13].

Сондай-ақ күлкі журналы басқа баспасөздерге қарағанда күрделі боп келетінін де айтады. «Күлкі журнал да барлық баспасөздің «үйретемін, үлгі айтамын, бастаймын» деген негізімен жүреді, бірақ олардан ісі қиынырақ. Олар ұзынсонардың, өрісті сөздің бетімен жүрген болса, мынау аз сөзбен, емеурінмен, нобай тұспалмен, күлкімен білдіру керек»,- деген пікір білдірген [24, б. 12].



Журналда мәнсіз материалдар да, ақылға қонбайтын пікірлер де орын тапты.

«Қатын аламын» деген хабарландыру былай жазылған: «Әдрісім: город Албасты, Сұмырай көшесі, Оспанқажының сиыр қорасына қарсы дом, Боқбасар». Мұнда, әрине, тапқырлық та, өткірлік те жоқ екені даусыз. Бұл сияқты одағай пікірлер «Анкетада» да жіберіледі. Мысалы: «Көшпелі не нәрсе?



  • Қазақ», «Килло не нәрсе? – Біз білмейтұғын нәрсе», «Магнит не нәрсе? – Сұлу әйел болса керек», секілді сұрақ-жауаптарда үлкен мән, мағына бар деп айта алмаймыз.

Журналдың «Бәрі де ұлт қамы», «Жоғалсын уақытты босқа өткізу» деп аталатын карикатуралары да сәтсіздікке ұрынды. Бұл жөнінде де М. Әуезов шолу-мақаласында да айтып өтеді. «Тәуір суреттер: «Өзіме пайдалы жерде, пайдасыз жерде», «Салықтан құтылу амалы». Бұлар көп жерде кездесетін көп қауымның міні сияқты. Одан басқа суреттердің көбі ұсақ жайларға арналған, жаппай күлдіргі боларлық та суреттер емес [24, б. 15]. М. Әуезов суретерді сәті және сәтсіз шыққан деп жеке-жеке талдау жасайды. Орынсыз тұстарын да жасырмай айтып өтеді. Қазақ басылымдарына жаңа түрдің қосылғанын ерекше атап өтіп, оның болашақта ғұмырының ұзақ болғанын қалайды.

«Шаншар» журналының беттерін парақтай отырып онда басылған сықақ материалдарының мазмұндарынан ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректерді де байқаймыз [143]. «НЭП»дің қатыспайтын жері болсайшы» деген білімпаздар мәжілісінде болған екі адамның диалогы берілген. Онда латынға көшудің дұрыс-бұрыстығы, ерте-кештігі әңгіме болады.



    • «Сендер «Қаһарман»ды, «Жиһан»ды, «Ай-хай»ды, «ха-ха-ха» деп күлгенді қалай жазбақшысыңдар?

    • Сен ұсақтап кеттің ғой. Бізге әдебиет «Не важно», бізге пән кітабы керек

қой?


  • Сонымен «Ш»ға келісесіңдер ме?...

  • «Ы» ны қалдырсаңдар келісейік...

    • Охо! Біздің шымбайымызға қатты батып отырған «Ы» емес пе? Ол қалса, қазақ тілін заңынан айырады. Одан соң қазақтың құрығаны.

    • Ал, сендер «Ы» біткенді алдың, ирек «Ш»ды кіргіздің. Сөзіміз енді шұбалаңдап кетпей ме?»- деп, латын әліпбиіне көшу мәселесін диалог тәсілін қолдана отырып, қозғайды, тіл мәселесінің проблемаларын айтып, оны сықақпен, күлдіргі әңгімемен шешпек болады [130, б. 6].

Журналдың «Анкета» деген сұрақ-жауабы жөнінде М. Әуезов өзінің шолу- мақаласында «... анкетаның да сұрағы мен жауаптарының көбі орынды, мезгілді сөздер». Мәселен, Закон не нәрсе? - Аяғыңды қия бассаң, сарт ететұғын бір қақпан. Мұғалім не нәрсе? - Ілгері еңбегі еш, тұзы сор, адамзаттағы нағыз қор, бір жан болса да кеңес келгелі есеге жетіп халықтың көзін ағартуын қоймай келе жатқан бір қарлығаш. Нәсіл не нәрсе? - Бұл күнде ұрлықтың малындай жасырылатын бір пәле [130, б. 7].

Дәл осы анкетадағы «Нәсіл» туралы жауап «История отечества в судьбах его граждан», - деп аталатын автобиографиялық жинақтың «История и этнография государственных программ «Культурное наследие» секциясының алғысөзінде, зерттеуші (А.С. Зулкашева) сол заманның шындығы жазылған журналдан былайша мысал келтіріледі: «Однако в Казахстане первые годы советской власти значительный процент грамотных местных работников состовляли выходцы из зажиточных слоев, поэтому были нередки случаи сокрытия социального происхождения. Последующем, при партийных чистках, именно эти люди получали выговоры, их отстроняли от должности, исключали из партии, а в годы «большого террора» расстреливали. Как отмечалось еще в начале 1920-х гг. в сатирическом журнале «Шаншар» «Происхождение это то что скрывают больше, чем ворованную вещь», - деп журналдағы бірауыз сөзді тарихпен байланыстырған [144].

Журналдың жабылуының тағы бір себебін профессор Т. Қожакеев:

«Журналды шығаруға бұрынғы алашордашылар, ұлтшыл бағыттағылар қатысты. Соның салдарынан «Шаншар» нағыз жаңа өмірдің жаршысы, коммунистік идеяның жаршысы бола алмады... Көп суреттерінің, көп материалдарының идеясы күңгірт, сын нысанасы белгісіз жатты. Жалпылай сынады» деп жазды [131, б. 255].

Бұл әрине, сол кездегі саясаттың ырқымен жазылғанын және де журналдың басы-қасында тәуелсіздігімізді аңсаған алашорда азаматтарының жүргеніне көз жеткіземіз. М. Әуезовтің пікірінше «Шаншар» қазақ жураналдарының ерекше түр тапқан тұсында, өз уақытында, шыққан журнал болды. Жеке міндеріне қарамастан, қозғаған тақырыптары, сынаған кейіпкерлері жағынан мәнді, маңызды, тіл кестесі, айшығы жағынан күлкілі болар деген үміт туғызды. Қазақ баспасөзіне қосылған жаңа түр, жаңа өрнек деп танылды.

Журналдың алғашқы нұсқасы деп танып отырған, сары қағазға басылған санындағы «Бүгелек» атты бүркеншік есімнің «Несі?» деген тақырыптағы сауалдардан мысал келтірсек. «Жайшылықта ұлтшыл, Алаш-Ордашылдар, ұлт жұмысына кіріскен кезде дыбысы шықпай қалатыны несі?

Кей біреулер үлкен орынға мінгенше, партияда жоқтарды Ш-ордашыл, Алаш орданы байшыл, партия мүшесін ұлтшыл деп, лағнеттеп жүріп, орнынан тайған күні, не орны төмендеген күні отаршылдар жұмысы істететін емес деп, ұлтшыл болып, әйтпесе оқуға жөнелетіні несі?

Кей бір «ұлтшыл» жігіттер Кеңеске қызмет істегенше елге барып жатқанымыз артық деп алды-артына қарамастан кетіп қалып, қаланың сырасы еске түскен күні қаладағы достасына мені қызметке шақырыңдар деп хат жазатыны несі?» [145].

Осы тұста «Алашордашылар» сөзі кездескендіктен бе, журналдың екінші, ақ қағазға басылған нұсқасында «Несі?» атты материал алынып тасталған. Сонымен қатар, басылым беттеріндегі: «Мекемеге орыстан бастық болса, қазақ орынбасарына ақылдаспастан жұмыс істей береді. Егер қазақ бастық болса, орынбасарсыз түк, істей алмайтыны несі?» деп басылған жолдары да екінші нұсқадан алынып тасталған. Бұл жолдардан біз қазақ халқының азаттықты аңсаған, өзге ұлттың қас-қабағына қарап жаутаңдап отырғанын, тәуелсіздігін аңсаған ұлт екендігін байқаймыз. «Шаншар» журналының алғашқы нұсқасы деп болжамдап отырған санында «Құқ-қ» деген бүркеншік есіммен берілген автордың «Ау, шаншарым,шаншарым!» деген өлеңі басылады.

«Ау, шаншарым, шаншарым! Қайдан келдің жауқарым?

Шошаңдайды құйрығың:

Неге ауып тұр аңсарың? Шабатында түрің бар, Қалай еді қауқарың?

Шапқаныңа мынау көп, Білесің бе не айтарын? Талабыңа қуанып,

Күліп, мейірі тарқарын; Шыққаныңды құп алып,

Құныңды біліп байқарын» [145, б. 13].

Міне, осы өлеңнен біз журналдың мән-мазмұнын, көтеретін жүгін, бағыт- бағдарын анық аңғарамыз. Шыққаныңа ел қуанар ма екен, жоқ әлде өзің мазаққа қалар ма екенсің деп қағытады. Өзің қорғанбасаң сенен де күштілер мүйізіне іліп алып, жаншып тастар ма екен деген ішкі күдіктерін өлеңмен келтіреді.

«Шаншардың» екі нұсқасында да еш өзгеріссіз берілген алғысөзге назар аударсақ, бұл журналдың «екі тізгін, бір шылбыр» ұстағанын байқаймыз. «Екі тізгін» деп отырғанымыз, бір тізгіні – Кеңес қамын қолдау, екінші тізгіні – Кеңеске қарсыларды жоққа шығармау. «Бір шылбыры» деп отырғанымыз – Кеңеске де, Кеңеске қарсыларға да ортақ адамзаттық құндылықтармен өмір сүру заңдылықтары.

Енді осы сөзімізге мысалдар келтіріп көрелік:

«Қазақты ел қыламыз, жұртшылық жасаймыз, кедейдің сауатын ашып, саңылау жібереміз, өнерлі, ғылымды жұрт санатына қосамыз, шаруасын

берекелендіреміз, деп жарғақ құлағы жастыққы тимеді» деген сөйлемнің астарында «екі тізгіннің» де, «бір шылбырдың» да мүддесі көрінеді [145, б. 11].

«Қазақты ел қыламыз»,- деп Кеңес үкіметі ұрандаған жоқ. Ол - Алаш қайраткерлерінің аңсары болатын.

«Кедейдің сауатын ашып, саңылау жібереміз» дегені – таза кеңестік мақсат болатын. Бұған бірақ алаштықтар қарсы болмаған.

Қазақты... өнерлі, ғылымды жұрт санатына қосамыз, шаруасын берекелендіреміз деген кім десеңіз, ол – алаштықтықтар еді. Ал кеңестіктер

«қайтсек кедей үкіметін орнатамыз» деп алашапқын болған-тұғын.

«Заманға мойынұсына алмай, жаңалыққа көне алмай, ескіні қолдан бере алмай, сең соққан балықтай шоршып, арандап жүргендер» екі жақта да бар, бұл жалпыға ортақ өтпелі кезеңдегі әлеуметтік-жансезімдік ахуал болатын. [145, б. 11 ].

«Әлеумет міндеті, адамгершілік, ар-ұят деген қасиеттері бойына әлі қона алмай» деген сөйлемдердің астарынан барша адамзаттық асыл құндылықтарды айтып отырғанын аңғарамыз [145, б. 11].

«Кеңес ісі бойына сіңе алмай» деген тіркестің әдібіне қарап, шынымен кеңестік мүддені жан-тәнімен қолдап отыр екен деп айтуға болмайды. Бұл қазақ қоғамында ғана емес, большевизм жеңіске жеткен елдердің бәрінде орын алған идеологиялық шындық болатын. Шала идеология шаласауаттылар санасына қалай бірден сіңсін?! Кеңес үкіметі деген қандай үкімет екендігін аңғара алмай, байыбына жете алмай кеткен кедейлер қаншама, тіпті, кеңестік қозғалыстың басы-қасында жүргендердің өзі толық түсініп болмаған күйі құрбан болғаны да тарихи шындық. Демек, бұл сөйлемде екі майданның да адамдарына тән мінез менмұнадалайды.

«Қара басының қамын қампитып, жұртшылыққа оралғы болып жүргендер» қара бұқараның ортасында «Шаншар» айтқандай, «ұшан теңіз», әйтседе, кеңесті жақтаушылар арасында да, жақтамаушылар арасында да бар еді.

«...шындық, түзулік, әділдік қылышын қолына ұстаса» журналдың барша адамзаттық құндылықтарды көксегені. Бұл – біз жоғарыда айтқан «бір шылбырлық» саясат.

«...кеңес жолына түсіп, шын кедейлер жаршысы болғысы» келсе, кедей қазағына жақтасқаны. Кедей қазаққа жақтасу – алаштықтардың да негізгі азаматтық парыздарының бірі болатын.

Журналдың мақсаты ретінде ұсынылған елді аралап, кем-кетігін түзейміз, түзелмесе сынап, мінейміз, бізбен түйрейміз деп алдын-ала ескертеді [145, б. 11 ]. Шындығында «елді араламақ» болса, елге жақын болғаны. «Жақсы мен жаманды ажыратпақ» болса, баршаға ақыл-парасат нұрын шашпақ болғаны, «ақ пен қараны сараламақ» болса, әділеттің ақ туын биік көтермек болғаны.

«Шаншардың» мүйізіне үлкен де, кіші де, қара да, төре де, молда да, бай да, шешен де, көсем де, әйел де, еркек те айланып кетсе ғажап емес» деген сөйлемнен біз журналдың тек кеңесті ғана сөз етпек ниетте емес екендігін көреміз [145, б.11]. Аталған әлеуметтік топтар кеңестер жағында да, алаштықтар тарабында да бар болатын.

«Бірақ «Шаншардың» мақсаты – кісіні түйреу емес, ерсі мінезді, әлеуметке жағымсыз қылықты түйреу деп ұғыңыздар» дейді [145, б. 11]. Бұл сөйлемнен шаншарлықтардың жеке бастың, жекелеген тұлғаның қара басына ғана тән дара қылықты емес, бүкіл әлеуметке, жалпы бұқараға, түменге түгел ортақ келеңсіздіктерді сынап-мінеп қана қоймай, соларды түзетуді көздегенін байқаймыз. Осы сөйлемнен кейін: «Шаншардың» мақсаты...-Кеңес жолына кесірлерді шаншу деп түсініңіздер» дегеніне толық қосыла аламыз ба? Қосылсақ, біз мына мәнде ғана қосыламыз: «Шаншар» журналы дүниеге келген жылдары, яғни Кеңес өкіметі алғаш құрыла бастаған жылдары большевиктер

«әділдік», «теңдік», «қалың бұқара қамы» деп ұрандап келгенде, шаншарлықтар да бұл ұранға иланған. Сондықтан да әділдік пен теңдікке кесірлік қылғандарды шаншымақ болғаны шындық.

Қалай дегендеде, Алғысөзден біз «Шаншар» журналының белгілі бір саясаттың қолшоқпары ғана болудан аулақ әрекет еткенін аңғарамыз. Бұған екі нұсқаның да мазмұнына– тақырыбы мен идеясына, пішініне, құрылым мен сюжетіне, тілі мен безендірілуіне зер салғанда да көз жеткіземіз.

Алғашқы нұсқада да, соңғы нұсқада да жарияланған мына мысқылға назар аударып көрелікші. Мұнда автор «Шаншарға» не жазсам екен?» деп сұрақ қоя отырып, ақылдасқан болып, көздеген нысанын шаншып өтеді.

Тізбелеп айтқан әр сөйлемінің астарында ащы шындық, сатиралық сарказм бар. Мұнда нақты бір адамның атын атамайды. Демек, ондай өрескелдік әр ауылдан кездесетінін, жалпыға ортақ келеңсіздіктер жаңа қоғамға тән екенін түсінесіз. Осында біз жоғарыда айтқан «екі тізгін, бір шылбыр» тағы көрінеді.

«Бұрын бір қарасы жоқ исполкомның бір жыл ішінде алдына төрт түлік мал салып алғанын жазайын ба?» деген сөйлеммен кеңес үкіметін құрушылардың өзі жең ішінен жалғасып, сыбайлас жемқорлықпен айналысқандығын әшкерелейді [145, б. 17]. Демек, «Шаншар» кеңес үкіметін шаншып отыр. Кеңес үкіметін тағы бір тезге салған тұсы мынау: «Бір сайлаушының кедейдің үйіне барса, астынан су шығып, байдың үйіне барса, астынан май шыққанын жазайын ба?»

Бұл сұрақпен автор кеңес үкіметі сайлаушыларының «бармақ басты, көз қыстымен» айналысқанын мазақ етеді [145, б. 17]. Кедейдің үйіне аялдамай, байдың үйіне кіріп майға бөккенін, сөйтіп, соның сөзін сөйлейтін болғандығын әжуалайды. Кеңес өкіметінің милитсесі де (қазіргі полиция) тауансыз, екіжүзді, қарау, әділетсіз екен. Соны біліп, шыдамаған «Шаншар» авторы: «Бір милитсенің байдың алдына түсіп жорғалағанын, кедейдің артына түсіп аяқтан шалғанын жазайын ба?» деп келеке етеді [145, б. 17]. Кеңес үкіметінде түрмеде де пара алған немесе күзетке дұрыс қарамаған, яғни, тәртіп болмаған: «Құдайдың құдіретімен бүгін абақтыға алған ұрының ертең шығып кететінін жазайын ба?» деп келемеждейді [145, б. 17].

«Газет оқыңдар!» деген мысқылында сол кезде шығып тұрған кейбір қазақ газеттерінің тілдік сапасын тезге салады. Кекетеді, мұқатады, мазақтайды, тіпті өз оқырманына көрсетіп, кемшілігін әшкере етеді. Мысалы, мына үзіндіге көңіл аударып көріңізші. «Газетке басылған сөйлемнен сіз де ештеңе түсінбейсіз». Осындай сөйлемдерді жариялап отырған газет қызыметкерлерін мақтамен

бауыздайды, өз сөзімен өзін ұрады: «К» газеті мінеки: «Өткен дәуірлердің әуелгісі ақырап төңкерісі болып өкімет билігі жұмысшы қара шаруа қолына көшумен қатар еңбекшіл халықтың орындарда тағынан тайған патшаның орынбасарлары «құдайдан басқадан кері келмейтін «әкеден артық туған» әкімшілік ел билеу ит терісіне жазылып берілген февраль төңкерісі әсер етпеген, жуан қарын болыс ауылнайларға қарсы көтерілісі – билік таласы».

Оқы тағы, оқышы,

Көзің сенің жайнайды. Қайта, қайта оқысаң,

Миың ашып көзіңнен жас парлайды.

«Х» газеті мінеки:, «Біздің жоғарыдағыларымыздың төменмен байланыстары төңкерістік әдебі кезіндегі көзге көрінгендерден басқа, кейіннен тұрып, орын басып келе жатқан жас жұмыскерлер һәм оған себеп жоғарғы, жоғарғы мен төменнің тұтаспағаны. Төменді жоғары қарап тартынбағандығы, мұндай хәлді жою үшін не лаж қылу керек?» [135, б.1 3].

Шындығанда түсініксіз құралған мына сөйлемнен де не ұға аласыз?

Демек, «Шаншар» сол кезде-ақ қазақ тілінің тазалығын, газет тілінің түсініктілігін басты назарда ұстаған. Сөздің шұбарланбауы үшін күрескен.

«Анкета» деген атпен берілген сауалнама түріндегі жарияланымдағы сұрақ пен жауап сатиралық сарында берілген.

«- Кітап не нәрсе? - Қазақ баласына ұстатпай жүрген бір қашаған


    • Ғадет не нәрсе? - Күнде жиын, күнде айғай, білімге олақтық, міндетке салақтық

    • Көшпелі не нәрсе? - Қазақ.

    • Студент не нәрсе? - Ұққаны аз, атына мәз, көше таптап жүрген бір жандар...» деген сұрақ-жауап үзіндісінен аңғаратынымыз – «Шаншар» қамтыған тақырыптың ауқымының кеңдігі [135, б. 18]. «Анкетада» қоғамдық өмірдің бар саласына қатысты әлеуметтік мәселелерді көтерілген.

Берілген сатиралық суреттер мен штрихтардан да ел мүддесі, қоғам мұраты негізгі ұстаным болғанын көресіз.

Қорыта келгенде, «Шаншар» журналының пайда болуының әлеуметтік- қоғамдық һәм саяси алғышарттарын зерделеу арқылы қазақ елінің өтпелі кезеңдегі болмысының бүгінге дейін елеусіз келген тұстарын пайымдаймыз. Журнал жарияланымдарында айтылған, көтерілген тақырыптардан талай ақиқатты аңғарамыз. Қазақ әдебиетінің сатиралық жанрларының журналдық нұсқаларының бастауларына барлау жасау мүмкіндігіне ие боламыз. Бейнесөздің карикатура түрлерінің ұлттық нышандарын анықтаймыз. Көсемсөздің сатиралық туындыларына ғылыми екшеу жүргіземіз. Сол кездегі қазақ зиялыларының шығармашылық ізденістеріне қанығамыз. Ең бастысы – мәдени-рухани тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырамыз. Заманына сай «Шаншар» да өз ролін атқарды. Қазақ баспасөзінің салалық деңгейіне жол салды.




    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет