Зерттеу нысаны. «Журналдар мерзімді уақытта немесе мезгіл-мезгіл шығатын басылымдар болып саналады. Олар апта сайын, он күнде бір рет, екі аптада, ай сайын, тоқсан немесе одан да сирегірек уақыттарда шығып тұруы мүмкін... Журнал – Journal деген француз сөзі, яғни күнделік деген түсінік береді» [11]. Қазақ журналдары – атқаратын қызметі елді біріктіріп, қоғамда көтерілетін пікірлерді бір ізге салып, оқушысына ұсынатын құрал.
Қазақ баспасөзінің тарихында журнал шығару 1911 жылы Троицк қаласында жарық көрген «Айқап» журналынан бастау алады. «Айқап» – қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911-1915 жылдары Троицк қаласында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып, 88 саны жарық көрген. Редакторы
– Мұхамеджан Сералин. «Айқап» қазақтың қоғамдық санасының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосты. Кейіннен «Садақ» – қолжазба журналы шықты. «Садақ» журналы 1915 жылдың 9 қарашасынан 1918 жылдың
10 ақпанына дейін Башқұртстанның Уфа қаласында шығып тұрған. Шығарушылар – «Ғалия» медресесінің шәкірттері. «Айқап» пен «Садақ» журналы журналистика саласы бойынша зерттелгендіктен мен бұрынырақта толық зерттелмеген журналдарды қарастырдым. Олар: «Абай», «Таң»,
«Шолпан», «Темірқазық», «Шаншар», «Қызыл Қазақстан», «Сана», «Жас қазақ»,
«Мұғалім» журналдары.
Сурет 1- Журналдардың аймақтық шығу картасы (сурет автордан)
Осы журналдардың түпнұсқасының негізінде отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдардың зерттеулері, Алаш қайраткерлерінің жеке еңбектері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы орталық кітапханасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының арнайы және сирек қолжазбалар қорында сақталған журналдардың түпнұсқалары, Нью- Йорк қаласындағы Колумбия университетінің кітапханасы, Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатханасы, Шығыс Қазақстан Облысы қазіргі тарихты құжаттау орталығы, М.О. Әуезовтың мұражай үйі, М.О. Әуезовтың қолжазба қоры, Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығынан алынған журналдар мен материалдар негізіне сүйендік. Сондай- ақ қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген ғалымдардың ізденістері де ғылыми жұмыстың зерттеу нысанына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |