Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы



бет4/29
Дата02.01.2022
өлшемі0.84 Mb.
#453405
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Диссертация Акынбекова А.Б. (1)

КІРІСПЕ



Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері біз еркін ойлауға, тарихымызға терең үңілуге мүмкіндік алдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда ұлттың өткен жолын ғылыми негізде талдаудың жаңа мүмкіндігі ретінде қабылданып отыр. Ұлт көшбасшысының бағдарламалық мақаласы әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталғаны, соған байланысты «сана сезіміміз бен дүниетанымымызға сіңіп қалған таптаурын қағидалардан» арылу қажеттілігі қоғамдағы рухани жаңғырудың елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтынын ескертіледі.

Бағдарламаның жалғасы ретінде халыққа ұсынылған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да тарихи сананы жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. «Архив 2025» бағдарламасында «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ»,- деп көрсетілген. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі мұрағаттармен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек екендігі ескертілді [1]. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өткен тарихымызды ұлттық тұрғыдан қайта қарауға зор мүмкіндіктер алдық. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдаулар көрсетіліп, «Мәдени мұра» бағдарламасы нәтижелі аяқталды. Мемлекет отандық және шетелдік ірі мұрағаттарда сақталған құжаттарды жинап, ұлттың қажетіне жаратуды мақсат етіп отыр.

Тарихымызға көз жіберсек, халқымыз небір дүрбелең оқиғаларды басынан кешіріп, сол сындардан сүрінбей бүгінгі күнге жетті. Біз тасқа басылған жазуларымыз бен баспасөз беттерінде жазылған құнды дүниелеріміз арқылы тарихымызды, әдебиеттімізді, мәдениетімізді, ұлттық болмыс пен тарихи санамызды бағамдау мүмкіндігіне ие болдық.

Баспасөз тарихын зерттеу барысында бүгінгі ұрпақтың алдынан біраз кедергілер шығады. Мәселен, өткен ғасырда ғана үш рет әліпбиіміздің өзгеруін алайық. Бұл жөнінде баспасөз тарихын зерттеуші ғалым Айгүл Рамазан былай деп ой қорытады: «Қазақ баспасөзінде үлкен пікірталас тудырған әліпби мәселесі империялық күштердің «бөліп ал да билей бер» саясатының рухани саладан басталатындығын және оның мақсаты халықты дәстүрлі мәдениетінен айыру екендігін дәлелдейді» [2].

Иә, қазақ тілінің әліпбиінің тереңнен тамыр тартатынын білеміз. Біз зерттеп отырған журналдар араб әліпбиімен басылған. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылып келді. «Латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөнінде 1940 жылдың қаңтар айында қаулы қабылданды» [2, б. 132]. Еліміз бойынша әліпбидің өзгеріп, қолданысқа ену тарихи кезеңдеріне Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында кеңінен тоқталып өткен [3].

Әліпби ауысу барысында зиялы қауым арасында әр түрлі көзқарастар болды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов араб әріптерімен жазылатын төте жазуды, Нәзір Төреқұлов латын әліпбиін қабылдауды дұрыс деп санады. Тіпті, 1937 жылы ақпан айында өткен пленумда: «Әліпби ауысқан сайын уақытша болса да халықтың біраз бөлігі сауатсыздыққа ұшырайды. Әліпбиді ауыстыру тиімсіз іс»- деген көзқарастарын ашық білдірген [2, б. 138].

Қазақ халқы араб әліпбиінен латынға ауысып, жылдар өте кирилл әліпбиіне көшкен кезде басылған газет-журналдар кейінгі ұрпақ оқи алатын қаріпке ауыстырылмады. Сондықтан да, бір ғасырлық тарихы бар көптеген басылымдар архив қойнаулары мен кітапханаларда ашылмаған қалпы, толық зерттелмей, ғылыми айналымға енбей жатты. Осы мәселеге байланысты ғалым, профессор Н. Омашев өз зерттеулерінде былай деп жазады: «Тәуелсіздік үшін аянбай күрескен, жандарын құрбан еткен аяулы тұлғаларымыздың көсемсөзі халық санасынан әдейілеп өшірілді» [4]. Әдейілеп өшірілу себептерін қазіргі ұрпақтың көпшілігі араб әріптерін танымайды, төте жазуды оқи алмайтындығы деп түсіндіреміз. Бұдан шығатын қорытынды – қазіргі ұрпақ Алаш зиялылары шығарған газет-журналдарда не жазғандарынан бейхабар.

Баспасөз тарихын зерттеп, библиографиялық көрсеткішін жасаған, араб қарпімен басылған басылымдардың түгел болмаса да біразын бүгінгі ұрпақ оқи алатын кирилл қарпіне түсіріп, үлкен еңбек еткен Үшкөлтай Субханбердина, Бейсенбай Байғалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Намазалы Омашев, Аманқос Мектеп-тегі, Қайрат Сақ, Нұржан Қуантайұлы секілді ғалымдарымыздың атын құрметпен атап өткеніміз жөн.

ХХI ғасыр – технологиялар ғасыры. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасы кең ауқымды жұмыстар атқаруда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында:

«Латынға көшудің терең қисыны бар. Ол қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХI ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшелігіне байланысты»,- деген еді [5]. Ақпараттық технологияның даму заманында кирилл қарпінде жазылған мәтіндерді латын қарпіне санаулы секундтарда аударатын технологиялар ойлап табылуда. Демек, милллион белгіден тұратын кітапты латын қарпінде сөйлетуге мүмкіндік бар деген сөз. Мұндай зор мүмкіндіктер мемлекетіміз үшін де, келешек ұрпақ үшін жасалатын ізгі қадамдар деп білеміз. Қазақ баспасөзінің тарихын зеттейтін зерттеушілер басылым беттерінде жазылған дүниелер кезең-кезеңімен ауысқан әліпбиге көшірілсе бүгінгідей қиындықтарға кездеспейді деп үміттенеміз.



Профессор Т. Қожакеев: «Баспасөзіміздің тарихы – біз үшін қымбат тарих»,- деп ізденуші-ғалымдарға бұқаралық ақпарат құралдарында басылған дүниелердің құнын аса жоғары бағалау керектігін айтып өткен [6]. Баспасөз беттеріндегі материалдар – жыл өткен сайын құны жоғарыламаса төмендемейтін, әрбір сөзі ата- бабамыздың өткен жолын, мемлекетіміздің тарихи жолын айқындап беретін тарихи сана.

«Басылым тарихы дегеніміз – түптеп келгенде сол дәуірдің тынысы, жекелеген тұлғалардың өмірі, тағдыр талайы» [7]. Ұлт арасынан шыққан

зиялыларғы «ұлтшыл» деген саяси айыптар тағылып, жала жабылды. Ал олар шығарған баспасөзде арман-мақсаттары басылды. Ұлттық мүдде, халықтың рухын көтеру, елдікке, бірлікке жұмылдыру болды. Сондықтан да олардың соттағы, тергеудегі қысыммен айтылған сөздерінен гөрі еркіндікте, баспасөзде жазған мақалалары мен сөздері құндырақ деп білеміз.

ХХ ғасырдың басынан жарық көре бастаған қазақ журналдары қазақ қоғамындағы өзгерістерді, мәдени-тарихи дамуымызды қазақ қоғамының өркениетке ұмтылысын, олардың заман ағымына қарай іс-әрекеттерін жариялады. Ұлт жанашыры М. Дулатовтың: «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі», - деген сөзі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі журналдардың ұлт алдындағы салмағын, халықты жұмылдыру, халықты ұйымдастыру, ұлттың санасын оятуға түрткі болатын іс- қимылдарының қаншалықты екендігін айқын көрсетеді [8]. Осы тұрғыдан келгенде, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген қазақ журналдарының мазмұны арқылы өткенге көз жүгірткендегі мақсат қазақ халқының өркениетке, білімге, әдебиетке деген ерекше ықыласы мен жаңа дүниенің көзін ашуда жеткен жетістіктерімен қоса өзге мемлекеттің айтқанынан шыға алмайтын шеңберде бола тұра, бір ғасыр бұрын көтерген ұлттық мәселелерінің бүгінгі заманға сабақ болар тарихи тағылымдарын зерделеу арқылы ғылыми жұмыстың өзектілігі, замана талаптарымен ұштасып жатқанын ашып көрсету болды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарының атқарған қызметтерін ұлттық руханиятымыздың бастауы, қайнар көзі ретінде бағалау ләзім.

Қазақ журналдарының алдына қойған міндеті қазақ халқының санасын оятып, ұлт деңгейіне көтеру, өз елін жат үстемдіктің экспансиясынан құтқарып, тәуелсіз елге айналдыру болды және осы мұратқа жету жолында бұқара мен арада ортақ түсінік қалыптастыруға күш салды. Осы жолда Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұлов, Хәлел Досмұхамедұлы, Иса Тоқтыбаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Ерғали Алдоңғаров, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Дөнентаевтардың редакторлық-баспагерлік қырларын ашып, олардың ел мүддесі үшін жолындағы күресін жас ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз деп білеміз.

Професссор Кәкен Қамзин: «Қазақ журналистикасының ізашары газет- журнал шығару ісін қолға алғанда ең алдымен олардың аяғынан тік тұрып кетуіне, ел арасына таралуына, ұғынықты сөйлеуіне, идея таратуына назар аударған»,-деп жазады [9]. Расында да, ХIХ-ХХ ғасыр басында жарық көрген газет-журналдар халықты оқу мәдениетіне біртіндеп тартты, оларды журнал ісіне араласуға, мақала жазуға, елде болып жатқан жағдайдарды қысқаша баяндауға шақырды. Елге жеткен алғашқы журналдар ауыл-ауылға тарап, қолдан-қолға жетті. Газет шығарушылардың жігерлі сөздері көзі ашық азаматтарға рух берді, қолдарына қалам ұстатты. Журналдардың ашылуына өз қуаныштарын білдіріп жатқан хаттар редакцияларға жетіп жатты. Елден келген хат-хабарлар журнал шығарып жатқан ұжымға да қанат бітірді. Жақсы мақалалар мен өлеңдерге басылым беттерінен орын берілді. Осының барлығы

оқырманмен кері байланыс орнатты. Осылайша, журнал шығару тәжірибесі қалыптасып, оқырманмен байланыс дамыды.

ХХ ғасырдың басында қазақтан шыққан оқымысты, көзі ашық азаматтар оқу-ағарту жолындағы еңбектерін дамытып, халықтың алға жылжып, өсіп- өркендеуі үшін жан- жақты үлес қосу жолында тер төкті. Бір ғасыр бұрын жарық көрген қазақ журналдары баспа ісінде де, журнал шығару тарихында да, журналистика жанрларының дамуында да, әдебиет пен мәдениет, шаруашылық, саясат, ағартушылық, ұйымдастырушылық қызметтерінің баспасөз беттеріндегі қоғамдық болмысының көрінісі болды. Қазақ жерінде баспасөз бен баспа ісі, полиграфия саласының қалыптасуы өте қиын жағдайда өтті. Алғашқы кездері баспаханалардың болмауынан жаңа басылымдар Ташкент, Мәскеу, Орынбор, Уфада басылды. Ұлт ішінен шыққан қазақ зиялыларына «алашордашыл, ұлтшыл» деген айыптар тағылып, басылымдарды «ескішіл, ұлтшыл» деген желеулермен жауып отырды. Ұлт жанашырлары шығарған қазақ журналдарының бір ғасыр өткеннен кейін, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң қайта сараланып, сол кездегі бағыты мен идеясын ұстанып, жалғасын тауып, жарыққа қайта шыққандары да бар. Мәселен, 1918 жылы Алаш қаласында шыққан «Абай» журналы, 1992 жылы Семей қаласында қайта басылып шықты.

«Таң» және «Шолпан» журналдары 2000 жылдары біріктіріліп «Таң-Шолпан» деген атпен шықса, кейіннен Семейде «Таң» журналы жеке жарық көрді. Кеңес дәуірінде жарық көрген «Қызыл Қазақстан» журналы бүгінде «Ақиқат» деген атаумен шығып жатыр. 1911 жылдың қаңтар айынан 1915 жылдың шілдесіне дейін Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен журналдың 88 саны жарық көрген. 2012 жылдың шілде айынан бастап, бұрынғы «Айқап» журналының жалғасы ретінде тіркеліп, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің бастамасымен 89 санынан қайта шығарылды. Ал 2016 жылдың наурыз айынан бастап «Айқап» журналы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылтайшылығымен қайта шығарыла бастады. Тұңғыш сатира журналы

«Шаншар» «Ара» журналының бастауы болып табылады. Бүгінгі жастар басылымдарының алғашқы қарлығашы ретінде «Жас қазақ» журналын айта аламыз. Тұңғыш педагогикалық журнал ретінде қарастыратын «Мұғалім» журналы да кейіннен «Қазақстан мұғалімі» деген атпен шықты. Осылайша, азат елді, мәңгілік елді аңсаған ұлт зиялыларының басылым беттерінде көтерген идеялары: баспасөз арқылы халықты ояту, ағарту, ұйымдастыру, тарихи сананы қалыптастырудағы істері сол заманда көтерілді, жалғасын тапты, жаңғырды. Елбасы «Балашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерін, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнін–рухани мәдениетіміздің осы аса маңызды парасы ретінде сақтау, дамыту керек»,- дегені мәлім [3]. Аты аталған қасиетті бабаларымыздың үні, қолтаңбасы ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарында басылды. Сондықтан да, ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдарын, онда жарияланған асыл мұраларымызды, тарихымызды, мәдениетімізді, әдебиетімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, оны зерттеп, зерделеу, болашақ ұрпаққа жеткізу өзекті болмақ.

«Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,- дегендей, ХХ ғасыр басындағы басылымдарды бүгінгі баспасөздің тіні, яғни, негізі ретінде қарастырамыз [5, б. 8-9].



ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары ғылымның әр түрі бойынша оқулықтар жазып халық арасына тарата бастады. Баспасөзде әдебиет пен мәдениет жайындағы құнды мақалалар жарияланды. Сондай-ақ қазақ баспасөзі де ұлт мүддесіне қызмет етіп, жаңаша сипатта дамыды. Осы ретте біз ХХ ғасыр басында жарыққа көрген қазақ журналдарын зерттеп, зерделеп көрдік. Ұлт зиялыларының журнал шығаруда арнайы білімдері болмаса да ұлт мүддесін алға тартып, баспасөз арқылы халықтың санасын оятуға күш салды. Осындай үлкен жұмыстың басында жан-жақтан жиналған көзі ашық азаматтар тұрды. Бірі семинариядан келсе, енді біреулері мұғалім, дәрігер, ақын-жазушылар болып біргіп, баспасөздің негізін қалады. Негізгі мақсаттары баспасөз арқылы халықты ағарту, ұлтты ұйыстыру, сананы жаңғырту болды. Траекторияның теориясына жүгінер болсақ, «Траектория (жаңа лат. 'trajectorіus' – ығысу немесе орын ауыстыруға қатысты) – материялық нүктенің қозғалысы кезіндегі біртұтас сызығы»,- дейді [10]. Ал ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының траекториялары ұлтты дамыту, ұлтты өркендету, ел болу мәселесінде қиылысты. Мақсат бірлігі болды. Ұлтты жетілдіру, ұлтты басқару, ұлтты ағарту, озық елдің санатына қосу идеясын ұстанды. Ол үшін кәсіби баспасөз керек болды. Кәсіби баспасөз қалай пайда болды, оның қалыптасу жолдары, қаржыландыруы, таралуы, атқарған қызметі, түрлері қандай? Міне, осы орайда біз «ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдары: тарихы, функциясы, типологиясы» деген тақырыпты алып қазақ журналдарын зерделедік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет