Дістемелік кешені



бет19/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Есенбай Дүйсенбайұлының 2000-жылдардағы шығармашылығы сан алуан тақырыптарымен де, дүниетанымдық ерекше зердесіиен де, өзіндік қолтаңбасымен де бағалы. Қазақ сөз өнеріне ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында келіп қосылған ақын алғашқы өлеңдер жинағымен-ақ өз оқырманын тапқан еді. «Бозбала таң мен Бозторғай» (1971) атты жыр кітабынан кейін өлеңсүйер қауым ақынның әр жылдары жарық көрген «Ақ пейіл» (1974), «Ұланғайыр» (1977), «Ақжелкенді ағыс» (1979), «Ашық аспан» (1979), «Біздің толқын» (1981), «Ашық хат» (1982), «Таң торға йы» (1988), «Үшбұлақ» (1990) сынды өлең жинақтарын да аса жылы қабылдады. Сонымен бірге «Санамақ», «Әліппе - тілашар», «Менің жаңа астанам» атты балаларға арналған өлең жинақтары мен таңдамалы жырларының бір томдығы (2000), екі томдық шығармалар жинағы (2009) жарық көрген.
Қашанда жүрекжарды сыршылдығымен, шынайылығымен тартымды келетін Е.Дүйсенбайұлының поэзиясы соңғы жылдары бірқатар жаңа туындылармен толысқан еді. «Қазақтың қанатты ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы жырларын оқыған сайын оның алғаусыз ақ сөйлер адалдығына, өлеңдерінің бай палитрасына, шынайы полотноларына, жан құбылыстары мен арналы ағыстарына тәнті боласың. Оның өлеңдері сырбаз табиғатымен ішкі иірімдеріңді тербетіп, жан толқындарыңды арнасынан асырып кететін құдіретке ие» [36,4-б.]. Ақынның қай шығармасын алсаңыз да, поэзияға құштар жанның ақ-адал жүрек соғысын сезініп, ақындық талантының табиғи болмысына тәнті боларыңыз анық. Егемен елдің тіршілік-тынысын, қоғамның беталысын қалт жібермейтін ақын зердесі кейінгі өлеңдерінде бүгінгі өмір келбетін мейлінше шынайы өрнектеді.
Көкірегі сырға толған шақтарда «Ақтарғым кеп іштегі ақиқатты имандай» деп ой өрнектейтін ақынның кейінгі кезде ел мен жер тағдырын, заманауи әлеуметтік-саяси мәселелерді тереңінен қаузап, ерекше толғаныспен жырға қосқанын «Көкбөрінің көз жасы», «Қазақ жыры», «Тәуелсіздік һәм тәуелділік туралы», «Демократия дарағы, яки дүние деген ұршықты» және басқа да өлеңдері айғақтайды. «Көкбөрінің көз жасы» атты көлемді өлеңінде ақын қазақ елінің ежелгі өршіл мінезін аңсай ауызға алып, оның бүгінгі халінен сыр шертеді:
Айһай!
Өтүкен тауын жаңғыртқан өктем үнім,
Түн жазығында аңсап жылы қан!
Мен тұқым-тұяғы едім Көкбөрінің
Айға қарап ұлыған [37,8-б.].
Өлеңдегітоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы алғашқы шумағында жатса керек. Тау ішін жаңғырықтырып, ышқына «айһайға!басқан лирикалық қаһарман кейпі, шынымен-ақ, сұсты «Айға қарап ұлыған» Көкбөрі ұрпағының үні өктем. Неліктен «жылы қан аңсайды» екен?... Көкірегін қарс айырған ыза-кек бар лирикалық қаһарманда.
Тұтас өлең мәтініндегі үдемелі әрі көтеріңкі екпін мен ой экспрессиясы лирикалық қаһарманның алапат ашуы мен жан күйзелісін Көкбөрі тотемдік образымен ұластыра, әсерлі жеткізген. Өздерін азуын айға бөлеген. Көкбөрі тарадық деп білетін қаһарман халықтың қазіргі «ез тірлігіне» күйінген ақын:
Айға шағынып ұлыдым,
Күнге арзуым айтып күңірендім,
Ажалымнан келеді бұрын өлгім! [37,8-б.] –
дейді. Бұл – күйректік емес, керісінше арын аяққа таптаған, иілген қонақжайлылығы мен ержүрек батырлығы бірдей, жасампаз халқының айбынды рухын жаныған ұлт жанашырының намысқойлығы. Өлең тілі өткір. Ақын стиліне тән әдепкі байыптылықты, сырбаз өлең өрнегін төзім кемерінен асқан ашу-ыза мен осыған сәйкес жалынды ашық сөз алмастырған. Ата-бабасының кіндік қаны тамған туған жерінде жәбір көріп, жапа шеккен елеусіз ұрпақтың тағдыр-талайы жайлы ақын толғамдары нақтылығымен әрі дәйектілігімен көңілге алаң салып, мазасыздық көлеңкесін түсіреді. Өлеңнің эстетикалық мұраты, ақын қалауы да осы емес пе.
Ғалым Жайлыбай ақын творчествосына: «Есенбай ақынның әлеуметтік, азаматтық тақырыпта жазылғанжырлары да аз емес. Ол жырлар – ақын жүрегінің терең сүзгісінен өтіп, намыс пен рухтың қайрағына жанылған жырлар» [36,4-б.], - деп баға береді. Осы сөздерді Е. Дүйсенбайұлының келесі өлеңдері растай түседі.
«Демократия дарағы, яки дүние деген ұршықты» өлеңінде ақын бұрынғы өткен ақын-жырауларға (Мұрат Мөңкеұлы, Шәңгерей, Абай) қарата ой толғап, оларға кері кеткен қоғам дертін емдеудің амалын айт, сырын аш деп тілек білдіреді. Өлеңде дербес ел болып, жаңа тарих бетін ашқан қазақ ұлтының келешекке бет алған көші түзелмей жатса, оған өзге емес, туған жұртының өзі айыпты деген әділ көзқарас бар. Жыраулық дәстүрмен «Заман азып не қашсын, Күн орнынан шығады, Ай орнынан туады, Мұның бәрі адамнан!», - деп сөз бастайтын ақын заманды аздыратын да, тоздыратын да адамдар ортасы екенін еріксіз мойындатады. Қазақ қоғамы көптен күткен «Еркіндіктің самалын» сезініп, билік тізгінін қолына алса да, кем-кетігін толтыра алмайтыны неліктен деген сауалдың жауаптары өлеңде сан тараумен тоғысып, бүгінгі өмір туралы шындықтың бетін аша түседі.
Қоғамдық көңіл-күйді, уақыт тынысын тамырын басқандай дәл әрі дер кезінде анықтау тәрізді поэзияның жасампаз қасиеті Е.Дүйсенбайұлы өлеңдерінде ақынның қаламгерлік поэтикасымен, дербес творчестволық мақсат-мұраттарымен ұласа келіп, бүгінгі күн туралы боямасыз, бүкпесіз шындықты бедерлейді. Тәуелсіздікпен бірге туған елдің табалдырығын аттаған нарықтық экономика салдарынан «даладағы Ауылдың, Қаладағы Даланың» үйреншікті өмір арнасынан жаңылып, әлеуметтік күйзеліске соқтырғанын Е.Дүйсенбайұлының өлеңдері нақты мысалдармен дәйекті бейнелейді. «Демократия дарағы, яки дүние деген ұршықты» туындысындағы күнкөріс қамымен «Қырмызы ана басына қырсық салып», арсыз кәсіпті игере бастаған қазақтың қызы мен қолын қусырып, «бұралқы ит боп» тіршілік кешкен ұл тағдыры жайлы толғаныстардың терең иірімдерінде «Елімнің ертеңі қандай болмақ?» деген үрейлі сауал бас көтереді.
Ұлттық болмыс пен бүгінгі өмір жайлы ой қозғаған өлең жолдарында қазақ тілі мен ұлттық діл, салт-сана мәселелері де қаузалып өтеді. Кеңестік идеологияның салдарынан қақпайға ұшыраған қазақ тілінің бүгіні мен келешегі – ұлттық сананы алаңдатарлық жайт.
Айқарып есік тастаған
«Ашық қоғам» - бұл шықты!
Қылғытады айырмай
Қылау менен қылшықты [38,115-б.], -
шумағында бүгінгі жаһандану жағдайыы ана тілінің тынысын тарылтпаса «Діл мен тілім кесілген / дар арқаны есілген»), оның қазақ жерінде қанат жайып өркендеуіне айтарлықтай игі әсер ете қоймас деген күмән бар. Кейінгі дәуірде қоғамдық ой-пікірде ұлттық көзқарас пен космополитизмнің текетіресе бой көтергені мәлім. Ел өміріне жаңалық болып енген әр құбылыстың игілігімен қоса жағымсыз жақтары да болатыны анық. Дүниежүзілік қауымдастыққа қосылу ниетімен соңғы жылдары қоғамдық санаға сіңіріліп жатқан идеялардың кейбірі ұлттық бағдарға қайшы келіп жатуы әбден мүмкін. Мәселен, жаһандану үдерісі дегеніңіз біртұтас экономикалық, мәдени қарым-қатынастар мен ізгілендірілген ортақ рухани құндылықтар кеңістігіне айналу ма, жоқ әлде өзге халықтардың жемі болуға өз еркімен ұмтылған аңғал талпыныс па? Асылы, Е.Дүйсенбайұлының осы өлең жолдарында «Айқарып есік тастаған «Ашық қоғам»» дегеніміз еуроцентристік көзқарастың мерейін асыруға қызмет етпесе, игі» дейтін сақтық бар тәрізді.
Ақын жаңа жағдайға бейімделгіш, ел игілігін бас пайдасына жарата пысықтардың жолы болғыштығына қайран қалады.
Жоқты кімнен сұраймын,
Жоқсыны қайдан табамын?
Жұртқа тұлға ағаның
Жұрқасынан жау жыртып,
Жұлқиды ит балағын.
«Көрсеқызар жалмауыз,
Алты бақан алауыз» -
Айтқанының бәрі рас
Абайдайын дананың [38,117-б.], -
деп, ағайынның көне де болса тозбас күншілдігіне, өмірдің әділетсіздігіне күйінеді. Ел үшін өмір сүретін аяулы азаматтардың ілгері басқан қадамын кері тартқан көрсеқызарлық – қазақтың қашанғы ғадеті. Бұл күнде ақын сөзге қосқан билікке бір табан жақын жүретін жарамсақтар, жағымпаздар мен танымы таяз, «жамау-жамау надандардың» жұлдызы жанып-ақ тұр. «Балық басынан шіридіге» көзі жете түскен ақын «Әділетке кім бастар» деп шарқ ұрады.
«Қазақ жыры», «Қазақтықтан кетіп бара жатырмыз» өлеңдерінде ақын жаңа заманның көкейкесті әлеуметтік-философиялық мәселелері төңірегіндегі пайымдарын жалғастырып, өрбіте түседі. Тақырыптық-идеялық арнада үндес туындылар. Соңғы өлеңдегі әр шумақ сайын қайталанып отыратын «Қазақтықтан кетіп бара жатырмыз» дейтін сөйлемдегі «қазақтықтың» мазмұндық аясы ұлттық ділдегі қастерлі сапалардың жиынтығынан тұрады. Ақын жаңа мыңжылдықтың кесірлі құбылыстарын барлай отырып, уақыт желімен жетіп, қоғамдық санада өзінен орын сайлаған мүлде бөлек өмірлік құндылықтардың ұлттық болмысқа әсер-ықпалын саралайды. Рухани дүниенің құнсыздануы, ұлттық мүддені жеке мүдденің жоғары тұруы, бөгде халықтардың мәдени парадигмаларын үлгіге алу сынды нарықтық-экономикалық қатынастардан тамыр тарататын қоғамдық, тарихи факторлар этностық салт-сананы біршама өзгеріске ұшыратты.
Көркем аударма саласында да өнімді еңбек еткен Е.Дүйсенбайұлы «Орыс поэзиясы антологиясын» (2 томдық), «Әдебиет туралы» атты М.Горькийдің еңбегін, әл-Хамисси лирикасын қазақ тіліне аудару ісіне елеулі үлес қосты. Есенбай Дүйсенбайұлы аударған Қожа Ахмет Яссауи хикметтері қазақ тілінде жеке кітап болып жарық көрді.
Е.Дүйсенбайұлының соңғы жылдардағы поэзиясы ақынның ел өмірінен тысқары қалмағандығын, қоғам тыныс-тіршілігіндегі әрбір мәнді оқиғаға өз пікір-пайымын ашық білдіріп отырғандығын айғақтайды. Үлт мүддесін бәрінен жоғары санайтын азаматтық көзқарас пен әділеттілікке ғана мойынсұнған ақындық асау мінез Е.Дүйсенбайұлының шығармашылық тұлғасын танытатын басты қасиеттері екені сөзсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет