«Жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата» [157, 33 б.] болып сабақтасатыны – ата-бабалардың ғасырлар бойы сақтап келген үрдісі. Қазақ халқының ұрпақтар жалғастығын, қан тазалығын сақтауы жолында қалыңдықты, қатынды таңдауда да сапалы ұрпақтың дүниеге келуін ойлаған тәлім-тәрбиелік тағылымы айрықша назарда болып келген.
Қазақтың ұлттық-халықтық қалыптасу, даму жолы – ұрпақтар қаны тазалығының нәтижесі. Көркем шығармалардың реалистік сипатына негіз болған ұрпақтар жалғастығындағы қан тазалығының дәріптелуі – ұлттық, ата-бабалық тектілік негізі сақталуының көрсеткіші. Ал, жазушы Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романындағы кейіпкер Қабылдың төс кемік майы арқылы қазақ халқы қанының дүниежүзі бойынша ең таза сапалы екендігінің жариялануы – шындық негізіндегі көркемдік қиялдың мәнді туындысы заңдылығымен өрнектелу көрсеткіші.
«Даңқ түрмесінің тұтқыны» романындағы Қабылдың төс сүйегі тұсынан кемік май алу – көркемдік қиял жемісі. Адамның сүйегіндегі кемік майды радиациялық сәуледен ауырған бүлдіршін баланың қанына құю да ғылыми-тәжірибелік болжамдар негізіндегі ойлаудың бір көрінісі.
Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романындағы әйелдер бейнелері де шығарманың идеялық-композициялық желісіндегі оқиғалардан танылады. Ең басты кейіпкерлер ретінде Баймырзаның заңды әйелі Салтанаттың және Барсакелмес қорығында болған кезінде көңілдес болған Ұмытханның бейнелері дараланған. Романдағы басты кейіпкерлердің бірі Салтанат композициялық желіде бірнеше рет көрінеді. Көйбінесе автордың эпикалық баяндауларының, портреттік бейнелеулерінің аясында көрінетін әйелдер бейнелерінен уақыт шындығы айқын аңғарылады.
Салтанат – отбасы берекесін қалыптастыратын, ерінің қас-қабағын, хал-жағдайын үнемі негізгі ойы, жұмысы еткен жаны да, тәні де сұлу қазақ әйелінің көркем жинақталған тұлғасы. Салтанатты романның алғашқы бөлігінде қатерлі ісікпен ауырған диагнозымен ауруханада жатқан жағдайында көреміз. Баймырзамен отасқаннан бері отбасылық-жұптастық ғұмырда сүйкімді, сұлу келбетімен де, күйеуінің қызмет бабындағы ерте кетіп кеш келетін, тіпті алысқа іс сапарлап кететін жүріс-тұрыстарында да жайлы мінезімен баурап, бәйек болып жүретін Салтанаттың кенеттен қатерлі ісік ауруымен ауырып, операция жасалғанына да, оған дейінгі кескен-келбетімен, мінез-құлық мәдениетімен ешкімге сүйкімсіз болмағанына да авторлық баяндаулар мен бейнелеулер арқылы қанығамыз:
«Сәтін салғанда аты-жөндері белгілі, қолдары жеңіл деген білікті дәрігерлерді тап келтірер ме. Қуықтағы қатерлі ісікті түп-тамырымен қас-қағымда сылды да тастады. Бір адамға қиянаты жоқ Салтанатты ылғи да періштелер жебеп жүр екен ғой сөйтсе. Ие, өйтпесе не көрініпті. Өсек-аяңнан бойын аулақ ұстады, таза жүрді. Әйел боп әлдекімдердің үсті-бастарындағы алпыншақ-салпыншақтарына қызыққан да емес және соған бола Баймырзаны да мазалағаны шамасы. Одан қайта Құдай жаратқан кескен-келбетім аман болсын деп тіледі. Несін айтатыны бар, сұлу, көрікті! Көпіртіп опа-далап жақпаса да, екі бетінің ұшынан алаулап қан тамып тұрады ылғи да. Жасы елудің ішіне кірсе де дене мүшесінде мін жоқ. Ақ сазандай былқылдаған ақторғын келіншек» [153, 89 б].
Мұғалім мамандығы бар Салтанаттың соңғы он жылда үй шаруасымен ғана айналысқаны, анау-мынау жеңіл сырқаттануын («Анда-санда сұққылап шаншитындығы...») өзінше дәрі-дәрмек ішіп, онысын күйеуіне білдірмей-ақ жүрген Салтанаттың кенеттен қатерлі ісікпен ауруханаға түскені, шұғыл операция жасалғаны – бәрі де кейіпкерді даралап танытуға дәлелдемелік сипат алған. Себебі, осы ауыртпалықтардың кезінде Салтанат осы хал-ахуалының күйеуіне, баласына, жалпы маңайына ешқандай алаңдаушылық келмеуін ойлап күйзеледі.
Салтанаттың әдеби кейіпкер тұлғасына тән мынадай поэтикалық ерекшеліктерін байқаймыз: біріншісі – келісті көркем кескін-келбетімен бейнеленгені; екіншісі – отбасының береке-бірлігін нығайтқан сабырлы, көнбісті, тиянақты мінез байлығымен даралануы; күйеуі Баймырза туралы неше түрлі алыпқашпа өсек-аяңға да мән бермейді, күйеуін сағынады да, бірақ сағынышын сабырлылыққа жеңдіреді.
Баймырзаның жесір әйелдермен жатып, хатшысымен қыдырып жүргенін біле жүре әйелге тән шынайы кеңдікпен көрінеді. Күйеуінің жұрт көзіне түсетін ұнамды жақтарын («... балпиған Баймырзаның сырт пішіні қандай, қалың қасты қағысын қарасаңшы! Жақұттай жанар ше!.; «Яғни, Салтанаттың күйеуі – талай көздің құртына айналған аса мейірімді әрі көрікті адам» [153, 97 б]) да жұбайлық тұрмысының мақтанышы санайды.
Қызмет барысында жүдеп-жадап, шаршап-шалдығып жүргенін жан жүйесімен кезінген Салтанат күйеуін баласындай баптайды («Содан Салтанаттың сүргін жүгірісі басталады. Бір жетіге дейін Баймырза – байекеңнің асты-үстіне түсіп, жас сәбиді күткендей өбектейді»).
Салтанаттың отбасындағы әйелдік-аналық ұстанымы – «Сағыныш, сағынышыңды жау жесін. Ер адамның төбе көрсетіп, үйден кіріп-шығып жүргендігінің өзі тақияңа тар келмес» [153, 99 б]. Салтанаттың өзіне деген мөлдір сезімінің алдында Баймырза қипақтаумен, қуыстанумен жүреді. «Ұрының арты-қуыс» екендігі ақиқат. Әуелгі жылдардағы қыз бен жігіт, қалыңдық пен күйеу кездеріндегідей, студенттер жатақханасы алдындағы саябақтағыдай сапардан келген сәтте бетінен, аузынан, көзінен шөпілдетіп «Өліп-өшіп сүйетін, тамақтан иіскейтін күйеу қара жердің тоңын аударып келгендей... діңкесі құрып диванда сұлық...» [153, 98 б]. жатып қалатын жағдайына да үйренген Салтанаттың әйелдік ықыласын бағаламай жүрген Баймырза арқылы жазушы сол тектес қуыс кеуде пенделердің де рухани болмысын көз алдымызға елестетеді.
Өзіне шын берілген адал жарының көзіне шөп салып жүрген, үнемі қызметте жүргенін сылтау етіп, алыста да, жақында да жүргенінде бөтен әйелдермен көңіл көтерумен уақытын өткізетіндердің іс-әрекеттері Баймырза арқылы саралана байқалады.
Шығарма желісіндегі оқиғалар барысында Салтанаттың адалдығы, аңқаулығы, жары мен баласы Ғафизге деген махаббаты, соларды алаңдатпау үшін тіпті өзінің ауруына да мән бермеуі – бәрі жинақтала келе қазақ әйелінің рухани болмыс бітімі дараланады. Мінездеу мен даралау – көркем шығармадағы кейіпкерді сомдаудағы шеберлік қолданысы.
Әрине, Салтанат бейнесінің даралана сомдалуында реалистік сипат пен ойдан шығарудың тұтасуын аңғарамыз. Күйеуінің өзіне деген жалған қарым-қатынастарын жүрегі сезсе де сыр бермей, сынын да сырын, да бірқалыпты ұстанған Салтанаттай әйел-ана бейнесін жасауда қаламгердің классикалық көркемдік тәсілдерге жүгінгені анық. Осыған байланысты академик З. Қабдоловтың ғылыми-теориялық тұжырымын басты дәйек ретінде айта аламыз:
«Ойдан шығару – образға барар жол; суреткердің өмірде көрген-білгенін ойша өңдеудің, қорытудың жинақтаудың тәсілі. Ойдан шығару жоқ жерде әдебиеттегі адам туралы ұғым болуы мүмкін емес. Өйткені, ойдан шығару арқылы суреткер болашақ көркем образдың эскизін алдымен өзі ойша жасап, көз алдына ойша елестетіп, ойша көріп алады.
Суреткердің өз ойында нақты түрде мүсінделмеген, суреткердің көз алдына затты түрде елес бермеген бейне оның шығармасында тірі қаһарманға айналуы мүмкін емес. Бұл ретте, керек десеңіз, көркем талант дегеннің айрықша құпиясы мен күші суреткердің өзі жасамақ болған көркем бейненің кескін-кейпін, түр-тұлғасын өзінше көре білу қабілетіне, осыған орай қиял құпиясына, ойдан шығара білу күшіне байланысты» [75, 89 б].
Демек, романдағы Салтанат – өмірлік шындық пен қиял тұтасуымен сомдалған бейне. Автордың көркемдік шешімі бойынша Салтанаттың ауруы қатерлі ісік болмай шығады, сауығып ауруханадан шығады. Баласы Ғафиздің жастайынан емін-еркін өсуіне, білім алуына, отбасын құруына, өмір бойы қамқорлық жасаған, тіпті балалы-шағалы болған кезінде де сол ықылас үзбеген ана махаббаты – бастан-аяқ өріліп отырады.
Cалтанат арқылы әйел-ана махаббаты арқылы өсіп-өркендеген адамзат өркениеті дамуының ұлы жолы айқындалады.
Романдағы Ұмытхан ару бейнесі де өмір шындығы тағылымына негізделгендігімен ерекшеленеді. Алғашқы қосылған күйеуі балалы бола қоймағанына бола ажырасып кеткен Ұмытханның тағдыры – көптеген адамдарға тән өмір шындығы.
Ата-аналарының келісімімен Тұрсынбай теміржол техникумын, Ұмытхан медучилищені бітірген жылы, Аралдың тақтай портында комсомолдық үйлену тойын өткізіп үйленген-ді. «... екеуі бірін-бірі сүйіп, өліп-өшпесе де, ел қатарлы өмір сүрген» [153, 133 б]. Емханаға медбике боп орналасқан Ұмытхан мен теміржолдағы тепловоз машинисінің көмекшісі боп орналасқан Тұрсынбек екеуінің үш-төрт жылдық жұбайылық тұрмысының жолында «Ұмытханның құрсақ көтермегендігі қиын болды, ақылға сыймады» [153, 133 б]. Бірте-бірте мінезі өзгерген Тұрсынбай ішіп келеді, жарына қол көтере бастайды, енесі де бедеу келіннен құтылуды, үйіне апарып тастауды айтады.
Автор: «Апарып тастамай-ақ Ұмытхан өзі кеткен» [153, 133 б] деген сөйлем арқылы өз тағдырының жаңа жолын іздеген арудың мұратын аңғартады. Ұмытханның медбике болып барған жері – Арал теңізінің ортасындағы Барсакелмес қорығы. Қорықтың жағдайын авторлық баяндаумен елестетеміз:
«Бар-жоғы алты-жеті үй. «Бала-шағасын қосқанда жиырма-отыздай адам. Жан-жағың азынаған теңіз... Айтушылар сеймардың әңгімелеріне қарағанда қорықшылар да қызық халық. Жалғыз ауыз сөзін сатып аласың, өзге ағайындарды былай қойғанда, өз-өздерімен де тонның ішкі бауындай араласпайды-мыс, арнап шақырмаса бір-бірлерінің үйлеріне ретсіз бара бермейді-міс. Әйтеуір, ертеңді-кеш ермектері – қорықты бір айналып шығу» [153, 134 б].