«диуани лұҒат-ит-түрік» ЕҢбегі негізінде орта ғасыр түркілері танымындағЫ Әлем бейнесінің этнолингвомәдени көрінісі



бет2/3
Дата02.04.2024
өлшемі31.18 Kb.
#497397
1   2   3
М.Қашқари

Togup taki kalmadi meygu eren
Azun kuni yuldizi tutci togar
«Адам мәңгі қалмайды, туса-туар
Дүниенің күн жұлдызы туар-тұрар! » деп адам баласының бұл жалғанда мәңгілік емес екендігі сөз етілген (МҚ: III: 506). Қамшының сабындай қысқа да жалған өмірде адамзаттың жақсылыққа ұмтылып, жақсы амал жасау керектігін Yalyuk ogli yokazur edzu ati kalir «Адам баласы жоғалар жақсы аты қалар» деген мақал арқылы көрсетіп (МҚ: III: 512), Yagi erur yalyukuy neyi tawar, Bilig eri yagisin nelik sewer «Өзіне жау, адамның мал тауары, Қалай сүйсін білікті ер дұшпанын» деп, адамның мал-мүлкі, тауары өзіне жау екені жәдігерде сөз етілген (МҚ: III: 513). Ескерткіш тілінде Алла тағаланың рақымы түскен сүйікті құлдарының о дүниедегі рақат орны жұмақ - usmak түрінде көрініс тапқан (МҚ: I: 149). Ал тозақ tamu деп көрсетіліп, tamu kapugin asar tavar «тозақ есігін мал ашар» деп берілген (МҚ: III: 316).
Түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі наным-сенімдерінің бірі шаманизм болған. Оның қалдықтарының осы күнге дейін қарлықтар арасында сақталғанын байқауға болады. Қарлықтардағы шамандықтың бір белгісін әуелгі орта ғасырда кеңінен тараған сиқырлы тас туралы аңыздардың болуы да дәлелдейді (Сыздықов 2014: 203). Жәдігерде жаңбыр, жел сол сияқты табиғат құбылыстарын шақыру үшін (сиқырлы) тастардың жәрдемімен дұғалау сөздікте yat деп берілген (МҚ: III: 221). М.Қашқари бұл әдеттің түріктер арасында көп тарағанын, оның мұндайды йағмалардың ішінде көп көргенін айта келіп «оларда өрт шыққанда өртті тоқтату үшін солай істеп жадылаған еді, Ұлы Тәңірдің құдіретімен жазда қар жауып, көз алдымда өрт сөнді» деп тылсым күштің құдіретіне таңғалады (МҚ: III: 10). М. Қашқари «Бұл түрік елдерінде белгілі дәстүрлі әдет. Ұлы Тәңірдің құдірет- құзыретімен, жады тасына дұға оқу арқылы жел тұрғызады, жаңбыр жауғызып, суық шақырады» деген пікір айтады (МҚ: II: 513). Сонымен қатар М.Қашқари ақ не қара түсті, саф түзілген тасты kas деген лексема арқылы көрсетіп, Kimiy bile kas bolsa yasin yakmas «Кіммен бірге қаш болса, жасын тимес» (Кімнің жанында қаш тасы болса, оған найзағай дарымайды) деген хикмет сөзді мысалға келтіреді. Қаш тастың ақ түсін адамдар жүзікке қондыратыны жайлы сөз етіп, «Ондай жүзікті сыйға алған адамға жасын тимейді. Өйткені оның табиғаты, жаратылысы сондай. Ол тасты бөзге орап отқа тастаса, бөз де, тас та күймейді. Бұл сыналған. Шөлдеп, сусаған адам аузына салса, шөлін басады» деген пікір айтады (МҚ: III: 33). Көне түркі сөздігінде kas лексемасына «минерал нефрит» деген анықтама берілген (ДТС 1969: 431). Қазақ халқында да соғыс кезінде аспаннан түскен сиқырлы тас «жауынның» көмегімен жау әскері үстіне қар, жауын жаудырып, найзағай түсіретін адам жадышы деп аталған (Кейкін 2006: 84). «Сиқырлы тас» туралы аңыздар оғыз, қарлық, қыпшақ т.б. түркі тілдес тайпалар арасында кездесіп қана қоймай, тіпті қытай, араб деректерінде де ұшырасады. Бұл аңыздардың ертеден ғұн заманында болғанын қытай деректері дәлелдейді (Сыздықов 2014: 203).
Ескерткіш тілін зерттей отырып, XI ғасырда түркі әлемінде яғни қарлық тайпалық бірлестігі мен Қарахандар кезінде құрылған мемлекетте ислам дінінен бөлек басқа да бірнеше діни наным-сенімдердің болғанына көз жеткіземіз. Сөздікте будда діні burhan лексемасы арқылы (МҚ: I: 494), ал будда дінінің дәрежелі дінбасысы toyin деп көрсетіліп, toyin bur- hanka yukundi «тойын пұтқа жүгінді» деген мысал келтірілген (МҚ: III: 119). Жалпы toyin сөзін М.Қашқари «біздегі имам, мүфтилер секілді ислам дінінде болмағандардың дін басы, тойын қашанда пұт алдында болып, кітаптарды, кәпірлердің хүкімдерін оқиды» деп түсіндіріп, Bir toyin basi agrisa kamug toyin basi agrimas «Бір дін басының басы ауырса, барлық дін басының басы ауырмас» (Бұл мақал жолдас-жоралардың арасында бір нәрсені жеп жатқан жерде біреу кісілік көрсетіп, астан тартынып қалғанда, басқаларын тағам алуға шақыру үшін айтылады) деген мақалды мысалға келтіреді (МҚ: III: 232). Жәдігерде сол кездегі мұсылман болмағандарды сынайтын Toyin tapugsak teyri sevinssiz «Тойын табынғыш, тәңірі сүйінішсіз» (мұсылман болмағандардың дін басылары Ұлы Тәңірге құлшылық етіп табынар, бірақ Ұлы Тәңір оның табынғанына сүйінбес, разы-хош болмас) деген мақал көрініс тапқан (МҚ: III: 504). Одан бөлек зерттеу нысанымызда мұсылман еместердің діндері жайлы көп мәлімет бермегеніменен христиандардың оразасы pacak (МҚ: I: 471), ал олардың моласы subuzgan лексемалары арқылы көрініс тапқан (МҚ: I: 575).
Адамзат баласы белгілі бір кеңістік пен уақыт өлшемінде өмір сүргендіктен, кеңістік пен уақыт ұғымдары бірін-бірі ашуға, толықтыруға, тереңірек танытуға жағдай жасайтын әмбебап категориялар болып табылады. Ғалым Б.М. Тілеубердиев «Кеңістіктің ментальдік болмысы оның концептілігін анықтайды, яғни адамның концептілік және тілдік санасында ментальдік болмыс, ең алдымен, концепт немесе концептілер түрінде қызмет атқарады. Біздер тілдік санада кеңістік тектік концептіні білдіреді деп санаймыз. Оның құрылымына «аспан», «жер», «су», «тау» сияқты түрлі концептілер кіреді. Олардың өзі іштей тағы бірқатар концептілерге бөліне алады», - дейді (Тілеубердиев 2006: 20). Сол себепті орта ғасыр түркілердің де танымы мен тілдік санасындағы кеңістік ұғымы бірнеше микроконцептілерден тұратын макроконцептілер қатарына жатады. Түркі халықтары үшін мекен етіп отырған кеңістіктің барша сыр-сипаты мен тылсым құбылыстарын жетік меңгеру, сол кеңістіктегі істер мен құбылыстарды уақытпен байланыстыру - өмір сүрудің, тіршілік етудің басты шарты.
Ескерткіш тілінде «уақыт» ұғымы ser turk, kos тілдік бірліктері арқылы көрініс тапқан. Сөздікте уақыт оғызша ser лексемасы арқылы көрсетіліп, bu serlikde kel «мына уақытта кел» деп берілген (МҚ: I: 381). Одан бөлек уақыт мағынасын білдіретін Turk сөзін де кездестіруге болады. Бұл лексема бүкіл жеміс-жидектің пісіп жетілген, уылжып толасқан маусымның ортасы дегенді білдіреді. Жәдігерде Turk uzum odi «Үзімнің піскен уақыты», Turk yigit «Жігіт жасына толған жігіт» деп көрсетілген (МҚ: I: 410). Жоғарыда көрсетілген екі лексемадан бөлек kos «сәт, уақыт» деп беріліп, Bir kos kudhgil «Бір сәт күткін» деген мысал келтірілген (МҚ: I: 380).
А.Сейдімбек түркі халықтарының нақтылы уақыт туралы дәстүрлі таным-түсінігін бірінші - экологиялық уақыт, екінші - генеологиялық уақыт, үшінші - ситуациялық уақыт, төртінші - тарихи уақыт деп төрт түрлі межеге бөліп қарастырады (Сейдімбек 1997: 202). Соның ішіндегі тарихи уақыт өлшемінде уақыт межесі күнтізбелік есеп, жыл қайыру, мүшел есебі арқылы пайымдалады. Ескерткіш тілінде орта ғасырлық түркілердің жыл қайыруының шығуына байланысты төмендегідей аңыз сақталған. «Түрік қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл ілгеріде өткен ұрысты талдап үйренбекші болған, сөйтіп сол ұрыс болған жылды анықтаған кезде жаңылысқан. Сол мәселе хақында қаған халқымен кеңесіп, құрылтайда: «Біз бұл тарихты анықтағанда қалай қателессек, біздің келешек ұрпақтарымыз да солай қателеседі. Сондықтан, біз енді он екі ай мен аспандағы он екі бұржыны негізге алып, әрбір жылға бір ат қояйық, бізден кейінгі жыл қайыру жылдардың айналысымен есептелсін, бұл біздің арамызда мәңгіге бір жәдігерлік болып қалсын», - депті. Сол оймен қаған аңға шығады да, барлық жабайы хайуандарды Іле өзеніне қарай қууды бұйырған. Бұл ағысы қатты үлкен дария. Адамдар аң аулай жүріп, хайуандарды Іле өзеніне қарай қуады. Бірқатар хайуандар суға секірген. Солардың он екі түрі судан жүзіп өтіп, он екі жылға сол он екі хайуанның аты берілген. Судан ең алдымен siskan «тышқан» жүзіп өткен. Сол үшін жыл басы соның атымен аталып, siskan yili «тышқан жылы» деп ат қойылған» (МҚ: I: 403). Келесі жылдардың атаулары Ud yili «Сиыр жылы», Bars yili «Барс жылы», Tavisyan yili «Қоян жылы», Nek yili «Тимсах жылы» (Ұлу жылы), Yilan yili «Жылан жылы», Yund yili «Жылқы жылы», Koy yili «Қой жылы», Bisin yili «Мешін жылы», Takayu yili «Тауық жылы», It yili «Ит жылы», Toyuz yili «Доңыз жылы» түрлерінде көрініс тапқан (МҚ: I: 403). М.Қашқари орта ғасыр түркі халықтарының аталған жылдардың әрқайсысында өзіне тән бір қасиет бар деп нанғанын атап өтеді. Мәселен, олардың көзқарасынша, сиыр малы бір-бірімен көп сүзісетіндіктен, сиыр жылы кіргенде ұрыс көп болады деп, тауық жылы келсе, азық-түлік көбейіп, адамдардың қам- қарекеті ілгерілейді деп түсінген. «Бұл кітапты жазған жылымыз төрт жүз алпыс алтыншы жылдың Мұхаррам айы болып, жылан жылы кірген еді. Бұл жыл өтіп төрт жүз алпыс жетінші жылға аяқ басқанда, жылқы жылы кіреді. Жыл санау осы біз көрсеткен тәртіп бойынша жүреді» деп, М.Қашқари жоғарыда көрсетілген жыл санау ретін нақтылап береді (МҚ: I: 403).
Түркі халқы табиғатпен етене жақын өмір сүргендіктен, оның дүниетанымдық бағдары мен болмысы да осы табиғатпен тікелей байланысты дамыды. М.Қашқари көшпенді түріктер жылды төрт мезгілге бөліп, әр үш айды бір атпен атайтыны жайлы айтып, ерте көктем айын oylaq ay одан кейінгі айды лақтың үлкен болып қалуына байланысты uluy oylaq ay, үшінші айды uluy ay «үлкен ай» деп көрсетеді (МҚ: I: 405). Uluy ay «үлкен ай» деп аталуын М.Қашқари айдың жаз ортасында болып, осы кезде жердің жүзі түрлі берекеге толып, мал-жандар оңалып семіріп, сүт көбейіп молшылықтың болуымен байланыстырады. Ғұлама түркілерде аптаның жеті күнінің аты жоқ екенін ескертіп, «апта» ұғымы исламнан кейін мәлім болғанын айтады (МҚ: I: 403).
Орта ғасырлық түркілер үшін төрт түлік мал өмір сүру кепілі болған дейтін болсақ, сол төрт түлік мал белгілі бір кеңістікте (жайылымда) және белгілі бір уақыт аясында ғана өсіп өне алатыны белгілі. Соған сәйкес ескерткіш тіліндегі At tusayu boldi «Атты тұсайтын кез болды», At bosuyu boldi «Атты босататын кез болды» (МҚ: I:505), Koy kugi boldi «Қойдың күйлейтін кезі болды» (МҚ: III: 188) т.б. сынды тілдік бірліктер төрт түлікке қатысты белгілі уақыт межені көрсететін болса, Ol koy tulekinde keldi «Ол қой төлдегенде келді», мысалы қойдың көктемде төлдейтінін ескерер болсақ, белгілі бір мезгіл межесін көрсетеді (МҚ: I: 446). Тілімізде көктемді төрт түлікпен бейнелейтін мал отығар кез «қыстаудан ірге аударып, жайлауға көшкен елдің айнала жасыл желек, шүйгін шөпке оралып, тез отығып, тойынатын кез», қозы пісер кез «жаз жайлауда мал еркін шүйгінді жерде жайылып, көктемде туған қозы жетіліп союға да жарап қалған кез», мал аяқтанар кез «қыс қыстаудан көшкенде жердің оты шығып, мал көкке сүйенген кезде жас қозының да жайылымда жүріп буыны қатып, аяқтанған кезі» сынды тілдік бірліктерді кездестіруге болады.
Ескерткіш тілін зерделей отырып, орта ғасырлық түркі халықтарының кеңістік туралы аялық білімі көне түркілердің кеңістікті игерудегі яғни тылсым құбылыстардың құпиясын білуге ұмтылу, табиғи құбылыстардың ыстық-суығына бейімделу, адам өмірін мүмкіндігінше жеңілдетіп, өздерінің қажеттілігін өтейтін ата-кәсіптері мал шаруашылығын өркендету негізіндегі позициялардан бастау алғанын көруге болады. Алтайдың топонимикалық жүйесін зерттеген Л.М.Дмитриева кеңістікке мынадай сипаттама береді: «Дүниенің топонимикалық бейнесінде «кеңістік» категориясы неғұрлым маңызды орынды иеленеді, өйткені бұл категория адам мен шындық өмір арасындағы қатынастарда негізгі, іргелі категория болып саналады. «Кеңістік» концептісі топонимикалық тұлға санасының бөлшегі, оның ментальдік ішкі таным көрінісі мен тілдік ұласуы ретінде дүниенің топонимикалық бейнесінде басты әрі негізгі роль атқарады» (Дмитриева 2003: 9). Орта ғасыр түркілерінің кеңістікті танып білудің тік бағыттағы және көлденең бағыттағы бағдарларын жетік меңгергенін М. Қашқаридың жәдігерінің 23-24 беттерінде орын алған дөңгелек картадан көруге болады. Ғалымның дөңгелек картасы ең ежелгі түркі картасы ретінде белгілі. Картаның дөңгелек болуы тылсым құпиялы құбылысқа толы жер шарының шар тәрізді домалақ екені түркілер үшін жаңалық болмағанын көрсетеді. Ең ежелгі түрік картасында түркілер мекендеген аймақтардағы шаһарлар мен елді мекендер, таулар мен өзендер, көлдер мен теңіздердің атаулары мен орналасуы бүге-шүгесіне дейін анық көрсетілген. Рұмнан Машынға дейінгі түркі тайпалары мекен еткен жерлерді қағаз бетіне бедерлеп шыққан ғалым, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Олардың жер көлемі, қай аралықтарды мекендейтіні, тілі, географиялық ерекшеліктері жайында сөз етеді. Т.Жанұзақов пен Қ.Рысберген ономастикалық кеңістікті зерттей келе «Әдетте ономастикалық кеңістікті кез келген халықтың, қауымдастықтың тілдік құралдарымен белгіленетін ақиқат және қияли нысаналардың атаулары мен есімдері, яғни онимдік бірліктері құрайды. Ол атаулар тілді тұтынушы халықтың қалыптасқан «әлемнің тілдік моделіне» сай, қоршаған ортаны сан ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетаным, ұлттың ой-өрісі негізінде бөлектеу ерекшелігіне сәйкес жасалады», - дейді (Жанұзақов 2004: 6). Соған сәйкес картадағы орта ғасырлық түркі халықтарының дүниетанымы мен жүріп өткен жолынан мол ақпарат беретін жер-су атаулары - әлі де сыры ашылмаған асыл қазыналар.
Жалпы алғанда, діни таным қоғамдық сананың төрінен орын алған орта ғасыр түркілерінің дүниетанымы, жаратқан ие, адам баласының пайда болуы, өмір мен өлім, уақыт пен кеңістік, әділеттілік пен бақытқа лайық өмірі, түркілік болмысы мен ойлауы, құндылықтық бағыт бағдарлары т.б. жайлы рухани-мәдени әлемі көне түркілер дүниетанымының негізі Тәңірлік идеясы Ислам дінімен үйлесімділікпен астасып, бір арнаға тоғысқандығын көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет