3. ҰЙЫМНЫҢ ІСКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІГІН ТАЛДАУ
3.1. Іскерлік белсенділіктіталдаудың мәні мен міндеті
Мемлекеттің, аудандар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің әлеуметтік-экономикалық деңгейін анықтау мақсатында қазіргі экономикада іскерлік белсенділікті сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін пайдаланады. «Іскерлік белсенділік» термині экономика үрдістерін реформалау және нарықтық қатынастарды қалыптастыруға қатысты қаралады, ол экономика жағдайын біртұтас, сонымен қатар жекелеген экономикалық қызмет түрлерін сипаттайтын объективті көрсеткіштерді бағалау жүйесіне негізделген.
Ұйымның іскерлік белсенділігі – бұл даму динамикасында, заттай және құндық көрсеткіштерінде көрініс табатын, белгіленген мақсатқа қол жеткізуде, экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануда танылатын ұйымның коммерциялық және ағымдағы өндірістік қызметі.
Іскерлік белсенділік кәсіпкерлік қызмет пен қорларды тиімді пайдаланудың динамикалық және кешенді сипаттамасы болып табылады. Нақты ұйымның іскерлік белсенділік деңгейі оның өміршеңдік кезеңінде көрініс табады (пайда болу, даму, көтерілу, құлдырау, дағдарыс, депрессия) және тез өзгермелі нарықтық жағдайларға бейімделу деңгейін, басқару сапасын көрсетеді.
Осылайша, іскерлік белсенділікте әртүрлі активтер түрлерінде капиталды тиімді орналастырылуы көрініс табуы қажет. Егер оның айтарлықтай бөлігін ұзақ мерзімді активтерге аванстайтын болса, бір жылға дейінгі айналымының орташа мерзімі болатын қысқа мерзімді активтерге қаражат көздерін салғанға қарағанда оны босатуға айтарлықтай көп уақыт жұмсалады. Демек, ұйымдар жоспарланған мерзім уақытына қарай авансталған қаржы ресурстарының одан да ұзақ мерзімге қатып қалмауы үшін қысқа және ұзақ мерзімді активтерінің оптималды арақатынасын бақылап отыруы қажет. Осыдан ұйым капиталын, саланы, біртұтас экономиканы тиімді басқару шарттарының бірі орындалады.
Ұйым капиталдарын орналастырудың табыстылығы сонымен қатар операциялардың қаншалықты тиімді орындалғанына да байланысты анықталады. Атап айтқанда, жеткізушілер мен сатып алушылар арасындағы келісім шарттарды бұзу жөніндегі айыппұл санкцияларын қарастыру арқылы, қаржы құралдарын жоғарғы пайыздармен құнды қағаздарға салып, материалдық залалдың орнын толтыру арқылы ұйымның арттыруы мүмкін кірістер түріндегі әсерді де ескеру қажет. Осылайша, егер ұйымның ұзақ мерзімді дебиторлық берешегі болса, онда капитал салымынан түсетін түсім көлемі ҚР-ның Ұлттық банкінің қайта қаржаландыру ставкасынан кем болмауы тиіс. Демек, берілген сұрақтарды басқару шешімдерінің тиімділігіне әсер ететін іскерлік белсенділіктің факторлық сипатында қарастырған маңыздырақ.
Ұйымның іскерлік белсенділігі басқарудың ең маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Олардың көрсеткіштері ұйымның өзіндік визит карталары қызметін атқарады.
Ұйымның жоғарғы іскерлік белсенділігі өзін-өзі жарнамалаудың ең жақсы тәсілі болып табылады (2 сурет).
2 сурет. Ұйымның іскерлік белсенділігінің схемасы
Іскерлік белсенділікті ұйымның тұрақты қаржы-шаруашылық қызметінің оң динамикасының, нарықтық бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу мақсатында жұмыспен қамту деңгейін арттырудың және қорларды тиімді пайдаланудың қамтамасыз етілуіне бағытталған, ұйымныңынталандырылған макро және микро деңгейінбасқару процессі ретінде сипаттап көрсетуге болады. Іскерлік белсенділік қызметтіңбарлық бизнес желілері арқылы материалдық, еңбек, қаржылық және басқа да қорларды тиімді пайдалануды көрсетеді және басқару сапасын, экономикалық өсу мүмкіндіктері мен ұйым капиталының жеткіліктілігін сипаттайды.
Ұйымның іскерлік белсенділігі әртүрлі факторлар мен шарттардың ауытқуы мен өзгерістеріне жеткілікті сезімтал болып келеді. Шаруашылық субъектілердің іскерлік белсенділігіне негізгі қалаушы әсерді макроэкономикалық факторлар тигізеді, олар шаруашылық субъектінің белсенді мінез-құлық жағдайын ынталандыратын қолайлы "кәсіпкерлік ахуал" жағдайын қалыптастыруы немесе керісінше – іскерлік белсенділіктің тұрып қалуы мен өшуі алғышарттарына әкелуі әбден мүмкін.
Ұйым басшылығына бағынышты болып келетін ішкі сипаттағы факторлар да жеткілікті жоғары мәнге ие. Одан басқа іскерлік белсенділіктің сипаты мен деңгейіне капитал құрылымы, төлем қабілеттілігі, ұйымның өтімділігі және т.б. байланысты болып келеді.
Ұйымның іскерлік қабілеттілігі қаржылық аспектіде бәрінен бұрын қорлар айналымдылығының жылдамдығында көрінеді. Ұйым рентабельділігі қызметінің пайдалылығының дәрежесін көрсетеді. Іскерлік белсенділік пен рентабельділігінің талдауы ұйым қызметінің қаржы нәтижелерінің салыстырмалы көрсеткіштері болып табылатын рентабельділік және әртүрлі қаржы коэффициенттерінің айналымдылығы динамикасы мен зертеу дәрежесінде жасалады.
Капитал неғұрлым тезірек айналым жасаған сайын, капиталдың тура сол сомасы арқылы көбірек тауарларды сатып алуға және іске асыруға болады. Қорлар қозғалысының кез-келген сатыда тоқтап қалуы айналымдылықтың бәсеңдеуіне әкеліп соғады, тағы да қосымша қорлар салымын қажет етіп, ұйымның қаржылық жағдайының айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Айналымның жылдам қозғалуынан қол жеткізілген нәтижені бірінші кезекте қосымша қаржы құралдарынсыз сатудан түскен түсімнің артуынан көреміз. Одан басқа, капитал айналымдылығының тездетілуі есебінен пайда сомасының артуы болады, өйткені әдетте бастапқы ақшалай нысанына ол үстелген қалпында қайта келеді. Егер өнімді өткізу шығынды болып келсе, онда құралдар айналымдылығы қаржылық нәтижелерінің нашарлануына әкеледі. Айтылғаннан, капитал айналымдылығының барлық сатыларында жылдам жүргізілуіне ұмтылып қана қоймай, сонымен қатар оның капиталдың бір теңгесіне пайда сомасының артуын көрсететін максималды түрде қайтарымдылығын да ескеру қажет. Бұл барлық ресурстарды рационалды және үнемді пайдаланумен, артық шығындарды болдырмаумен қол жеткізіледі. Нәтижесінде капитал өзінің алғашқы жағдайына үлкен сомамен оралады, яғни пайдамен.
Ұйымның іскерлік белсенділігінің жоғарғы дәрежесі оған өзінің қызметінде негізделген нәтижелерге қол жеткізу мақсатындағы стратегиялық қызығушылықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. Іскерлік белсенділік ұйымның басқа да маңызды сипаттарымен тығыз байланысты. Солай іскерлік белсенділік ұйымның инвестициялық тартымдылығына, сонымен қатар қаржы тұрақтылығына, төлем қабілеттілігіне, несие қабілеттілігіне және т.б. әсерін тигізеді.
Іскерлік белсенділікті арттыру нәтижесі ұйымның қаржы тұрақтылығын нығайту болып табылады. Динамикалық даму, кірістерді генерациялау, нәтижелі көрсеткіштердің оң өсімі – ұйым қабілеттілігінің сыртқы және ішкі ортаның өзгермелі шарттарында өздерінің негізгі функцияларын орындау қабілеттілігін талдауға мүмкіндік беретін негізгі факторлары болып табылады. Осылайша, іскерлік белсенділік ұйымның белгіленген негізгі артықшылықтарымен, қызмет етуінің тиімділігімен, ұйымның біртұтас даму қабілеттілігімен, сонымен бірге олардың құрылымдық бөлімшелері және қызметінің барлық түрлерінің дамуымен сипатталады.
Сонымен іскерлік белсенділік:
- ұйымның қарқынды дамуына көмектесетін мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді;
- ұйым қабілеттілігін және қаржылық қызметінің нәтижелі көрсеткіштері арқылы оң динамикасын ұстап тұруды алдын ала анықтайды;
- ұйымның тұрақты дамуының негізгі факторы болып табылады;
- географиялық және операциялық сегменттер бойынша қызметтің барлық түрлерінің қажетті деңгейін қамтамасыз етеді.
Іскерлік белсенділіктің талдауы екі бағыт бойынша жүргізілуі мүмкін:
1) негізгі көрсеткіштер бойынша жоспарды орындау дәрежесі, берілген өсу қарқынын қамтамасыз ету;
2) ұйым қорларын тиімді пайдалану дәрежесі.
Талдау барысында келесі міндеттер орындалады:
- іскерлік белсенділіктің көрсеткіштерінің өзгеру тенденцияларын бағалау және зерттеу;
- іскерлік белсенділік көрсеткіштерінің өзгерісін және олардың нақты әсерінің көлемін есептейтін негізгі факторлардың әсерін зерттеу;
- ұйымның іскерлік белсенділігін сандық бағалау;
- ұйымның іскерлік белсенділігінің өсу резервтерін анықтау;
- анықталған резервтерді игеру бойынша нақты іс-шараларды ұйымдастыру.
Іскерлік белсенділікті талдаудың қорытындысы экономикалық негізделген тиімділікті бағалауды қалыптастыру мен ұйымның ресурстарын интенсивті пайдалану және резервтерді анықтауды көтеру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |