Дюсенгалиева мерзат ғҰбайдоллақызы бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік



бет1/3
Дата26.02.2016
өлшемі247 Kb.
#27155
түріДиссертация
  1   2   3


ӘӨЖ:94(574.1):341.35:338.22(043) Қолжазба құқығында

ДЮСЕНГАЛИЕВА МЕРЗАТ ҒҰБАЙДОЛЛАҚЫЗЫ

Бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның
Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.З. Рысбеков

Ресми оппоненттер тарих ғылымдарының докторы,

профессор Х. Б. Табылдиев

тарих ғылымдарының кандидаты

Г.Қ. Қожақметова

Жетекші ұйым Қ.А. Ясауи атындағы

халықаралық қазақ-түрік

университеті

Диссертация 2010 жылы « » күні сағат 10.00-де М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162


Диссертациямен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы «29» қараша таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов






КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ жұртының егемендік алуымен бірге елімізде қоғамдық ой дамуының жаңа сатысы басталды. Отан тарихының бұрын жазылған беттері қайта қарастырылып, оларды бүгінгі заман талабына сай зерттеп-зерделеуге жол ашылды. Ә. Кекілбаев айтқандай: «Жаңа тарихи сана қалыптастыруға, ұлттық тарихымызды қайта сараптап, болашағымызды қайта пайымдауға қажетті деректер мен мұраларды төкпей-шашпай жинақтап алуға күллі халық боп қолғабыс жасаған жөн. Сол арқылы ұлттық тарих ғылымының әдістемелік тұрғыда да, деректемелік тұрғыда да жемісті дамуына жағдай жасаған дұрыс» [1, 242 б.]. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстан халқы өткен тарихын зерделеп, танып-білуге қадам жасауы тиіс.

XIX ғасыр – Қазақстан үшін айтарлықтай ірі әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамумен ерекшеленген кезең. Осы әлеуметтік-экономикалық, мәдени ілгерілеудің бір көрінісі – Қазақстанның батыс аумағында құрылған Бөкей хандығындағы сауда-саттық ісінің дамуы еді.

Қай елде, қай кезеңде, қай қоғамда болмасын, экономикалық тұрғыдан алғанда сауда-саттық ісінің рөлі әрқашан да басым болатыны белгілі. Сауда, біріншіден, елдің экономикалық дамуының деңгейін, пәрменін білдірсе, екіншіден, сол елдегі халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше серпін беріп, тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын тигізеді. Үшіншіден, көрші халықтармен арадағы алыс-беріс, тауарлай-заттай алмасу арқылы мәдениетті байытып, өркениет көшінің нәрімен сусындатады.

Жалпы алғанда, Бөкей хандығының тарихы туралы мәліметтердің алғашқы тізбегін сонау XIX ғасырдағы Ресей зерттеушілерінің мақалалары, қолжазбаларынан кездестірсек, бұл тақырып кейіннен Кеңестік кезеңдегі зерттеу еңбектерінде кеңінен көрініс тапты. Одан бергі Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жарық көрген еңбектерінде Ішкі Орда тарихы ұлттық тұрғыдан барынша зерделеніп, ерекше сипатқа ие болды. Бөкей хандығының шаруашылығы, қоғамдық-саяси өмірі, мәдени дамуына қатысты арнайы еңбектер жарық көргенімен, сауда-саттық ісі мен кәсіпкерлік жағдайы дербес зерттеу нысанына айналған емес. Бұл – Бөкей Ордасы тарихының әлі де болса толық зерттелмей қалған тұстарының бар екендігінің бірден-бір айғағы.

ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап жұмыс істей бастаған жәрмеңкелердің халқымыздың даму тарихында алатын орны ерекше. Оның бір дәлелі ретінде 1832 жылы Бөкей Ордасында құрылған Хан ставкасындағы жәрмеңкелерді айтуға болады. Бұл жәрмеңкелер сауда-саттық ісін орнықтыруға ғана емес, көршілес Ресей және басқа елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасау, халықтың өнер мен мәдениетін дамыту бағытында да аса маңызды роль атқарды. Қазақстан ауқымында ең алғашқы жәрмеңкенің Бөкей хандығында ашылуы мұндағы сауданың үлкен қарқынмен дамығандығын білдіреді.

XIX ғасырдың II жартысында Бөкей Ордасындағы сауда-саттықтың дамуы одан әрі қарқын ала түсті. Хан ставкасындағы жәрмеңкеден басқа Талов, Ахун, Жаңа-Қазан сияқты жәрмеңкелер ашылды. Бұл аталған жәрмеңкелерде сауда-саттық ісі қызу жүрді. Жаңа-Қазан, Талов жәрмеңкелерінде сауданы негізінен шеттен келген саудагерлер жүргізді. Сондай-ақ, сауда негізінен орыс, казак, татар, армян халықтарының өкілдерімен арада кеңінен өрістеді.

Осындай басымдықтарға қарамастан Бөкей Ордасындағы сауда-саттықтың дамуы, оның жетістіктері мен кемшіліктері, онда қалыптасқан заңдылықтар мен қарама-қайшылықтар терең зерттеуді талап етеді. Біздің диссертациялық жұмысымыз да осы мақсатқа сәйкес, Бөкей хандығының сауда-саттық саласын зерттеуге арналған.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Бөкей хандығындағы сауда-саттықтың және кәсіпкерліктің дамуының зерттелу тарихнамасын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1-кезең. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектер.

2-кезең. Кеңестік кезеңдегі зерттеулер.

3-кезең. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі жарық көрген еңбектер.

Бұл тақырыпқа арналған алғашқы еңбектер Ресейде ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында жарық көрді. Біріншіден Қазан университетінің профессоры К. Фукстің, А.И. Левшиннің үш томдық монографиялық еңбегі және С. Сабанщиков, И.О. Казанцевтың [2] және тағы басқа зерттеушілердің мақалаларын жатқызуға болады. Зерттеулерден Бөкей Ордасының табиғаты, халқының тұрмысы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы және Жәңгір жөнінде қысқаша мәліметтер алуға болады.

Аталмыш тақырыпқа арналған маңызды жұмыстардың бір легі ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары жарияланды. Олардың қатарына Г. Новицкий, В. Тройцкий, М.Я. Киттары, Я.В. Ханыков, А. Еврейнов, П.И. Небольсин, А. Терещенко [3] еңбектерін жатқызамыз. Бұл авторлар Бөкей хандығының құрылуы, халық саны, көшпелі мал шаруашылығы, қазақ саудагері мен орыс көпестерінің арасындағы сауда-саттық қатынастары, қазақ қоғамының мәдени өмірі, Хан ставкасының тұрғындары, қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік жағдайы, Хан ставкасындағы халықтардың мәдени өмірі жөнінде жазған.

ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында Ішкі Орда жөніндегі тарихи-этнографиялық және экономикалық еңбектер жариялаған зерттеушінің бірі П. Медведский «Очерк торговли сырыми продуктами скотоводства в ставке Внутренней киргизской орды в течение 1859 г.» атты еңбегінде Хан ставкасы жәрмеңкесіндегі сауда айналымына, жәрмеңкеге әкелінген мал және оның өнімдеріне, олардың бағасына тоқталып, мал шаруашылығы мен Орданың экономикасына терең талдау жасаған. Оның кезекті «Внутренняя киргизская орда в хозяйственно-статистическом отношении» атты еңбегінде Ішкі Орданың экономикасы туралы айтылады [4]. Ал М.И. Иванин өз мақаласында Бөкей хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, Ставкадағы жәрмеңке саудасының барысына, хандықтағы кәсіп түрлерінің дамуына, соның ішінде балық кәсіпшілігіне, сауда саласындағы Жәңгір хан саясатына сипаттама береді[5].

А.Н. Тетеревниковтың «Очерк Внутренней торговли Киргизской степи» еңбегінде қазақ даласындағы сауда-саттықтың ерекшеліктеріне тоқтай келіп, қазақ халқының қай тауарды да өз құнынан төмен бағаға айырбастайтынын баса көрсетеді [6].

ХІХ ғасырдағы қазақ халқының біртуар перзенті М.С. Бабажанов та Бөкей хандығының ішкі-саяси жағдайына өз мақалаларын арнады. М.С. Бабажанов хандық тұрғындарының тұрмысы, шаруашылығы, жер қатынастары туралы мәліметтерді өз мақалаларына арқау еткен. Мақалаларда, сонымен қатар, Жәңгір ханның саясаты, патшаның отаршылдық саясаты туралы да айтылады [7].

Ішкі Орда тарихын зерттеу жұмыстарының ең жемісті кезеңі ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары болып табылады. Осы жылдары Ресейде бұл тақырыпқа байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары көптеп жүргізілді. Кейін Бөкей хандығының экономикасы, саяси тарихы жөнінде ғылыми еңбектер жарияланды. Осындай зерттеулерге И.С. Ивановтың, А.Н. Харузиннің [8] еңбектерін жатқызуға болады.

Белгілі зерттеушілер Альбрандттың, А.Е. Алекторовтың, А. Бирюковтың [9] еңбектерінде Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, кәсіпкерлік туралы айтылады. Бөкей Ордасында қызмет жасаған бұл авторлардың еңбектері хандық тарихының барлық саласына қатысты өзіндік пікірі мен талдауымен ерекшеленеді.

Жалпы алғанда, Қазан төңкерісіне дейінгі орыс тарихнамасы Ішкі Орда тарихын зерттеуге қомақты үлес қосты. Төңкеріске дейінгі ғалым-зерттеушілер аталмыш мәселелер бойынша қомақты фактілік материалдар қорын жинақтаған болатын. Бұл материалдар өз ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ.

Бөкей Ордасындағы сауда мәселесі ХХ ғасыр басында өмір сүрген өзіміздің ұлттық зерттеушілеріміз Х. Досмұхамедұлы, Т. Шонанұлы [10] еңбектерінде кеңінен қарастырылды. Мәселен, Х. Досмұхамедұлы Жәңгірдің Жасқұс жәрмеңкесін ашқандығына, Ордадағы саудаға шолу жасайды. Сауданың жүру барысы, айналымы жөнінде айтып өтеді. Ал Т. Шонанұлы Бөкей хандығындағы жер мәселесіне тоқталып, бөкейлік қазақтардың саудамен айналысу барысы, оның негізгі нәтижелері турасында жазады.

Осы кезеңде жарық көрген А.Ф. Рязановтың «Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа» атты еңбегінде Бөкей хандығының саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарастырылады. Сонымен бірге, А.Ф. Рязановтың «Восстание Исатая Тайманова» атты еңбегінде Бөкей хандығы қазақтарының мал және оның өнімдерін орыстың фабрика-зауыттық өнімдеріне айырбас саудасын жүргізгендігін, хандықтағы сауда капиталының өрістеуіне байланысты ақша айналымының дами түскенін атап көрсетіп, Хан ставкасындағы жәрмеңкенің сауда айналымына сипаттама беріледі [11].

М.П. Вяткин өз еңбегінде Бөкей Ордасындағы жер қатынастары мен сауда-саттық туралы жазады [12]. Зерттеуші ғалым В.Ф. Шахматов Бөкей Ордасында сауда-саттықтағы отаршылдық саясат туралы мәлімдей отырып, Бөкей хандығында алғашында тасымал саудасының дамығандығын, кейіннен хандықтың ішінде сауда орталығының ашылғандығын айтады. Хан ставкасындағы жәрмеңкеге тоқталып, оған сипаттама берген [13].

Орда тарихын дербес зерттеу нысанына айналдырған Б. Аспандияров «Образование Букеевской Орды и ее ликвидация» атты монографиясында Бөкей хандығының құрылу себептеріне, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, соның ішінде сауда-саттықтың дамуына баса назар аударған [14]. Ал Е. Бекмаханов, С. Толыбеков, Т.Ж. Шойынбаев, А. Сабырханов, С. Зиманов өздерінің еңбектерінде хандық тарихына, сауда-саттық қатынастарына, әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталады [15].

Еліміздің егемендік алуы қарсаңында хандық тарихына қатысты іргелі еңбектер шығып, жаңашыл, шыншыл пікірлер айтыла бастады. Қазақ тарихының майталманы М.Қ. Қозыбаев өзінің еңбегінде Бөкей Ордасының құрылуын және ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі Бөкей Ордасының экономикалық жағдайын сипаттап өтті [16].

Осындай түбегейлі өзгерістер кезеңінде аталмыш тақырып төңірегінде дербес ғылыми ізденіс жұмыстары жалғасты. Бұған Бөкей Ордасының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын кешенді түрде зерттеген Қ. Қобландиннің диссертациялық еңбегі дәлел [17].

Бөкей хандығының тарихын мұрағат материалдары негізінде зерттеуге үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым И.Н. Кенжалиев Исатай Тайманұлының 200 жылдығына арнап көтеріліс тақырыбы бойынша қомақты еңбегін шығарды. Басқа да еңбектерінде хандықтағы әлеуметтік шиеленісті мұрағат деректеріне сүйеніп, терең талдай отырып, отарлық озбырлықты суреттейді. И.Н. Кенжалиев Талов, Қамысты-Самар аймақтарының тарихына арнаған еңбектерінде Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, сауда-саттықтың, кәсіпкерліктің дамуын атап көрсеткен [18].

Орда тарихы С. Мәшімбаев, К. Есмағамбетов, Х. Маданов [19] секілді елімізге танымал ғалымдардың назарынан тыс қалмай, маңызды мәселелердің түпқазығына айналды.

Ішкі Орданың соңғы билеушісінің өмірі мен қызметін зерделеуге арналған «Жәңгір хан» атты еңбегінде Ж. Қасымбаев Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, сауданың дамуына, Орда халқының тұрмыс-тіршілігіне, ставкадағы жәрмеңкеге тоқталып өткен [20]. Осы кезеңде М. Құлкеновтің редакциялығымен шыққан «Букеевской Орде 200 лет» атты 6 томдық жинақта Қазан төңкерісіне дейінгі авторлардың мәліметтері жинақталған [21].

Бөкей хандығы тарихының түрлі саласын зерттеуге Батыс Қазақстандық ғалымдар да өз үлестерін қосты. Мәселен, академик Т.З. Рысбеков [22] хандықтың әлеуметтік-саяси дамуына, Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, профессор М.Н. Сдықов [23] әлеуметтік-демографиялық құрылымы мен ерекшеліктеріне тоқталса, профессор Б.Қ. Бірімжаров [24] хандықтың тарихын кешенді түрде зерттеу қажеттілігін алға тартады. Ал, Ғ.Е. Харабалин XIX ғасырдағы Бөкей Ордасының шаруашылығы мен экономикасына кеңінен тоқталады [25].

Қостанай қаласында ұйымдастырылған М. Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихының өзекті мәселелері» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағында Бөкей Ордасының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты көптеген мақалалар жарық көрген. Соның ішінде З.А. Алдамжар, Ә.Қ. Мұқтардың мақалаларында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Ордадағы ахуал, халықтың шаруашылық тұрмысы, елдегі халық дүмпуі себептері тарихи ақиқат тұрғысынан қарастырылады [26].

Жалпы Қазақстандағы сауда қатынастары, жәрмеңкелердің құрылуы, сауда капиталының дамуы көптеген зерттеушілер еңбегінен орын алған. Атап айтқанда, Д.Ш. Жақыпбековтың, Н.С. Наумовтың, А.Т. Бексейтованың, К.Ж. Абиловтың, К.Ж. Меңдігереевтың, С.М. Гиззатовтың [27] диссертациялық еңбектерін тілге тиек етеміз.

Олардың ішінде К.Ж. Абиловтың, Д.Ш. Жақыпбековтың еңбектерінде Қазақстандағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы, саудадағы, қоғамдағы кәсіпкерліктің рөлін жан-жақты талданады. А.Т. Бексейтованың, Н.С. Наумовтың жұмыстарында Қазақстандағы жәрмеңкелердің қалыптасуына, қызметіне көңіл бөлінеді. Әсіресе К.Б. Меңдігереевтің еңбегінде Батыс Қазақстан аумағындағы балық кәсіпшілігі жөнінде айтылады. Оның зерттеу нысанасы балық кәсіпшілігінің тарихы, қазақтардың балық кәсіпшілігімен айналысуы, казак-орыстардың балық аулауда жергілікті тұрғындарға көрсетіп отырған қысымшылығы секілді тақырыптарды қамтиды.

Осы аталған тарихнамалық зерттеулер Бөкей Ордасындығы сауда-саттық және кәсіпкерлік тарихына обьективтік тұрғыдан баға беру қажеттілігін және ғылыми тұрғыдан құндылығын аңғартса керек.

Еліміздің егемендік алуымен бірге халқымыздың өз тарихын тереңірек зерделеуге деген құлшынысы да арта түсті. Халқымыздың өткенін танып-білуге деген талпынысының тағы бір айғағы – Бөкей Ордасының құрылуынан бастап хандық тарихының барлық саласына, соның ішінде жер қатынастары, сауда-саттықтың дамуына арналған мәлімет-деректердің мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастауы. Бұл үрдіс те хандық тарихын талдап-таразылауға деген ықыластың зор болғандығын дәлелдейді. Ал, осы үдеріске зиялы қауым өкілдерінің үн қосуы – қоғамның төл тарихымызды шынайы, ғылыми тұрғыдан зерттеуге деген ұмтылысының айғағы. Бөкей Ордасындағы сауда-саттықтың даму тарихының әлі күнге дейін біртұтас, жүйелі түрде зерттелмеуі де тарихымыздың осынау бір ақтаңдақ беттерін қайта саралаудың қажеттілігін көрсетсе керек.

Бөкей Ордасы тарихының, әсіресе оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен сауда-саттық дамуының жүйелі және біртұтас, жаңа заман тұрғысынан тұжырымдалған тарихының жазылмағандығы – анық ақиқат.



Зерттеу жұмысының мақсаты және міндеттері: Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсаты – XIX ғасырдағы Бөкей хандығындағы сауда-саттықтың қалыптасуы мен оның негізгі кезеңдерін, кәсіпкерліктің рөлін ғылыми негізде жан-жақты талдау, саралау, зерделеу болып табылады. Зерттеу мақсатынан жұмыстың төмендегідей міндеттері туындайды:

  • ХІХ ғасырдың басындағы тасымал саудасының қалыптасуы мен дамуын саралау және оған қазақтардың қосқан үлесін көрсету;

  • Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі жәрмеңкелердің атқарған рөлін айқындау, сонымен қатар бөкейліктердің саудаға тартылу деңгейін анықтау;

  • Сауда-саттықтың заңдылықтары, ерекшеліктері және жетістіктері мен қайшылықтарын талдау;

  • Кәсіпкерліктің саудадағы атқарған қызметін, оның деңгейін айқындау және қазақ ұлтынан шыққан кәсіпкерлердің қызметін объективті түрде бағалау;

  • Өлкедегі сауда-саттық және кәсіпкерлік туралы арнаулы еңбектердің жарияланбауына байланысты мұрағат құжаттарын кеңінен айналымға енгізу, Қазақстанның батыс өлкесіндегі сауда-саттықтың тұтас тарихын жазуға ұмтылыс жасау;

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері Бөкей Ордасындағы сауда-саттықтың қалыптасуы және кәсіпкерлік саласында маңызды өзгерістер жүзеге асқан XIX ғасырды қамтиды.

Зерттеу нысаны ретінде XIX ғасырда Бөкей Ордасындағы сауда-саттықтың қалыптасуы мен кезеңдері, хандықтағы жәрмеңкелердің маңызы, сауда-саттықтың дамуындағы негізгі қарама-қайшылықтар, хандықтың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі кәсіпкерліктің рөлі туралы мәселелер назарға алынған.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі объективтілік, тарихилық, жүйелілік және даму сияқты ғылыми таным қағидаларына сүйенеді. Тарихи сананы қалыптастыруды басшылыққа ала отырып, өткен тарихымызға қастерлей қарап, обьективті тұрғыдан баға беруге мән берілді.

Диссертациялық зерттеудің әдістемелік және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттік салыстырмалы талдау әдістері құрады.

Сонымен қатар, ХІХ-ХХ ғасырларда жазылған, әрбір тарихи кезеңді мүмкіндігінше объективті тұрғыда көрсетуге бағытталған еңбектерді, монографияларды жаңа көзқарас тұрғысынан саралай отырып басшылыққа алдық. Әсіресе мұрағат құжаттарын диссертацияға кеңінен тартуда талдау, жинақтау, жүйелендіру және тағы басқа жалпыға таныс әдістер пайдаланылды.

Зерттеудің деректемелік негізі. Жұмыстың алдына қойған зерттелу мақсатына сәйкес бірқатар деректерді тақырыпқа сай жүйелеу ісі жүзеге асырылды. 1940 жылы М.П. Вяткиннің редакциясымен жарық көрген «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» атты [28] еңбекте Бөкей Ордасы тарихына қатысты, соның ішінде аймақтағы сауда-саттық жөніндегі құнды құжаттар мен мұрағат деректері қамтылған. Сонымен қатар, XIX ғасырдағы Бөкей хандығындағы сауда-саттықтың даму бағыттарынан көріністер беретін «Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках» [29] және «История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.» [30] атты құжаттар жинақтары зерттеліп, тақырыпқа байланысты деректер талданды. «Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках» атты құжаттар жинағында Қазан төңкерісіне дейінгі Петербор және Мәскеу қалаларында сақталған мұрағат материалдары қамтылған. Онда барлығы 353 құжат жинақталған. Ал «История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.» атты құжаттар жинағында Алматы, Астрахан, Орынбор, Омбыда сақталған мұрағат материалдары қамтылған. Г.К. Мукатаевтың «Хан Жангир – великий преобразователь степи» атты құжаттар жинағында да тақырыпқа қатысты деректер кездеседі [31].

Диссертациялық жұмыстың дерек көзі ретінде Алматы, Астрахан, Орынбор қалаларындағы мұрағат қорларынан құжаттар алынды. Әр мұрағат қорларына тоқталатын болсақ:



  1. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). Алматы қаласы. Орынбор шекара комиссиясының №4 қоры, Ішкі Қырғыз Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің №78 қоры.

№4-қорда, Хан ставкасы жәрмеңкесіндегі саудагерлердің тізімі, олардың сатқан тауарлары, тауарлар құны, лавкалар мен қоймалар саны жөнінде және Бөкейлік қазақтардың балық кәсіпшілігіне жалдануы, олардың арнайы билеттер беруді сұрағандығы туралы жазба мәліметтер сақталған.

№78-қорда, Бөкей хандығында 1825 жылы Шөпшағыл және Ұялы мекендерінен Ресей мен бөкейлік қазақтардың сауда жасауы үшін құрылған тұрақты сауда орны жайында мәліметтер беріледі. Сонымен қатар, бұл тұрақты сауда орнының ашылу себебі туралы айтылады.

Бөкей хандығында құрылған Хан ставкасы жәрмеңкесі кезіндегі жәрмеңке ережелері туралы мәліметтер қамтылған.

2 Ресей Федерациясының Астрахань Облыстық Мемлекеттік мұрағаты (АОММ). Астрахань қаласы. Астрахань азаматтық губернаторы кеңсесінің №1 және Астрахань әскери губернаторы кеңсесінің №2 қоры. Бұл қорларда хандық тарихындағы сауда-саттықтың даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретін көптеген мәліметтер жинақталған.

№1-қорда, бөкейлік қазақтардың алғашқы кездері сауданы хандықпен шекаралас аймақта жүргізгендігі, соның ішінде Эльтон маңындағы жәрмеңкеде бөкейлік қазақтардың айырбас сауда жасағандығы жөнінде мәліметтер, орыс көпестерінің бөкейлік қазақтарға қарыздарын қайтарып беру туралы жазған шағымдары сақталған.

№2-қорда, Бөкей хандығындағы Хан ставкасы жәрмеңкесінің ашылуына байланысты басқа ұлт өкілдерінің жәрмеңкеде сауда істеуіне тыйым салу туралы жазба мәліметтер көрсетілген.

Бөкейлік қазақтардың Кундур татарларымен айырбас саудасын жүргізгендігі туралы айтылған.



3 Ресей Федерациясының Орынбор Облыстық Мемлекеттік мұрағаты (ООММ). Орынбор қаласы. Орынбор генерал-губернаторы кеңсесінің №6 қоры және Орынбор шекаралық комиссиясының №222 қоры. Қорларда хандықтағы сауда-саттық пен жәрмеңкелердің дамуын жүйелеуге мүмкіндік беретін мәліметтер жинақталған.

№ 6-қорда, Жәңгір ханның Бөкей хандығында Хан ставкасы маңынан жәрмеңке ашу туралы өтініш хаты берілген. П.П. Сухтеленнің Астрахан әскери губернаторына Хан ставкасынан жәрмеңке ұйымдастыру туралы және оның тиімді және тиімсіз жақтары жөніндегі жазба хаттары, Хан ставкасы жәрмеңкесінің басталу мерзімі, жәрмеңкеге келген қазақтардың және шеттен келген саудагерлердің әкелген тауарлары және көктемгі жәрмеңкедегі сауда барысы туралы мәліметтер сақталған.

Шеттен сауда мақсатымен келген саудагерлерге Орданы еркін аралауға рұқсат етудің кері әсері, жәрмеңкенің маңызы туралы айтылған.

№ 222-қорда, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Бөкей Ордасындағы Хан ставкасы жәрмеңкесіндегі сауда барысы, тауар айналымы жөнінде мәліметтер келтірілген.

Сонымен қатар, Алматы, Астрахан, Орынбор ғылыми кітапханаларында сирек кездесетін қорларда ХІХ ғасырдағы авторлардың еңбектері, карта-схемалар топтамасы және басқа түрлі материалдары қолданылды. Бөкей Ордасында сауда-саттықтың және жәрмеңкелердің дамуын айқындауға, сауда саласын салыстырмалы түрде зерттеуге жүйеленген жинақтардағы құжаттық материалдардың көмегі зор.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы – диссертацияда зерттеліп отырған мәселелерге, онда қамтылған мәліметтерге жаңа көзқарас тұрғысынан, баға беру. Тақырыпты зерттеу барысында ғылыми айналымға енбеген соңғы мұрағат деректері негізінде қарастырылды. Еңбектің мынадай ғылыми жаңалықтарын атап көрсетуге болады:


  • Диссертация жұмысында XIX ғасырдағы Бөкей Ордасында сауда-саттықтың және кәсіпкерліктің жаңаша даму тарихын кешенді түрде зерттеу ісі қолға алынды;

  • Сауда ісінің даму кезеңдері сараланып, Хан ставкасында алғаш рет жәрмеңкенің ашылуы ғылыми тұрғыдан талданды;

  • Бөкей Ордасының Ресей мен қатар өзгеде елдермен сауда жасауы ой елегінен өткізілді;

  • Қазақстанның батыс өңірінің, соның ішінде Бөкей Ордасының ерекше сауда аймағына айналуының саяси, экономикалық, әлеуметтік себептері ғылыми тұрғыдан зерделенді;

  • Әлеуметтік нысандардың Бөкей Ордасында алғаш ашылуы сараланып, жаңа тұрғыдан жүйелі зерттелді;

  • Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі кәсіпкерлік рөлінің талдауға алынуы, ұлттық кәсіпкерлердің атқарған қызметінің дәйекті түрде қарастырылуы;

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: ХIХ ғасырда Бөкей хандығындағы сауда-саттықтың қалыптасуы мен негізгі даму кезеңдері, хандықтың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі кәсіпкерліктің рөлі жөніндегі барлық деректер мен мұрағат құжаттарын саралау, соның негізінде тақырып төңірегіндегі зерттеу нәтижесі ретінде Қазақстанның жаңа тарихы ғылымына қосатын төмендегідей ғылыми тұжырымдар жасалды:

1 Бөкей хандығының территориясы Ресей мемлекетімен шекаралас болғандықтан, сауда-саттық осы көрші мемлекеттер арқылы жүрді. Бөкейліктер айырбас саудасын бастапқыда Бөкей Ордасына шекаралас форпостарда және қарауыл кордондарында жүргізді. Осы форпостар мен қарауыл кордондары негізгі сауда орталықтары болды. Атап айтқанда, олардың сауда жасайтын басты мекендері бұл – Глининск форпосты, Кулагин қамалы және Астраханға жақын жердегі Қалмақ базары болды. Бұл жерде бөкейліктермен алғаш сауда-саттық жүргізген Орал казактары, орыстар және хиуалықтар еді. Бөкей, Шығай хан тұсындағы қазақтар Астрахан, Эльтон маңында да сауда айырбасын жүргізіп отырды. Алғашқыда қазақтар сауданың қыр-сырын орыстарға жалданып жұмыс істей жүріп меңгеретін еді, кейін олардың ішінен өз алдына бөлінген жеке саудагерлер де шықты. Тауар айырбасының ықпалымен қазақтардың өздері де саудаға біртіндеп тартыла бастады. Бастапқыда қазақтар негізінен делдалдық қызмет түрлерін ғана атқаратын. Бірте-бірте Орданың өз ішінде де сауда ісі жанданып, тасымал саудасы дамыды.

2 Бөкей хандығында Жәңгір хан болып сайланғаннан кейін Орданың әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайы өзгерді. 1825 жылы Бөкей хандығындағы Ұялы және Шөпшағыл елді мекендерінде тұрақты сауда орындары ашылды. Бұл жерге Ресейдің Саратов, Астрахан, Қазан, Орынбор губернияларынан көпестер келіп, сауда жүргізді. 1832 жылы Хан ставкасы жанынан жәрмеңке ашылды. Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі жылына 2 рет көктем және күз айларында жұмыс жасады. Жәрмеңкеге орыс, армян, татар сияқты түрлі ұлт өкілдері келіп сауда жасады. Сонымен бірге жәрмеңкедегі тәртіпті қадағалау мақсатында базарбасы тағайындалды. Жәңгір хан жәрмеңкенің жүру ережелерін бекітті. Ал, жәрмеңкенің жұмыс істей бастауы біртіндеп тасымал саудасының жойылуына ықпал етті. Шеттен келген саудагерлер жәрмеңкеге арнайы құжатпен кіргізілді. Хандықтағы сауда-саттық, әсіресе, 1835-1845 жылдары өте жоғары деңгейде дамыды.

3 Орда жеріне келген саудагерлер өз тауарларын көбіне қазақтарға қарызға берді. Соның салдарынан Бөкей хандығында қарызгерлік қарқын алды. Қарызгер қазақтар мен саудагерлердің арасында әркез дау-дамай туындап отырды. Ресей көпестері Ордаға өздерінің сапасыз және Ресейдің шет жерге сату үшін арнайы шығаратын тауарларын әкелді. Бұл тауарлардың құны екі есеге жоғары болды.

4 Жәңгір дүниеден өткен 1845 жылдан 1863 жылға дейін лавкаларды жалға беруден түсетін пайданы ханның мұрагерлері иеленіп келді. Уақытша Кеңес 1863 жылы хан мұрагерлерінен жәрмеңке сарайынан түсетін кірісті пайдалану құқығын 110 000 рубльге сатып алу туралы бұйрық шығарды. Осы кезден бастап жәрмеңке істерін Уақытша Кеңес жүргізе бастады. 1862 жылы Уақытша Кеңестің қолдауымен Хан ставкасында монша мен қонақ үй салу ісі қолға алынды. 1867 жылы Хан ставкасынан Астрахан Қазыналық Палатасына бағынышты қазынашылық ашылды. Оның басты қызметі Хан ставкасы жәрмеңкесіндегі тауар-ақша қатынастарын реттеп отыру болды.

5 1872 жылы Хан ставкасындағы жәрмеңкеге сауданың жоғары деңгейде жүруіне байланысты «посад» дәрежесі берілді. 1870 жылы Ордадағы сауда ғимараттарының ескіруіне байланысты, Хан ставкасынан 25 верст қашықтықта орналасқан Ахун елді мекенінен жәрмеңке ашылды. Жәрмеңке жылына 2 рет: көктемде және күзде жұмыс істеді. Бұл жәрмеңкелердегі жылдық сауда айналымы миллион сомды құрады. Оған қазынадан 56 161 рубль бөлініп, бұл қаражатқа 1870 жылы 12 корпустан тұратын 316 лавкасы бар аула тұрғызылды. 1885 жылы Хан ставкасынан өзге Жаңа Қазан, Таловка елді мекендерінде де жәрмеңкелер ашылды. Бұл жәрмеңкелерде негізінен шеттен келген саудагерлер сауда жүргізді. Жаңа Қазан және Таловка жәрмеңкелеріндегі сауда көбіне орыс, казактар мен қазақтар арасында жүргізілді.

6 ХІХ ғасырда Бөкей Ордасында көптеген жаңа кәсіп түрлері пайда болды. Олар балық кәсіпшілігі, кіре тасу, тұз кәсіпшілігі. Бұл кәсіпке жалданушы қазақтардың жалақысы төмен болды. Балық кәсіпшілігіне жалдану үшін жұмысшыларға арнайы құжат берілді. Бұл кәсіпшілік жылына 2 рет: көктемде және күзде теңіз жағалауында, Қамысты-Самар, Жайық, Елек өзендерінде жүргізілді. Бөкейлік қазақтар Басқұншақ, Эльтон, Елек тұз кәсіпшіліктеріне жалданды. Бөкей Ордасында кіре тасу кәсіпшілігі де қарқынды дамыды. Жалпы қарастырылып отырған кезеңде ұлттық кәсіпкерлер де тарих сахнасына көтерілді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет