Диссертацияның тәжірибелік маңызы. Тарих ғылымының дамуы барысында еліміздің әр кезеңдегі экономикалық өсу қарқынын зерделеуге де көп көңіл бөліне бастады. Себебі отанымыздың экономикалық даму тарихы – еліміздің жалпы тарихи шежіресінің ажырамас бір бөлігі. Зерттеу жұмысының нәтижелері дәріс, семинар курстарын даярлауға көмектеседі және оларды орта, жоғары оқу орындарының қоғамдық пәндер факультеттеріндегі арнайы курстарға пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі: Зерттеу жұмысының нәтижелері әртүрлі облыстық, аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды: «Шоқан Уәлиханов оқулары» (Көкшетау, 2007 ж), «Жоғарғы оқу орындарында білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері» (Тараз, 2007 ж. наурыз), М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Орал, 2007 ж) жинақтарында жарық көрді. Сонымен қатар зерттеу тақырыбына байланысты М. Өтемісов атындағы БҚМУ хабаршысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы журналдарында да мақалалар жарияланды.
Диссертацияның құрылымы: Диссертация жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі ашылып, оның зерттелу деңгейі, деректік негізі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері, пәні, нысаны, хронологиялық шеңбері, әдістемесі, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалды.
«Бөкей Ордасындағы сауда-саттық пен кәсіпкерлік (ХІХ ғасырдың бірінші жартысы)» атты бірінші тарауда хандық билік үстемдік құрған кезеңдегі сауда-саттық пен кәсіпкерліктің дамуы, алғашқы жәрмеңкелердің ашылуы, Ресей империясының саяси-экономикалық мүдделері, Орда билеушілерінің сауда қатынастарын реттеуге араласуы, Уақытша Кеңестің жүргізген саясаты қарастырылады.
Бөкей Орда территориясындағы орыстар мен қазақтар арасындағы сауда байланысы қазақтар Жайықтың арғы бетіне көшпестен бұрын басталды. 1788 жылы Кавказ губернаторы Алексеев тәжірибе үшін орыстар мен Астраханға жақын көшіп жүрген қазақтар арасындағы сауданың екі орнын белгіледі [14, с. 90], бірақ Бөкей Ордасы құрылғанға дейін бұл жерлерде сауда жасау тиімсіз әрі мағынасыз еді. Оның маңызы кейінірек артты.
Бөкей Ордасында алғашқы жылдары сауда баяу дамыды, себебі қазақтардың жиі көшіп-қонуы, нақты жолдың болмауы, орыстардың қазақ тілін білмеуі, тұрмыс-тіршілігін жетік меңгермеуі сауданың өсуін тежеп отырды. Көшпелі қазақтардың көші-қон тұрақтары мен мекендері белгілі болған соң, халықтың өмірі бір қалыпқа келіп, сауданың дамуы күшейе түсті.
Бөкей сұлтан тұсында бөкейлік қазақтар Кундров татарларымен сауда жүргізген. Мысалы, 1803 жылы 23 желтоқсанда Краснояр төменгі земство сотының бөкей қазақтары мен кундров татарлары арасындағы сауда-саттықты реттеу туралы Астрахан азаматтық губернаторы князь Д.В. Тенишевке баянхаты келіп түседі. Бұл баянхатта осы жылдың 28 қарашасында ауылдық заседатель Машин Матиевке Хомутов және Сейітов ауылдарына келіп айырбас сауда жасайтын Бөкей сұлтанның қарамағындағы қазақтардың кундров татарларымен арадағы сауда мәселесін реттеу тапсырылғандығы айтылады. Осы кезеңде қазақтардың кейбірі аталған ауылдарда болып, айырбас сауда мерзімі аяқталғанына қарамастан жалғастыра берілгендігі де мәлімделеді [32, 2 п.]
Бөкей сұлтан астық пен өзге де қажет өнім түрлерін Астрахан қаласынан сатып алып отырған. Мұны 1813 жылы 13 маусымда Бөкей ханның Астрахан азаматтық губернаторы С.С. Андреевскийге бөкейлік қазақтар үшін ұн және басқа да тауарларды сатып алу мен сыртқа шығару ісіне қолдау көрсету туралы жазған өтінішінен байқауға болады [33, 3 п.].
Мұрағат құжатынан көретініміздей, Бөкей сұлтанның өз қол астындағы қазақтарға қажетті тауарларды сатып алуына қолайлы жағдай жасауға тырысқандығы байқалады. Айталық, астық және өзге де тауаларлар түрлерін өз старшыны арқылы Астраханнан алдырып, қыстақтарға жеткізіп отырған. Көңіл аударарлық тағы бір тұс – қажетті өнімдерді жеткізу және оны сатуды ұйымдастыру ісіне жауапкершілікпен қарап, Астрахан азаматтық губернаторына өзі тікелей өтінішпен шыққандығы. Сонымен қатар, Бөкей сұлтан өз қарауындағы татар Өмір Жұмағалиевті де Астрахан қаласына астық сатып әкелу үшін жіберіп отырған [33, 4 п.].
1814 жылдың өзінде Орда қазақтарының қолындағы 2375414 бас малдың 5\1-і сатуға шығарылған. Егер 1820 жылғы орташа бағамен есептесек: жылқы бағасы – 50 сом, сиыр – 40 сом, қой – 10 сом, ешкі – 5 сомнан, сонда қазақтар 1814 жылы 41242 жылқыны – 2062100 сомға, 16302 ірі қараны – 552080 сомға, 277100 қойды – 2771000 сомға, 14066 ешкіні – 70330 сомға шығарып, қазақтар сатқан барлық 348710 бас мал құны 5455510 сомды құраған. Бөкей хандығы қазақтарының Ресейге жақын орналасуы тікелей сауда жасауға мүмкіндік беріп, 1814 жылы Ресейге 41242 бас жылқы, 16302 бас мүйізді ірі қара, 277100 бас қой, 14066 бас ешкі малы сатылған [25, 87 б.] Сонымен бірге Ресеймен шекаралас сауда орнындарында 116832 бас қой малы айырбасталған [34, 45 п.].
Шығай тұсында Қалмақ базарында бөкейлік қазақтар өздерінің мал және оның өнімдерін өзге тауарларға айырбастап отырған. 1820 жылы 28 қаңтарда Шығай сұлтан Астрахан азаматтық губернаторы И.Я. Бухаринге татар Мұстафа Бековты қазақтардың осы Қалмақ базарындағы өкілі етіп тағайындау туралы ұсыныс білдіреді [35, 5 п.]. Шығай сұлтанның Қалмақ базарында М. Бековті өкіл ретінде тағайындауының басты мақсаты айқын: бір жағынан, бөкейліктермен арадағы айырбас саудадағы жалпы тәртіпті қадағалау ісі уақыт тудырған қажеттіліктердің бірі болатын, екінші жағынан, хат танымайтын далалық қарапайым қазақтардың саудадағы құқықтық мүдделерінің аяқасты болмауын қамтамасыз ету еді.
Осындай сауда саласының дамуымен бірге қатарласа туындайтын көптеген ұйымдастыру шараларының бірі – жаңадан ашылып жатқан базарлардағы сауда ісін қадағалап, оны өз деңгейінде жүргізу еді. Осыған байланысты қазақ даласында сауда саласына қатысты бодончей атты лауазым түрі де пайда болған болатын. 1823 жылдың 22 наурызында Азаматтық губернатор губерниялық басқарма мәжілісінде Ішкі Қазақ Ордасының сұлтаны Шығай Нұралыханов Қалмақ базарындағы бодончей лауазымына Солянск селосының татары Рамазан Арсапаевты сауда істерін атқаруға тағайындағандығы туралы қатынас қағазын жолдап, губерниялық басқармаға осы мәселе бойынша қажетті өкім шығаруды ұсынады [36, 33 п.].
Енді, осы кезеңдегі кәсіпкерліктің өрістеу қарқынына шолу жасап көрсек, кедей қазақтардың дені балық кәсіпшілігімен айналысты. Балық кәсіпшілігіне жалданудан бастап, онда атқарған жұмысы кезінде де қазақтар өздеріне тиесілі еңбекақыларын толық ала алмады [37, 4 п.].
Бөкей Ордасының кедей қазақтары Эльтон, Елек, Басқұншақ тұз өндіру кәсіпшіліктеріне жалданып та күндерін көретін. Олар тұзды түйемен тасыды. Бір түйеге артылған тұзды жеткізу құны 8 күміс тиын болатын. Тұз тасу 1-ші мамырдан 1-ші қазанға дейін жалғасты. Сонда әрбір қазақ осы уақыт аралығында 2 түйемен 50 күміс рубльге дейін ақша тауып отырған. Ал басқа уақытта, әсіресе қыс мезгілінде олар түйемен Ордадан тауар тасып күн көрген. Тұз кәсіпшілігіне жалданған қазақтардың да еңбегі қожайындар тарапынан қанауға ұшырап, әркез кем төленумен болды [14, с. 181].
Сонымен бірге, Бөкей Ордасында кірешілік кәсібі де дамыды. Бөкейлік қазақтар түйе немесе жылқы малымен балық, тұз, т.б. тасыды. Оның құны тасып апарған жерінің қашықтығына байланысты еді.
1824 жылы Жәңгір билік басына келгеннен кейін Бөкей Ордасының Ұялы және Шөпшағыл мекендерінен сауда орнын ашады [35, 22 п.]. 1832 жылдан бастап Ордада тасымал саудасы мүлдем тоқтатылды. Оған себеп болған екі фактор бар еді: біріншіден бұл – патша үкіметінің өз бәсекелестерін жою саясатының салқыны еді. Өйткені татарлар, бұхарлықтар мен хиуалықтар және өзге де халық өкілдері қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, тілін, өмір сүру жағдайын жақсы білгендіктен, олардың қазақтармен арадағы сауда-саттық қатынастары қызу да қарқынды жүретін еді, екіншіден, әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі де өз ықпалын тигізген болатын. Ордада ұсақ саудагерлер көбейіп, олар қарапайым қазақтарды алдап, тауарларының құнын әлдеқайда өсіріп сатты.
Сонымен қатар, Ресей мен Бөкей Ордасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстағы басты сала астық саудасы болды. 1827 жылы қазан және қараша айларында Хан ставкасында қазақтар 3 мың пұттан астам астық сатып алды. Сенатор Энгельдің айтуы бойынша, Бөкей Ордасында жыл сайын астық пен өнеркәсіп тауарлары, мал, мал өнімдері 2 млн. сомға айырбасталған [5, с. 74].
Бөкей хандығын басқару кезеңінде Жәңгір ханның ел тарихында алғашқы боп жәрмеңкелер ашқандығын аймақтың сауда-экономикалық дамуына игі әсер еткен құбылыс қатарына жатқызамыз. Жәңгір хан Орынбор шекаралық комиссиясынан Ішкі Ордада сауда жасауға болатын ең қажетті орын ретінде ставка маңындағы, яғни Нарын құмындағы Жасқұс мекенінің солтүстік-батыс бөлігін белгілеуге рұқсат сұрайды [38, 1 п.].
Сөйтіп, Жәңгірдің бастамасымен 1832 жылы Хан ставкасы жанынан жәрмеңке жұмысын бастады. Бұл мақсатқа империя қазынасынан 56161 сом қаржы бағытталды және 316 сауда нүктелерінен тұратын 12 үлкен корпус бой көтерді [39, 15 п.]. Енді Бөкей хандығында сауда ісі өзгеше жүрді. Тауар-ақша қарым-қатынасының дамуында мұнда екі жағдай өте маңызды рөл атқарды: Бөкей Ордасының Ресейдің өнеркәсіптік және сауда орталықтарына территориялық тұрғыдан жақындығы және Ресей мен Бөкей Орда арасындағы жол қатынасының қауіпсіздігі – бір жағынан, екінші жағынан бұл аймақтағы хан билігі мен шекаралық органдар жүргізіп отырған сауданы қолдау саясаты. Орда ішінде тауар-ақша қарым-қатынастар тек Хан ставкасы маңында ғана емес, барлық аймақта бірдей дамыды. Қалай дегенмен 40-жылдарға таяу саудада ақша эквивалентін қолдану артты, ал натуралды міндеттемелер ақшалай міндеттемелерге айналды. Нәтижесінде, Хан ставкасы ен даладағы ең негізгі, әрі қолайлы сауда орталығына айналып шыға келді.
Жәрмеңкелердің ерекшеліктеріне тоқталсақ: 1) Қазақстан бойынша ең алғашқы жәрмеңке Бөкей Ордасында ашылды; 2) Бұл жәрмеңкелер көктемде сәуірдің 15-інен мамырдың 15-іне дейін және күзде қыркүйектің 15-інен қазанның 15-іне дейін жылына екі мәрте ұйымдастырылды; 3) Жәрмеңке кезінде белгілі бір сауда ережелерінің болуы; 4) Ресеймен, Орта Азиямен сауда-экономикалық байланыстар тінінің тереңдей түсуіне оң ықпал етті; 5) Әсіресе, жәрмеңкелерге қатысушылардың көп ұлттылығымен ерекшеленді.
Бұл жәрмеңкеге 1833 жылы 562971 мың бас мал әкелініп, 339174 сомға тауар сатылды. 1834 жылы 597603 рубльдің тауары әкелініп, 368775 рубльге сатылды, 1835 жылы 691628 рубль тауар әкелініп, 379548 рубльге сатылды. 1836 жылғы жәрмеңкенің тауар айналымы 2 млн. рубльді құрады [40, 28 п.].
1845 жылы Жәңгір өлгеннен кейін Бөкей Ордасындағы жәрмеңке Уақытша Кеңестің бақылауында болды. Бірақ жәрмеңкедегі лавкалардан түсетін кірісті ханның мұрагерлері пайдаланды.
1846 жылы 24 сәуірде Ішкі Орданы басқару бойынша Уақытша Кеңес сұлтан Тоқжан Мұсағалиевті жәрмеңкедегі сауданы бақылаушы ретінде тағайындайды. Бұдан басқа ол марқұм ханның жарлығы бойынша Ставка жанында өтетін көктемгі және күзгі жәрмеңкелерге басшылық жасауға тағайындалды. Сұлтан қазақтардың үстінен қадағалаушы ретінде олардың бір-бірімен және өзге жерлерден келген саудагерлермен арадағы қарым-қатынасын реттеуге күш салған [41, 282 п.].
40-жылдары Хан ставкасы бір сөзбен айтқанда, негізгі сауда орталығы мен саудагерлердің қонысына айналды. 1846 жылы ондағы 89 үйдің 31-і саудагерлердікі болатын. Оларға іргелес жерден 46 сауда лашықтары тұрғызылған. Көпестердің бірі 30000, екеуі 25000 мыңнан 300 мыңға дейін, ал 16 адамның сауда ақша айналымы 100-500 сомды құраған. Бұл жылдары сауда айналымы 2 миллион сомнан асты [42, 489 п.].
Бөкей хандығының экономикалық жағдайындағы сауда-саттық дамуының өз жетістіктері мен қарама-қайшылықтары көп еді. Сауда ісінің жетістіктері, негізінен, хандықтағы жәрмеңкелердің ашылуы, қазақтардың саудаға тартылып, олардың арасынан ірі көпестердің шығуынан көрініс тапты [43, 8 п.]. Сонымен бірге, хандықта көптеген үйлердің тұрғызылып, өзендерге арнайы мамандардың көмегімен бөгеттер салынып [5, с. 16], мәдениеттің дамуын да жетістіктерге жатқыза аламыз. Ал қарама-қайшылықтар туралы айтсақ, бұл – қазақтар арасындағы қарызгерліктің пайда болуы, айырбас саудасындағы ақша эквивалентінің жетіспеуіне байланысты тең емес сауданың дамуы еді. Яғни, бір сөзбен айтқанда сауданың отаршылдық сипатта жүргізілуі болатын.
«Бөкей Ордасындағы сауда-саттық ісінің дамуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы» деп аталатын екінші тарауда Ішкі Ордадағы сауда айналымының деңгейі, оның сан құбылу себептері, отарлаушы патша үкіметінің қазақ даласын экономикалық тұрғыдан отарлауының негізгі бағыттары, жаңа жәрмеңкелердің ашылуы, сондай-ақ аймақтағы кәсіпкерлік пен оның негізгі түрлері зерттеледі.
Ордадағы сауда айналымының төмендеуі 50-ші жылдардың аяғына дейін созылды. Ал ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында сауда ісінің қайта жандануы байқалады. Бұл кезде қазақтардың мал шаруашылығы 1852 жылғы жұттан біраз айыққан еді. Сауданың жандануы 1858 жылы таратылған Уақытша Үкіметтің қазақ ұлты құрамының орыс шенеуніктерімен алмастырылуымен де тығыз байланысты еді. Осының салдарынан Орда жерінде орыс көпестерінің саудасы жанданды, себебі патша шенеуніктерінен тұратын Кеңестің жаңа құрамы Ордадағы сауда дамуын барынша қолдауға тырысты [14, с. 101].
Қарастырылып отырған кезеңде қазақ халқы жәрмеңкеде мал және оның өнімдерін сатудан 863316 күміс сом пайда тауып, ал өндіріс тауарларын және астық сатып алуға 297411 сом, яғни тапқан пайдасының 1/3 бөлігін жұмсаған, бірақ барлық уақытта бұлай болмайтын, кей жылдары шығын кіріс көлемінен асып кететін [44, с. 30].
Сонымен бірге XIX ғасырдың екінші жартысында да Хан ставкасы жәрмеңкесіне шеттен келген хиуалықтар мен түркімендердің сауда жасауына рұқсат етілмеді. Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес өзінің Орынбор әскери губернаторына берген рапортында Ресей бодандығын қабылдамаған хиуалық Мамет Нияз Нұрниязовты 1860 жылы көктемгі жәрмеңкеге сауда жасауға жібермей, қайтадан кері қайтарып жібергенін, бұдан өзге оған ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдейді [45, 7 п.].
Ресей көпестері жәрмеңкелерге тауарды түрлі губерниялардан жеткізіп отырды. Қазақтарға сатылған тауарлар: нан, шай, қант, темекі-махорка, түрлі сорттағы сыр – бояулар, жібек, қағаз, лен, әшекейлік бұйымдар, темірден жасалған бұйымдар, түрлі ыдыстар, құс мамығы және т.б. құрылыс ағаштары, тақталар, киіз үйге қажетті шаңырақ пен уықтар, өзге де заттар.
Өзінің қайтадан құрылған кезінен бастап-ақ Уақытша Кеңес сауданың дамуына қажетті жағдайлар туғызу бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыра бастады: Орда жерінде сауда пункттері жүйесін кеңейтуге, тауар сақтау орындарының санын көбейтуге, ставкада жаңа сауда лавкалары құрылысына, қоғамдық монша, мейманхана және өзге инфрақұрылым нысандарын көбейтуге тырысты. Мысалы, 1861 жылдың 2 қыркүйегінде Камышин көпесі Добрынин Уақытша Кеңеспен станциялық моншалар тұрғызып, оларды 3 жылдық мерзімге ұстап тұру туралы келісім шартқа отырды [46, 91 п.].
Хан дүниеден өткен соң, 1863 жылға дейін лавкаларды жалға беруден түсетін пайданы ханның мұрагерлері иеленіп келді. 1863 жылы жоғарыдан хан мұрагерлерінен жәрмеңке сарайынан түсетін кірісті пайдалану құқығын 110 000 рубльге сатып алу туралы бұйрық келді. Осы кезден бастап жәрмеңке істерін Уақытша Кеңес жүргізе бастады [47, с. 4].
Ішкі Ордада 1875 жылы 1950 шелек арақ, 500 шелек сыра, 200 шелек бал, 1800 шөлмек жүзім шарабы сатылды. Ал 1889 жылы Хан ставкасында 645 шелек арақ және 36 шелек шарап және 160 шелек сыра сатылды. Сауданың қызу жүретін уақыты бұл «соғым» кезінде, яғни қарашадан ақпанға дейінгі уақыт аралығында қазақтар малдарын қысқы уақытта сояды және терісін саудаға шығарады. Мал дәрігерінің мәліметі бойынша Ставкадан 1888 жылдың 1 қаңтары мен 1889 жылдың 8 қыркүйегі аралығында тері: ірі қараның – 77512, жылқының – 23231, түйенің – 3072, қойдікі – 134121, ешкінікі – 84937 және 1890 жылы: сиыр терісі – 24912, жылқы терісі – 1828, түйе терісі – 1891, қой терісі – 15355 және ешкі терісі – 14450, барлығы 2 жылда 380309 тері сатуға шығарылды. Ставкадан терінің көбі ақпан және қаңтар айларында шығарылған. Тері Царыцин, Саратов, Астрахан, Нижегород қалаларының 55 жәрмеңкесіне және Қазан, Пенза, Воронеж, Курск губернияларына шығарылды. Торғын, Қамысты-Самар, Таловка бөлімдерінен тері көрші ауылдарға және Жаңаөзен, Самара губернияларына сатылды. 1880 жылы Ордадағы жәрмеңкеге келушілердің саны 2000-га дейін барды және келушілердің көбін қазақтар құрады. 70-ші жылдары мұнда келушілердің саны 30 мыңға жетті [44, с. 18].
XIX ғасырдың соңында Орда жәрмеңкесіндегі тауар айналымы Қазақстанның өзге жеріндегі жәрмеңкелерімен салыстырғанда әлі де жоғары еді. 1891 жылы көктемгі жәрмеңкеде тауар айналымы 177476 сомды, соның ішінде мал терісінің өзі 51808 сомды құраған [25, 187 б.].
XIX ғасырдың екінші жартысында Бөкей Ордасындағы жәрмеңкелер саны көбейді. Хан ставкасы жәрмеңкесінен басқа Жаңа Қазан, Таловка, Ахун мекенінен жәрмеңкелер ашылды. Бұл жәрмеңкелерде орыс, татар, орал казактары мен қазақтар сауда жүргізді. Ғасыр соңындағы төрт бірдей жәрмеңкелерде жүргізілген тауар айналымының пайыздық үлес салмағы Астрахань губерниясы жәрмеңкелеріндегі қаржының басым бөлігін құрады [48, c. 204].
Бұның өзі Ордадағы жәрмеңкелердің өткен ғасыр соңында әлі де болса өз маңызын жоймағандығын көрсетеді. Бұл жәрмеңкелер хандықтың көрші елдермен экономикалық, сауда, тауар-ақша қатынастарын нығайтуда, халықтың әл-ауқатын арттыруда, ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуда үлкен рөл атқарды. Ал жәрмеңкелерді ұйымдастырып, өткізу барысында түскен алым-салық 1854 жылы Ордада құрылған ссудалық кассаның жүйелі жұмыс істеуіне белгілі дәрежеде өз үлесін қосты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей Ордасындағы кәсіп түрлері көбейіп, балық аулау, тұз өндіру, жүк тасымалдау тағы басқа жұмыстарға жалданушылық арта түсті.
Ішкі Орда қазақтары Жайық, Астрахан балық кәсіпшіліктеріне жұмысқа жалданып, Қараөзен, Жайық, Еділ өзендері мен Қамыс-Самар көлдерінде балық аулап, еңбек ақы ретінде айына 5-8 сом ақша алған. Бұл туралы 1876 жылы Бөкей Ордасын басқарған Уақытша Кеңестің берген есебінде баяндалады [49, 16 п]. Оған қоса қазақтар балық кәсіпшілігіне жалданумен қатар аулаған балықтарын жәрмеңкеге апарып сатып отырған. Алайда қазақтарды қанау жағдайларының қаншалықты көп кездескенін мынадан-ақ аңғаруға болатындай. Айталық, жұмысқа жалдау кезінде ең жоғарғы жалақы қалмақтарға, орташа еңбек ақысы орыстарға, ал, ең төменгі ақы қазақ жұмысшыларына төленген.
Сонымен қатар, бөкейлік қазақтар тұз өндіру кәсіпшілігімен де айналысқан. Бұлар Басқұншақ, Елек, Эльтон, Дендер тұз өндіру кәсіпшіліктері. Бірақ бұл орындар орыс кәсіпқорларының билігінде болған. Ал, бөкейлік қазақтар осы тұз кәсіпшілігіне жалданған. Бөкей Ордасының оңтүстігіндегі қазақтар Каспий жағалауындағы балық кәсіпорындарына барып жалданса, батыс пен терістік бойдағылар іргелес Астрахань губерниясындағы қоры мен сапасы жөнінен әлемге әйгілі болған Басқұншақ тұз өндірісінде жалданған. Бұл тұз өндіру кәсіпшілігінде жалданған жұмысшылардың да ақысы төмен төленген. Уақытша Кеңестің 1876 жылғы есебі бойынша осы тұз кәсіпшіліктеріне жалданған қазақтар 1000 пұт тұз өндіргені үшін 10-15 сом аралығында еңбек ақы алған [25, 153б.]. Тұзды суды үнемі кешіп жүріп арба тартуға жегілген өгіз, жылқылар аяқтарынан айырылып шыдамаған соң бұл жұмысқа қазақтар өздерінің түйелерін жегетін болған. Түйелермен келіп тұз тасыған қазақтардың өзі мыңдап саналған. Ал бұл тұз өндірісінде қазақтарға тұзды өз пайдасы үшін сатып алуға тыйым салынған [50, 2 п.].
Бөкейлік қазақтар кіре тасумен де айналысқан. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін бөкейлік қазақтар көшіп-қону кезінде де көлікке арба жегу әдісі дағдыға енбей, жүкті түйеге теңдеп артуды ғана білген. Кейіннен арбамен тасыған жүктің түйеге теңдеп артқаннан өнімді екеніне көздері жетіп, ұзақ жолға ұйымдасып керуен құрып, екі дөңгелекті арбалармен қалалардың арасында жүк тасуды кәсіп ете бастаған. Олар Басқұншақ тұзын тиеп Астраханға жеткізіп, одан балық тиеп Царыцинге апарып, қайтарында жүк тиеп Астрахан арқылы оралатын болған. Кіре тасыған керуеннің екінші бағыты – Басқұншақ тұзын тиеп Гурьев қаласына дейін барған да, одан балық тиеп Еділдің Балаково, Ровное пристандарына апарып, қайтарында ағаш тиеп оралатын болған [51].
XIX ғасырдың соңында қазақтардың арасынан шыққан кәсіпкерлердің саны көбейе түсті. Соның бірі - М.С. Бабажановты айтуға болады. Оның жерлестеріне үлгі боларлық қызмет cаласы – бау-бақша салып, оны баптау, өсіру ісі. Еділ бойындағы елді-мекендер мен қалаларда болып, бау-бақша өсіру тәжірибесімен арнайы танысқан ол Басқұншақтың солтүстік-шығысындағы «Торғай» деп аталатын жерде орнықты жеке шаруашылығын жүргізіп, екі жылда 400 түп шие, 1200 түп алма және алмұрт ағашын, 1000 түп таңқурай мен қарақат ағаштарын отырғызды [25, 153б.].
Жалпы Ішкі Ордада бау-бақша салумен негізінен оңтүстік-батыс аумақтың қазақтары айналысқан және елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отырған. Мәселен, 1894 жылы II-теңіз округінің № 8 старшындығының қазағы Нұғыман Жарылғапов қарбыз-қауынды көп мөлшерде өсіріп, солтүстік аумақтағы Талов бөлімінің қазағы Нұғыман Досжанов Қарасу өзенінің бойында жеміс бағын өсіріп баптаған [52, 105 п.]. Мұндай кәсіп түрлерінің игеріліп, көбеюіне XIX ғасырдың екінші жартысында жергілікті ұлт өкілдері көп әсерін тигізді.
Қорытындыда диссертациялық зерттеудің нәтижелері тұжырымдалып, зерттеудің негізгі ой-түйіндері жүйеленеді.
Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық дамуында сауда-саттықтың алар орны ерекше. Сауда ісінің дамуы мұнда бірнеше кезеңнен өтті. Ол тасымал саудасы, тұрақты сауда орындары, жәрмеңкелердің ашылуы еді. Бөкей Ордасында алғашқы жылдары нақты сауда нүктелері болмады. Сауда-саттық негізінен көршілес орыс ауылдарында, Бөкей Ордасымен шектес жерлерде, форпостарда жүргізілді.
Бөкей Ордасының даму эволюциясындағы екінші кезең 1824-1845 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезең Бөкей Ордасында Жәңгір ханның билікке келуі мен көшпелі халықтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайының қалыптасуын қамтиды. Жәңгір хан 1832 жылы Орынбор Шекаралық комиссиясына Бөкей хандығындағы Хан ставкасы маңынан жәрмеңке ашуға өтініш білдіреді. Орынбор шекаралық комиссиясы рұқсат беріп, 1832 жылы Хан ставкасынан жәрмеңке ашылды.
Бөкей Ордасы дамуының үшінші кезеңі 1846-1855 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде Бөкей Ордасында хандық билік заңды түрде жойылды. Бөкей Ордасында Уақытша Кеңес билігі орнады. Уақытша Кеңес жәрмеңкедегі сауданы өз бақылауында ұстап, жәрмеңке ережелерін бекітті. Бұл кезеңде сауда-саттық одан әрі кең қанат жайып, тауар айналымы жоғары дәрежеге жетті.
Бөкей Ордасы дамуының төртінші кезеңі 1856 жылдан 1900 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде Бөкей Ордасын Ресейдің әкімшілік-территориялық, экономикалық тұрғыдан интеграциялау үдерісі кең ауқымда жүзеге асырылды. Сөйтіп, Бөкей Ордасында ХІХ ғасырдағы сауда-саттықтың дамуы бірнеше кезеңнен өтті. Әсіресе, қарастырылып отырған аймақтағы сауда мен кәсіпкерлік үрдістері еуразиялық халықтарының бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуында ерекше орын алды. Әлеуметтік-экономикалық жетістіктерден басқа мәдени ықпалдастықтың да маңызы артты. Бұл өз кезегінде қазақ халқының өркениет жолындағы қол жеткізген табыстарының жарқын көріністерінің қатарын молайта түсті.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
-
Кекілбаев Ә. Толғауы тоқсан тарих. – Алматы: Өлке, 1999. – 398 б.
-
Фукс К.А. Пребывание в Казани киргизского хана Джаньгиря // Казанский вестник. – 1826. – 18-ч. - № 10.; Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – 656 с.; Сабанщиков. С. Рын-пески // Заволжский муравей. Казань – 1832. – 2-ч. - №13.– 660 с.; Казанцев И.О. Внутренних или Букеевских киргизах // Санкт- Петербургские Ведомости. - 1838.- № 1-2.
-
Новицкий Г. Орда Джангира Букеева // Журнал Министерства Государственного Имущества.- 1841. - Ч. 11.; Тройцкий В. Взгляд на Внутреннюю киргизскую Орду // Отечественные записки. – 1848. – Вып. ХVІІІ.; Киттары М.Я. Ставка хана Внутренней Киргизской Орды // Журнал Министерства Внутренних Дел. – 1849. – 28-ч.; Ханыков Я.В. Очерк состояния Внутренних Киргизской Орды в 1841г // Записки Императорского Русского Географического Общества. - 1849. – Кн. 1. – 145 с.; Еврейнов А. Внутренняя или Букеевская киргиз-казачья Орда // Современник. - 1851. – № 10.; Небольсин П.И. Очерки Волжского низовья // Журнал Министерства Внутренних Дел.- 1852. – №8.; Терещенко А. Следы Дешты-Кыпчака и Внутренняя киргиз-кайсацкая Орда // Москвитянинь.- 1853. – №22.
-
Медведский П. Очерк торговли сырыми продуктами скотоводства в ставке Внутренней киргизской орды в течение 1859г. // Журнал Министерства Государственного Имущества. – 1860. – Ч.22. – Кн.3.; Соныкі, Внутренняя киргизская орда в хозяйственно-статистическом отношении // Журнал Министерства Государственного Имущества. - 1862. – Ч. 80. - №2.
-
Иванин М. Внутренняя или Букеевская киргизская Орда // Эпоха. - 1864– №12.
-
Тетеревников А.Н. Очерк Внутренней торговли Киргизской степи. - Спб, 1867.
-
Бабажанов М.С. Этнографиялық мақалалар. - Алматы: Қазақстан, 1993.– 80 б.
-
Иванов И.С. Краткие сведения о ярмарке во Внутренней Киргизской Орде // Памятная книжка Астраханской губернии на 1887. – Астрахань, 1887.; Харузин А. Киргизы Букеевской Орды. Вып. І - М, 1889. – 140 с.
-
Альбрандт Я. Букеевская Орда // Вокруг света. – 1898. - № 47. – с. 29; Алекторов А.Е. Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. - Казань: Типо-литография Императорского университета, 1900 – 950 с.; Бирюков И.А. Служба астраханских казаков на кардонных постах против киргиз-кайсков (1794-1861 гг.) и при ставке хана Внутренней киргизской орды (1801 - 1898 гг.). – Астрахань, 1901.
-
Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет. – Алматы, 1991 – 196 б.; Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. - Алматы:Санат, 1995. – 225 б.
-
Рязанов А.Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа (1794-1838) // Труды общества изучения Казахстана, отдел истории и этнографии. - Кызыл-Орда, 1926. - Т.7. – 292 с.; Соныкі, Восстание Исатая Тайманова (1836-1838 гг). - Алма-Ата: Алтын Орда, 1991 – 102 с.
-
Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. - Алма-ата: Госполитиздат, 1941 – 361 с.; Соныкі, Батыр Сырым. – Алма-ата: Санат, 1998.– 340 б.
-
Шахматов В.Ф. Внутренняя Орда и восстание Исатая Тайманова. – Алма – Ата: Изд. Ан Каз ССР, 1946. – 253 с.
-
Аспандияров Б. Образование Букеевской Орды и ее ликвидация. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 290 с.
-
Бекмаханов Е. Присоединение Казахстана к России. - М: Изд. АНССР. 1957. – 339 с.; Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в ХVІІ-начале ХХ века: политико-экономический анализ. - Алма-Ата: Наука, 1971. – 662 с.; Шойынбаев Т.Ж. Добровольное вхождение казахских земель в составе Россий. - Алма-Ата: Казахстан, 1971. – 279 с.; Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс.- Алматы: Мектеп, 1981. – 295 б.; Зиманов С. Россия и Букеевское ханство. - Алма-Ата:Наука, 1982. – 171 с.
-
Қозыбаев М.Қ. История и современность – Алма-ата: Казахстан, 1990.– 253 с.; Соныкі, Жауды шаптым ту байлап. - Алматы: Қазақстан, 1994 – 191б.
-
Қобландин К.И. Социально-экономическое и политическое развитие Внутренней (Букеевской) Орды во второй половине ХІХ - начале ХХ вв.: автореф. ... канд. ист. наук: 07.00.02. – Алматы, 1990. – 30 с.
-
Кенжалиев И.Н. Исатай-Махамбет. - Алматы: Қазақстан. 1991. –
190 б.; Соныкі, Құрманғазы. - Алматы: Өнер, 1992. – 138 б.; Соныкі, Бөкей Ордасы (1801-1850). - Орал:БҚМУ баспаханасы, 2001. – 170 б.
-
Мәшімбаев С. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. – Алматы: Санат. 1994. – 220 б.; Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. - Алматы: Атамұра: Қазақстан, 1994. – 221 б.; Маданов Х. Қазақ халқының арғы бергі тарихы. – Алматы, 1995. – 250 б.
-
Касымбаев Ж.Ж. Жәңгір хан. – Алматы, 2001 – 280 б.
-
Букеевской Орде 200 лет. Под редакции Кулькенова. Том – 6. – Алматы, 2001.
-
Рысбеков Т.З. Өскен өлке тарихы. - Орал: Полиграфия, 1997. – 180 б.; Соныкі, Бөкей Орда тарихы. – Орал, 2001 – 196 б.
-
Сдыков М.Н. Формирование населения Западного Казахстана в ХVІІІ- ХІХ веках. - Алматы: Ғылым, 1996. – 220 с.
-
Бірімжаров Б.Қ. Батыс Қазақстан тарихынан. XVIII-XIX ғ.ғ. – Орал, 2002. – 147 б.
-
Харабалин Ғ.Е. ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасы. – Орал, 2004. – 238 б.
-
Алдамжар З.А. Махамбеттану – ғылымының күрделі тақырыбы // М. Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихының өзекті мәселелері» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы. – Қостанай, 2003. – 8 б. Мұқтар Ә.Қ. Махамбеттану тарихының мәселелері // М. Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихының өзекті мәселелері» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы. – Қостанай, 2003. – 49 б.
-
Жакыпбеков Д.Ш. Торгово-промышление предпринимательство в Казахстане во второй половине XIX-го начале XX веков (на примере Уральской и Тургайское области): автореф. ... канд. ист. наук: 07.00.02. – Алматы, 1991. – 30 с.; Наумов С.Н. Ярмарочная торговля в системе социально-экономических отношении на юге Казахстана (Вторая половина ХІХ-го начало XX в.в): автореф. ... канд. ист. наук: 07.00.02. – Алматы, 1995. – 30 с.; Бексейтова А.Т. Жәрмеңкелердің Қазақстандағы сауда-экономикалық қатынастардың орталығы ретіндегі дамуы: тарих ғылым канд. ... автореф.: 07.00.02. – Алматы, 2002. – 130 б.; Абилов К.Ж. История становление и развития предпринимательства в Казахстане (Вторая половина XIX-го начале XX в.в): автореф. ... докт. ист. наук: 07.00.02. – Караганда, 2006. – 30 с.; Меңдігереев К.Ж. Батыс Қазақстан аумағындағы балық шаруашылығының даму тарихы: тарих ғылым канд. ... автореф.: 07.00.02. – Атырау, 2007. – 130 б.; Гиззатов С.М. Бөкей Ордасындағы аграрлық саясат (ХІХ ғасырдың І жартысы): тарих ғылым канд. ... автореф. : 07.00.02. – Орал, 2010. – 28 б.
-
Материалы по истории Казахской ССР. (1785-1882 гг.). - М.-Л., 1940.– Т.IV. - 543 с.
-
Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках (сборник документов и материалов). – М: Изд. АНССР, 1961. – 790 с.
-
История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. (сборник документов и материалов). – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 1118 с.
-
Мукатаев Г.К. Хан Жангир – великий преоброзаватель степи. (документы и материалы). - Санкт – Петербург: Издательство М. Ирхиной, 2001. – 90 с.
-
РФ АОММ, 1-қор, 1-тізбе, 2424-іс.
-
РФ АОММ, 1-қор, 3-тізбе, 986-іс.
-
ҚРОММ, 4-қор, 1-тізбе, 1550-іс.
-
ҚРОММ, 78-қор, 1-тізбе, 7-іс.
-
ҚРОММ, 78-қор, 1-тізбе, 9-іс.
-
ҚРОММ, 78- қор, 1-тізбе, 1- іс.
-
РФ ОрОММ, 6-қор, 6-тізбе, 3764-іс.
-
РФ АОММ, 1-қор, 9-тізбе, 795-іс.
-
ҚРОММ, 78-қор, 2-тізбе, 36-іс.
-
ҚРОММ, 78-қор, 2-тізбе, 38-іс.
-
ҚРОММ, 78-қор, 1-тізбе, 2352-іс.
-
ҚРОММ, 4-қор, 1-тізбе, 304-іс.
-
Иванов И.С. Внутренняя киргизская Орда. (Краткий статистический очерк) // Астраханьский листок. – 1895. – № 186.
-
РФ ОрОММ, 6-қор, 10-тізбе, 6085-іс.
-
ҚРОММ, 78-тізбе, 7-тізбе, 8-іс.
-
Алекторов А.Е. Из письма хана Джангира к графу Перовскому. // Астраханский листок, 1892. – № 258.
-
Памятная книжка Астраханской губернии на 1891 года. – Астрахань, 1892 – 256 с.
-
РФ АОММ, 1-қор, 2-тізбе, 454-іс.
-
ҚРОММ, 4-қор, 2-тізбе, 4607-іс.
-
Веселовский Н.И. В.В Григориев по его письмам и трудам. // СПб., 1877. – 21с.
-
РФ ОрОММ, 734-қор, 1-тізбе, 4-іс.
Достарыңызбен бөлісу: |