Ең соңғысы болмасын. Ей, адамдар абайлашы, «Көркем көңіл-көл»



бет4/4
Дата04.07.2016
өлшемі0.69 Mb.
#178548
1   2   3   4

Сұлулық сыры.

Әрдайым сөздеріңнен,

Күш алып қуанамын!

Керемет сезгеніммен,

Айтуға ұяламын.
Өзіңді көрмесем де,

Жанымда сезінемін.

Жүректі емдесем бе?

Қараумен көзіңе мың.


Айтылмас сырым менің,

Сен барда бүгілмедім.

Таусылмас жырым менің,

Күнім боп күлімдегін!


Құдірет үніңде мың,

Бақытты бүгінгі күн!

Ертеңнен түңілмедім,

Өзіңмен көңіл бүтін!


Сұлусың, бал үніңнің,

Сағынышы сезіледі.

Ұмытылмас, өмірімнің,

Ғажайып кезі ме еді?!

09.04.2009жыл.
Таң нұры.

Қайырлы таң,

Көңілге сән,

Тілеулес жан,

Өзіңсің!

Жүректе ән,

Қуаныштан,

Жүрек қалай,

Көз ілсін?!
Сағыныштан,

Бағыныштан,

Жарылыстан,

Жаралған!

Құрмет, ұстам,

Сыйластықтан,

Өмір мәңгі,

Нәр алған!


Қандай бақыт!

Осы уақыт.

Адам-жақұт.

Беделмен.

Денсаулық-құт!

Еңбектен, ұт!

Жақсылық күт!

Сен елден!


Арнағаның,

Жалғағаның,

Таңдағаның,

Еліңе.


Самғағаның,

Қамдағаның.

Айнал,

Алтын кеніне!


Көңіл-көктем!

Өмір-өктем!

Гүлсің еккен,

Нұр шашқан!

Күндер өткен,

Шын жүректен,

Мың тілекпен,

Жыр-дастан!

10.04.2009жыл.

Өмір толғау.

Әрбір адам жетуге асық бақытқа,

Гүл-өмірдің шеше алдық па түйінін?

Ең күрделі жаратылыс, күйі мың,

Адамдардың адам жанын ұға ма?

Кінә артылар тағдырына, уақытқа,

Қадіріне жете ала ма сыйының,

Өмір-өрнек қайталанбас иірім,

Көңіл шіркін бір сәтке де тына ма?
Ата-ананың қадірін де түсіндік,

Өзіміз де ата-ананың бірі боп.

Олар үшін перзентіндей ұлы жоқ,

Барлық жағдай жасап кетер әлінше.

Жүрегіне мүмкін жүк те түсірдік?

Ата-ананың арқасында ірі боп.

Адамзаттың бір-бірінсіз күні жоқ,

Сыйлы өмір сымбатты ғой меніңше.


Қандай жақсы күнде жүрсең еленіп,

Көңіл шіркін күндей болып жарқырар.

Мақсат болса арайланып, таң тұрар.

Елді сыйлап, құрметтесең сый күткін!

Тек еңбекпен мол байлыққа кенеліп,

Мұхит болу тамшылардан қамтылар.

Бай болудың тым ерекше шарты бар!

Нәтижесі шыдам, арман, үміттің:


Өмір сүру-алға қарай ұмтылу,

Әр нәтиже күреспенен шешілер.

Кейде өзін құртып жүрер есіл ер,

Өзін таппай қиналады шегінде.

Мәңгі не бар? Танымал боп ұмытылу...

Тарих өзі зерттеп танып, өсірер!

Құдіреттен барлық үкім кесілер!

Ешқашанда жасыма да егілме!


Арманымен асқақтайды адамзат!

Мақсатымен талпынтады ісі де!

Ынтымақта берекесі, күші де!

Аулақ болса зиянды артық сейілден.

Ден сау болса келер байлық, әр мансап,

Жақсы мінез нұр шуақтай кісіде.

Сыйластықпен әлем, үйдің іші де,

Бар жақсылық ниет пенен пейілден!!!

10.04-13.04.2009жыл.
Сұлулық.

Әлемнің тартылысы сұлулықтан,

Мөлдірер ғажайып бір көріністе.

Ес кетіп, естен танып, берілісте,

Адамзат қимай кетер бұл мекенді!

Тұратын жанға жайлы жылылықтан,

Жүректе тым ерекше өрілісте,

Әдемі әрлендірер, сенім іште,

Сұлуды дәлелдейтін гүл екен-ді!
Сұлулық адамзаттың аңсағаны,

Көркімен көрінісін табары анық.

Ішкі рух жан дүниеден бастау алып,

Сезіммен жүрек келер дір-дір етіп!

Ай- арудан ескендей таң самалы,

Жанарына қаларсың шын қамалып.

Күн-түн сайын сағыныш мың жамалып,

Көкірегің күй төгер күркіретіп!


Ай дидар, күн келбетті, елік мүсін,

Елітіп, елжіретіп, еріксізден.

Алаңдап,елеңдеумен, серіксізден,

Аңсаған қаншама жан аласұрып.

Алып та меңгере алмас дүлей күшін,

Бар тіршілік осынау келіпті ізбен!

Күтетіндей жемісін сеніп күзден,

Махаббаттың ақ жолы салар құрық!


Сұлулық бар әлемді құтқарады!

Көңілді көркем етер көрікті қыз!

Бойыңды балбыратса желік қымыз,

Әдемі әлденені ұмыттырар!

Келісті көркем істен құт қалады!

Жер астын ойлаймыз ба жер үсті біз?

Көркемді көреміз бе,уақыт тығыз?

Сұлулық өмір мәнін шын ұқтырар!


Аспанда қалықтатса асқақ сезім,

Жасқанба тағдырыңда барлық үміт.

Жақсы көрсе өзгерер қыз бен жігіт,

Сұлуға сынық көздер көп табылар!

Ұмытылмас жаныңа жақын кезің,

Жақсылығың алдыңнан күтер шығып.

Аяулыны аяулы іздер ұғып,

Жүрекке жақын алған мол сағынар!


Суреттеп сұлулыққа жеткен емес,

Арудың ажарына арбаласың.

Құтқармас бейберекет жанталасың,

Көркемнің келбетіне көз тойған ба?

Соңыңнан мәңгі бақи қалмас елес,

Өмірде өрмекшіге таң қаласың,

Өзін шейіт қып, өрбітер бар баласын,

Сезімін өмірден де биік қойған ба?


Сұлулық салқындықты қаламаған,

Өртеніп, жалын болып көрінесің,

Қаншама күшті болсаң, берілесің,

Махаббатсыз тіршілік үйлеспеген.

Көркейтіп өзін-өзі даралаған,

Жеткізбес талпынғанмен, шегінесің.

Сұлуды сүю болар тек үлесің,

Сұлулық-жету жолы күреспенен!!!

14.04.2009жыл.
Сезім.

Жарық дүниеге келгенде,

Сезінер сәби жылылық.

Сезіммен сүрер әр пенде,

Сезіммен келер ұлылық!
Жылт еткен сәуле санаға,

Сезімді сыйлар, мәпеле.

Махаббат мәңгі анада,

Шапағат мәңгі әкеде!


Көрерсің ұстап әр затты,

Сәбиге бәрі жаңалық.

Әкелік мерей-қымбатты,

Ерекше бақыт-аналық!


Адамзат өсер сезіммен,

Өмірді сүру-дара сын.

Құрсақта жатқан кезінен,

Сезінер сәби анасын!


Сезімсіз тірлік бос елес,

Сезіммен ауызбіршілік!

Сезімсіз адам дос емес,

Сезіммен үндес тіршілік!

15.04.2009жыл.
Қарақшының қасіреті.

Ажал алды арпалысқан қария,

Денесі ысып бейне отқа оранған,

Бірде тоңып, үсігендей бораннан,

Көз алдына елес келер қорқыныш.

Өмір өлім-арпалысқан дария.

Адам да бір ит жанды боп жаралған,

Надан болып, қиянатқа бара алған,

Жата алмады жылдар бойы ол тыныш.
Көз алдына бүкіл ғұмыр елестеп,

Тізбектеліп,өте шықты шынында.

Бұл өмірдің көрген ғажап, сұмын да,

Қарақшылық кәсібі еді пір тұтқан.

Адамдыққа не өмірде теңеспек?

Себепші екен қаншама мың шығынға,

Оның бәрі ұмытылатын ұғымда,

Бір қиянат кетпей естен, қан жұтқан.


Қиналғаны-ай, қалш-қалш етіп, қан құсып,

Бұл мың азап, айлар бойы жалғасты.

Жігіт кезде нағыз алып, алмас-ты,

Инеліктей иілгіш боп қалғаны.

Жарымапты бала сүйіп, жар құшып,

Көңіл сұрар жаға ұстап, тарқасты.

Ажал тағы кеңірдектен жармасты,

Шықпай жаны, есіне алар Алланы.


Өмір бойы есінде боп қиянат,

Тілгілеген жан жүрегін мазалап.

Сол қиянат қазір жатыр жазалап,

Ес жиғанда тез шақыртты туысты.

Жасаураған көзде үміт ұялап,

Асқақтаудың арты мүлдем азап-ақ,

Жан жүрегін кету үшін тазалап,

Құпиясын тез айтуға тырысты.


«Мен атақты қарақшының бірімін,

Ешкім менің ақ жолымды кеспеген.

Елде сонда қорқынышпын сеспенен,

Есімімнен бала қояр жылауын.

Ай заман-ай, арыстандай ірімін,

Тонай салу түк емес-ті көш деген,

Талай қырғын жасадым-ау кеште мен,

Ертелі кеш айқын еді құлауым».


«Құнықтық та тоймай кеттік байлыққа,

Тартып алу біз үшін бір заңдылық.

Жастық-жалын, ойландырмас әңгүдік,

Барымтамен талай алдық үйірді.

Қиянаттан қанат сірә жайдық па?

Мына өмірде не тұрушы еді мәңгілік?

Қасиетсіз қалар жалғыз қаңғырып,

Бір Алладан осы азап бұйырды».


«Баянсыздық жеткізе ме бақытқа?

Небір айла жасадым-ау сан құрық.

Мал көбейсе, өмірімнен мән құрып,

Бір уақиға жүрегімді тесті де.

Қандай бейқам болғанмын сол уақытта,

Сол кезеңдер елес, бәлкім жаңғырық.

Қарақшы боп тұрам деппін мәңгілік,

Әттең бәрі өтті, кетті, кеш міне».


«Лақап атым елде Қара қарақшы,

Ай аңдумен, жылмен жеттім пыраққа.

Үйір жылқы, сусындаттым бұлаққа,

Ай сәулесі көрік қосқан тоғайға.

Сұлулық-ай,өзім куә, сарапшы,

Жер жаннаты осы маған тұрақ па?

Өзен ағып, әсем ағаш, құрақ та,

Сыңғыр күлкі ойды бұзды алайда... »


«Осы жерде ұрпағымды өрбітсем,

Сұлу құшсам, өміріме жар етіп.

Кеңи ме еді өмір бойы тар етік?

Оқыс үннен шошып кеттім, тың тыңдап,

Қуғыншы ма?...Үрейленіп, ентіксем,

Екі ғашық сөзі жетпей әндетіп,

Қол ұстасып, сезімдерін селдетіп,

Назданады күлкісімен қыз сұңғақ»


«Бұлар кімдер? Көрді-ау үйір жылқыны,

Қуғыншыға айтпасына кім кепіл?

Есітіп қалса құтқармайды қу нөпір,

Айдалада жүрген жын ба, сайтан ба?

Қасқырдан да адам жаман құлқыны,

Алда мені күтіп қандай жүлде тұр?

Ашылмайды деп ойлама мүлде сыр.

Ай аруды жан жар етіп қайтам ба?»


«Ал ғашықтар құшақтары айқасып,

Бейқам көңіл, ешнәрсені сезбеген.

Өмір бойы бірге өтуді көздеген,

Ыстық леп пен от шарпыған бойларын,

Бір-бірінен құлпырады жайнасып,

Шын сезімін жеткізе алмай сөзбенен,

Көріктіге көңіл кетті көзбенен,

Көрсетсем бе қарақшының айбарын?!»


«Алғаш сәтте қорқытам деп ойлағам,

Жүрегі жоқ жігіт қашар, қыр асып,

Ай-арумен сонда жағдай сұрасып,

Қанжығама байлай салсам нем кетер?!

Дәу шоқпармен ат үстінде қайнағам,

Шауып келдім, өткір-жігіт сынасып,

Нағыз қыран, жекпе-жекте гүл ашып,

Қайратынан қайысады жер бетер!»


«Қорған болып, аруына қасқайып,

Арыстанша атылады аспанға.

Тиді бастан, атым үркіп, сасқанда,

Күрзі шоқпар мүлт кетпейтін әдетпен.

Мөлдіреген жанарынан жас тайып,

Құтылмасын білді ме екен қашқанда?

Ару қыздан әлемде өзге асқан ба?

Жан айқаймен қырқылды өмір кенеттен»


«Ақылды ару өзге мінез танытпай,

Қашуды да қаперіне алмаған.

Көнгендей ме? Тағдыры осы Алладан,

Орамалмен бетін жапты жігіттің.

Үн шығармай, зарламай да, қамықпай,

Қапа болмай бұл бағына жанбаған,

Қайран қалдым, бір тамшы жас тамбаған,

Жанарымен шамын жаққан үміттің»


Ару екен табиғатпен үйлескен,

Сұлулығы әсем баққа теңесер.

Ақылы мол, дана туған, кеңесер,

Дидарынан сәуле шашты айменен.

Шауып келіп, тұрып қалдым тиместен,

Күшім сыймай ақылсызбын, мен есер.

Дегендей-ақ: «Қайсың тағы келесі ер?»

Текті ару тіл қатқаны жайменен:


-Қыз тағдыры ауыр болар, қанықпын,

Жалын болып, өте шықты есіл ер.

Дәм таусылса айқара ашар төсін жер,

Шын мәнінде кімдер мәңгі тұрады?

Сіз туралы көп естігем, таныспын,

Азаматым мені ұғып кешірер,

Мәселеңіз сіз ойлаған шешілер...

Тапсырайық, Жер-ана ғой тұрағы...


«Жүрегім де жарылардай қуанып,

Өлген жанның аттап өтіп үстінен,

Ойлағанмын, бар әлемде күшті мен,

Түнжарымда көр қазуға кірістік.

Ару қыздың әрбір сөзін құп алып,

Азаматқа топырақ боп түс кілем,

Неткен жауыз, қанішермін, міскін ем,

Тас қаладық, күмбез етіп, бір үштік»


«Таң келеді арайланып, нұр шашып,

Сұлу қызды көрсетті де айқындап,

Қыз сұранды жуынуға салқындап,

Бар өмірін маған қиған сияқты.

Ойлағанмын, ұмытылды шын ғашық,

Кербез басар, қалай ашық айта алмақ?

Жүрек сыры жанарынан байқалмақ.

Келбетінен көнгендей бір күй ақты»


«Шай қайнатым уақыттың өткені анық,

Шыдамсызбын шыққанша қалың нудан.

Тұрыппын-ау жындыдай сағым қуған,

Шыдамай жетіп барғам жүрек тулап.

Елестеткем елесін естен танып,

Көйлек қалған көк шөпте паң арудан,

Елік мүсін көрінер терең судан,

Қорқыныш ұялады қарға шулап...»


«Арудың тектілігі байқалғаны,

Қорламай азаматын көміп кетті.

Қор етпей өзін-өзі көрікті етті,

Сертіне соншалықты берігін-ай!

Жұлынып жауқазындай жайқалғаны,

Жеңілдім, ол мені шын жеңіп кетті.

Жүз жасқа жан жүрегім өлі кепті,

Егілте, ес жиғызған елігім-ай»


«Сонда ғана түсініп, аһ ұрғанмын,

Қолаң шашпен тамырға байланыпты.

Пәк болып өтуге алдын сайланыпты.

Сұлуды су түбінен әрең алып,

Тістерім тіске тиіп сақылдадым.

Орнынан қозғала алмай ай қалыпты.

Куә боп сол бір өзен, сай қалыпты,

Өмірім өмір болмай жанда тамұқ»


«Аруға көр қазылып, тас үйілді,

Жанарға еріксізден жас келеді.

Көргенсіздің көңілі пәске енеді.

Содан бері қанша жыл босқа өтті.

«Құдайы»-деп тараттым барша үйірді.

Кім ойлаған қос ағаш тасқа өнеді?

Сол қиянат мәңгілік өшкен еді,

Бірақ та ел әулие етті қос теректі»


«Дүние дос болмады, кетті алыстап,

Күндіз-түн жәутең жанар мазалады.

Әр істе жолым болмай, жазалады.

Қиянаттан қиянат өрілгені.

Адам жастық дәуренмен мың шалыспақ.

Қателікпен таусылар ғажап әні.

Кім біледі, алда тұр тозақ әлі?

Кешірсе ғой қос мұңлық сонда мені...»


Сонда қарттың көзі жайнап, талпынып,

Иықтағы зіл батпанды түсірді.

Сезінгенін жеңілдікті түсінді.

Жазғандай боп жанындағы жарасын,

Соңғы демдер келгендей ме алқынып?

Елестетті әппақ сұлу мүсінді,

Көз алдына келді батыр пішінді,

Жүрек тоқтап, құлап түсті «Қара шың»


Әрбір істен ой түйеміз ойлансақ,

Жұмыс өзі бағыт, бағдар көрсетер.

Кей адамды кей қылығы ерсі етер!

Мінсіз адам табылмайды-ау әлемде!

Қандай жақсы құрметпенен сыйлансақ,

Беделдінің ісі арқылы сөзі өтер,

Өтірік сөз өкпеліні өш етер.

Ал адамдық-биік, шексіз, көлемде!


Не тындырдық, адам болып жаралдық?

Азаматтық кітап, кино, өлеңде.

Өзін сыйлау мәдениеті төменде.

Өзімізді танып, сірә білдік пе?

Ашылмаймыз, сөйлесуде сараңдық,

Талпынуға құлықсыздау өрен де.

Күшті болсаң күштілер бар сенен де,

Сыйластыққа не жетеді тірлікте!!!


Өлмейтіндей өршеленер кей пенде,

Өзге түгіл өз қадірін біле ме?

Өз өмірін өзге үшін сүре ме?

Өскен ұрпақ өркен жаяр өнермен!

Беделіңмен орын алсаң төрден де,

Адамды сүй, мәңгілікке кім еге?

Жерде байлық, көркейерсің гүл еге!

Жақсылыққа жетуің де тек елмен!


Қиянаттан тек қиянат туады!

Жақсылығың алдан күтер нұр болып,

Ынтымағың-бақыт,байлық бір толық.

Адамдық ат жарқырайды мәңгілік!

Жаман әдет ерді шетке қуады,

Әр адамның гүл өмірі сыр тұнық!

Барлық нәрсе кетпес сірә ұмытылып,

Мызғымайтын бұл өмірде заңдылық!!!

22.04.2009жыл.
Гүлімсің!
Гүлімсің!

Көңілімнің ән тұрағы!

Шырынсың!

Жүрек сені шын сұрады!

Үнімсің!

Үміт қайта ұмтылады!

Күнімсің!

Сәуле сезім мың құлады!

Шынымсың!

Сені ойласам жыр тұнады!

Түнімсің!

Шаттық кезім шымшылады!

Құлынсың!

Сенен елдің мың пырағы!

Жырымсың!

Тәтті сезім жұлқылады!

Сырымсың!

Асау жүрек бұлқынады!

Шыңымсың!

Өмір сенімен құлпырады!

27.04-28.04.2009жыл.

Алматы қаласы.


Адамдықты сезіну.
Қандай ғажап тау көрінер көркем болып алыстан,

Жүрдек поезд уақыт жүйрік самал желше жарысқан.

Тым алыста сағынышты жүрегіңмен сезінсең,

Ұғынтады өмір өзі мойындатар данышпан.


Қайтпас, қайсар тау көрсетер ғұламалық биікті,

Өн бойына сұлулықты әсем дала үйіпті.

Қаншама жан болса өмірде сонша арман, тағдыр бар,

Қалдырары қасиеті, жақсы аты сүйікті.


Тау басында әппақ қарлар ақ сезімін көмкерген,

Күн күлмдеп, ару қыздай назды жанар төңкерген.

Қандай ғажап, өмір сүру, адамдықты сезіну,

Бұл фәниге айтыңызшы, қай дүние тең келген?!

29.04.2009 жыл.

Алматы-Ақтөбе поезі







Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет