Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты


ІІ ХАТ МӘТІНІ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет4/7
Дата25.02.2016
өлшемі0.89 Mb.
#21636
1   2   3   4   5   6   7

ІІ ХАТ МӘТІНІ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Хат – өзіндік құпиясы мол, зерттеусіз жатқан әдеби мұраға жатады. Хат арқылы заман жайлы, халықтың мұң-мұқтажын, тағдырын, хат жолдап отырған қайраткердің ішкі сыры мен мұңын да аңғарамыз. Хат арқылы оқу білімге шақыру, т.б. үгіт насихат жүргізіледі.

Эпистолярлық жазбалар тілінің өзіндік стильдік, лексика- грамматикалық ерекшеліктері бар. Эпистолярлық стилі өзге функционалды стиль түрлерінен белгілі бір жазу мәнері арқылы дараланып тұрады. Хат мәтінінің тілінде морфологиялық тұлғаларды қолдануда елеулі өзгешеліктер кездеседі. Сондай-ақ, лексикалық ерекшеліктер мен сөйлем құрылысындағы даралық сипат бірден көзге түседі. Бұл – өткен ғасырдағы қазақ тілінің эпистолярлық стилінің негізі қазақтың сөйлеу тілі мен сол тұстағы ұлттық жазба тілі болғандығын танытады. Бұл белгіні қазақ авторларының хаттарын Хұсайын Файзхановтың Шоқанға татарша («түркіше») жазған хатының мәтінімен салыстырғанда, өте айқын көруге болады. Файзхановтағы: «тағу барып болмас», «мин факир кіші», «шиш алурға йол болмады», «баруға деп тұрамын», «анда болайым днймін…сөзлер жиярға», «сізнің йацқа баруны бек тіләгән едім», «машғур болуға тіләймін», «көп яхшы емес»,»“мың йарумдай болур ми», «бек ару қазақ тілінде йзсаңыз еді…тарих хикаятлары болса», «әлбәттә», «йахшыдүр,…мәнә бергені йоқ», «бірісін сізге йібәрүрмін», «білмәймін, аны берүрлер ми?», «мені адресім бу илә» [68,126-144- бб] деген сияқты татарша-түркіше сөз, сөйлем түрлері қазақ хаттарында жоқ.

Эпистолярлық жазбалар тілінің лексикасында орыс тілі арқылы келген сөздердің молдығы, яғни қазақша баламасы жоқ тың ұғымдардың атауларын орыс тілінен алып жұмсау – аталған стильдің де, ұлттық жазба тілдің де басты даму принциптерінің бірі болды.

ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақша эпистолярлық стильдің келесі бір белгісі – түркі жазба әдеби тілдеріне тән кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдердің ұшырасуы. Мысалы, Махамбет Өтемісұлы «хурматлу батырларға» жазған хатында уа, уаһәм, бірлән, білән деген шылауларды, бек, нечүк деген үстеулер мен есімдіктерді, еді, емес деген көмекші етістіктері сөз басында келетін ж-ның орнына й-ді жазу;

-қазақша ш дыбысы естілетін сөздер ч әрпімен жазу;

-с келетін жерлерде ш әрпі таңбаланған;

-араб-парсы сөздері түпнұсқаша жазылған.

Осы іспеттес хаттың бірі Шоқан мен оның әкесі Шыңғыстың, Сәдуақастардың хаттарында да осы сияқты ерекшеліктер байқалады: бұларда да алхамдилла, иншалла, сияқты арабша қыстырмалар;

-ләкин, һәм, уа ғайри, аның үчүн (өйткені шылауының орнына);

- жоғса (әйтпесе);



-емді (енді);

-һаммасы деген қазақ тіліне жат шылаулармен қатар үстеу, есімдіктер қолданылады.

Жалпы, бүгінгі таңда ескерткіштер қатарына жататын қазақ хандарының, би, сұлтандарының, старшындарының Ресей патшасына, патша үкіметінің министрлеріне, қазақ даласын билеуші әскери әкімдеріне жазған және олардың бір-біріне жазысқан қатынас қағаздары мен хаттарының тілі түсініксіз, басқа тілден енген сөздер де көп қолданылып, оқуға қиындық туғызады.

Махамбет хатының түпнұсқасымен танысатын болсақ:

« Дәлудің 19-да 1839 йылда йолданды»,



«Хұрмәтлу батырлар Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұханбет, Амантай, баршаларыңызға бірдайін сәлемдерімізден соңыра истих-фарларың уләндірсе элха-мдиллә сізнің дұғакүйлірін-нің хамидіндә.Уәбұнден соң бүйылғы Хиуа барган сафарымы-здан саған сәләмәт қайтып келугі һәр сөзлірімізні Жарастан сұрап білерсіз. Өһәм сізләрні өзімде көруге бек интізар болсам да жұртның жайсызлығы бірлән өзімнің артқы жағымның жайсыз ашуғышлығы уәзәрә бара алмадым...». Һәм өзім де бұ халықтың ішінде тура алмаймын. Қайтып тез заманға екер алдындан барып, ханға жолығамыз. Нешік те болса бұйыл клімейінше қалмас. Әгәрдә өзләріңіздің жайларыңыз келсе Сәли старшинаны бәңә жіберіп алыңыз. Бән һәм сізләрнің хабарыңызды күтіп алсам кирәк, Ушан халықларының ішінде һәрнәшік Хиуалән әскер болмайдүр деп ойламаңыз. Әгәр орыс қазақтан нысанлық болса,бері қарап көшіңіз. Бір малыңызға да назар халқы ғайрп уәлият тия алмас. Ғәрнешік орыс турәгә хор болмаңыз. Һәм бүгінде Ғайбала ханның қолында біраз әскер бар. Адай табынның тинтәкләрін тйып, зәкәтләрін алатұрған. Һәм бийыл барған алашалар молла Жарылғас білән Ошырты бидін барған илівдәң Аллақұли хаж бажы һәм зәкәтбірісін де алмады,һәм ошар күз алашада алпыш икі үйді қырғыз Хиуадан батырлар шауып кетіп еді, шол молларны да Аллақұли кісі жұмсап,алдыруға ниетлеген ирді һәм тілеу халқылары да малжия. Алдын алып келіп берді. Орыстан шығып барған халыққа хәдірсіз имәс. һәм сіз халықтың да бізнің бірлән болғаныңызды да айтулы. АЛ-лақұли хан бек хош уақ болды. Бутәр ғайры ке язайын? Язғушы ініңіз Мухамед Утәмішұғлы дейур біләсіз: Мухамет.

Сәли бірлән Жармұқанбет достым, уақытыңыз болса, бізге бек мұқтаж шәй шекер алып беріп жіберсеңіз, бек ұлуғ мархабарлар болар еді» [56, 87-б].

Ғалым Б.Кенжебаев ХІХ ғасырдағы әдебиеттегі шығармалар тілі жөнінде: «…тілі шұбар келеді. Араб, фарсы, шағатай, татар, башқұрт, өзбек сөздері араласып жатады, жалпы «түрки» деп аталатын тіл болып келеді. Аты қазақша дегені болмаса, көбіне, тілі де, емлесі де қазаққа түсініксіз болды. Оларды қалың бұқара былай тұрсын, қазақтың мұсылманша оқыған, қат білетін адамдары-қожа, молдалары да жөнді түсінбеді» [69, 12-б], - дейді. Анығында, сол кезеңдегі жазбалардың бәрінде қазіргі қазақ әдеби тілімен салыстырғанда фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктері өте көп.

Т.Р. Қордабаев: «Өткенге қазіргі тіліміз мұнарасынан қарушылар, әдетте, көне жазбалар тілін «қойыртпақ», «қоймалжың», «шұбар тіл» т.б. деп тоқсан саққа жүгіртіп сықақ етеді. Бірақ, сол қойыртпақтың қазақтың жазба тілінің, әдеби тілінің қалыптасу тарихындағы алғашқы кезең, алғашқы бір дәуір болғандығын мойындамау тарихқа қиянат жасау болар еді» - дейді [70, 45-б]. Хат мәтіні өз заманына сай сөйлейді, сондықтан ол да қазақ әдеби тілі қалыптасуындағы алғашқы кезеңді танытады.

Эпистолярлық стильге жататын мұрағаттар тілінде де қазіргі әдеби тілімізге қарағанда өзгешеліктері лексика-фразеологиялық құрамынан, грамматикалық тәсілдерінен, синтаксистік құрылымынан, орфографиясынан көрінеді. Мысалы, Абайдың інісіне жазған хаты Шоқанның әкесі Шыңғыстың хатына қарағанда түсінікті тілде жазылса да, кейбір ерекшеліктер байқалады, мысалы, һардайым, таупықты, ғұмыр т.б. сөздер қолданылған. Ал өлеңдері қазақша жазылған. Бұған қарағанда, Абай хат жазу мәнерін сақтап жазғанға ұқсайды.

Эпистолярлық жазбаларға жататын құжаттар тілі Р.Сыздықованың [15], Б.Әбілқасымов [24]еңбектерінде талданады.

«Абай дәуіріне дейінгі хан-сұлтандардың түрліше грамота хаттарына келсек, олар сол кезде мода болған ресми-эпистолярлық стильдің сынықтары болатын. Мұнда шағатай, татар, араб-парсы элементтері басым болды» [71, 94-б] ,- деп тұжырымдайды ғалым І.Кеңесбаев.

Қазақтың хан, сұлтан, старшындарының орыс империясының әкімшілік орындарына жазған хаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, оқыған азаматтарының әлеуметтік мәні бар хаттарының тілі өзіндік ерекшеліктері көп.

Р.Сыздық стильдік ерекшеліктерінің бір белгісі құрметті, жоғары мәртебелі, мейірімді, т.б. сол сияқты құрмет көрсете, сый білдіре арнаған сөздердің татар, түркі жазба әдеби дәстүрінде қалыптасқан жазу мәнеріне сәйкес ғизатлу, хурматлу, мархабатлу, сағадатлу, биік мартабалу, ғинайтлу, құдратлу, шафағатлу тәрізді болып қаратпа сөздер арқылы басталатындығында екендігін көрсетеді. Және бұл құжаттар тілінде қолданған сөздердің басым көпшілігі қазақ тіліне тән емес, ортаазиялық әдеби тіл мен татар тілдерінікі деген тұжырым жасайды [72, 151-б]. Хат тілінен үзінді келтірер болсақ,

«Сізге белянд һурматлу ұлұғ мансаблу атамызға, меһірбанлу анамызға, уа барша іні қарындастарымызға көптен көп сәлем.

Сәлемнің бағдыда біздерден есендік сұрасаңыз алхамдилла ифтиля деб білесіз» (Шоқанның әкесіне жазған хаты). Алхамдилла деген қыстырма сөз сол кезеңдегі хаттардың көпшілігінде қолданылған.

- деб білесіз- қазіргі тілде «деп білесіз» түрінде жұмсалады.

Хат мәтінінде - п орнына б жазу дәстүрі де сақталған.

Ғалымдар: «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақша іс қағаздарының тілінде көне түркі әдеби тілдік дәстүрлі грамматикалық формалар мен сөз өрнектері көп уақыт сақталып келді… Олар уақыт озған сайын, қазақ арасынан шыққан оқыған интеллигенттердің саны көбеюіне байланысты өзгеріске ұшырап, ондағы өзге тілдік элементтер халықтық формалармен алмастырыла бастады» [38, 158-159-бб] ,- деп көрсетеді.

ХІХ ғасырда жазылған Шыңғыстың хаты мен Ы.Алтынсарин, Абайдың хаттары арасындағы айырмашылықтар сол кезеңдердегі эпистолярлық жазбалардың табиғатын танытады. Алдыңғы хатпен салыстырғанда қазақша жазылған. Бірер жерде түркі әдеби тілінің кейбір формалары кездесіп қалғанмен (есімше туғызатын ар/ер/р жұрнағы ұр/үр түрінде), қазақ тілінің фонетикалық заңдылығын сақтай отырып жазылған. Есімшенің ұр//үр тұлғасы көне шежірелерде қолданылған. Көне скерткіштер тілін зерттеген түрколог ғалымдарымыз: «…шежіреде есімше де өте жиі және әр түрлі мағынада, әр түрлі функцияда қолданылған. Есімшелер ішінде жиі кездесетіні -ар, -әр, -ер, -ур, -р, -с формалы түрі. Түркологиялық әдебиеттерде бұл қосымшаны көне -ғұр-гүр, -ғыр-ғір, -қыр-кір, -құр-күр, -ғар-гер, қар-кер жұрнақтармен төркіндес, осы жұрнақтардың фонетикалық құбылыстарға ұшыраған түрі» [72, 35-б] дегенді айтады.

Ресми стильмен қатар қарастырылып келген эпистолярлық стильдің мазмұны, көлемі, жазылу түрі жағынан өзгеше.

- белгілі бір қалыптасқан үлгіде, баяндау тәсілімен жазылады;

-лексика-фразеологиялық құрамы (саяси-публицистикалық сипатта, әкімшілік терминдер, күрделі терминдер, т.б.) өзгеше болып келеді;

-ойдың логикалық жүйелігін сақтау мақсатымен сөйлем күрделі құрылады.

-құжаттар тілі мен осы кезеңдегі хаттар тіліне эмоционалдық, бейнелеу тән емес.

Хат мәтінінің ерекшеліктері жеке-жеке тоқталуды қажет етеді. Фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшелігін талдау – хат мәтінінің табиғатын тануға, сол кезеңдегі эпистолярлық стильді тануға мүмкіндік береді. Өйткені эпистолярлық стильде фонетикалық, лексикалық, грамматикалық өзгешеліктер көп. Мысал келтірер болсақ,

сұрайлар – етістікке көптік жалғауы жалғанған, септік жалғаулардың қолданысында да ерекшелік байқалады. Мысалы, ілік септігі -дің түрінде жұмсалмай, -ім түрінде жалғанған. Табыс септігі жалаң –ы түрінде келеді, сондай-ақ, фонетикалық ерекшелігіне сөздің соңғы буынында -ү дыбысының келуін жатқызуға болады, мысалы, өткүр уа зерек; берүп, синтаксистік ерекшелігінің белгісі күрделі, шұбалаңқы сөйлемдердің кездесетіндігін жатқызуға болады.т.б.

«Әгәрдә өзләріңіздің» - е дыбысының орнына -ә дыбысын қолдану сияқты, сондай-ақ, турәгә - ө дыбысындыбысы алмастырған құбылыстар қазіргі тілімізден өзгеше екендігін танытатын белгілер. «Бутәр ғайры ке язайын? Язғушы» - ж дыбысын хат мәтіндерінде не –й, не я дыбыстарын алмастырып қолданылу құбылысы да байқалады.

Жалпы, хат мәтіндерінің тілі әр кезеңде әр түрлі сипатта танылады.

Хат мәтіндерін жазылған кезеңдерге байланысты төмендегідей жіктерге бөліп қарап, лексика-грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктерін саралауға болады:

-XVIIІ ғасырдағы хаттар;

-ХІХ ғасырдың І жартысындағы хаттар;

- ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы хаттар;

-кеңестік дәуірдегі хаттар;

-қазіргі кезеңдегі хаттар.

Әр кезеңдегі әлеуметтік жағдайлардың, экстралингвистикалық факторлардың әсері, хат жолдаушының білім дәрежесі хат мәтініне өзіндік ықпалын тигізіп отырған. Сондықтан әр дәуірдегі хат мәтінінің лексикасы да сол кезеңнің айнасы бола алады. Хат жанрының лингвистикалық сипатын талдау барысында, қазіргі әдеби тілімізбен салыстырғанда, біз осы кезеңдердегі фонетикалық, лексика-грамматикалық өзгешеліктердің де әрқилы екендігіне көз жеткіздік.

ХХ ғасыр басында жазылған қайраткерлердің хаттары таза қазақша жазылып, көпшілікке түсінікті, орыс тілі немесе араб-парсы сөздері де мейілінше аз қолданылғандығын аңғаруға болады.


2.1 Фонетикалық ерекшеліктері
Әр ғасырда жазылған хат мәтіні мен ескерткіштер тілін талдау арқылы сол кезеңдегі эпистолярлық жанр тілінің ерекшелігін көрсетуге болады. Мысалы, ХVIII ғасырда, XIX ғасыр мен ХХ ғасыр басында жазылған хат мәтінінің тілінде бүгінгі қазақ әдеби тілі тұрғысынан алып қарағанда, фонетикалық өзгешеліктер бірден аңғарылады.

ХVIII ғасырда қазақ даласының саяси, әлеуметтік, экономикалық жағын бейнелеумен қатар, бізге ХVIII ғасырдың ІІ жартысы мен ХІХ ғасырдың І жартысында эпистолярлық стильдің қандай болғандығын көрсете алады. Олар төмендегідей ескерткіштер:

«Қайып хан елшілерінің қазақтардың Ресеймен тату тұруы тілегі туралы мәлімдемесі»; «Қайыпханның жоңғарларға қарсы бірлесіп аттану үшін әскер жіберу туралы өтініш жасап император І Петрге жазған хаты» 1718 жыл 10 желтоқсан; «Кіші жүз ханы Әбілхайырдың өзінің қол астындағы адамдарымен бірге Ресей бодандығына алуды сұрап әйел патша Анна Иоанновнаға жазған хаты» 1730 жыл 8 қыркүйек;«Нұралы ханның Орынбор губернаторына хаты. 1773 жыл 19 қыркүйек» [27,15-б] т.б. хаттар жатады.

Мысалы, 1803 жылғы Айшуақ ханның жазбаларында:



Кіші юз қырғыз – қазағы юртаның бән хан хасаблаймын. Бәнім хукмым астында болғушы ішкі сархад жерлерінде сархад тарафында мақам едәшіләр уа ол Кіші бзінің һәр бөлік ұрұғларында хүкмат едеші башлық сұлтанлар, старшиналар уа билер, уа мырзалар, уа батырлар, уа ғайри яхшы адамлар жұмығ юртымызның халайықларының ғам халайықларының тыныш уа астрахатлігі үшін қылған қол уағдаларын бәнім назарыма тәслім, едүп, һәм өтүніп, сұрайлар…[73, 20-б]

Хат тілінің фонетикалық даралығына сөздің соңғы буынында дыбысының келуін жатқызуға болады, мысалы, өткүр уа зерек; берүп, едүп, үшүн, қылұп, т.б. Мұндағы өткүр, үшүн сөздерінің соңғы буынында ү дыбысының келуін орфоэпияның фонетикалық принципіне байланыстырсақ, ал едүп, қылұп көсемшелерін -үп, -ұп көрсеткіші арқылы Ғ. Айдаровтың пікірін назарға аламыз:

а) -а, -е basa – наступая:

ә) - ғалы, (-гелі), - қалы, (-келі) toplagalu – чтобы сложить

б) -уп, - іп; ajigin – услышав [74, 64-90 бб].

үп, -уіп қосымшаларының қолданыста болуы көне түркі дәуірінен қалыптасқандығы еш даусыз. Мысалы: Қанун қодуп, Табғачқа йана ічігді –Хандығын тастап, Табғашқа қайта бағынды [75, 5-б]. Ал едүп, құлұп- етістік құрамындағы ұп көсемшенің жұрнағы. Орхон жазбалар тілінде де, орта ғасыр мұраларының тілінде де көсемшенің ұп, үп тұлғаларының кеңінен қолданғандығын білеміз. Ол қазіргі жазуда орфографиялық заңдылыққа сәйкес -ып, іп түрінде жұмсалады.

Қазіргі тіліміздегі әр деген араб тілінен енген сөз бастапқы күйінде, жазылу тұлғасын сақтап -һәр түрінде жұмсалған.

Ұрұғларында, тұғры, жұмығ т.б. сөздерде қазіргі қазақ әдеби тілі тұрғысынан қарағанда басы артық -ғ дыбысының сөздің соңында жиі жұмсалуы байқалады. Бұл - негізінен оғыз тобына жататын тілдерге тән құбылыс. Ғалымдарымыз көне түркі тілінде сөздің абсолют басында ғ,г дыбыстарының жұмсалмағандығын, сөз соңында жиі қолданылғандығын айта келе, көне түркі тіліндегі сөз ортасында қолданылған ғ,г- дыбыстарының ықпал заңдылығының нәтижесі екендігін тілге тиек етеді [72, 59-б].

Сондай -ақ яхшы, юз сөздеріндегі сөз басындағы я, ю қосарлы дауысты дыбыстардың орнына йахшы, йуз болғанын көне, орта түркі ескерткіші материалдары бойынша дәлелдеуге болады, яғни мұнда й – ж сәйкестігі орын алып тұр. «Қазақ тіліндегі ж қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында сөз басында айтылатын й-дің, сондай-ақ көне түркілік й-дің көрінісі» [72, 68-б].



Хүкмат- сөзі бүгінде дыбыстық өзгерістерге ұшыраған, яғни үкімет түрінде жұмсалады. Сөз басындағы х-дыбысы түсіріліп қалады. Хат мәтінінде араб-парсы сөздері түпнұсқа түрінде жазылған. Қазақ тіл білімінде шығыс тілінен енген сөздердің түбірі бүгінгі таңда өзгеріске ұшыраған күйінде жұмсалатындығы фонетикалық заңдылық ретінде қаралады.

Хат мәтінінде түбірі қатаң дыбысқа аяқталған сөзге де, ұяң дыбысқа аяқталған түбірлі сөзге де көптік жалғауының тек -лар, -лер, ләр түрі жалғанған, яғни қазіргі тілдегі заңдылық сақталынбаған. Оның себебін біз, біріншіден, ол кезеңде әлі де болса, дыбыс үндестігінің толық қалыптасып болмағанымен түсіндірсек, екіншіден, «көптік ұғым чуваш тілінен басқа түркі тілдерінде -лар аффиксі арқылы беріледі. Түркі тілдерінің көпшілігінде соңғы дыбыстардың сапасына қарай -лар аффиксінің басқы дыбысы ассимиляцияланып, әр түрлі варианттар пайда болды. [76, 103-б]

М. Томановтың пікірін басшылыққа алсақ, хат жазылған уақытта -лар аффиксінің ассимиляциялануы әлі бола қоймаған. Қатаң дыбысқа аяқталатын сөздерге -дың, -дық, -дар сияқты ұяңнан басталатын қосымша жалғанған: хазратдар, қазақдар, халықдың, халықдық т.т.; жұрнақтардың да түбірімен үндесуі қазіргі тіліміздегіден өзгеше: айыплан, сабаблы, башлатқан т.б.

Бұл белгілермен қатар сөз басында қазақша ж дыбысы келетін жерлерде j (й) әрпін жазу: йыл, йаш, йазұлады, йахшы, йаман;



ш әрпінің орнына ч: барча, чақлы, үчүн;

с әрпінің орнына ш: түйе башлақтан бір тоғұз, іш (іс), кіші (кісі), йаш т.б. жазу дәстүрі сақталады. Бірақ ерекше көрсететін жайт – бұл орфограммалар қатаң сақталмайды, сондықтан -йер ~ жер, іш ~ іс, бойұнча ~ сайлауынша сияқты бір сөздің немесе форманттың қазақша - “түркіше” екі нұсқада жұмсала береді.

-С-дыбысының орнына -ш дыбысы алмасып, қатаң дауыссыз дыбысқа аяқталған сөздерге үнді дыбысынан басталатын қосымша жалғанады. Мысалы, базар бастығы сөзі - хат мәтінінде базар башлұғы түрінде келеді.

Сонымен, эпистолярлық стильде жазылған ескерткіштер тілінен төмендегідей дыбыс алмасуларын атауға болады:

-с- қатаң дауыссыз дыбыстың орнына ш-дыбысының жазылуы;

- сөздің соңғы буынында ұ және ғ дыбыстарының келуі;

- п~б сәйкестігінің аңғарылуы;

- б~м дыбыстарының алмасу құбылысы байқалады.

Бұл құбылыстарды «Дауыссыз дыбыстар -б~м , бен~мен, бің~мің. Бұл ауысу, яғни соңында -н,-ң дыбыстары айтылған сөздің басында -б дыбысының м-ға ауысуы кейінді мұрын жолды дыбыстардың кейінгі ықпалының нәтижесі болуы мүмкін» [77, 36-б],- деген ғалымдардың пікіріне жүгінеміз. Хат тілінде: мен, менің жіктеу есімдігі – бән, бәнім тұлғасында келеді.

Сондай-ақ, хат тілінде п~б сәйкестігі аңғарылады. Сәлемнің бағдыда біздерден есендік сұрасаңыз алхамдилла ифтиля деб білесіз (Шоқанның хатында) немесе айтұб, болұб т.б сөздерде кездеседі. П дыбысының орнына б -әрпінің келуі дыбыс үндестігінің әсері деп айтумызға болады.

Мархаматұлы сұлтанға Сұлтан Шұға Нұрғали ұғлының хатының тілін алып қарайтын болсақ, төмендегідей өзгешеліктер бірден аңғарылады. Қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтары сақтала бермеген. Хатта сол айтылуы бойынша жазылған деп есептейміз. Мысалы, ұлұғ, бұрұн, хұзұрызда, һөнүз, үшүн, бұрұнғы, алұштұрмайынша, қайсыдұр, ибәрүләдұр, мархаматлұ, т.б. түрінде беріледі.

Ал етістіктердің болұп, қошұп, ерүп түрінде жазылуын буын үндестігі деп айта алмаймыз. Ол Орхон жазбалары мен орта ғасыр ескерткіштер тілінде де кездесетін көне түркілік көсемше тұлғасы болып табылады.
Хатта тиісті сөзі - тишлі түрінде келсе, -ж дыбысының орнына -и дыбысының қолданылуы да кездеседі. Жоғарыдағы хатпен салыстырсақ, түсінуге болады. Себебі, Айшуақ ханның хатында татаризм, шағатаизм, кітаби тіл элементтері басым, екінші хат мәтінінде де көп.

Мысалы, Болұп өткен хан қырғыз-қазақларының ыхтиялары илә сайлаулары бойынша ол ұлұғ император ағзам хазратларының ыхтияры илә тағайынләнгән ерді. Кіші юз қырғыз-қазақ юртына Орала суының сахра тарафына уа хажы тархан сахарасында көшүп уа қонұп юргушіләргә өзі билеуші ханлықға қайсыдұр кім үшбу иылда май юлдұзының 12 юмында ол ұлұғ алла тағаның тақдыры боюнша офат өліңді. Өзінің офатындан бұрұн ол хан бізләрінің хұзұрызда өсиет қылды, яғни ханлық мырасыға уа аның илән билемекілікке қырғыз-қазақ жамағатларұны белгүледі өзіден тұғмыш ұғлы Жаһангер сұлтан Бөкей хан ұғылы ақсүйек нәсілінден тұғмыш, бірақ һөнүз туғалы он дөрт яшында аның үшін өзінің кәміл яшына тігенше тағайынланды оның янына шол қырғыз-қазақ жамағатларыға хұқүмәт едүп тұрарға бәрі шол бұрынғы дәстүр бойынша.



Нешүкдұр кім аңа ол ұлұғ император ағзам хазратларұндан тапшырұлмышдұр, өзі илә бір тұғма інісі сұлтан шұғай Нұрғали ұғлы һәр қаю қырғыз-қазақларұндан шоның үшүн сұлтанларұндан, старшиналарұндан уа биләрұндан уа һәм күллі қырғыз-қазақларұндан башарақ қадыр-хұрмет қылмақ үшүн дәстүр бойынша. Нешүкдұр кім ол хан Бөкей Нұрғали ұғлының өсиеті бойынша бізләр баршаларұмыз бір юркәдән риза болұп қыламыз мақболландұрдұқ өзләріміздің инабатлұ кепілік хатымыз бірлән ол өсиетні тахқық уағдамыз илә бізләр сақламақға алұштұрмайынша. Қайсыдұр кім сізге қошұп ибәрүләдұр бізнің мархаматлұ сұлтанұм сізнің хазратыңыздын өтүніп ділайміз қаюы өзіңізнің елтмәмеңіз илә мағлұм қылмақға сыйламақ, өзәріне тахқық тағайын қылмақлықға қаю баршаны кәмәнстаф низамынша. Нешүкдұр кім болды бұрұнғы болұп өткен генерал майор Павел Семенович Попов аның соңында қалған войсвокой старшина уа һәм ковалер Филипович Скворцов үшбуының үшүн өз тарафындан әкәһләндүрмәкке уа һәм барша мұндағы қырғыз-қазақ жамағатларны, шоның хақында бізләр сізге ышанамыз, үшбуңәр тиішлі рәуішше шариғ қанұнға муафық бақы ғайырұсында қаламыз. Сізге өзімізнің хайыр-хұда еллігіміз илә саратан юлдызының 25 юмінде 1815 иылда.

Нешүкдұр кім – кім деген сұрау мағынасын білдіруде жұмсалған.



мархаматлұ – мархабат

сұлтанұм – сұлтаным;

мағлұм – мәлім;

һөнүз – күндіз;

дөрт яшында – төрт жасында.

инабатлұ – инабатты.т.б. Хат тілінде кездескен сөздер бүгінгі таңда фонетикалық өзгерістермен жұмсалады.

Ал орыс графикасымен берілген хаттардың мәтіндерінде бұл көрсетілген орфографиялық ерекшеліктердің бірде-біреуі жоқ, мысалы, қазақ тілінің 1897 жылғы күнтізбеде «Көшпелі халықты басқарып тұру турасында» деген атпен 1891 жылғы «Степное положениеден» аударылып берілген мәтіннің жазуында қазақ тілінің ауызша айтудағы фонетикалық заңдылықтарын мейлінше сақтау принципі ұсталынған. Соның нәтижесінде ерін үндестігі: ÿйдöн, öзÿнÿн, болуп; түбір мен қосымшалардың дыбыс үндестіктері де: кöшпели, калыктын, жерлери, ағаштар; араб-парсы сөздерінің ауызекі сөйлеу тілдегі қазақша қалыптасқан вариантта берілуі де: калык; локсат, жа, аким, иктіар, кисап, адет, ар бир,; штрап, болус, уез, земленке, аулнай, кандилат, песир, нагрет т.б. орын алған.

Мұнда орыс сөздерінің жазылуы екі түрлі принципте: бірі жоғарыда айтылған сөйлеу тілінде қалыптасқан түрінше жазу, екіншісі орысша орфограммасын сақтап немесе соған мейлінше жақындатып жазу. Мысалы, статья, Внутринних дел Министр, военный губернатор, начальник, правленіе, закон, волостной съезд, волостной управитель, Министерство Государственных Имуществ, Общества, чиновник т.б. сөздер осы көрсетілген түрінде жазылған.

Абылай сұлтанның Сібір губернаторы Сухаревқа 1745 жылғы жазған хатына талдау жасау барысында фонетикалық жағынан даралықтар бар екендігін байқадық.



Ғизатлу хүрмеилу уа меруетлу уа шәукетлу уа барчаға рахымлы улуғ падшаһ хазіретлерінің ғасподин Алексей Михайлович Сукроф йанаралға мен Абылай сұлтанның көбдін көб дұғай сәлем. Біз мұндаесен аман тұрамыз шүкір аллаға. Сіз онда есен аман болұңыз. Сөзіміз олдұр мұнда падишаһ йыртына қаршылық қылыб йатқандың һеч файда тапмадұқ. Мұнда қазақ йұртына аралай алмадұқ анда өрус йуртына аралай алмадұқ ескі қылған йазықларымызға йаңа тәуба қылдұқ падшаһға баш саламыз тиділәр уч йұз үйлі кішінің башлығы бізке келіб баш салұб қайтды аңа но хүкім қыласыз му йа иса баш салма деб хүкім қыласызлар муаның хүкімін ғасподин Алексей Михайлович йанарал Сіз білүрсіздер сізнің айтқан биүрұғыңызча падшаһға баш салыб құл болұб көнүб тұрмаңылықа мүштадүр ол халықлар шолардын бір икіт Тобол шаһарына тұрмада тұрадүр деб ештүбләр атасының аты Жаулы бай ағасының аты Ибаш өзінің аты Байикіт падшаһға баш салүб қүл болған себебілі Сіз Алексей Михайлович йанарал рахым қылыб қайтарғай едүңіз мәғар рахым қылсаңыз бізнің иберген Чафа ұғылы Ешдәулет деген йала йолдашы есен аман ұғылы Боздақ шолардын қалдұрмай иберген едіңіз.

Хат мәтінінде төмендегідей дыбыс алмасулары кездеседі:

а) ж-й дыбыстарының алмасуы: йала йолдашы; йанарал, йатқандың, йазықларымызға йаңа, йұртына т.б.

ә) п-б дыбыс алмасуы салүб, келіб, болұб, көнүб т.б.;

в) ғ-у дыбыс алмасуы йағлық, йағершілік т.б;

г) п-ф дыбыс алмасуы хафа болдық, тарафынан, сафар, кіріфтар т.б;

ғ) ш-ч дыбыс алмасуы барчаға, биүрұғыңызча, уч т.б ;

д) п-м дыбыс алмасуы тапмадұқ.

Хат тіліндегі мақтау сөздері -лу жұрнағымен аяқталады. Бұл – есім сөз таптарынан сын есім жасайтын -лы/-лі жұрнағының варианты. Оның -лу түрінде айтылуын кітаби шағатай тілінің әсері деп қабылдаймыз.

Қазіргі тіліміздегі әр, ақыл түріндегі сөздер араб тілінен енген бастапқы қалпын сақтап һәр, ғақыл түрінде қолданылған .

Сын есім тудырушы жұрнақтары хат мәтінінде қатаң дыбыстан кейін де ұяң түрінде келеді: көбінесе туынды сын есімдер -лы,-лі жұрнағы арқылы жасалған. Мысалы, рахымлы т.б.

Тәуба қылдұқ; һеч файда тапмадұқ; аралай алмадұқ. Қазіргі тіліміздегі -дық, -дік тұлғасы - дұқ, -тұқ түрінде келеді.

Шыңғыстың хатында төмендегідей фонетикалық өзгешелік көзге түседі:



дыбысының орнына б дыбысының келуі (мен-бән, менің-бәнің);

-б-п сәйкестігі (деб);

араб сөздерінің бастапқы қалпында, дыбыстық өзгеріске ұшырамай қолданылуы (һеш, жаһаттанып);



і-ұ сәйкестігі;

қ-х сәйкестігі(ұлығ);

а-ә сәйкестігі әгәрда; т.б.

Шоқанның хаттарында түркілік сөздер бар. Дегенмен, Шыңғыстың хатымен салыстырғанда қазақша, түсінікті.

Шоқанның хатында:

«Сізге белянд һурматлу ұлұғ мансаблу атамызға, меһірбанлу анамызға, уа барша іні қарындастарымызға көптен көп сәлем» аяқталғанда эпистолярлық стильге тән сәлем жолдайды. «Дәю, жазғушы ұғлұңыз Мұхаммед- Ханафия» т.б. Хұда бұйырса, хұда қаласа, алла нәсіп еткей, алхамдилла, хұда разы болсын деген тұрақты тіркестер жұмсалады.



- қ-х сәйкестігі байқалады. Құдай-хұда түрінде жазылған.

Махамбет хатында да фонетикалық ерекшеліктер төмендегідей. Хаттан үзінді келтірер болсақ, Хұрмәтлу батырлар Баубек Нәдірқұл, Сәли, Жармұханбет, Амантай баршаларыңызға бірдайін сәлемлерімізді соңыра истихфарларыңыз уләндірә әлхамдиллә сізнің дұғакүйләріңіздің хамидіндә. Уә бүнден соң бұ йылғы Хиуа барған сафарымыздан сағ сәләмәт қайтып келугі һәр сөзләрімізні Жарастан сұрап білерсіз. Өһәм сізләрні өзім де көруге бек інтізар болсам да жұртның жайсызлығы бірлән өзімнің артқы жағымның жайсыз ашушылығы уәзәрә бара алмадым. Өһәм өзім де бұ халықтың ішінде тұра алмаймын. Қайтып тез заман ғаскер алдындан барып, ханға жолығамын. Нешік те боса бұ йыл келмейінше қалмас. Әгәрдә өзләріңізнің жайларыңыз келсе. Сәли старшинаны бәңә жіберіп алы. Бән һәм сізләрінің хабарыңызны күтіп алсам кирәк. Ушан халықларның ішінде һәрнешік Хиуадан әскер болмайдұр деп ойламаңыз. Әгәр орыс-қазақтан қысаңлық болса, бері қарап көшіңіз. Бір малыңызға назар халқы ғайри уәлият тия қылмас. Һәрнешік орыс турәгә хор болмаңыз. Һәм бүгінде Ғайбала ханның қолында біраз әскер бар[56, 102-б].

Хат тіліндегі фонетикалық ерекшеліктер:

Араб сөздерінің бастапқы қалпында, яғни түбір қалпында жұмсалуы: ғаскер-әскер; һәрнешік- әр түрлі; һәр -әр; уәлият –аймақ

«Әр есімдігі араб тіліндегі «һәр» деген парсы сөзінен алдыңғы һ дыбысын түсіріп айту негізінде пайда болған. Бұл заңдылық күншығыс тілдерінен енген сөздердің көбінде кездеседі» [72, 56-б].

Көптік жалғауы фонетикалық заңдылықтарға бағынбай қолданылады Мысалы, сізләрні, сөзләрімізні, көптік жалғауын айтуымызға болады;

- с~ш дыбыс алмасуы- ( һәм ошан күз алашадан алпыш икі үйні қырғыз Хиуадан батырлар шауып кетіп еді, шол малларын да да Аллақұли кісі жұмсап, алдыруға ниетленген ирді һәм тілеу халықлары да малының алдын алып келіп берді) алпыс-алпыш – осындай сәйкестіктер көне ескерткіштер тілінде кездесетіндігін білеміз. Мысалы, “Жамих-ат тауарих” шежіренің тілінде есептік сан есімдер беш, йетміш, алпыш түрінде жұмсалады.

- е~и және ә~е сәйкестіктері: алпыш икі – алпыс екі; кирәк –керек;



турәгә - төреге;, иліндән- елінен т.б. әгәрдә- егерде- татар тілінің әсері.

-ілік септігінің -ның жалғауы хатта қатаң дауыссыздан кейін жазылған. Яғни дыбыс үндестігі сақталмаған. Мысалы, жұртның, халықның т.б.

- дыбыс үндестігінің сақталмауы түбірге жалғанған қосымшаларының көпшілігінен байқалады. Мысалы, халықлары, сізләрінің, хабарыңызны т.б.

Сонымен, Махамбеттің хатындағы ерекшеліктерді былай қорытуға болады:

- сөз басында келетін ж-ның орнына й-ді жазу (йыл, йолланды, йазғучы, Иармухамбет, йазайын);

- септік жалғаулары жалғанғанда дыбыс заңдарын сақтамайды: үйні, жайсызлығы, йуртының, сізләрнің т.б.;

- бұл хаттағы алатурған, алтмыш, бірісін деген тұлғалар да қазақтық емес.

- жіктеу есімдігі мен, маған тұлғасында емес, бән, бәңә түрінде келеді;

- қазақша ш дыбысы жазылатын сөздер ч әрпімен жазылған (чауыб, алача);

- с әрпі орнына ш әрпі таңбаланған (йумшап, шул, кіші);

- араб-парсы сөздері түпнұсқаша жазылған.

Абайдың Халиуллаға жазған хаты қазақ әдеби тілінен, ақынның шығармаларынан фонетикалық ерекшеліктері арқылы дараланады:



Сізге, ғизатлу уа хұрматлу ғазиз мүккарам ініміз Халлиулла мырзаға, бізки ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем! және Уа һәм ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптен-көп дұғай сәлемлер йолдадық. Алхамды лилла, үшбу күнде сау-сәлеметлерміз өзің көрген жандар һәммасы. Уа қана бізге хат йазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.

Һәрне сізге дінқарындашылық тұрғысыдан қылған олшлықлары алла тағаладан қайтсүн, өзіне хат йазуға уақыт тар болды.

Аягөзге келген уақытта пошта йүрерге тығызланғанда екен, һәрне хатларды да көрдүк. Бижай діл қабылымыз олды[78, 213-б].

Абайдың Халиуллаға жазған хатындағы фонетикалық өзгешеліктерді төмендегідей сипаттауға болады:



- ж дыбысының орнына -й әрпінің берілуі- йолдадық, йазуға, йазған, йүрерге, йібердік т.б.; Бұл ерекшеліктерді « қыпшақ тілінде сөз басында й, ж, дж дыбыстары жарыса қолданылады. Қыпшақ тілдеріне тән ортақ құбылыстар, екінші жағынан, оларды басқа топтарынан ерекшелейтін белгілер осылар» [70, 40-б] деген ғалымдар пікірімен ұштастырамыз. Мысалы, йазғұшы ағаңыз Ибраһим Құнанбайұғли даиу білесіз.

-л~д~т сәйкестігі аңғарылады. Мысалы, -дер көптік жалғауының орнына -лер вариантының жұмсалуы - сау-сәлеметлерміз;

- ерін үндестігіне сәйкес жазылуы байқалады. Еріндіктен басталған сөздердің екінші буынындағы езулік -ы, -і – дыбыстары өзгеріске түседі, яғни ұ дыбысына сәйкес дыбысталады, жазғанда да айтылуы сақталады. “Ы дыбысы көбінесе көне түркілік у дыбысының көрінісі болып келеді». Мысалы, қайтсүн, көрдүк,т.б;

Ал Ы.Алтынсарин хаттарында фонетикалық ерекшеліктер көп ұшыраспайды. Орыс сөздері молынан қолданылған. Орыс сөздері фонетикалық өзгеріске түскен күйінде де, өз қалпын сақтап та қолданысқа түседі. Ы.Алтынсарин хаттарынан ерекшеліктерді көре алмауымыз, хаттың орыс тілінде жазылғандығы, қазақ тіліне аударылғандықтан сол кезеңдегі эпистолярлық стильдің сипаты байқала қоймайды.

Хаттың мазмұнынан ұлы ағартушының мектепке, мұғалімге деген көзқарасын көруге болады. Бұл хаттан Ыбырай Алтынсарин тұсындағы жеке адамдар арасындағы хат үлгісін көрсек, екіншіден, ұлы ағартушының өз ана тілінің сөз байлығын қаншалықты жете пайдалана білгенін де байқаймыз. Мәтін төмендегідей:

«Қадірден ағамыз Байекеге көп сәлем».

«Бағдұнде алхамдиллә бармыз. Бұл жақтың қары жұқа, малы семіз, бірақ малда да, адамда да сырхау бар. Адам ауруы қарасан, малда сығыр бірлә түйе өліп жатыр.

Мұның бағдұнда жаңа арада учитіл Мазахинден хат жолықтым. Моллалар Бақтұбайның тұрған үйінден қуамын деп машақатланұбдұр. Биұл школда болған уақұтымда Бақтұбай жамағатым бірлә тұрамын деген соң, мен айтұб едүм сол Бақтұбайның осы тұрған фәтерінде тұрұр, оның үчүн учитіл болған адамлар жақын жерде тұрмаса, күн-түн қатынамағы боран-чашын болғанда мүшкіл болса керек деб және осы Бақтұбайның тұрған үйі түбінде школға керек болады деп былтыр школ ачқан уақытында да ауыз (ча) нече рет өзіңізгеде айтұлған сөз еді. Һәр нечік әуелде школының медіресе жайларында болмақына рұқсат берулері рас болса школның өзіне кереклі орынларын алұб дайындалмасқа түбінде де мүмкін емес. Бұл рәуішлі һәр 1 молла һәм ғайри қазақлар күнде біреуі келүб учитіллерге азар берүб жәбірлей берселер, школының да күн көрүб тұрмағы қиұн болса керек.

Соның үчүн хәзірәтүңізден көб өтінемін бұл тығынлықларын кім етүб жүрсе де қойдұрсаңыз еді. Моллалар айтадұмыс шәкірд балалар оқұытуға керек деп сұраб ұарасаұ, медіресеге оқимын деп келген де бір шәкірд жоқ. Мұндан көрінердүр тек школыңа тығызлық беруінің талабы бар екеннігі. Егер бұ тұғрыда сізнің мәслихатұңызңа тоқтамасалар, өтінемін маған тез арада хабар берсеңіз еді. Тиүшілі хакімлерге мұндай кісі басына хакімлік етүб учитіллерге абида беруден құтқарсаңыз еді деб жазұб өтінем екім үчүн кәзірде сізден 1 ақыл сұрамай һәм хабарұңызға еріштірмей бөтен кішілерке білдіруші лайық көрмеген үчүн сәзні бимазалап хат йаздым.

Ғайыпқа биұрмайсыз деп хайыр дұңаларыңыздан үмідде қалучы ихласы қызметкеріңіз Ибраһим Алтұнсарин, 28 ғинуарда» [79, 32-б]

Бұл хат сол тұстағы өзге ресми хаттарға тән, мәтіннің басында келетін ұзыннан-ұзақ жартылай арабша, жартылай қазақша, мәтінге қатысы жоқ арнау сөздерден аулақ. «Қадірден ағамыз Байекеге көп сәлем» деп бастайды да, бір - екі сөйлеммен амандықты қысқаша айтып, өзінің негізгі көтерілген мәселесіне тікелей көшеді. Хаттың тілі жатық, сол тұстағы қазақтардың сөйлеу тілімен жазылған. Сөйлемдері қысқа, баяндалған ойы да анық, әрі түсінікті. Алайда хатта сол тұстағы қазақ қауымы қолданған көне жазба әдеби тіл (түркі) әсері де аз да болса кездесіп отырады. Кей жерлерде с, ж дыбыстарының орнына ш, й дыбыстарын жазып жіберу, түбірге қосымша қосылғанда үндестік заңдылықтарының сақталмауы сияқты жәйттер мұнда да кездесіп отырады. Мысалы, тиісті кісілер, жазды, керекте, орындар сияқты сөздер хатта «тиүшілі, кішілер, йаздым, кереклі , орнылар» түрінде жазылған.

Сонымен, хаттар тілінде төмендегідей ерекшеліктерді атап өтеміз:

1. Түбірге қосымша жалғанғанда үндестік заңның сақталмауы, қазіргі тіліміздегі жылдар-жыллар, растығына-раслығына, халықтың-халықдың, біздің-бізнің, себепті-сәбәбілі, адамдары-адамлары, ұқсастар-ұқсалары, тиісті-тіишлі т.б. түрінде жазылуымен ерекшеленеді. Бұл хаттар тілінің татар тілінің әсеріне де байланысты, көне тұлғаларды қолдануына, араб т.б. тілдердің әсеріне де байланысты өзгешеліктері деп есептейміз.

2. Қазіргі тіліміздегі емле заңдылығына сәйкес ш жазылатын тұстарға ч әрпінің келуі де өзгешелігін танытады. Мысалы, акча, бұлайча, барчамыз, т.б.

3.- ы,і дыбыстарының орнына ү/ұ жазылады.

4. Сөз соңында қазақ тілінде п жазылатын сөздерге хат мәтінінде б-дыбысының жазылуы. Мысалы, болыб, қылыб, байқаб, сөйлесіб т.б.

5. Араб, парсы сөздерінің түпнұсқа тілдегіше сақталады. Хүкмат, хисаб, һәрәкет, ыхтиар т.б.

6. Орыс сөздері дыбыстық өзгеріске ұшырап, қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес, айтылуы бойынша қолданылуы басым. Начәлнік, ойазнай, песір, школ, учител т.б.

Қорыта айтқанда, осы кезеңдердегі нұсқалардың бір ерекшелігі қағазға түскені, сондықтан бұлар сол тұста қазақ эпистолярлық стилінің қандай сипатта болғандығын тануымызға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңдағы эпистолярлық стиль үлгілерінің қазіргі әдеби тілімізбен салыстырғанда фонетикалық ерекшеліктері жоқ. Орфографиялық заңдылық басты назарға алынады.

Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптарда жазылған көркем шығармаларда хат үлгілері фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағынан тілімізден дараланады. Оның себебін кейіпкерлердің, қаһармандардың өмір сүрген дәуірін шынайы суреттеу мақсатында қаламгер сол кезеңнің эпистолярлық жанрдағы туындыларының сипатын сақтауға тырысатындығымен түсіндіруге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет