Автор дүниетанымының көркемдік әдіс таңдаудағы орны қандай?
Әдеби бағыт пен көркемдік әдістің айырмашылығы бар ма?
Классицизмнің негізгі қағидаларын атаңыз.
Романтизм мен реализмнің негізгі ұстанымдары қандай?
Романтизмді әдіс ретінде қарастырған дұрыс па, әлде ол әдеби бағыт па?
Қазақ әдебиетінде модернистік шығармалар бар ма? Жауабы- ңызды негіздеңіз.
«Социалистік реализмге жаңаша көзқарас» тақырыбында өз- дік жұмыс жазу.
1 Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар // Қазақ әдебиеті, 29.10.2004.
ӘДЕБИ ПРОЦЕСС
Әдеби процесс
Әдеби процесс (үдеріс) – әр ұлт әдебиетінің әр түрлі дә- уірлерде түрліше қалыпта даму үрдісі, сонымен қатар әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи дамуы, жанды қозғалысы. Термин 1920 жылдардың соңында мәдени контекст аясында көркемдік тұтастық ретінде танылған әдебиеттің тарихи болмысын, эволюциясын сипаттау мақсатында пайда болды. Бұл ұғым 1960 жылдардан бастап ұдайы қолданыста жүр. Тарихи-теориялық талдау әдеби процесс эволюциясының сызық бойымен, бірқалыпты дамымай, тұрақты және өтпелі кезеңдердің диалектикалық тұрғыда ауысып отыр- ғанын көрсетеді.
Әдеби процесс терминімен белгілі бір ел мен дәуірдің әдеби өмірін, сонымен қатар одан да ауқымды, бүкіл әлемдік деңгейдегі көп ғасырлық әдебиеттің даму тарихын белгілейді. Әдеби үдеріс әрбір тарихи кезеңде әлеуметтік, идеологиялық және эстетикалық тұрғыдан жазылған әр алуан сапалы кесек образдар мен қарапайым бейнелер кескінделген қарадүрсін шығармалардан көпшілікке арналған әдебиеттерге дейін өз бойына жинап, үздіксіз сіңіріп отырады. Әрбір әдеби шығарма – өзі жазылған тарихи дәуірдегі қоғамдық шындықтың айнасы. Өмірдің даму заңдылығы көркемөнерге де тән. Әдеби процесс - әр халық, ұлт әдебиетінің даму үрдісінің белгілі дәуірлердің әр кезеңінде әр түрлі жағдайда, алуан қалыпта болып отыруы.
Әдеби үдеріске тән ерекшеліктің бірі – дәстүр жалғастығы. Дәстүр мен жаңашылдық - әдебиеттанудағы ең өзекті мәселелер- дің қатарында саналады. Себебі әдебиет дамуының, өркендеуінің негізі, жалпы тіршілік дамуының тетігі - дәстүр мен жаңашыл- дық. Бұл екі ұғым бір-бірімен байланысты, бірінен екіншісі туындайды. Жаңара да жалғаса дамып отыратын әдеби процесс күрделі диалектикалық даму заңдылығына бағынады.
Түрлі анықтамалық басылымдарда көркемдік дәстүрді өнерді дамытудағы, өткен дәуірлердің көркем тәжірибесін иге- рудегі сабақтастық деп қабылдайды. Мысалы, ХХ ғасырға дейін қазақ әдебиеті өлең сөз шеңберінде дамып келді және оның жаңадан қалыптасқан проза жанрына әсер етті. Әдебиетімізде қара өлеңнің десі басым болғандықтан, ХХ ғасырдың басында қара сөз шеберлерінің туындылары поэзияға жақын болды. Бұл турасында Ә.Дербісәлин: «Қай салада болмасын, жалпы дәстүр атаулыға тән қасиет – ол дайын күйінде тумайды, не өзге біреуден оңай алына салмайды, ол заманалар жемісі, тәжірибе- лер нәтижесі, уақыт сынынан, ұрпақтардың ақыл-ой елегінен мүдірмей өткен, халықтың тіршілік-тұрмысына жауап беру ар- қылы өміршең сипат алып, әрдайым өсіп, өніп, жалғасып отыр- ған әрі тұрақты, әрі жанды, белсенді құрал»1 - деп жазады. Орыс әдебиетінде осы мәселеге ХХ ғасырдың басында назар аударған В.Маяковский: «Біздер Пушкиннің «Евгений Онегині» сияқты туындыларға жүз рет қайта айналып соғамыз. Тіпті өлімге бас тіккенде де оған қайта айналып отырамыз. Олардан ұтымды шы- ғармашылық тәсілдерді үйренетін боламыз. Мұның өзі сана- мызда туған, әмірі жеткен, сезінген ойымызды дұрыс жеткізуге септесіп, шексіз ләззат сыйлайтын болады» - дейді.
Философиядағы «жоқтан бар болмайды» деген қағидаға сүйенсек, көркем өнердің даму үдерісінде жаңалықтар өзіне дейінгі мұраны, дәстүрді жоймайды, қайта оның кейбір элемент- терін дамыта келіп, жаңаша көркемдік ізденістермен, тың дү- ниелермен ұштастырады. Мәселен, А.Құнанбайұлы өзіне дейінгі баяғы замандардан келе жатқан шығыстың эстетикалық дәстүрі мен халқымыздың бай рухани мұрасынан сусындады, оны жо- ғары бағалады. М.Әуезовтің «Абай жолындағы» фольклорлық дәстүрлер, І.Есенберлиннің «Көшпенділеріндегі» аңыздық баян- даулар турасында да осыны айтуға болады.
М.Әуезовтің көркемдік әлемі мен қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті ғылыми тұрғыдан алғанда аса маңызды, мәнді мәселе екендігінде сөз жоқ, мұның өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Осы орайда М.Әуезовтің дәстүрі мен қазіргі қазақ романының
1 Дербісәлин Ә. Дәстүр мен жалғастық. -Алматы, 1976. 8-б.
эстетикалық ізденістерін, жаңашылдық сипатын, оларға ортақ және дара белгілерді анықтау тарихи дәуір шындығын көркем бейнелеудің басты ерекшеліктерін жаңа қырынан тануға бас- тайды.
Ә.Кекілбаев шығармаларындағы мифтік желілер, аңыз- әңгімелерді пайдалану тәжірибесін алсақ, ол өзіне дейінгі аңыз- әңгімелерді шебер пайдалана отырып, философиялық, психоло- гиялық мән-мағына, өзіндік концепция жүктейді. Жазушы шы- ғармаларында аңыздық сарынды дайын күйінде алмайды. Қа- ламгер халық жадындағы аңыз-әңгімелерден ерекше бір күрделі мазмұн, символдық мағына көре біледі. Фольклорлық дәстүрдің көркемдік жетістіктерінен нәр алған О.Бөкеев прозасының сти- листикасы поэзия тілімен табиғи жарасым табады.
Техникалық ғылымдарда ашылған жаңалықтар өзіне дейін- гі дәстүрді жойса, әдебиеттің даму заңдылықтары бойынша жаңалық дәстүрлі көркемдік құндылықтарды жалғастыра дамы- тады. ХХ ғасыр әдебиетінде қазақ қаламгерлері фольклорлық дәстүр жүйесінде ерекше эмоционалдық-мазмұндық жүк арқала- ған фольклорлық образдылықты эстетикалық тұрғыда өз туын- дыларында ұтымды пайдалана білді. Осы ретте адам мен әлем- нің, табиғаттың уақыт пен кеңістік тұрғысындағы байланысын көрсететін зооморфты символиканы, яғни, көшпенділер санасын- да аса маңызды орын алатын қасқыр, ат, түйе, бұғы т.б. тотемдік бейнелерді атауымызға болады (Көксерек, Кербұғы, Бура, Бәйгеторы, Аруана т.б бейнелер). Түйе – қазақ әдебиетінде кон- цептуалдық ауқымы кең дәстүрлі образдардың бірі. Аруана, бура бейнелері ұлттық көркемдік дәстүрімізде жиі кездеседі. Түйе - шексіз ана махаббатын бейнелейтін қазақ ертегілерінің, мифтік аңыз-әңгімелердің («Бозінген», «Бота» т.б.) дәстүрлі кейіпкері, киелі болып саналатын төрт түлік малдың бірі, қазақ дүние- танымында тұтастықтың, болмыс бірлігінің, ғарыштың сим- волы. О.Бөкеев «Бура» шығармасында мифтік аңыз-әңгімелер- дегі халықтың рухани тәжірибесімен суарылған дәстүрлі бей- неден авторлық мифологиялық кейіпкерді сомдайды. Образ «ға- рыштық», «табиғи» деңгейге көтеріліп, экспрессиямен, лиризм- мен молыққан, жалпылық, жинақтық мән алып, сонымен қатар
жаңа мифтік бейнеге, бостандық сүйгіш рухтың бөкеевтік сим- волына айналған.
Қаламгерлердің дара шығармашылық ерекшелігін әдебиет- тегі дәстүр мәселесімен сабақтас қарастырудың мәні зор. Әр жаңашыл ақын өзінен бұрынғы ақындар қол жеткізген көркемдік тәсілдерді, көркемдік даму тәжірибесін игеру арқылы дамиды да, өзі де жаңа ой қосады. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердиев дүние- танымының қалыптасуына ұлы Абайдың, орта ғасырдағы сопы- лар поэзиясының, жыраулар поэзиясының, Л. Толстой шығарма- шылығының ықпалы зор болды. Шәкәрім ақиқатты тану, рухани тұрғыда өзін-өзі жетілдіру ұмтылыстарын, рухани ізденістерін әдеби, көркемдік ізденістерімен ұштастыра білген сирек тұлға- лар қатарына жатады. Оның шығармашылығында діни, эстетика- лық, философиялық және психологиялық бастаулардың синтезі жүзеге асты.
1960-70 жылдары қазақ поэзиясына келіп қосылған қуатты буын М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов т.б. лирик ақындарымыздың әрқайсысы өзіндік үні- мен, дара таланттарымен, қайталанбас қолтаңбасымен ерекше- лене отырып, барлығы да қазақтың қара өлеңіне ден қойды. Олардың көркемдік, тілдік, жанрлық ізденістері қара өлеңнен бастау алды. «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» - деген Мұқағали ақынның сөзі бекер емес. Осы ретте әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық туралы белгілі ақын Т.Медетбек: «Баба дәстүрдің мұрагері - өз ұлтының рухани байлығы мен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін бойына жинақтап, оларды өзінше игеріп, өзінше қорытқан, өз уақытының үні бола білген, өз заманының әлеуметтік мәнін ашып көрсете аларлық қуатқа ие немере Жаңалық» - деп қорытады.
1970 жылдары қазақ прозасында да тарихи тақырыпқа бет қойған жазушылар М.Әуезов негізін салған тарихи роман дәс- түрін жалғастыра дамытып, қазақ тарихының әр қилы кезеңдерін жаңаша бажайлап, жанрлық, көркемдік, стильдік ізденістерге бой ұрып, көркем бейнелеуге бет қойды. Тарихи тақырыпқа қалам тартқан қазақ жазушыларының философиялық-эстетика- лық концепциясында мифтік-фольклорлық дәстүр айрықша көр- кемдік қызмет атқарды. Қаламгерлер поэтикалық мифтің адам-
гершілік-философиялық арқауын, оның қазіргі заман адамдарға қажетті өзекті сипатын, мәңгілік мәнін пайдаланды және өткен тарихқа, болмысқа өздерінің эстетикалық көзқарастарын таны- тып, тың философиялық пайымдаулар жасады, жаңа көркем бей- нелер сомдады. Халық аңыз-әңгімелерінің философиялық терең- дігі, ауыз әдебиеті дәстүрінің гуманистік мазмұны, қаламгер шы- ғармаларында ерекше өрнек тауып, жаңа қырынан көрінді.
Әдебиеттанушылар әдеби үдерісті зерттеу барысында суреткер шығармаларының көркемдік деңгейіне, сапалық дамуы- на жіті назар аударады. Дәуірдің әдеби процесін тұтастықта зерттеудің маңызды болатыны үлкен суреткерлер өзіне дейін танылған суреткерлермен ғана емес, «қосалқы» авторлармен де, көпшілік әдебиетпен де шығармашылық «диалогқа» түседі. Та- мырсыз ештеңе өнбейді. Жеке суреткерлер, яғни тұлғалар әдеби үдерісте дәстүрге сүйене отырып, өзіне дейінгі құндылықтарды өзгерте, дамыта келіп, өздері де әдебиетке көркемдік жаңалық, ізденістерін әкеледі және әдеби үдеріс ағынында жалғастырушы, жаңартушы қызметін атқарады. Мысалы, ХХ ғасырдың екінші жартысында, 1970-90 жылдары қазақ прозасында Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, Р. Тоқтаров, О. Бөкеев, Т. Әбдіков, С. Санбаев, М. Ысқақбаев, Д. Досжанов т.б. жаңашыл жас жазушылар ұлт- тық дәстүрді сақтай отырып, әдебиеттегі социалистік реализмнің
«қатқан қалыбын» бұзуға ұмтылды, дүние мен адам сырын жаңаша құрылымдық ажармен бейнелеуге тырысты. Қазақ жазу- шылары әдебиетке партия өктем билігін жүргізген тұста хал- қымыздың басынан өткен келеңсіз құбылыстарды есебін тауып, орайын келтіріп айта білді. Олар өмір шындығын сыңаржақ суреттеуден бас тартып, мүмкіндігінше қоғам дамуының қайшы- лықтарын көрсетуге тырысты. Әдебиетте өз ортасын олқы санап, көңілі толмаған, қоғамға сын көзімен қарай бастаған кейіпкер бой көрсетті. Көркем шығармада мұндай кейіпкер қоғам шын- дығына қанағаттанбай, қоршаған ортаны жатсынып, тіпті жан сілкінісін, ішкі наразылығын білдірді.
Әдеби үдеріс бір ғана ұлт әдебиетінің шеңберінде ғана емес, әлемдік әдебиет ауқымында да бір мезетте бір-біріне ұқсас және бірін-бірі қайталамайтын әдеби кезеңдерден, дәуірлерден тұрады. Әдеби үдеріс үздіксіз жалғасып, әрбір жаңа дәуір өзіне
дейінгі көркемдік жетістіктерге сүйенеді. Мысалы: әлемдік әде- биеттің көркемдік даму тәжірибесінде символизм, экспрес- сионизм романтизм әдісінің аясында қанат жайды, яғни ХХ ғасыр басындағы модернистік бағыттар романтизмнің көркемдік дәстүрлерімен нығая түсті. Жаңа тарихи тұс дәстүрлі құн- дылықтарды игере отырып, әдеби үдерісте жаңа дүние туды- рады, яғни адамзаттың сан ғасырлар бойы жинақтаған көркемдік қазынасына өз үлесін қосады.
Әдеби үдерістің маңызды құрамдас бөлігінің бірі халық- аралық әдеби байланыстар болады. Әдеби үдеріс аясында әдеби бағыттар мен ағымдардың белгілі бір ұлт әдебиетінде орын тебуінің бірнеше факторлары бар екені белгілі. Соның бірі – та- рихи-әлеуметтік фактор, бірі – ұлттық дәстүр аясында пісіп же- тілген қажеттілік (заңдылық), енді бірі - әдеби байланыстар. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби процеспен байланысы М.Әуезов, С.Талжанов, Ш.Сәтпаева, Е.Лизунова, Р.Қайшыбаева, С.Тойшыбаева, К.Канафиева, М.Маданова, Ө. Күмісбаев, Б.Мамыраев т.б. зерттеулерінде қа- растырылады. Шетел әдебиетіне ықылас қазақ әдебиетінің әлеу- меттік-тарихи және эстетикалық мақсаттарынан туындады.
Қазақ әдебиетіне әлемдік әдеби үдерістің, Шығыспен қатар Ресейдің және Батыстың эстетикалық байланыстарының әсері болды деуге болады және қазақ әдеби үдерісін зерттеу барысында осындай әдеби байланыстарды ескеруіміз қажет. Ұлттық әдебиет жүйесінің өзінің көркемдік дәстүрлерін дамыту- дағы рөлі қаншалықты зор болғанымен, оны өздерінің жеке тә- жірибесімен ғана шектеп қою әдебиеттің қарқынды дамуына кері әсерін тигізері хақ. Ұлттық әдебиет жүйесіне әлем әде- биетінің көркемдік тәжірибесі де табиғи түрде кіреді1.
Әрине, біз осы орайда жай «еліктеу» немесе «шеттен алу» туралы емес, мәдениеттердің өзара әрекеті мен өзара ықпалы туралы айтып отырмыз. Сырттан орыс, еуропа әдебиеттерінен келген көркемдік тәжірибе өз бойына жаңаны құмарлана сіңіре
1 Неупокоева И.Г. История всемирной литературы. Проблема системного и сравнительного анализа. – М.: Наука, 1976. – 262 с.
білген қазақ топырағына механикалық түрде ауысқан жоқ, ол
«өзімізге» айналып, ассимиляцияланды, ұлттық әдебиетіміздің бір бөлігіне айналды. Қазіргі қазақ әдеби процесінің ерекшелігі, әдебиеттанушылармыз атап өткендей, сан алуан эстетикалық жүйелердің: романтизмнің, реализмнің, модернистік ағымдар- дың өзара қатар, параллель, тіпті синхронды дамуында жатыр. Бұл жүйелердің өзара әрекетке түсуі олардың элементтерінің өз- ара кірігуіне алғышарттар жасады және соған сәйкес өз алдына жеке эстетикалық бағыттың әрқайсысын зерттеуде күрделілік туғызады.
Жаһандану дәуірінде қазіргі әдебиеттану ғылымы әдеби байланыстар мен әдеби ықпал объектісін кең ауқымда қарас- тырады. Ол тек тақырыпқа, образдарға, сарынға, сюжеттік желіге ғана қатысты емес, сонымен қатар көркемдік идеяларды, түрлік ізденістерді, жанрлар мен олардың жүйесін, шығармашылық бағ- дарламаларды да қамтиды. Халықаралық байланыстар әдеби процесте шартты түрде дербес болғанымен, өз кезегінде әдеби шығармашылыққа да белсенді әсер етіп отырады.
Әдеби процеске ең алдымен әлеуметтік-тарихи құбылыстар әсер ете отырып, екі түрлі фактор басты бағыт береді: ұлттық-мәдени дәстүр мен жалпы адамзаттық, әлемдік мәдениеттің әсері. Ұлттық топырақтан сусындап, ұлттық дәстүрден қол үзбеу және әлемнің көркемдік даму тәжірибесін өз мүддесі тұрғысынан игеру - әрбір ұлт әдебиетінің жемісті дамуының басты шарттарының бірі болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |