Диуан – классикалық түркі тілдес поэзияда қолжазба күйінде келетін жинақ.
Драма (грекше – қимыл, әрекет) - әдебиеттің үшінші тегі, шындықты айрықша тәсілдермен синтез қалпына келтіріп, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысатын адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол көрсететін күрделі жанр .Горкийше айтсақ ең қиын жанр.
Ділмар сөз (афоризм) – нақыл-ғибрат түрінде айтылатын бейнелі сөз. Афоризмнің баламасы ретіндегі ділмар терминін А.Байтұрсынав енгізді. Ал Ш.Құдайбердиев «мәнді сөздер» деп атайды.
Дүниетаным әдеби шығармашылыққа негіз, тірек болады. Ал әдеби шығармаларынан қаламгердің өмірлік позициясы, мақсат-мұраттары, эстетикалық идеалы айқын танылады. Дүниетаным қаламгердің көркемдік ойлау жүйесін анықтайды, оның шығармаларындағы бейнелеу тәсілінен де көрінеді: жазушының көркем бейнені жасау ерекшеліктері, қақтығыс мінезі, әсірелеулер, символиканы пайдалану, т.б.
Ертегі – адам өмірінде, не хайуанат дүниесінде болуға тиіс, әр алуан қызық, кейде ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая. Өз ішінен қиял-ғажайып ертегілер, хайуанат жайындағы ертегілер, салт ертегілер болып бөлінеді.
Еуропа поэтикасы – жалпы алғанда, антикалық, риторикалық, поэзиялық шығармаларды талдау бағыты.
Идиома - өзге тілдерге аударуға келмейтін, тура аударылса ұтымды, әсерлі болмайтын, құрылысы жағынан тек ана тіліне тән сөз тіркесі.
Идиллия – грек тілінен енген сөз – ықшамды өлең деген мағынаны береді. Қарапайым еңбек адамының табиғаттың аясында қамсыз, алаңсыз өмірін суреттейтін өлеңдер. Алғашқы үлгілерін көне дәуірде ежелгі грек ақындары туғызған.
Йена романтиктері - ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында Йена қаласында құрылған неміс романтиктерінің үйірмесі. Йена романтиктері ең алғашқылардың бірі болып романтикалық теориясының негізін салды және әлемге әйгілі романтикалық шығармалар тудырды.
Инверсия – сөз орнын ауыстыру – сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру.
Достарыңызбен бөлісу: |