ақ түске боялмайды. Судан таза, сүттен ақ емес. Бұл жағдай эпостың өзіндік даралағын аңдататын айрықша ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Оның үстіне, тарихтағы Едігенің беделіне нұсқан келтіргенімен, кейіпкердің түрлі-түстілігі жырдың көркемдік қуатын арттырған. Жырдағы Едіге әдеттегідей ақ не бірыңғай қаратүсті емес, түрлі-түсті. Едігенің кім екенін білмей тұрып, жырды терең түсіну мүмкін емес. Ал Едігенің кім болғанын білу үшін эпос кейіпкерлері – Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің тарихи бейнелері туралы хабардар болуға тура келеді. Тоқтамыс хан Шығармадағы Тоқтамыс бейнесі тым астарлы. Мұның бір себебі «Едігені» шығарған, жетілдірген адамдар жыраулар екендігінде. Ал жыраулар поэзиясының бір ерекшелігі – оның астарлы болып келуінде. Шығармадағы Едіге бейнесін де, тарихи Едігені де Тоқтамыстан, Ақсақ Темірден бөліп алып қарауға болмайды. Едіге образын жеке тексеру ойдағыдай нәтиже бермейді. Эпос кейіпкерлерінің дүниені тітіреткен, аузын айға білеген Ақсақ Темір мен құдіреті күшті Батый негізін салған, бүкіл Еуразия кеңістігін алып жатқан алып та қуатты империя Алтын Орданың азулы хандарының бірі Тоқтамыс болуы – көркем шығарманың құнды, бағалы жағы. Қазіргі әр түрлі халықтар арасында кең тарауының негізгі себептерінің бірі де – осы. Сондықтан Едігені айтқан соң, Тоқтамыс пен Темірді қатар алып жүруге тура келеді. Әлем тарихынан ойып орын алатын бұл аса ірі тұлғалардың тарихи бейнелерінің қалтарыс-бүкпесін ашып, жан-жақты зерттеу – тарихшылардың еншісіндегі нәрсе, біз эпосқа қатысты тұстарына ғана назар аударуға тырысамыз. Себебі, соңғы екі тұлғаны танымай тұрып, Едігенің кім екенін білу мүмкін емес. Қазақтың «Едіге», «Едіге батыр» эпосын өзге түркілер кейде басқаша атайды. Белгілі ғалымдар да осы жолды ұстанған. П.М.Мелиоранский оны «Сказание об Едиге и Токтамыше» десе, Алексей Белослюдов жариялаған нұсқа «Едиге би и Токтамыш» деп аталады. Ал Дағыстаннан шыққан оқымысты Мұхаммед Османовтың «Ноғай уә Құмық шиғырлары» (СПб, 1883) жинағындағы бұл эпостың нұсқасы «Тоқтамыс ханның хикаяты» аталады. Профессор И. Березин өзінің «Турецкая хрестоматиясында» мұны «Рассказ о Тохтамыше» дейді. Көріп отырғанымыздай «Едіге батыр» жыры деп жүрген жырымыз кейде «Тоқтамыс» жыры атанып кетеді екен. Түркі жұрты шегінен асып, дүниежүзі фольклорының алтын қорына кірген атақты шығарманың басты екі кейіпкерінің бірі – Тоқтамыс бейнесін зерттеу әрі қызықты, әрі зәру мәселе екені сөзсіз. Кеңес үкіметі тұсында Тоқтамыс образы «жағымсыз образға» жатқызылып, үнемі қараланып келді. Мұның тарихи себептері бар. Туындының ұлттық версияларында тарихи оқиғалар сәулеленетіндіктен, яғни Тоқтамыс туралы жырдың генезисінде нақтылы тарихи оқиғалар жатқандықтан, Тоқтамыстың көркем бейнесі мен тарихи бейнесін салыстыра зерттемей, жыр табиғаты түсініксіз күйде қала бермек. «Қазақ Совет Энциклопедиясында» Тоқтамыс хақында: «Тоқтамыс таққа отырысымен Ордадағы Шыңғыс хан тұқымының тақ үшін 25 жылғы қырқысуларын жойды. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Хажы Черкестің, Астрахань игіліктері мен Мамай Ордаларының басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды» делінген [Тоқтамыс // ҚСЕ. 11т. – Алматы, 1977,86-б]. Жырдың татар версиясында Тоқтамыс хан туралы: Борын үткән заманда Бұрынғы өткен заманда Болгар белән Сарайда, Болгар менен Сарайда, Жаек белән Иделдә, Жайық пенен Еділде, Алтын Урда, Ак Урда – Алтын Орда, Ақ Орда – Данлы кыпчак жирендә, Даңқты қыпшақ жерінде, Татардан туган Нугай илендә Татардан туған Ноғай елінде Туктамыш дигән хан булды; Тоқтамыс деген хан болды; Ил булганга – ил булды, Ел болғанға – ел болды, Яу булганга – яу булды. Жау болғанға – жау болды. Биләгәне кол булды, Билегені құл болды, Әйдәгәне мал булды. Айдағаны мал болды. Сарай дигән каласы, Сарай деген қаласы, Сиксән күчә арасы, Сексен көше арасы, Сары мәрмәр Алтын Таш Сары мәрмәр Алтын Тас Сигез йортка дан булды, Сегіз жұртқа дан болды, – деп таңбаланған [Идәгә. – Казан: 1988,11-12-б]. Шынында да, Тоқтамыс Алтын Орданың босай бастаған іргесін қайта бекіткен айбынды хандарының бірі еді. Соған қарамастан ноғай, қазақ, қарақалпақ, татар ғалымдары еңбектерінің Тоқтамысқа қатысты тұстарында қараланады. Ал «Едіге» эпосына «Ақымақ хан мен ақылды уәзір» туралы шығарма деген пікірлер айтылды. Мысалы, осы замандағы белгілі татар оқымыстысы, профессор Ф.Урманче «Халық эпосы – Едіге» атты монографиясында: «… Что с этого времени Токтамыш начинает свой многочисленные войны против полководца, который сделал немало для того, что бы посадить Токтамыша на золотоордынский трон – против Тимура», – деп кінәлайды [Урманче Ф. 1999,145-б]. Муин-ад-дин Натанзидің «Ескендір анонимі» деп аталатын еңбегінде Тоқтамыс ханның шығу тегі былайша сипатталған: Шыңғыс ханнан Жошы, одан Сасы Бұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, одан Тайқожа, одан Тоқтамыс [Прошлое Казахстана в письменных источниках V в до н.э. – ХV в. – Алматы: Өлке. 1997,с.129-130]. Ал Қадырғали би Қосымұлының шежіресіндегі «Тоқтамыс хан дастаны» бөлімінде: «Бұ Тоқтамыс хан Еділ бойында өтті. Тайқожа ұланның ұлы еді. Оның хикаялары әр түрлі (сипатта) мәлім және белгілі» дейді [Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991,252-б]. Осы деректерден анықтайтынымыз, Тоқтамыс – Жошы ханның ұрпағы, әкесінің аты – Тайқожа. Көк Орданы билеп отырған Орыс хан Ақ Орда мен Көк Орданы біріктіру үшін қарамағындағыларды жинап, құрылтай өткізеді. Ханның бұл пікіріменен Тайқожа келіспейді. Орыс хан Ақ Ордаға қарсы аттанған кезде ол жорыққа қатыспайды. Осы қылығы үшін хан Тайқожаны өлтіреді. Оның жас баласы Тоқтамыстың өміріне де әлденеше рет қауіп-қатер төнеді. Ақыр соңында елін тастап, Мауеренахрдағы Ақсақ Темірге қашады. Ол жөнінде Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыс-наме» атты еңбегінде былай дейді: «Бұл Орыс хан да ұлы патша болды, бүкіл Түркістан уәлаяттарына билік жүргізді. Тоқтамыс хан мен Темір-Құтылы ханға ол кезде хандық тимеді. Бұлар аталмыш ханның қызметінде жүрді, Алланың рахымымен Тоқтамыс оғланның бойында патшалық фәрр байқалды да, аталмыш оғланның нөкерлері мен басқа адамдар оған ықтиярмен тағзым етті.
Достарыңызбен бөлісу: |