8. Тамақ өнімдерін сақтауға қойылатын талаптар:
Тамақ өнімдерін сақтауға арналған қойма үй-жайларында: тамақ өнімдерінің әрбір түрі үшін ұсынылатын қоймалау нормаларына сәйкес температуралық-ылғалдылық, жарық режимі, тауарлық көршілестік сақталуы тиіс.
Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдері мен сақтау шарттары өндіруші белгілеген жарамдылық мерзімдеріне сәйкес келеді. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау төмен температуралы тоңазытқыш жабдықтарында (тоңазытқыш камераларында, тоңазытқыштарда) жүзеге асырылады.
9. Перспективалы мәзірге қойылатын талаптар:
Объектіде екі, төрт апталық перспективалы маусымдық (жаз – күз, қыс – көктем) мәзір жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің болу ұзақтығы, олардың жас санаты ескеріледі, дәруменді-минералды кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді. Мәзірде сол тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді сол күні және келесі күнтізбелік екі-үш күні қайталауға жол берілмейді.
Білім алушылардың жекелеген санаттары үшін мәзір «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысымен бекітілген бір мәрте тамақтану нормаларына сәйкес жасалады (15-қосымша).
11. Мәзірге қойылатын талаптар:
Күн сайын тамақтану залында объектінің басшысы бекіткен ас мәзірі ілінеді, онда тағамдардың атаулары, әрбір дайын тағамның шығуы көрсетіледі. Мәзірде көрсетілген тағамдар мен аспаздық өнімдердің атаулары олардың пайдаланылған рецептуралар жинағында және технологиялық карталарда көрсетілген атауларына сәйкес келуі тиіс.
12. Күнделікті мәзірге қосылуы керек өнімдер:
Тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер мен қант кіреді. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті екі-жеті күнтізбелік күнде бір рет қосылады.
13. Тыйым салынған өнімдер:
Мыналарды: ұйытқыны, сүзбені, айранды, туралған ет қосылған құймақтарды, флотский бойынша макарондарды, зельцтерді, форшмактарды, сілікпелерді, паштеттерді, кремі бар кондитерлік бұйымдарды, тұтыну қаптамаларындағы кондитерлік бұйымдар мен тәттілерді (шоколад, кәмпит, печенье), морстарды, квастарды, фритюрде қуырылған бұйымдарды, жұмсақ қайнатылған жұмыртқаны, жұмыртқа-глазуньдер, қаймақ пен майонез қосылған күрделі (төрт компоненттен астам) салаттар, окрошкалар, саңырауқұлақтар, өнеркәсіптік емес (үйде) дайындалған тамақ өнімдері, тез дайындалатын құрғақ тамақ концентраттары негізіндегі бірінші және екінші тағамдар, газдалған, емдік және емдік-асханалық минералды суларды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық (сергітетін) сусындарды, диффузиялық қойылтылған шырындарды (оралған минералды және ауыз суларды қоспағанда), фаст-фудтарды: гамбургерлерді, хот–догтарды, чипстерді, кептірілген нандарды, қытырлақ нандарды, ащы тұздықтарды, кетчуптерді, ыстық дәмдеуіштерді (бұрыш, желкек, қыша) дайындауға және өткізуге жол берілмейді.
Пастерленбеген сүтті, термиялық өңдеусіз сүзбе мен қаймақты; суда жүзетін құстардың жұмыртқасы мен етін; ауыл шаруашылығы жануарларының ауруы бойынша қолайсыз шаруашылықтардан алынған сүт пен сүт өнімдерін; тілді, жүректі қоспағанда, жануарлар мен құстың қосалқы өнімдерін; механикалық жолмен сүйектен айырған өнімді жануарлардың етін және құс етін; құс етінен жасалған коллагені бар шикізатты пайдалануға жол берілмейді. қайта мұздатуға ұшыраған өнімді жануарлар мен құстардың сою өнімдері; генетикалық түрлендірілген шикізат және (немесе) құрамында генетикалық түрлендірілген көздер бар шикізатты; йодталмаған тұз және сұрыпталмаған ұнын пайдалануға жол берілмейді.
Жаппай сауықтыру рәсімі ретінде оттегі коктейльдерін өткізуге, тамақ өнімдерін сататын автоматтарды орнатуға жол берілмейді.
14. Тәуліктік сынамаларға қойылатын талаптар:
Тәуліктік сынаманы іріктеуді ас блогының тағайындалған жауапты адамы (персонал) немесе медицина қызметкері тамақ өнімдерімен жанасуға арналған арнайы бөлінген зарарсыздандырылған және таңбаланған ыдыстарға (тығыз жабылатын) зарарсыздандырылған мүкәммалды пайдалана отырып, әрбір тағамды және (немесе) аспаздық (гастрономиялық) өнімді жеке-жеке жүзеге асырады. Порциялық тағамдар, аспаздық және гастрономиялық өнімдер бір-бірлеп, тұтастай (бір порция көлемінде) қалдырылады. Салқын тіскебасарлар, бірінші және үшінші тағамдар ( сусындар), гарнирлер 200 г кем емес мөлшерде іріктеледі.
Тәуліктік сынамалар кемінде 48 сағат арнайы тоңазыту жабдығында немесе дайын тамақ өнімдерін сақтауға арналған тоңазыту жабдығының арнайы бөлінген орнында +2 °C-тан +6 °C-қа дейінгі температурада сақталады.
Тамақ өнімін өткізу мерзімі аяқталған сәттен бастап 48 сағат өткен соң тәуліктік сынама тағамдық қалдыққа кәдеге жаратылады (келесі күні немесе демалыс күндерінен кейін (демалыс күндерінің санына қарамастан) дайындалған тамақпен - таңғы ас, түскі ас, түскі ас немесе кешкі ас ауыстырғанға дейін).
15. Дайын тағамдардың сапасын бақылау:
Күн сайын медицина қызметкері немесе жауапты адам тағамдардың сапасын органолептикалық бағалау журналына (бракераж) жазба енгізе отырып, дайын тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Тамақтану сапасын мерзімді бағалауды бракераж комиссиясы жүргізеді, оның құрамы міндетті түрде медицина қызметкерін, өндіріс меңгерушісінің әкімшілігін және ата-аналар комитетінің өкілін қоса отырып, объект басшысының бұйрығымен айқындалады.
16. Тамақтану нормаларын бақылау:
Медицина қызметкері мен мектеп әкімшілігі күнтізбелік 10 күннің ішінде негізгі өнімдер бойынша тәуліктік нормалардың орындалуына талдау жүргізеді, кейіннен тамақ өнімдері нормаларының орындалуын түзету және бақылау ведомосын жүргізеді.
17. Ас блогы қызметкерлерінің жеке гигиенасына және арнайы киіміне қойылатын талаптар:
Қол жууға арналған раковиналары бар, жууға, дезинфекциялауға (қажет болған жағдайда), өңдеуге арналған құралдары, антисептикалық құралдары, қолды қайта ластауды болдырмайтын қолды сүртуге және (немесе) кептіруге арналған құралдары бар, олардың үнемі болуы қамтамасыз етілген жеке санитариялық тораптар жабдықталады,
Ас блогының қызметкерлері арнайы киіммен (халат немесе шалбары бар күртеше, бас киім, аяқ киім) қамтамасыз етіледі. Жұмыс басталар алдында шашты қалпақ немесе орамал астына жинайды, әшекейлерді шешіп қояды, тырнақтарды лакпен боямай қысқа етіп алады. Қызметкерлерге өндірістік үй-жайларға арнайы киімсіз кіруге және оның үстіне өзге де киім киюге жол берілмейді. Арнайы киім жеке заттардан бөлек сақталады. Шикізатқа және дайын өнімге бөгде заттардың түсуін болдырмау үшін өндірістік үй-жайларда ұсақ шыны және металл заттарды (технологиялық мүкәммалдан басқа) әкелуге және сақтауға, арнайы киімді түйреуіштермен, инелермен түймелеуге және халаттардың қалтасында жеке тұрмыстық заттарды сақтауға жол берілмейді.
18. Медициналық қарап-тексеруден өтуге қойылатын талаптар:
Ас блогының персоналында жұмысқа жіберілгені және гигиеналық оқытудан өткені туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары болуы тиіс (6 айда 1 рет гельминт жұмыртқаларына, дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі, А және В паратифтері, патогенді стафилококк қоздырғыштарын тасымалдаушылыққа, 12 айда 1 рет – флюорография).
19. Өндірістік бақылауға қойылатын талаптар:
Объектіде «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес бекітілген бағдарламаға сәйкес өндірістік бақылау ұйымдастырылады және жүргізіледі. Аспаптық және зертханалық зерттеулерді дара кәсіпкер, заңды тұлға өндірістік зертханалар базасында не халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы олардың нормативтік құқықтық актілеріне және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар зертханаларды (сынақ орталықтарын) тарта отырып жүзеге асырады.
20. Ас блогында тауарларды өткізуге жол бермеу:
Ас блогында білім алушыларды тамақтандырумен байланысты емес тауарларды өткізуге жол берілмейді (кеңсе тауарларын сату және т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |