жауаптылық
1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 594, 596, 597, 598-баптарында көзделген iс жүргiзу мiндеттерiн орындамауы осы Кодекстiң 515, 516, 517-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған iс-әрекеттер жасалған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезiнде iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамасына тиiстi жазба енгiзiледi.
3. Айыппұл салу туралы қаулы шығарылады.
601-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс
жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын
мән-жайлар
1. Адамдар белгiлi бiр iстi қозғау үшiн негiз болған бұзушылыққа орай ережелердiң сақталуын қадағалайтын және бақылайтын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi болып табылса немесе олар бұған дейiн осы iстi қарауға өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға жiберiлмейдi.
2. Сарапшы мен аудармашы, егер: олардың біліксіз екені анықталса; олар әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылып жатқан адаммен, жәбiрленушiмен, олардың өкiлдерiмен, қорғаушысымен, өкiлiмен, осы iстi жүргiзiп жатқан прокурормен, судьямен, алқалы органның мүшесiмен немесе лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса не, егер олар бұрын осы iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сол сияқты, егер бұл адамдарды осы iске жеке өз басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiздер болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.
3. Адамның іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін ол қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргізуді тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылады.
Ескерту. 601-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
602-бап. Iс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн
адамдарды қатыстырудан бас тарту
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын, осы Кодекстiң 601-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған адамдарды қатыстырудан бас тартылуға тиiс.
2. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш күн мерзiмде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
603-бап. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы
немесе куәгер шығындарының орнын толтыру
1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығындарының, соның iшiнде: аталған адамдардың тұрған немесе болып жатқан жерiне бару және керi қайту жолының жүрiп-тұру құнының, ал бұл басқа жерлерде болумен байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құнының орны азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен толтырылады.
2. Жәбiрленушi, куә, сарапшы, маман және аудармашы ретiнде шақырылатын адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан және қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олардың жұмыс орындарында болмаған кездегi орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңдарда белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
35-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
604-бап. Дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болғанын немесе болмағанын, әкiмшiлiк жауапқа тартылатын жеке адамның кiнәлiлiгiн анықтайтын кез келген нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн мәнi бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл деректер: әкiмшiлiк жауапқа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарымен; сарапшының қорытындыларымен; заттай дәлелдемелермен; сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдарының және аспаптарының көрсеткiштерiмен; өзге де құжаттармен; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және осы Кодексте көзделген хаттамалармен анықталады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы материалдарды дәлелдемелер ретiнде қарау кезiнде сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдарының және аспаптарының деректерi пайдаланылуы мүмкiн.
3. Егер нақты деректер процеске қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де ережелерiн бұза отырып алынған нақты деректердiң дұрыстығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, соның iшiнде:
1) зорлық жасап, қорқытып, алдап, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысушы адамға өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты түсiндiрмеу, толық емес немесе қате түсiндiру салдарынан оны шатастыруды пайдаланып;
3) осы iстi жүргiзудi жүзеге асыруға құқы жоқ адамның iс жүргiзу iс-әрекетiн жасауына байланысты;
4) қарсылық бiлдiрiлген адамның iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiнiң тәртiбiн бұзып;
6) белгiсiз көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми бiлiмдерге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
3. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтындығын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сот немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiштерi бойынша анықтайды.
4. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңды күшi жоқ деп танылады және тиiстi бұзушылық пен оған жол берген адамдардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
Ескерту. 604-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.20 N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді), 2008.07.04 N 55-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
605-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс
бойынша дәлелденуге тиiс мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша мыналар дәлелденуге тиiс:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болуы;
2) құқыққа қайшы әрекет жасаған, сол үшiн осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген адам;
3) жеке адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жұмсартатын немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар.
606-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адамның
түсiнiктемесi, жәбiрленушiнiң және куәнiң
жауаптары
1. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған адамдардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерi болып табылады.
2. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада жазылады, қажет болған жағдайда - жауап алу хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
607-бап. Дәлелдеу мiндетi және дәлелдемелер табыс ету
1. Процеске қатысушылар дәлелдемелер табыс етедi.
2. Дәлелдемелердi тараптар және әкiмшiлiк iс жүргiзуге басқа да қатысушылар табыс ете алады.
3. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот немесе орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер табыс етуге не оларды өз бастамашылығымен жинауға ұсыныс жасауы мүмкiн.
Ескерту. 607-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.05. N 506 Заңымен.
608-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттi сот, орган (лауазымды адам) жалпыға бiрдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, нақ сол адамдар қатысқан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы басқа iстердi қараған кезде дәлелдеудi қажет етпейдi.
3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар дәлелдемелерсiз анықталған болып есептеледi:
1) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бiрдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
2) адамның заңды бiлуi;
3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
4) олардың болуын растайтын құжатын табыс етпеген және арнаулы даярлықтан өткен немесе бiлiм алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе бiлiмiнiң жоқтығы.
609-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету
1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi табыс ету мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету ұйымдардан, олардың iске қатысуына қарамастан, құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар табыс етудi, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп, қарауды талап ету жолымен және өзге де әдiстермен жүргiзiледi.
610-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етiлуi қажет дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) берiледi.
611-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми бiлiм негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сот сараптамасын тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың түгендеу, тексеру актiлерiнiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың iс жүргiзу әрекеттерi барысында атқарған зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттарының болуы нақ сол мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 597-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге адамдарға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған адамдардың арасынан бiреуiне тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыруы туралы судьяның, лауазымды адамның талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда мыналар көрсетiледi:
1) судьяның, лауазымды адамның аты-жөнi, соттың, органның атауы;
2) сараптаманың тағайындалған уақыты, орны;
3) сараптама тағайындаудың негiзi;
4) сарапшының аты-жөнi немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауы;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
6) сарапшының билiгiне берiлетiн материалдардың тiзбесi.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға бiлiмнiң әртүрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, әртүрлi мамандықтағы өз құзыреті шегінде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшін жібергенге дейін сот сараптамасын тағайындаған орган (лауазымды адам) өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізілетін адамды және жәбірленушіні онымен таныстыруға, оларға:
сарапшыдан бас тарту және сот сараптамасы органын сараптама жүргізуден шеттету туралы өтініш мәлімдеу;
өздері атаған адамдарды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерін сарапшы ретінде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргізуі туралы өтініш жасау;
сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелерді нақтылау туралы өтініш жасау;
сараптама жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысу, сарапшыға түсініктемелер беру;
сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) келіп түскеннен кейін сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысу, өз ескертпелерін ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтініштер мәлімдеу құқықтарын түсіндіруге міндетті.
Жәбірленушілерге сараптама олардың жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабілетсіз деп таныса, сараптама жүргізуге жазбаша келісімді олардың заңды өкілдері береді.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерiнiң атынан сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 612-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
10. Қорытынды жеткiлiктi дәрежеде айқын немесе толымды болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттілігі туындаған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткiлiктi дәрежеде негiзделмесе не оның қорытындылары күмән туғызса немесе сараптаманы тағайындау және жүргізу туралы іс жүргізу нормалары елеулі түрде бұзылса, сол объектiлердi зерттеу және сол мәселелердi шешу үшiн қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкiн, оны жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған осының алдындағы сараптаманы жүргiзген сарапшы (сарапшылар) кiрмейдi.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптама тағайындау туралы ұйғарымы дәлелдi болуға тиiс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптама жүргiзу тапсырылған кезде осының алдындағы сараптамалардың нәтижелерi бойынша жасалған қорытындылар табыс етiлуге тиiс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргiзгенге дейiн өзiнiң алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнаулы бiлiмiнiң шегiнен шығып кететiнiне не өзiне табыс етiлген материалдардың қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екендiгiне, оны толықтыру мүмкiн болмайтынына, не ғылымның және сараптама практикасының жай-күйi қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы дәлелдi хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.
Ескерту. 611-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
612-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - арнаулы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген іс материалдарын, оның ішінде заттай дәлелдемелер мен үлгілерді зерттеу нәтижелеріне негізделген, оның алдына әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезінде қолданған әдістері, қойылған сұрақтарға жауаптардың негіздемесі және осы сарапшының бастамасымен анықталған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар көрсетіледі.
2. Қорытындыны зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып өз атынан сарапшы (сарапшылар) жасайды, оны өз (өздерінің) қолымен және жеке мөрімен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргізген жағдайда сарапшының қолы аталған органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізудің негіздері; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін судья туралы, орган (лауазымды адам) туралы мәліметтер; сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі); сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; объектілер; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, жүргізілген зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.
4. Егер осы Кодекстің 611-бабының он үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің бәріне немесе кейбіреуіне жауап беру мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
6. Сарапшының қорытындысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін сот, орган (лауазымды адам) үшін міндетті болып табылмайды, алайда олардың қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
Ескерту. 612-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
612-1-бап. Yлгiлердi алу
1. Судья, eгep үлгiлердi зерттеудiң iс үшiн маңызы бар болса, оларды, оның iшiнде адамның, жануардың, заттың, нәрсенiң қасиеттерiн бейнелейтiн үлгілердi алуға құқылы.
2. Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттардың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады.
3. Yлгiлердi алу туралы дәлелдi ұйғарым шығарылады, онда: үлгілердi алатын адам; үлгілер алынуы тиiс адам (ұйым); нақты қандай үлгiлер және қандай санда алынуы тиiс екенi; адам үлгiлердi алу үшiн қашан және кiмге келуi тиiс екенi; үлгілер алынғаннан кейiн олардың қашан және кiмге табыс етiлуi тиiс екенi көрсетiлуi қажет.
4. Үлгiлердi судьяның жеке өзi алуы, ал қажет болса, егер бұл әрекет үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiби дағдыны талап етпесе, дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен алуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алуы мүмкiн.
5. Үлгiлердi алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрiгерде немесе басқа маманда болады.
6. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргiзуi мүмкiн.
7. Yлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшiншi тұлғалардан алынуы мүмкiн.
8. Судья адамды өзiне шақырады, оны, қолхат ала отырып, үлгiлердi алғаны туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы iс жүргiзу әрекеттерiне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
9. Судьяның жеке өзi немесе маманның қатысуымен қажеттi әрекеттердi жүргiзедi, үлгiлердi алады, оларды орайды және мөр басады.
10. Үлгiлердi алу нәтижелерi iс жүргізу әрекеттерiнiң (сот отырысының) хаттамасында тiркеледi, онда жүргiзiлу ретiнде сақтай отырып, үлгілердi алу үшiн жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгілердiң өздерi жазылады.
Ескерту. 612-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.07.04 N 151 Заңымен.
612-2-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның,
сондай-ақ сарапшының үлгiлердi алуы
1. Судья өзiнен үлгiлер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы iс жүргiзу әрекетiне барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс.
2. Дәрiгер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргiзедi және үлгiлердi алады. Үлгiлер оралады және мөр басылады, одан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу процесiнде сынақ үлгiлер дайындауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгiлердi дайындау кезiнде қатысуға құқылы, оны өзi жасайтын хаттамада көрсетедi.
5. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса тiркейдi.
6. Егер үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған iс жүргiзу әрекетiне барлық қатысушылар қол қояды және iс материалдарына қоса тiркеу үшiн судьяға беріледi.
7. Алынған үлгiлер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тiркеледi.
Ескерту. 612-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.
612-3-бап. Үлгiлердi алу кезiнде тұлғаның
құқықтарын қорғау
Үлгілердi алу әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз болуға тиiс. Қатты ауыру сезiнуiн тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адам жазбаша келiсiм бергенде ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, оның заңды өкілдерінің келісімімен ғана жол беріледi.
Ескерту. 612-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.
613-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған, не өзiнде оның iздерi қалған заттар болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, ол жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодекспен көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
Ескерту. 613-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 314 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
614-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес жасалған хаттамаларда жазылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын нақты деректер болып табылады.
615-бап. Құжаттар
1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар мен жеке тұлғалар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге түрде де тiркелген мәлiметтерден тұруы мүмкiн. Құжаттарға соның iшiнде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алынған немесе табыс етiлген компьютерлiк ақпараттан, фото- және кино түсiрiлiмдерден, дыбыс- және бейне жазылымдарынан тұратын материалдар жатуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
4. Құжаттарда осы Кодекстiң 613-бабында аталған белгiлер болған жағдайларда олар заттай дәлелдемелер болып табылады.
Ескерту. 615-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен.
616-бап. Қосымша мәлiметтер талап ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтер талап етiп алу туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға тиiс.
3. Талап етiп алынатын мәлiметтер талап алынған күнiнен бастап үш күн мерзiмде, ал әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық жасалған жағдайда кiдiрiссiз жiберiлуге тиiс.
4. Аталған мәлiметтердi табыс ету мүмкiн болмаған жағдайда ұйым, қоғамдық бiрлестiк ұйғарым шығарған судьяны, органды (лауазымды адамды) бұл туралы үш күн мерзiмде хабардар етуге мiндеттi.
617-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзудi жүзеге асыратын судья, алқалы органның мүшесi, лауазымды адам дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сезiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
2. Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол берiлетiндiгi, дұрыстығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.
3. Егер дәлелдеме iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың болуы туралы тұжырымды растайтын, жоққа шығаратын немесе оған күмән келтiретiн нақты деректер болса, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
4. Егер дәлелдеме Кодексте көзделген тәртiппен алынса, ол жол беруге болатын дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменiң шындыққа сәйкес екендiгi анықталса, ол дұрыс дәлелдеме деп танылады.
6. Егер дәлелденуге тиiс мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және дұрыс дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |