Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары



бет5/17
Дата13.06.2016
өлшемі11.32 Mb.
#133916
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Тылсым



Бұл бес ай уақыт ішім өртеніп, рухым жасып, өзімді - өзім кемірумен өтті. Түнілдіретін ешқандай сыртқы, ішкі әсер болған жоқ. Тіпті, жүрегімді кеміре – кеміре таусып, тамырыма тіс салғандаймын. Ақылдың өзі ашып, қайрат – жігер дәрменсіз тартып, ішкі қуат суалғандай. Менің – дүниеде, дүниенің – менде қатысы жоқтай. Белгісіз түңіліс пен шарасыздық, мағынасыздық пен қажетсіздік, өзіңді барлық жерде артық және керексіз сезіну, үйіңе, досыңа, туысыңа, дұшпаныңа, күндесіңе, әрәптесіңе, сұлулыққа, қылыққа, қатыгездікке, қайрымға бейқам сары уайым (глубокая тоска) билеп алған.

Бұл не:


Торығу ма:

Оның себебі не:

Тылсым тыныштық адамды тұншықтыратын құрдым емес пе, осы: Тылсым деген сөздің өзі ауасыз кеңістік қой. Ендіше сол тылсымға түсіп кеткенім ғой. Ал, сонда оған Ақыл, Тән Рух неге қарсылық жасамайды? Мен мұны табиғи үйлесімділік, үшеуі де қажыған – мүжілген – тозған, жалыққан, мәйегі мен күресу мүмкіндігі таусылған екен деп түйсіндім

Түйсіктің маған сездіргені сол ғана.

Тылсым құрдымның түбінен де тітіркенбедім, арттағы фәни жалғанның жарығына да өкінбедім, тек торыққан көңілдің тұңғиығына жайлап қана еш өкінішсіз, тіпті жұбаныш тапқан күйде бата бердім. (Кайф!)

Иә, алғашқы үш айда жеңіл шараптан бойы балқып, сызылып қана ақырын естілген қоңыр әуенді тыңдап, кеудеңді құмыққан сағыныш қана сыздатқан қалыпта сары уайымның түбіне қарай қалықтай шома бердім.

Түйсік – тітіркендірмеді. Ақыл да ес жоқ. Тән – дел – сал. Қайрат – қарсылықсыз. Бірақ мұқым ғалым – сенің миыңның ішінде, санаңда, кеудеңде. Сен соның ішінде ұшып жүрсің. Алланың ауылын аралап жүрген сияқтысың. Сен үшін оның Тоқсан тоғыз сипатының бәрі анық. Дидарын кейде елестетесің, кейде тура соған бет алып бара жатасың, кейде дидарын алыстан көріп қаласың. Мұндайда құрдымның бетіне – жалғанға қарай кері көтерілгендей, Алладан алыстағандай боласың! Көзіңді ашып алсаң – мәссәған – алдыңда.

Мына! Дүние!!! Тұр!

Ал сен бұл дүниенің түбін көріп қойған, түңілген, мағынасыздығын баяғыда(!). Түсініп қойған пендесің ғой. Жаратушының бұл дүниеге жіберген қонағы едің ғой. Дәм таусылып, ризалық бітіп, тек Алланың нұрынан сусындау үшін Мәңгілік Мекеніңе – Мәңгілік Тыныштыққа бет бұрып па едің? Әлде қабылдамай қойды ма? Демек, күнәһар болғаның ғой!

«Қай қылығы татиды сұм өмірдің», татуды – Арыз, жақынды – жат қылырға?!! (Абай).

Тоқта!

Сонда бұл сарынды Торығуды Абай да басынан кешкен екен ғой! О, жарықтық!



Осы ой басыңа келгенде – кайфта бітеді.

Түйсік – тітіркендіреді. Ақылға – саңлау, Қайратыңа - қимыл кіреді. Тәнің еріксіз тіріледі.

О, о!

Әлгі торығу – торығу ма, әлгі шарасыздық – шарасыздық па, әлгі Мағнасыздық – Мағнасыздық па! Бағана бір бағытта қалыппен ғана тылсымның құрдымына батып бара жатсаң – енді жаныға батасың! Оңға да, солға да, жоғары да, төмен де жанталасасың!



Не артта қалған Фәни – Жалғанның,

Не алдағы Бақи – Мәңгілік Дүниенің

Не:

Атаңды Анаң азғырып,



Әкелді Сені Кейіске, - деп Абай айтқан:

Мына Кейіс – Дүниенің (ит тіршіліктің) бейнесіне мен белгісін көрмейсің!

Қайдан келдің есінде жоқ!

Қайдасың: Білмейсің

Қайда барасың?

Белгісіз.

Бағанағы түйсіну мен сезіну, елестің бәрі ғайып болған.

Сен ешкімде емессің,, түсінесін бе, ешкімде!

Әне, құрт екеш қылғұрт та - өзінің қылқұрт екенін, боқтықтың күресінді іздеп бара жатқанын, без терумен күні өтетінін біледі. Ол сол боқыттың өзінен мағына іздейді.

Ал сен ше?

Бұлдайтын, бұлданатын, бұлдандыратын қандай күйінді ісің бар өзі.

Мына дүниеге келуіңе сенің ешқандай үлесің жоқ. Немене сонда, Омар Һаям айтқандай: «Белдегі сұйық едік бірер тамшы, жаралық ләззат оты болып қамшы», -дегің келе ме? Әлде, Алланың шапағаты демексің бе? Неғып ояң айынан Алла аузыңа түсті. «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» - деп Абай айтқандай, тіршілігіңде бір өсиетін орындап, есіңе алып көрмеген Алла – Тағланы ауызыңа алма. Қыздың, қызықтың, қымыздың дәмі татыған соң ғана Алла есіңе тұр – ау, бәтшағар!

Алланың атын атама! Бұрынғы күнәң аздай, тағы бір күнәға батқын келе ме!

Дүниеге не іздеп келдің? Иман ба іздегенің? Ей, саған түсіп қалған қайдағы иман?! Иманмен жаратылсың да имансыз боп өмір сүрдің емес пе. Әлде, Тәубәңа енді келдің бе? Қой, сенің Тәубәң - Тәбетіңде екенін ұмыттың ба? Сырт айнала беріп, сылқылдатайын деп тұрсың ғой.

Ашпа араныңды: енді ашатын болсаң – құм құйылады өңешіңе!

Не қалдырдың соңың. Жұбанышың не өзі: Сөз дейсің бе. Пәлі, «сөз өнері - дерт» демеп пе еді Абай. Ендеше, мына фәни – жалғанға, тыныш жүрмей, дерт таратып кеттім десеңші! О, қумүйіз!

Алланың ақ сөзіне араласпа және Жаратқанның жарлығына исінбеген пенденің кеуіп қалған көнін сен жібітемін деп отырсың ба? Үй – и, қырт сол.

Артың да – тұйық, алдың да – тұйық, асты – үстің де, тұйық. Сен Шарасыздықтың тұңғиығындасың! Өйткені сен –

Ешкім емессің!

Түк емессің дедім ғой, миғұла, түк емессің!

Ғайыптан келдің. Ғайыптың шарасыз белгісі боп өмір сүрдің. Ғайыпқа кетесің!

Кеткенде де тыныш кетпей, мына дүниені:

Көрдік қой дүние дейтін иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.

Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ,

Көбінің сырты – бүтін, іші – түтін, - деп қарғап кетесің ғой.

Тоқта! Торығу мен Шарасыздықтың. Осы сатысынан Абай да өткен. Бұған қарсы – Түйсігің де, Ақылың да, Қайратың да, Тәнің де күресуге дәрменсіз.

Егерде, табиғат маусымы екі рет ауысқанда өзіңе өзің келе алмасаң, Шарасыздық көңіл – күйден арылмасаң, Тәнің – жер, «Ақылың – кермек, Ойың – у», Қайратың – көмір түртып тұрса, сергімесе – Онда… Онда ма, онда… ендігі ырыздығын



- У -
ғана. Сананың уы ма, тәніңнің уы ма, өмірдің уы ма, үміттің уы ма, бәрі бір. Алдыңда:

«Мен келмеске кетермін түк өндірмей!» - дейтін. «Абай жолы» ғана қалады!

Ал Ондай Шарасыздыққа Абай сияқты ақылдың азабын шеккен Даналар ғана шыдайды. Ал сен сияқты Дәрменсіз пенденің пешенесіне Лау – хуп – маһ – фузда жазылғаны –

Төзім!
Абай осы үшін Тұнғиықта уланып өткен, яғный, дүниенің сырын, түпкі Ақиқатын білген Адам! Ондай Азапты Шарасыздыққа кәдімгі адам төзе алмайды. «Ішің өледі, сыртың – сау!..»

Сонда осынау Шарасыздықтан құтылудың жолы қалмағаны ма? Түйсік, Ақыл, Қайрат, Тән, Рух бесеуі үйлесім тауып, бір амалын таппай ма? Сөйтсем; Даналардың пайымдауынша:

«Үйлесімділік дегеніміз қарама – қайшылықтар мен бірін – бірі жоққа шығаратын күштердің қатар арпалысып өмір сүруі» екен!

Егер де Ғалам да Жаратылыс та, Табиғат та, Хайуан да, Адам да біздің ұғымымыздағыдай бір қалыпты үйлесім тапса – Ақыр Заман орнайды екен, яғный, мұқым ғалам апатқа ұшырайтын болғаны ғой. Сонда дүниенің тұтқасы, қозғаушы күші – мәңгілік күрес екен – ау!

От пен Су, Күн мен Түн, Жел мен Жер:

Жақсылық пен Жауыздық…

Тоқта, тоқта, енді ғана түсіндім:

Егер адамның түйсігі, ақылы, қайраты, рухы, тәні келісім тапса – онда өледі екен ғой. Демек, өмір дегеніміз осылардың өзара күресі болып шықты. Әлгі: Өмір – күрес дейтініміз сол ма?

Тіфу! Бүйткен ымырасыз ақылыңа, қайратыңа, рухыңа, тәніңе, үмітіңе, бір сөзбен айтқан да, Үйлесіміңе болайын! Әй, Абай – ай, Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуін тегін айтыстырған жоқ екенсің – ау!

Иә, осы Дүниенің жаратылысында бір кілтипан бар…

Сол кілтипанның тілін тапқандарды.

Тұла бойы түгел үйлесім тапқандарды.

Тылсымның өзі дымын шығармай өзіне сорып алған болды ғой!

Бұл да есте ұстайтын мәселе екен!

Адамзат соның қазір екінші сатысында тұр!

Мен осы алты айдың ішінде сол екінші сатыға барып қайттым: Ар жағын!…Атама. Дымың ішінде болсын.
Иштиқоқтар
Шығыстың, оның ішінде қазақтың толаулары мен жырларындағы дыбыстық, сөздік, ырғақтық, аллеграциялық, ассосанстық қайталаулар басқа тілде сондай жасанды әрі жат болып көрінуі заңды. Бірақ осы қасиеттерінен – бояуынан, ырғағынан, сырлы сарынынан, екпін мен салмағынан, емеуірінен, көзге көрінбейтін жазушының «менінен» айырылған көркем сөз екі – үш рет жуылып, түсі оңған сәукелелі, жасаулы киім киіп ұзатылған қыздай болып қалады – ау!

Қараңызшы:

«Жастығын, шексіз шат жайығын қайта тапты. Сағынып, сүйсініп тапты».

«Сол кеште, жарық Айлы сырқұмар кеште, көп жолдастың қоршауында келе жатып, Әмір мен Үмітей саз қосады. Сол кеште, үлкен өнер, әсерлі әнмен қоштасар кеште… Әйгерім ән шырқап отыр».

Қандай терең мағыналы келісім. Аса сүйсіністі тұсын жиі – жиі қайталайтын қоңыр күйдің қағысы сияқты. Бірақ оқиғаның өзін үстемелетіп дамытып, төніп келе жатқан қауіп бұлтының сарынын естіртеді.

Мұны ғылыми тілде «илтизом» дейді екен. Зады, парсы тілінің атауы болса керек. Тілдегі мағналас сөздерді қос қабат- тап , қосарлап қолданғанда жай оқиғаның өзі жайтаң қағып, шаңдатып шыға келеді ғой. Бейне бір үстіндегі тас кенедей жабысқан жігітті лақтырып тастап қайқан қағып қунаған асаудай, әлгі, қосарлы Сөз де бүкіл сөйлемнің ішінен, соның ішінде Әуезовтің салмақты сөйлемінің ішінен ойнақтап, ойқастап даралана кетеді.

Мысалы: «сұм – сұрқия, қу заман», «қырмызы қызыл жібек бозбалалар» (пах, шіркін!); «шабан, шардақ, шолақ – шолтырық», «бөгет, аяң», «бейіс – райыс - шафқат», «ақша - пұл», «күміс - қазна».

Жерге киіз қазықты қағып кіргізіп жіберді! – деген осы емес пе! Мақтағанын – жеті қат аспанның, даттағанын жеті қат жердің астынан бір – ақ шығарды!

Мұны, тілдегі «таносуп» тәсілі дейді екен. Бұл да парсы ұғымы.

Түбірлес сөздерді түйдегімен қолданып, не түте – түтенді шығарып ойынды жүндей түтеді, не солқылдата таныңды тәтті тілімен суырып алады.

Мысалы: «Керенау, кердең, бір керім», «Егер, есірік болмасаң» (Абай), «қарт - қариясы», «қырт - қылжыры» (Әуезов).

«Шалықтап, шалқып, шашпай ма» (Абай), «қызықты, қызуды, қыздырманы ғана айтатын», «сүйіп, сүйсініп берілетін…» (Әуезов).

Мұны «иштиқоқ» дейді екен.

Ал:


«Қарақғы саңырау қайғы ойды жеген»,

«Жапырағы қуарған сені үмітпен»,

«Асау жүрек аяғын шалып басқан»,

«Ызалы жүрек, долы қол»,

«Епке көнер ет жүрек» (Абай),

«Көр кеуде, надан кеуде, ызалы кеуде, бітеу кеуде, жас мәжіліс, жас мұң, үркек жүрек» (Әуезов) - деген «жүректер» мен «кеудені» қалай атаймыз.

Сірә, парсылардың өзіне үлгі ететін тілдік құдірет болса керек.

Тілімізге тиек салған тілші Ербол Жанпейіс мырза мұны «анықтауыштық сөз тіркестері» депті. Дұрыс – ау! бірақ, «үйірімен үш тоғыз!» - деген терісті пайдалана отырып, «үйірлі тіркес», «үштоғыз», «үш тоғыз» десе қайтеді?

Бейнелі сөзді бейнесіз анықтама өлтіреді.

Еңбегіне елжірей отырып, кейде тіл білімі мамандарының жазғанынан ішің пісіп кететіні сол – ау!

Жалпы жазушы мен тілші екеуі әлгі «иштиқоқтар» сияқты – ау деймін. Бірі – сөзді дүниеге әкеледі, мағына береді, түйсігі арқылы жұтындырып, жасаулап ұзайтады. Екіншісі: заң шығарып, қолыңа салып, - қисын мен қоғида ұсынып, жүнін түтіп жалаңаштап: «Енді Осылай жаз! Ол Осылай! Және Осылай болу керек!» – деп ақыл айтады.

Бірі – сөзді тірілтеді, екінші – сөзді өлтіреді.

Жасасын, «Иштиқоқтар!».

Есті мен Ессіз

А. Швейцер: «Философия мен дін – бір емшекті еміп өскен апалы – сіңлі егіздер» - депті. Мұнда – шындық қана емес, танымдық сара мен шарасыздық бар. Өйткені, дүниенің түпкі ақиқаты мен әуелі түпкі жаратушының құпиялы мәнін өзі де толық түсініп, түсіндіріп, дәлелдеп бере алмай отыр. Философияға сүйеніп – ой қанатында ұшады, дін қағидасына сүйеніп жерге қонады, ал осы екі аралықтағы құбылысты түсіндіріп бере алмайды. Сананың сабылысы деген сол. Егер, тұғыры мен тұжырымы болмаса, Сана – сандыраққа айналады.

Есті мен Ессіздің арасындағы айырмашылық – шексіз ой мен рухани сенімнің арасындағы шекараны сақтай білуіне байланысты.

Ойыңа қазық тауып, рухыңа еркіндік беріп, қалам Ақиқатын іздесең – саның сандалмайды, сөзіңе сандырақ кірмейді, ақылың фәни мен бақидың арасынан тұрақ табады.

Егерде, Ойыңды ұйытатын мәйек таппасаң – санаң мәңгілік айналады. Он сегіз мың ғаламды шарлайды жүреді. Не қоныс, не өріс, не мағына таппайды. Жердің тартылыс күшінен айырылып, тұңғиық тылсымда қаңғып жүрген жер серіктері сияқты күй кешеді.

Біріншісін – Естілердің ойы, екіншісін – Ессіздердің ойы – дейміз.

Сонда, біздің әлгі «дүниенің сырын білген» хакім - әулиелеріміздің байлаулы ақыл – ойының өзі Ессіздердің байлаусыз қияли ойынан мүмкіндігі – шектеулі, қозғалысы – шартты, жылдамдығы – пәс болғаны ғой.

Демек:

Естілердің ойы Абай айтқандай, «ұлып жұртқа қайтқан ой».



Ессіздердің ойы, тағы да Абай айтқандай, «бос қанғырған, ессіз ой». «Бос қанғырды» дегені – қазығын таппаған, желісін үзген, ұйымдаған ой – дегені ғой!

Бұдан кейін, мұны түсінгеннен кейін Абайдың «ақылы – ашыған у, ойы кермек» болғанда қайтеді:

Ей, хакім – Абай! Сен: - Дана, жүрегі – қан орнына запыранға толған, «мінезі – қалыбына симаған», Жаратқан Ием Азап үшін жаратқан бір сорлы Пендесі болған екенсің – ау!

Фәниден бақиға аттанар сапарында. Ақылына бір сәт еркіндік беріп, мәңгілік «бос қанғытып» жібермек болғаның да сол екен ғой.

Бірақ сенің - ойың «ұлы жұртына қайтты».

Өйткені ол: «дүниенің бәрі келісіммен жаратылған» (Абай) апалы – сіңлілер сияқты бірде – тату, бірде – қату, бірде – тәтті, бірде – ащы мәңгілік үйлесім мен қайшылықтан тұратынын білді.

Сонда мынау Жалған дүниеден кетерінде – нене медеу тұтып, ақылы мен жүрегі неден жұбаныш тапты екен? Деші… Дей алмаймыз - - ау!

Тек Ұлы Мұхтардың: «Дін – жүректі тәрбиелейді, мінезділікке үйретеді және ерік – күшін тәрбиелейді» - деген уәжі ғана санаға бір саңлау түсіреді. Оның өзінде де мұны Абайға қарата айтты ма, өзіне - өзі айтты ма, белгісіз. Мұхтар – Есті пенде! Өйткені Ойын шекарада ұстауға мәжбүр болды!

Шындықтың бағасы
Ойшыл ғұлама Ғарифу – алла

Есім: «Философия – ақылға сүйенеді. Ал діни таным – ақылға нұр құятын ғылым» - дейді. Өте түсінікті, дәл, ақыл ақиқатына бет бұрғызатын пікір. Ойды бұлдырататын мың мақалдан ойды тұндыратын бір сөйлеммен тұратын ұғымды, ұтымды сөз артық. Демек, Ғарифолла - өзінше ойлай білетін, ой қорыта алатын және соны тұжырымды, батыл жеткізетін ақыл – ой иесі болғаны. Білімді оқымысты көп, бірақ өзі ойлай білетін, қорытынды шығаратын ғалым аз! Ғарифолла – сол дәрежеге жетіпті. Зады ол өзінше тұжырым жасаған алғашқы дербес ой иесінің бірі. Шүкір!

Есімде: есерлеу кезімде философиядан емтихан тапсыруға тура келді. Өзімді бауырына тартқан академик – философ; «Кеңес тұсындағы философтарды ата!» - деді. Сәл ойланып барып: «Кеңес тұсында философтар болған жоқ. Философия тарихын зерттеген тарихшылар мен философияны түсіндірушілер бар», – дедім. Жүрегі тоқтап қала жаздады, есеңгірегендей бажырайа? «Неге,» - деді. Мен: «Өйткені – дүние жаратылысы туралы өзінше ойлап, ой қорытып, тұжырым айтқан адам ғана – философ». Мысалы Маркс, Энгельс, Ленин – атеистік материализмнің негізін қалады. Сталин – түсіндіріп берді. Өзге кеңес философтары соған орай ғылыми – оқулықтын бағдарламасын жасады, философиялық ойдын тарихын жазды. Мысалы: Сіз, «20 –30 жылдардағы қазақстандағы жұмысшы – шаруа табының…»- дей бергенімде: «Тоқта!» - дейді де «үш» деген болғаны қайтып берді.

Маған үш пен бестің пәлендей айырмашылығы жоқ еді. Бірақ, бұл маған емес, Шындыққа қойылған баға ғой!

Ойлап қарасам, осы Шындық атаулыға үштен артық баға қойылып көрмепті.

Өйткізу үшін шындықты,

Өтірік қостым аздаған, -

деп Қадыр ақын оның дертінің емін тауып айтқан! Ғарифолла да емтиханды солай тапсырды – ау! Сол сүзгіден өтіп барып, «өзі болған кезде ғана» өзінше Пікір айтты. Тындады. Тындатты. Енді Тындата береді.

О, Шындық шырақ! Өтірікке қараған күніңе болайын!

Ойдың жалғасы.

Дүниенің арғы – бергі тарихында өзінше Ойлай білетін Аристотельден – Абайға, Анахарсистен – Ғарифоллаға дейінгі философтардың бірде – біреуі өз заманында әділ бағасын алмапты.

Бәрінің де қиялиның қанаты кесіліп, ақыл – ойы жентектеліп, өздері шеттетілген.

Шеттетілген – ой иелері.

Шеттеткендер – сол ойды түсіндірушілер.

Тұлғаға – сұлба, яғный, күнді көлеңкелер билеген.

Қазір де солай! Ей, дүние! Бетінді бір рет өзгертсең нең кетеді:!





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет